• Руханият
  • 25 Шілде, 2018

МАЗАР – МЕНІҢ ТАРИХЫМ

Айнұр Әбдірәсілқызы ҚР Дін істері агенттігі Діни оқу орындарымен байланыс және дінтану сараптамасы басқармасының бастығы, филология ғылымының кандидаты.

Шекарасын ата-бабасының мазарымен белгілеген көшпенділер өркениетінің заңды мұрагері ретінде осылай деуге біздің толық негізіміз бар. Соңғы жүзжылдықтардағы тарихи тағдыры көп ұлтты, көп конфессиялы мемлекет ретінде қалыптастырған Қазақстан жағдайында дін мен қоғам арасындағы қатынас ең нәзік те шетін мәселелердің бірі болып қала беретіні айқын. Еліміз өз тәуелсіздігін алған кезеңнен бастап, халықтың идеологиялық бағдары мен рухани-діни келбеті елеулі өзгеріске ұшырады. Діндердің дамуы жаңаша серпін алуымен қатар еліміздің қоғамдық-әлеуметтік өмірінде қайшылықты өзгерістер де орын алды. Бұл мәселеге екі түрлі қырынан назар аударған жөн. Біріншіден, ашық ақпараттық кеңістік пен ашық шекара саясаты тудырмай қоймайтын заңды салдар – Қазақстандағы діни бірлестіктер санының күрт ұлғайып, сан алуан діни ағымдар қызметінің күшеюі бүкіл қоғам мүшелеріне, соның ішінде әсіресе өмірлік ұстанымдары мен сенімдері айқындалмаған жастар қауымына түрліше әсер етуде. Екіншіден, кеңестік кезең құрсауынан сансырап шыққан қоғамдық сананың діни-рухани қажеттіліктерді қай кездегіден де өткірірек сезініп, рухани ізденісін тереңдете түсуі қалыпты құбылыс болатын. Өкінішке орай, осы ізденістердің әрбір ұлттың тарихи жады мен дәстүрлі құндылықтарын қалпына келтіру мақсатына дұрыс бағытталмауы салдарынан жат ағымдар ықпалына түсіп, дәстүрлі діни, ұлттық және рухани құндылықтарынан қол үзу үдерісі де қазіргі қоғамда белгілі бір дәрежеде байқалады. Мемлекеттің саясаты діннен бөлінгенімен, тұрмыс-тіршілігі діннен бөлін-бейді. Өйткені, дін тек сенім мәселесіне емес, мораль мәселесіне де тікелей қатысты. Дін – адамзат тарихында жасалған барша рухани құндылықтарды жинақтайтын ұғым. Ешбір зайырлы қоғам моральсыз, оны ретке келтіретін рухани құндылықтарсыз өмір сүре алмайды. Осы орайда дін мен қоғам қатынасы мәселесіне қатысты қоғам мүшелерінің өз пікірлеріне үңілсек, Дін істері агент-тігіне қарасты Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы жүргізген әлеумет-танулық зерттеулерде: «Сіз Қазақстан азаматтарының дінге сенуінің басты себебі неде деп ойлайсыз?» деген сұраққа респонденттердің 62,3%-ы «Ру-ханилыққа ұмтылу» деп жауап берген. Яғни тұрғын халық діни сенімнің құндылықтық жүйесінің негізгі функциясын дұрыс түсініп, оң бағалап отыр. Сұрау салынушылардың 45,6%-ы «Дін қоғам өмірін реттеуші ретінде әрекет ете алады» деп есептейді. Олардың дені – қазақ ұлтының өкілдері. Жас ерекшеліктері жөнінен алғанда, бұл мәселеге көзқарасы орныққан орта және егде жастағылар көбірек сеніммен қарайды. Діни сенімдері тұрғысынан келсек, мұсылмандардың 72,7%-ы діннің қоғам өмірін реттеуші ретінде әрекет ете алатынына нық сенімді. Әртүрлі діндер өкілдерінің қарым-қатынасына деструктивті әсер ететін факторлар қатарында респонденттердің 33,3%-ы – жұмыссыздықты, дәл сондай 33,3%-ы – радикалды діни ағымдардың белсенділігін, 32,2%-ы экстремистік уағыз-насихаттарды атаған. Діни экстремизмнің Қазақстанда таралу мәселесіне негізінен қазақ ұлтының өкілдері алаңдаушылық танытады. Әсіресе Батыс, Орталық Қазақстан және Алматы өңірінің тұрғындары діни экстремизмнің күшею қаупі бар деп санайды. Осы орайда атап айту қажет, еліміздің азаматтары тарапынан жүзеге асырылатын экстремистік сипаттағы көптеген әрекеттер жоғарыда айтылғандай рухани ізденістердің мүдделі күштер тарапынан басқа арнаға бағытталуынан туындап отыр. Дін – қоғам өмірін реттеу мақсатында қалыптасатын институт. Оның қағидаларын бұзып-жару, қирату әрекеттеріне бейімдеп пайдалану бұрмалаушылықтың салдары болып табылады. Бейбітшілік діні саналатын Ислам дініне келсек, «Ислам» сөзінің өзі «бағыну, мойынсұну» мағынасын береді. Сондықтан лаңкестік – Исламға түбірімен жат ұғым. ХХІ ғасыр табалдырығын аттаған тұста Қазақстан қоғамы «лаңкестік» ұғымымен бетпе-бет келген болса, мұны қоғам тұтастығына нұқсан келтіруге мүдделі тараптардың ғасырлар бойғы іштен ыдырату және сырттан арандату әрекеттерінің ащы жемісі деп түсінуіміз керек. Елімізде соңғы жылдары діни көзқарастар негізінде орын алған құлпытастар мен қабірлерді қирату оқиғалары да дін формасын жамылған жат мазмұнның елімізге сыналап енуінен туындап отыр. Дәстүрлі құндылықтарды имансыздық көрінісі ретінде айыптап, оған қарсы әрекеттердің орын алуына себеп болып отырған бүгінгі Қазақстанда белең ала бастаған салафи ағымының жақтаушылары сенімдік жағын былай қойғанда, мұсылмандық әдеп тұрғысынан да дәстүрлі қазақ қоғамының тұтастығына залал келтіруде. Мұндай оқиғалар, өкінішке орай, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында да кездесті. Құлпытастарды қирату оқиғаларына негіз болған үш түрлі себепті атап көрсетуге болады. Біріншіден, мұндай әрекеттер Исламның бірігуге бастайтын кемел ілімін танып-түсінбей, бөлінуге бастайтын алауызшыл ағымдардың идеологиясына бой ұрудан туындайды. Шын мәнінде Исламда қабірді қирату тұрмақ, оны аяқ асты етуге, үстіне отыруға, тіпті сүйеніп тұруға да тыйым салынатыны белгілі. Екінші себеп – тарихи тамырымыздан ірге ажырата бастауымызда. Ұлттық негізден алыстап, дәстүрлі құндылықтарын құн-сыздандырған ұрпақ тобырлық психологияға бейім келеді. Қазақ қазақ болғалы өз тарихын өзі талқандардай қасиетсіздікке бой ұрып көрген жоқ. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген ұстанымды үлгі еткен ұлттың бүгінгі буыны ата-бабасының мазарын қиратып жатса, мұны рухтың жұтауы, сананың жаттануы демеске лаж жоқ. Үшіншіден, зираттарды бүлдірудің идеологиялық себептерге қатыссыз вандализм көрінісі ретінде пайдакүнемдік мақсаттардан туындау фактілері де тіркеліп отырғанын назарға алуымыз керек. Қабір әдебін сақтамауды былай қойғанда, оны қирату ісіне дейін бару сол әрекетті жасаушының рухани-адамгершілік тұрғыдан құлдырауының салдары болып табылады. Айтылған негіздердің әрбірін кеңінен қарастырар болсақ, әңгімені болмысымызбен бір ұлттық негізден бастаған жөн деп білеміз. Бұл мәселені танымдық және тарихи тұрғыдан талдап-таразылауға болады. Танымдық қырынан келер болсақ, қазақтың қанына біткен әруақ сыйлау үрдісі ата-ананы құрметтеу әдебімен ұштасады. Ата-ананы сыйлаудың Алланың разылығын алудың ең жақын жолы екені Мұхаммед пайғамбардың көптеген хадистеріне арқау болған тақырып. Ал, Алладан кейінгі ұлығы, көз алдындағы киелісі – ата-анасын ғана емес, жеті атасын түгел сыйлауы, көзі тірі үлкендердің ғана емес, дүниеден әлдеқашан өтіп кеткен өлілердің де қамын ойлауы қазақтың иман дүниесінің қаншалықты тереңде жатқанын аңғартса керек. Біз мойындауға тиіс бір ақиқат бар: қазақтың діні мен тіні (рухы, болмысы) әруақ сыйлау арқылы сақталады. Мәселеге тарихи тұрғыдан назар салсақ, мынаны ескеруге тиіспіз: мазар мәдениеті – біздің материалдық және рухани мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Тарихына құрметпен қарай білетін алыс-жақын мемлекеттерде мазар мәдениеті тарих ғылымының терең тамырлы тұтас саласы ретінде әлдеқашан дербес зерттеу нысанына айналған. «Мазар мәдениеті» деген атпен қаншама еңбектер жарық көрді. Мазарлар – біздің даңқты тарихымызға қойған ең көрнекті ескерткіштеріміз, өткеннен өнеге айтар тағылымды тастарымыз. Тарих – ұлттың болмысы, ал, рух пен ар-ождан болмыстан бөлек дүние емес. Сондықтан, тарихты қорғау – болмысты, рухты, ар-намысты қорғау деген сөз. Кезінде бейбітсүйгіш, дархан сақ жауынгерлерін шайқасқа шығуға мәжбүр ететін себеп таба алмаған парсы қолбасылары сақтардың ата-бабасының мазарын қиратып барып, соғысқа жол ашқан екен деген аңыз бар. Сонау ежелгі грек деректерінде сақталған мына оқиға да мазар мәдениетінің ішкі мазмұнын танытқандай: Скиф данышпаны, атақты емші Токсаридке (б.д.д. VІІ-VІ ғғ.) эллиндік (грек) ойшыл Мнесип мынадай сұрақ қояды: «Сендер ата-бабаларыңның рухына арнап ас бересіңдер. Сонда сендер оларға табынасыңдар ма?». Бұл сұраққа Токсарид: «Біз ата-баба рухына табынбаймыз, ас беру арқылы оларды еске алып, тірілерге үлгі етеміз, жастарды тәрбиелейміз, сөйтіп, тірілердің рухын көтереміз», – деп жауап береді. Ежелгі ғұндар мен сақтар дәуірінен тіні үзілмеген рухани тұтастық сайын далада талай қасиетті қабірстандарды дүниеге келтірді. Қауымдық мазараттарды былай қойғанда, ел қастерлеген елеулі тұлғаларды ғана жерлеген ұлттық пантеондар салу да атамекенімізде біздің дәуірімізге дейінгі кезеңдерден бастау алған екен. Мазар бар жерде тарих бар. Шекарасын ата-бабасының мазарымен белгілеген көшпенділер өркениетінің заңды мұрагері ретінде «мазар – менің тарихым» деп айтуға біздің толық негізіміз бар. Қазақ даласындағы мазарлар рухани тұрғыдан алғанда адамның өткенмен, өзімен, Алламен сырласу, арылу, есеп беру орнына айналған. Қазақтың қабірлерді ерекше қасиеттеуі, жиі зиярат етуі осындай себептерден туындаған. Осының барлығын жат көзқараспен өлшеп, бүкіл ғибратын жоққа шығару үлкен рухани қателік болмақ. Қабірге зиярат етуді серік қосу күнәсімен байланыстырушылар-дың қарекеті қаншалықты қисынды дегенге келсек, қабірді зиярат етуге, әруақтарға Құран бағыштауға Исламның тыйым салмайтыны, қайта қолдайтыны белгілі. Бағышталған Құран соңынан әрбір мұсылманның Алладан тілек сұрап, дұға ететіні белгілі жайт. Осы тілекті қабір басында айтқаны үшін ғана адамның әруаққа табынған болып саналмайтыны анық. «Серік қосу күнәсіне батты» деп айыптай-тындай, кесенеге барып, қол жайып отырған адамның Алладан тілек сұрамай, әруақтан тілек тілеп отырғанын қалай дәлелдеуге болады? Исламда ғасырлар бойы қабір зияратының біртұтас әдебі қалыптасқан. Неден бастап, қалай аяқтау, нені жасау, нені жасамау керек – барлығы белгіленіп, ара-жігі айқындалған. Бұл жайында аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Мәселе мүдделі тұлғалар тарапынан қате ұғымдардың қасақана өршітіліп, толассыз уағыздалуында болып отыр. Қабір зияратындағы негізгі түсініспеу-шілік тауассул мәселесінің дұрыс ұғыныл-мауынан туындайды. Алланың көркем есімдерін, пайғамбарымыздың немесе тақуалардың құрметін дәнекер етіп, солардың құрметіне тілек тілеу үрдісі Исламның бастапқы кезеңдерінен бар екені белгілі. Құран аяттарынан, Мұхаммед пайғамбар хадистерінен бас-тау алған бұл тауассул үрдісі өз кезінде пікір келіспеушіліктерін туындатпай қалған жоқ. Дегенмен дұрыс орындалған тауассулдің, яғни, дәнекер етілушіден (пайғамбардан, әулие-тақуалардан) емес, жалғыз Жаратушыдан ғана көмек сұраудың шариғатқа қайшы іске жатпайтыны да талай ғұламалар тарапынан дәлелденген. Қазір белгілі бір ағымдардың бел алып, зиярат мәселесінде сауатсыздықтың күшеюіне себеп болып отырғаны мәлім. Бірақ ол сауатсыздықты қасіретті қауіпке, ұлы дертке балаудың қажеті жоқ. Адам танымының шатасуы әсіресе қазіргідей идеологиялық-формациялық өтпелі кезеңдерде күшейеді. Бұдан шығудың жолы шабуылдау емес, ағарту, насихаттау жұмыстары болуға тиіс. Зиярат әдебін қадағалайтын институттар Исламның түркі-қазақ даласына енген алғашқы кезеңінен – VІІІ ғасырдан бастап қалыптасқан. Сол сан ғасыр бойы сыннан өткен құрылымды қазіргі таңда қайта реттеп, дұрысы мен бұрысын айқындап, жолға қою қажет. Қабірлерге, әулиелерге зиярат ету – қазақ салт-дәстүрлерінің ықпалды бір бөлігі, ғасырлар бойы қалыптасқан тәрбие институты. Мұндай тұтас институтты халықтың санасынан сылып тастау мүмкін емес. Әрі бұл қадам аса қауіпті де. Өйткені, зиярат институты жойылған жерде пайда болған рухани бос кеңістікті міндетті түрде әсіре деструктивті ағымдар жаулайды. Кезінде діндарлықтың жөні осы екен деп, қызды-қыздымен асыра сілтеп, «Жәннәтул бақидағы» он мың сахабаның, Пайғамбарымыз-дың текті әулетінің қабірін қиратқан арабтар бүгінгі күні өз ісінен өзі шошып, артына алаңдап, «әл-уасатийа» – «ымырашыл Ислам» дегенді ойлап тауып отырған жоқ па? «Ақымақ өз қатесінен сабақ алады, ақылды біреудің қатесінен сабақ алады» деген даналық тұжырым баршаға таныс болса да, біз өзгенің қателігін қайталап, өз жағдайымызда сынап көруге әуеспіз. Қазақта бұрын-соңды болмаған қабір қирату құбылысы да осындай ойсыздықтардан туындады. Қабір басына құрылыс салуға деген Исламдағы көзқарасқа келсек, бұл мәселе жөнінде бірнеше түрлі пікір қалыптасып, әр мәзһаб ғалымдары түрліше пәтуа берген. «Көпшілік қабірстанында құрылыс салуға болмайды, ал, жеке қабірлерді қоршауға болады» деген пікір мен «кез келген қабір басында құрылыс жүргізуге болады» деген көзқарастар қатар өмір сүріп келеді. Кей ғалымдар белгілі діни тұлғалардың қабірі басына күмбез салуды тағылымды іс деп санаса, ендігі бір Ислам ғұламалары ысырапшылдық пен сенімнің әлсіреуіне себеп болады деген пікірмен қабір басына қандай да бір құрылыс нысанын салуға үзілді-кесілді қарсы шығады. Олардың әрқайсысының өзіндік дәлелі, сүйенетін негіздері бар. Қабір басына құрылыс салу Исламның алғашқы дәуірлерінен басталған. Көптеген белгілі дін ғалымдарының қабірі күмбезді кесенемен қоршалған. Пайғамбар қаласындағы «Жәннатул Бақида» жерленген саңлақ сахабалардың сәулетті сағаналары уаххабилік идеология күшіне енген ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін бой түзеп тұрды. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мазар мәдениетіне көз салсақ, айтылған қағидалардан алшақ кетпегенін, шариғатқа шалыс емес, салт-санаға тиімді тұстарын екшеп пайдаланғанын байқаймыз. Дін дүниесінде даңқы шыққан рухани ұстаздарының қабіріне ғана еңселі ғимарат орнатқан аталарымыз ел бастаған көсемі мен сөз бастаған шешенінің зиратын сән-салтанатсыз қоңырқай ғана күмбезбен қоршаған. Көпшілік қабірлер аяқ асты болмау үшін төбесі ашық төрт құлақ бейіт ретінде соғылған. Қазір де ел ішіндегі есті азаматтар бақилық болған жақындарына төрт құлақ бейіт тұрғызумен шектелуді жөн санайды. Рас, өкінішке орай, ғасырлар бойы қалыптасқан мазар мәдениеті мен қабірстанның қастерлі қағидаларын ескерусіз қалдырып, қабір басына салтанатты құрылыс салуды мақтан көретіндер де көбейіп барады. Бірақ бұл даурықтыратындай дауасыз дерт емес, ауыл ақсақалдарының ақыл-кеңесімен, имамдарымыздың уағыз- насихатымен орны толатын олқылық. Жалпы, Қазақстанның діни дүниесінде қалыптасып отырған қазіргі ахуалға орай ендігі кезекте дінішілік сұхбат мәселесін бас-ты орынға шығаратын мезгіл жетті. Қазір бой көрсете бастаған ұлттық діни танымның жіктелуінен туындаған мәселелер дінішілік сұхбатты тереңдету арқылы шешімін таба алады. Яғни, ең алдымен қоғам өмірін реттеуші институт ретіндегі діннің шынайы болмысын тереңдей түсіне және түсіндіре білуіміз, діннің проблема емес, оны шешудің тетігі ретіндегі рөлін дұрыс пайымдап, орынды пайдалануымыз қажет. Ислам жайындағы үстірт түсініктерге, жат мәдениет ықпалына көзсіз еруге, жат идеологияның жетегінде кетуге қарсы тұра алатын бірден-бір күш – біздің қазақы мұсылмандығымыз. Біз ең алдымен мың жылдық мұсылмандық тәжірибемізді орнымен игеріп алуға тиіспіз. Халықтың ғасырлар бойы жинаған рухани құндылықтарын жинақтап, жаңғыртып, бүгінгі қоғам игілігіне жаратуымыз қажет. Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу, оларды кеңінен насихаттау арқылы жат идеологияға тосқауыл қоюға болады. Осы бағыттағы насихат жұмыстары мемлекеттік дін саясатының негізгі бағыттарының біріне айналуға тиіс.

608 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы