• Білім-ғылым
  • 22 Тамыз, 2018

ҚАЗАҚСТАН ҚАРУЛЫ КҮШІНІҢ ҚАУҚАРЫ

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылуын егемендігімізді еншілеген сәттен бері қол жеткізілген ең басты табыстарымыздың бірі ретінде қарастырамыз. Осы орайда Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен еліміздің Қарулы Күштері уақыт талабына сай қарқынды дамып, әлеуетін арттыра түскенін ерекше атап өтуіміз керек. Мемлекеттік саясаттың әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы алғашқы қадамдарының бірі – Қазақстан Рес-публикасы Президентінің 1991 жылғы 25 қазанда шыққан «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы» Жарлығы болды. 2 айдан кейін, 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң қабылданып, ол «Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын күзету мақсатында өз Қарулы Күштерін құруға құқылы» деп анықтады. Өзінің дербес Армиясын құруға заңды құқығын еліміз 1992 жылғы 7 мамырда ел Президентінің «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығы шығуымен іске асырды. Қарулы Күштер мынадай басқару органдарына ие болды: стратегиялық – Қорғаныс министрлігі (орталық атқару органы) және Штабтар бастықтарының комитеті (ведомство), жедел-стратегиялық – Қарулы Күштер түрлері бас қолбасшыларының және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскер тектері қолбасшыларының басқармалары, жедел-аумақтық – өңірлік қолбасшылықтар басқарма-лары, жедел-тактикалық – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері түрлері әскер тектері бастықтарының басқармалары, тактикалық – құрамалар мен әскери бөлімдер басқармалары, жергілікті – қорғаныс істері жөніндегі облыс-тық департаменттер (аудандар мен қалалар басқармалары және бөлімдері). 1991 жылдың соңына таман Қазақстан аумағында КСРО Қарулы Күштері әскерлерінің жалпы саны шамамен 200 мың болды. Өз армиямызды құрып жатқан аса жауапты кезеңде Қазақстанда қызмет етіп жүрген көптеген офицер қызмет істеуді Тәуелсіз мемлекеттер достастығының басқа мемлекеттерінде жалғастыруға немесе запасқа шығуға шешім қабылдады. Яғни, әр ұлттың әскери қызметшілері өз елдеріне кетті. Екі жарым жыл ішінде, 1992 жылғы мамырдан 1995 жылғы қаңтарға дейін офицерлердің кетуі ең жоғарғы деңгейге – тізімдік құрамның 89 пайызына жетті. Сөйтіп, Қазақстанның жас армиясында әскери мамандар тапшы болды. 1993 жылдың соңына таман негізгі құрамалар мен бөлімдердің офицерлермен жасақталуы 50-60 пайыз шамасында болса, кейбір полктер 40 пайыз, ал, Георгиевтегі мотоатқыштар полкі тек 27 пайызға ғана жасақталды. Қарулы Күштер құрылысының бастапқы кезеңіндегі аса маңызды проблема – егемен ел Армиясының нормативтік-құқықтық негізін құру-тын. Жаңа мемлекеттің жаңа Армиясының нормативтік-құқықтық базасын жасаумен бір уақытта ұлттық Қарулы Күштердің бейнесі мен құрылымын, олардың басқару органдарын қалыптастыруда тынымсыз жұмыс жүргізілді. 1993 жылғы ақпанда Қазақстанның бірінші Әскери доктринасы қабылданды. Онда Қазақстанның, егер оның өзі немесе одақтастары қарулы агрессия объектісіне айналмаса, қандай да бір мемлекетке қарсы әскери іс-қимылдарды ешқашан, ешқандай жағдайда да бірінші болып бастамайтындығы көрсетілді. Сонымен қатар доктринада барлық мемлекеттермен қарым-қатынасты қауіпсіздік мүддесін өзара ескеру негізінде құруға әзір екендігі, әскери үстемдікке ұмтылмайтындығы атап көрсетілді. Одан кейінгі жылдарда Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы 2000 жылғы 10 ақпанда бекітілген екінші Әскери доктринаның базисіне айналды. Нақ сол кезде алғаш рет Қарулы Күштерді елдің жалпы ішкі өнімінің кемінде 1 пайыз көлемінде кепілді бағдарламалық-мақсатты қаржыландырып отыру ұстанымы нормативтік түрде бекітілді. Жаңа доктрина Қарулы Күштерді құру мен реформалаудың басты бағыттарын айқындады. 2007 жылғы Әскери доктринада мемлекеттің әскери ұйымын дамытудың негізгі бағыттарының бірі өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің белгіленген жауаптылық аймақ-тарында әскери қауіпсіздік міндеттерін шешу мәселелеріндегі нақты дербестігін қамтамасыз ету және әскерлердің стратегиялық бағыттардағы жеткілікті топтастықтарын құру болып айқындалды. «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылымын одан әрі дамыту шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 7 мамырдағы №1085 Жарлығына сәйкес Қазақстанның Қарулы Күштері: әскери басқару органдарын; Қарулы Күштердің үш түрі: Құрлық әскерлерін, Әуе қорғанысы күштерін, Әскери-теңіз күштерін; арнайы әскерлерді; Қарулы Күштердің Тылын; әскери оқу орындарын; әскери-ғылыми мекемелерін қамтиды. Құрлық әскерлерінің құрамалары мен бөлімдері «Оңтүстік», «Шығыс», «Батыс», «Астана» өңірлік қолбасшылықтарына, сондай-ақ Аэроұтқыр әскерлеріне, Зымыран әскерлері мен артиллерияға біріктірілген. ҚР Қарулы Күштер басшылығы халықаралық әскери әріптестікке, басқа елдер армияларымен өзара іс-қимылға және тәжірибе алмасуға көп көңіл бөлді. ТМД мемлекеттерімен әріптестікке Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт, сондай-ақ қорғаныс сипатындағы жекелеген мәселелер бойынша екіжақты келісімдер негіз болды. «Қазбат» жауынгерлері 2003-2008 жылдарда Ирактағы көпұлтты халықаралық ұжымдық қауіпсіздік күштері құрамында бітімгершілік миссия орындау кезінде жауынгерлік міндеттерін абыроймен атқарды. Біздің әскери қызметшілерге жарылмай қалған оқ-дәрілерді іздестіру мен жою, далалық сумен жабдықтау пункттерін жарақтау, су көздерін тазалау және жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсету тапсырылған болатын. Осы уақытта аса қауіпті 4 миллион зат жойылды, 7 мыңнан астам Ирак азаматына медициналық көмек көрсетілді. ҚР Қарулы Күштерін, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды технологиялық жаңарту және қару-жарақ пен әскери техника өндірісін дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасы аясында біраз шаруа қолға алынды. Бағдарлама жүктеген міндет – жаңа қару-жарақ пен әскери техниканың жыл сайынғы өсімін 7 пайызға арттыру. Сондай-ақ 2015 жылы әскери және екі жақты мақсаттағы өндірілетін өнімдердің қазақстандық үлесін 50 пайызға дейін жеткізу. Мемлекеттік басқаруды жетілдіру мақсатында 2008 жылғы ақпан айында Үкімет Қаулысымен Қазақстан қорғаныс өнеркәсібі кешені мәселелері бойынша комиссия құрылды. Бұл комиссия – Үкімет жанындағы бірден-бір консультативті кеңес. Онда қорғанысты қамтамасыз ету, әскери-техникалық саясатты жүзеге асыру, қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамытудың негізгі бағыттары, әскери-техникалық және әскери-экономикалық ынты-мақтастық мәселелері талқыланды. 2010 жылдан бері жыл сайын бекітілетін еліміздің мемлекеттік қорғаныс тапсырысы тұтастай отандық қорғаныс кәсіпорындарына жүктелді. «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» акционерлік қоғамында жоғары технологиялық өнімдер разрядына жататын авиациялық қозғалтқыштарға күрделі жөндеу жасалып жатыр. «Сергей Киров атындағы машина жасау зауыты», «Зенит», «Тыныс», «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» акционерлік қоғамдары өндірген қару-жарақтар да сұранысқа ие. Қорғаныс министрлігі «Зенит» зауытына зымыранды-артиллериялық кеме жасауға тапсырыс берген болатын. Сәуірдің 25-і күні «Зенитте» жасалған «Қазақстан» кемесі суға жіберілді. Бұл жауынгерлік кеме Каспийдің қазақстандық бөлігін күзету мақсатындағы тапсырмаларды шешуге және жауынгерлік патруль жүргізуге пайдаланылады. Жалпы 2012-2013 жылдары Әскери-теңіз күштері үшін 3 жауынгерлік кеме жасалды. Қазір көптеген отандық қорғаныс кәсіпорындары жөндеу және құрастыру жұмыстарынан өзге жекелеген әскери өнім түрлерін өндіру арқылы өз саласына сүрлеу салды. Байланыс, барлау және басқару, радиоэлектронды күрес жүйесі, ұшқышсыз ұшу аппараттары, құлтемірленген екпінді кешендер, заманауи көлік авиациясы, жауынгердің ұрыс алаңындағы жеке қорғаныс жүйесі, жоғары дәлдікті қарулар және онымен күрес құралдары қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамытудың басым бағыттары екені сөзсіз. Бұл жұмыстардың Қорғаныс министрлігінде 2 жылдан бері жүргізіліп келе жатқанын және ізашар болып отырғанын атап өткен жөн. Толыққанды, дербес қорғаныс өнеркәсібі кешенін құруға бірнеше жыл керек. Сонымен қатар дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, қорғаныс өнеркәсібі кешенін тек мемлекеттің күшімен дамыту жеткіліксіз. Қорғаныс өнеркәсібін дамытуда мемлекеттік әрі жеке әріптестікті қалыптас-тыру маңызды. Оның ішінде шетелдік және отандық инвестицияларды тарта отырып, жаңа қорғаныс кәсіпорындарын құрудың қажеттілігін бөліп айтуға болады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ

831 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы