• Әдебиет әлемі
  • 25 Шілде, 2018

АЛТАЙДЫҢ АРДАҒЫ, АЛАТАУДЫҢ АҚИЫҒЫ

Оралхан аға! Қолтаңбаңыз бар кiтабыңызды қолыма ұстаған сайын өзiңiзбен кездескен сәт сол қаз-қалпында күнi кешегiдей көз алдыма тұра қалады… Оралхан аға! Қолтаңбаңыз бар сол қалың кiтабыңызды қайталап оқыған сайын күллi түркi дүниесiнiң кiндiк жерi – өр Алтайдың, асқақ Алтайдың өзiңiз жүрегiңiзбен жырлайтын, сөзбен салған сұлулығымен сырласқандай боламын. Қазақтың һәм түркi әлемiнiң көрнектi қаламгерiмен бұл жолығысу 1985 жылдың мамыр айында болған едi. Ұлтымыздың тағы бiр көркемсөз шеберi Мархабат Байғұт маған «Оралхан бауырымыз Сарыағашта демалып жатыр екен. Сәлемдесiп қайтайық. Баратын көлiктi ұйымдастырсаң дұрыс болар едi» деп қоңырау шалды. Мен ол кезде облыстық телерадиокомитетiнiң бас редакторы едiм. Менде бiр күн ауру, бiр күн сау, қала iшiнде iлдалап жүруге жарайтын, тың игеру жылдары шығарылған ескi «ГАЗ-69» қызметтiк автомашинасы бар-ды. Қазақстан Жазушылар одағының облыстық бөлiмшесiне жетекшiлiк ететiн сыйлас ағамыз соны меңзедi ме, әлде менiң Оралхан Бөкейдiң шығармаларын жиi тiлге тиек ететiнiмдi бiлгендiктен бе, әйтеуiр қалайда Сарыағашқа апарып қайтатын көлiктiң ретiн келтiру керектiгiн түсiндiм. Дереу Қазақ радиосының бiздiң облыстағы меншiктi тiлшiсi Қалыбек Атжанға хабарласып, жұмысына бөлiнген қызметтiк «Волгасын» сұрадым. Өтiнiшiмнiң себебiн бiлгенде, оның өзi де баруға құштар екенiн бiлдiрдi. Сонымен, кешкi алтыдан кейiн тобымызға «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң бөлiм меңгерушiсi Иса Омаров та қосылып, Шымкенттен 140 шақырымдай Сарыағашқа жүрiп кеттiк. Облыс орталығынан шығар алдында кiтап дүкендерiнен сүрiстiрiп, Оралхан Бөкейдiң баспадан соңғы жылдары жарық көрген кiтаптарынан бiр-бiрден алдық. Жолда ұлттық көркемсөз өнерiнде ешкiмге ұқсамас жазу мәнерi, қазақ әдебиетiнде жаңа бағыт, соны iз салған, өзiндiк «менi» бар қарымды қаламгердiң өзiмiз оқыған, көңiлге тоқыған шығармаларын бiрiнен соң бiрiн пiкiрге салып келемiз. Қырықтың қырқасына жаңа көтерiлген кезiнде көркемсөздiң кәнiгi шеберлерiнiң алдыңғы легiнде көрiнген суреткердiң бекзаттық болмысына қатысты естелiктердiң де тиегi ағытылды. Бұл жөнiнде көбiнде тұщымды туындыларымен оқырман жүрегiн жаулап алған, аты ауызға әлдеқашан iлiнiп қалған, әдеби ортаның қызығын бiркiсiдей-ақ бiлетiн Мархабат ағамызға ұмсынамыз. Асқар Алтайдан асып, асқақ Алатаудың шыңына шыққан шынайы шебер хақындағы әңгiменiң әсерi менi бiр сәт Қазақ Мемлекеттiк университетiндегi студенттiк шақтардың думанды һәм мұңды қойнауына тереңдетiп әкеттi. Жетпiсiншi жылдардың бес белесiн бiлiмнiң қарашаңырағында өткiздiк. Бiз оқуға түскен кезде Оралхан Бөкей «Жұлдыз» журналында проза бөлiмiнiң меңгерушiсi едi. Алдында «Лениншiл жас» (қазiргi «Жас Алаш») газетiнде романтикаға елiктiретiн, көркем сөзбен сурет салған очерктерi мен мақалаларына ауылда жүрiп қанаттанып өскенбiз. Атпен үй аралап, мерзiмдiк басылымдар тарататын пошташының түбiнде өзi соғатынына тағат таппай, алдынан тосып алып, жастар газетiнiң кезектi санынан журналист Оралханның жаңа жазғандарын шыдамсыздана iздеушi едiк. Рухы күштi кейiпкерлерiне ұқсағымыз келiп, тәттi де қалың қиялдың құшағына енетiнбiз. Арнаулы тiлшi Оралханның дүниесi жарияланған «Лениншiл жас» қайта-қайта оқылғаннан қағазы үлбiреп қалатын едi. Шалғай ауыл болса да, мектебi мен клубының кiтапханаларына бiрдi-екiлi данадан жететiн әрбiр кiтабы қолдан-қолға ауысқандықтан мұқабалары ақжемденiп, парақтары жұқарып кететiн-дi. Елден шығандаған шағымызда жарияланымдарына iңкәрлiкпен сусындап, ерекше мiнездi бейнелерiне елiктеп өскен мен Оралхан ағаның «тiрi» тұрпатын алғаш рет ҚазМУ-дегi бiрiншi жылғы күзде көрдiм. Университеттiң бiз оқитын бас корпусы сол кезде қазiргi Киров көшесiнде, ал «Жұлдыз» журналы орналасқан Жазушылар одағы Коммунистiк проспектiсiнде (осы күнгi Абылай хан даңғылы) бiр-бiрiне таяқ тастам аралықта едi. Оралханға аңсары айрықша бiрiншi курстың бiр топ бозбаласы алтын күздiң бiр күнiнде дәрiстен шыққан бетте қаламгерлердiң киелi ордасының босағасын аттадық. Мектептi кеше ғана бiтiрiп келген бозөкпе болсақ та, албырт та батыл екенбiз-ау. Әйтпесе, 30-ға жетпесе де тәңiрлi талантымен бүкiл қазақты мойындатып үлгерген, көркем әдебиеттегi дабысы дүркiреп шығып қалған атақты суреткердiң бөлмесiне бiреулер арқылы емес, өзiмiз тiкелей кiрiп барамыз ба! Жастар жүгiнген жауһар жазушыны бұрын бетпе-бет көрмесек те, баспасөздегi суретiнен бiрден таныдық. Төрде маңғаз отырды. Иығына түскен қалың бұйра, толқынды шашын әнтек сiлкiп қалып, басын көтердi де, ұшқын шашқан өткiр жанарын бiзге қадады. Бәрiмiз: «Сәлеметсiз бе, Оралхан аға!» деп қолына ұмтылып жапырлай амандасып жатырмыз. Ол бiздi балауса балаларға баламай, орнынан тұрып, әрқайсымыздың сәлемiмiздi ыстық iлтипатпен қабыл алды. Бiр қабырға бойына жағалай қойылған орындықтарға жайғасқан соң, кiмдер екенiмiздi, неге келгенiмiздi сұрады. Келiсiмiздiң мәнiсiн бiлгеннен кейiн жүздерiмiздi барлай шолып өтiп, жүректерi өрекпiген iнiлерiне жатырқамаған жылы жымиыспен жалпы әдебиет жайлы бiрғауым әңгiме шерттi. Қоштасарда «Жiгiттер, уақытты текке өткiзбей, кiтапты көп оқыңдар, шығармашылық жолды таңдаған екенсiңдер, жалқаулыққа ұрынбай, өндiре жазыңдар. Талант адамға туа бiткенмен, оны шыңдайтын да, шырқау биiкке көтеретiн де жансебiл еңбек» деп өндiрдей бiзге ақылын айтып шығарып салды. Сол алғашқы ұшырасудан кейiн-ақ Оралхан ағаны жиi көретiн болдық. Отызға толмаса да шоқтығы аңсағай шоғырдың қалың ортасына енiп қалған қаламгердi бiрде болашақ журналистер, ендiгiде филологтар, келесiсiнде тарихшылар кездесуге шақырады. Бiрiнен қалмаймыз. Орағаңмен дидарласу ҚазПИ-де, қыздар институтында, консерваторияда өтетiн болса, тобымызбен соларға да баратынбыз. Бiз ҚазМУ-де оқыған жылдары әкемтеатрда оның «Қайдасың, құлыным?» пьесасы сахнадан түспедi. Iле «Қар қызы» қойылымы да репертуарына қосылды. Екi спектакльдi қайталап көруден жалықпайтынбыз. Ауылдан Алматыға менi iздеп келген жылқышы ағамды да ертiп апардым. Бауырымды туындыдағы кейiпкерлердiң тағдыры толқытқаны соншалық, бiр апталық саяхатының соңын күтпей, ертесiне-ақ тығылтаяң елге қайтып кеттi. Студент кезiмде сүйiктi жазушымның жаңа шыққан әрбiр кiтабын естiген бойда дүкендердi шарлап тауып алатынмын да, мүмкiндiгiнше автордың қолтаңбасын жаздыруға тырысатынмын. Бесiншi курсты бiтiрердегi мемлекеттiк екi айлық өндiрiстiк тәжiрибенi Орағаңның өзiм бұрын-соңды аяғым баспаған, тек шығармаларынан ғана табиғаты таңғажайыптығын оқыған таныс та беймәлiм туған жерi – мәңгi ақ қар, көк мұз құрсаулаған ару Алтайдың бауырындағы Қатынқарағай ауданын көруге бола Өскемендегi облыстық газетте өткiзгенiм де бар. Жастық шақта алды-артымызға қарамайтын фанат та екенбiз-ау. Шығысымыздың шеткi шекарасындағы шаһарда болған сол алпыс күннiң iшiнде облыс орталығынан 150 шақырымдай Шыңғыстай ауылына, жадым жаңылыстырмаса 3-4 мәрте бардым. Бiр сапарымда одан әрi Бұқтырмаға да соқтым. Мезгiл ақпанның көктемге ұштасар өлiара шағы едi. Шығыста, оның iшiнде Алтай баурайында шынында да қыс ұзақ болатынына сол жолы көзiм айқын жеткен-дi. Ежелден таулы өңiрдiң күретамыры атанған өзен бұл мезгiлде айдыны бүлкiлдеп, бұлықсып ағып жатты. Қиғаш қос жағасын қаптаған қалың қарағай мен самырсынның етекке қарай жарыса құлдыраңдаған ғажап қалпына, тұп-тура төбеңе тақау төнiп тұрған таулардың күн сәулесiне жалт-жұлт еткен ақбас шыңдарына тамсандым. Сеңгiрге текшелене өрмелеген беткейлерде сыңыса бiткен ну орман, үш ай жазда да сiрескен қарынан арылмайтын тәкаппар, аспанмен астасқан заңғар биiктерге көз саламын. Қайта-қайта тамсана ұза-а-а-ақ қараған сайын Оралхан ағаның қара ормандай қалың оқырманымен, көрерменiмен кездескенде жұрт алдына орғып шыға келетiн, екi иығын жапқан қою бұйра шашын сiлкiп тастап, Бұқтырманың әуездi сарынындай тебiрене, шешiле, көсiле сөйлеп кететiн кербез, маңғаз, тiп-тiк самдағай тұлғасы елестеп сала берер-дi. Өзi тiлге жиi тиек етер Бейiмбет Майлиннiң «Шұғаның белгiсiнен» кез-келген тұсынан үзiндiлердi iшкi иiрiмдерiне енiп, әртiстерше сахнадан жатқа мәнерлеп айтқанда, дегдар бiтiмi көз алдымда қасқайып тұра қалар-ды. Мәңгi мiз бақпас менмен мiнез асқақ Алтайдың әсем баурайына табаным тиген сол жолы ну орманның ара-арасындағы сирек ашық алаңқайлардан паңданған кербұғыны ұшырата алмадым. Есесiне, заңғар Алтайдың терең қойнауында басын шалқақ ұстап, үйiрiн ертiп жүрген тәкаппар кермаралды дәл қасымнан көргендей сезiндiм. Ару Алтайдың төменгi бөктерiне әлденеше рет барған сәттерiмде Орағаңның ұшар бастары бiрде ақша бұлттарды найзалаған, ендiгi мезетте аппақ тұман басқан Мұзтауының, әулие тауының тек етектерiндегi сiлемдерiнiң бiр пұшпағына ғана аяқ басқанымды мiсе тұтып қайтатынмын. Ал, ақиқатында мұзарт шыңға жету кез-келген адамға бұйыра бермейтiн қасиеттi де киелi мұрат. Ол өте қиын да күрделi, соқталы да соқпақты, сиқырлы да жұмбақты жол екенiн түсiндiм. Мұнар тауға, мұзарт шыңға шығуға ешқандай мүмкiндiгiм болмаса да, Алтайдың ақиығы Оралхан Бөкей туған өлкенiң кiндiк қаны тамған Шыңғыстай ауылының маңайының өзiнде тұнып тұрған таңғажайып табиғатына таңдай қағатынмын. Түрiк әлемiнiң алтын бесiгiне баланған мұндай ғаламат жерұйығындай ақық аумақта зады суреткер болып тумасың да мүмкiн емес-ау. Соның айқын айғағы – қара сөзбен жырлаудың, көркем тiлдiң хас шеберi – Оралхан Бөкей. Шалғай шығыстағы Шыңғыстайдан болашақ дара дарын Оралханды тапқан Шерхан Мұртаза оны «Алтайдың iрi ақыны, толағай суреткерi» деп бағалағаны жиi ойға оралады. Қазақтың бүгiнгi көрнектi жазушылары мен ақындары Қалихан Ысқақ, Әлібек Асқаров, Ұлықбек Есдәулет, Дидахмет Әшiмханов, Гүлнар Салықбай, тағысын тағылар тума талантының тұма да бұла қайнарының түп негiзi ару Алтайдан, асқақ Алтайдан бастау алады. Алматыда бiлiм алған, арман қуған думанды бес жылдың да қалай өткенiн байқамай, әрқайсымыздың маңдайымызға жазылған тағдырымыздың бұйрығымен республикамыздың әр сағына тарыдай шашылып, астанадан жыраққа жылыстадық. Елдiң бiр шалғайында жүрсек те, Орағаңның болмыс-ты көркем кестелеген қара сөзiнен әсем өлең өрiлген, қар шағылдары мен құм бархандарына жан-дүниенi толғандырар ән салдырған, келiстi тiлмен бейнелегенде әуелгiде дүниенi қарып түсер аяздан да адам баласын тамсандыра алар бояуы қанық таңсық сурет өрнектеген бұрынғы һәм жаңа шығармаларымен көкiрекке от тастаған қиялшыл, қанатты ойлы қаһармандарымен сырласуымыз үзiлмедi. Романтикаға тұнған рухани қайнарына қанғанымызша сусындадық. Мiне, ендi өзiм бөлекше, ерекше көретiн, шынайы тегеурiндi дарынымен табындырған, киелi әдебиет деген зәулiм сарайға тек асыл мұратымен, таза ар-намысымен ғана кiрген көрiктi тiл шеберiмен, Қазақстан Мемлекеттiк сыйлығының және республика Ленин комсомолы сыйлығының иегерiмен арада сегiз жыл өткенде тағы жүздесудiң ретi келiп тұр. Бұл солтүстiктен оңтүстiкке қызмет ауыстырған кезiм едi. Жасөспiрiм шағымнан көңiлiмдi тербеген жазушымен тағы да жолығудың ойда жоқта орайы түсе қалғанына бойымды қуаныш та билейдi. Бiз Сарыағашқа кештетiп жеткенiмiзде Орағаң ақын Сәкен Иманасовпен шипажай ауласында сейiл құрып жүр екен. Амандастық. Қал-жағдай сұрасып жатырмыз. Орналасқандарына үш күндей болыпты. Жазушының бұл курортқа бiрiншi рет жолы түсiптi. Ақын бұрын да бiрнеше мәрте келiптi. Сыртта олармен едәуiр серуендедiк. Сөздерiн қызыға тыңдаймыз. Ара-арасында сұрақ қойғанымыз болмаса, көбiне алматылық қаламгерлердiң аузын бағамыз. Iңiр қараңғысында бөлмелерiне кiргенде өмiр, өнер, оңтүстiктен алған әсерлерi туралы сырлы әңгiмелерi тағы да жалғасты. Қазақ әдебиетiнiң танымал өкiлдерi жайында әзiлдер де айтылмай қалған жоқ. Қанша дегенмен мәдениеттiң ордасынан келгендерге құлақ түргендi қалаймыз. Атақты дарындардың күнде қасында жүргенiмiз жоқ. – Шымкент темiржол бекетiнен күтiп алған жiгiттер шипажайға әкелмес алдын, Шардара теңiзiнiң жағалауын, Шымған аймағын аралатты. Көршi республиканың аумағындағы кiлең қазақ жайлаған Бостандық ауданына да атбасын бұрдық. Таудың табиғаты қандай тартымды. Шыңдарында мен бiлсем, жазда да ерiмейтiн қар жатыр. Баурайындағы ауасының тұнықтығы тынысыңды ашады. Етектегi ауылдар да, аппақ заңғарлар да құдды менiң Алтайымның бiр пұшпағындай әсемдiгiмен қатты ұнады. Тек бабаларымыздың атамекенi Өзбекстан жерiнде болғаны көңiлге өкiнiш ұялатты. Ала тақиялы ағайындар түбiнде тақымға басып билетпейдi-ау, шетiне жолатпайды-ау. Шымғанның керемет көрiнiсi мен Шардараның ұшы-қиырсыз құм бархандары жөнiнде тегiнде бiр дүниелер жазатын болармын, – деп сонда Орағаң шетiн шерiнiң бiр ұштығын шығарып едi. – Бүгiн жұтқыншағымнан резина түтiкшенi өткiзе алмай жүргенiме үшiншi күн. Оны бәрiбiр жұта алмайтын түрiм бар. Өзiмдi-өзiм қинап қайтемiн. Ертеңдерi қайтып кететiн шығармын. Демалысымды құр жiбермей, Переделкиноға ма, Рузаға ма, Пицундаға ма, бәлкiм, Алтайыма ма (шығармаларын оңашаланып жазатын жерлерiн айтып тұр) барып, ойымда сұлбасы әбден пiшiлiп, түймесi қадалып, қалпағы кигiзiлген, әбден пiсiп дайын тұрған дүниелерiмдi бiртiндеп ендi тездетiп қағазға түсiргенiм мұндағыдан әлдеқайда пайдалы маған, – деп едi тағы да бiзбен қоштасарда Орағаң. Оралхан аға сол жолы өзiмен сәлемдесуге барған бiздiң апарған жеке-жеке кiтабының әрқайсысына мәтiнiн қайталамай қолтаңбасын қалдырды. Мен ұсынған «Бiздiң жақта қыс ұзақ» таңдамалысына «Жеңiс! Мынау ию-қию дүниеде өзiңдi-өзiң дәлелдеу, бар екенiңдi бiлдiру үлкен өнер. Әмiсе күрескерлiк рух тiлеймiн. Оралхан. 15.05.85 ж.» деп жазыпты. Жазушының қастерлi өсиетiндей сол асыл сөздерiн өзiме ғұмырлық бойтұмардай сақтап келемiн. Ұлттық көркемсөз өнерiнiң сұңғыла тарланбозымен бұдан соң дидарласудың ыңғайы келмедi. Жаңа кiтаптарымен бұрынғы құштар қалпыммен қауышып жүрдiм. Классикалық туындыларының шұрайлы да шырайлы өте бай тiлдiк қорына тәнтiлiкпен шөлiмдi басатынмын. Ардақты Алтайдың асқақ жыршысымен, қазақтың ақиық жазушысымен сол кездесуден кейiн де жиырма сегiз жыл зыр қағып өте шығыпты-ау. Мәңгi мұнар жапқан әулие Мұзтау баурайында дүниеге келген Орағаң махаббат мөлдiрлiгiнiң теңдессiз сымбатты ескерткiшi Тәжi-Махалдың жанында өмiрден озды. Биiкте туылып, биiкте жүрегi тоқтады. Уақыт ұрланып, бiлдiрмей тарих қойнауына сiңiп жатса да, өр Алтайға қарап ержеткен, асқар Алатауға зер салып есейген, қалам қайраткерлiгiмен адамдарды сұлулықты сезiнуге, тiршiлiктiң мәнiн түсiнуге үйреткен ерекше талант иесiнiң бейне елесi ешқашан өшпес жұлдыздай жарқырайды. Жақында қасиеттi Жер тiршiлiгi ояна бастаған көктем басында жоқ iздеп, ен далада мен мұндалаған алып таудың бөктерiмен жоғары көтерiлдiм. Алғашқы асуға аяқ артқанымда көкте шарықтаған жалғыз қыран көзге шалынды. Өте сирек ұшырасатын тектi мұзбалақ құзар шыңдардың ұшар үстiнде қанатын оқта-текте желпiп қойып, кейде серпiп тастап қалықтайды. Мен төмен түсiп, қапсағай таудан ұзағанша жалқы сұңқар шексiз алқара көкпеңбек аспан зеңгiрiнде бiр түйiр мең болып тұрып алды.

Жеңіс Бақадүр

540 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы