• Білім-ғылым
  • 28 Маусым, 2018

Журналист өмірінің хикаясы

Бір кездесуде Ақпарат және коммуникациялар министрі қазіргі журналистердің сауал қоюға шорқақтығын тілге тиек етті. Аржағында өмірдің мазмұнды бейнесін  жасай алмайсыңдар деген реніш тұрды. Рас сөз. Әсіресе, тележурналистердің көгілдір экраннан күлімсіреп тұрып айтқан «Өмірде осындай абыройға қалай жеттіңіз?» әйтпесе «Осындай қылмысқа кім итермеледі?» деген сауалмен басталып, «Сіздің өміріңізге игі нәтижелер тілейміз» деген жаттанды сөзі арнаны ашып қалсаң қардай борап жатады. Ал, қағаз-газет бетінде де осыған ұқсас орашолақтықтар аз емес. Журналист оқиғаны байлаулы төбеттей айналып жүріп алады. Оқиға-қақпанның кілтін табуға талпынбайды. Талпынса жанры көмескі тартып бара жатқан шымыр очерк шығар ма еді. Бір тағдыр таразыға түсер ме еді. Бірақ, олар «Болған оқиға ізімен»-ді шиырлап орта жолда қалып қояды. Осындай журналистік өмірден екі хикая.

Сауалына жауабы

Аудандық газет тілшісі үшем тапқан жас анаға барып, алдағы нөмірлердің біріне шұғыл мақала дайындау керек болды. КазГУ-дың журфагін бітірген жігіт дайындалып-ақ келді, бірақ сүтке толы қос анары салбырап, әппақ жөргекте қатар тізілген үшемнің алдында түн ұйқысын төрт бөліп, көзі кіртиген әйелді көргенде абдырап қалды. - Перзенттеріңіз бірінен кейін бірі жарық дүниеге шыға бергенде қорыққан жоқсыз ба? – деп қойды алғашқы сауалды. - Қорқатын менде ес жоқ қой. Оның үстіне бірінші рет босануым... - Үйге келгенде, ағай, өмірлік қосағыңыз не деді? - Не десін. Жоспарды асыра орындадың ғой, - деп арқамнан қақты. - Сіз не дедіңіз? - Менің орнымда сен болсаң көрер едім, дедім. Басқа не деймін. Жас журналист ақ қағазға жан-тәнімен жазып отыр. Жоспар мен социалистік міндеттеменің күйіп тұрған кезі. «Солқылдата соғылсын – бесжылдықтың балғасы» - бірінші беттегі Пайғамбар сөзіндей айдар. Тілші жігіт өмірге бірдей үш перзент әкелген ананың жан-дүниесін, әкенің қуанышы мен махаббатын шынайы түрде жеткізсем дейді. Бұл бір сұмдық мақала болса деп армандап та отыр. - Ағай қуаныштан ішіп кеткен жоқ па? – деді келесі сауалын жалғастырып. - Ішпек түгілі, бала-шағасын асырап алсын. Бір тоқты сойып жұрттың батасын алдық, - деді келіншек емшегі сыздап. Сөйтті де, екі шарананы екі жағына алып, емізе бастады. «Үшіншісін не қылар екен?» деп тілші отыр. - Сізде екі ұл, бір қыз ғой. Әуелі қайсысын емізесіз? - Әуелі қызды емізем. «Қыздың жолы жіңішке», - деп шарананы иіскеп қойды. - Қыз тойса ер бала қайда кетеді дейсің... – Жас ана кеудесін бүлк-бүлк сорған перзентіне нәр беріп, жаны рахаттанып отыр. Жас журналист болса, келесі сауалға іштей дайындалып, мақаласының тақырыбын ойлап, оған әйгілілерден цитат алуды да бір сәт ой елегінен өткізді. «Демек, 13 бала тәрбиелеп өсіріп, күріштің әр гектарынан 170 центнерден өнім алған Социалистік Еңбек Ері Ұлбала Алтайбаеваға Екі мәрте Ер» деген Бас хатшы Л. И. Брежневтің съездегі сөзін келтірсем» деп, лезде тауып кетті. «Сонда мақалам да өтімді болады». Екі шарана көкірегін бүлк-бүлк сорып болып, үшіншісін қолға алып, жаны жай тауып, қарсы алдындағы мойнын қылқындырып галстук байлаған жас жігітке келіншек көкірегін көлегейлей қарады. Ол да қойын кітапшасына бірнәрселерді жазып болып: - Апай, соңғы сауал болсын, бірден үшеу тапқаныңызға өкінбейсіз бе? – деді бұрынғыдай емес, тура қарап. - Қарағым, Алланың бергеніне неге өкінесің, - дегенде, ол: - Иә, бәрі сол кісінің қолында ғой, - деді күбірлеп. - Өзіңнің бітіргенің ненің оқуы? – деді келіншек миығы тартып. - Университет қой. Журфак. - Жазушылық па? - Әзір журналистпін. Жүре келе жазушы болармыз. - Бес жыл дұрыс сөйлеуге үйретпеді ме? – дегенде, тұруға қамданып, қалам-қағазын жинай бастаған көкөрім жігітке: - Шәй ішіп кет. Қонақ үйден құр шықпауы керек,- деп, баласын емізіп тұрып шырпы тұтатып, көгілдір отынды лап еткізді. - Аттары кім? – деді келіншек орнына қайта отырғанда. - Әзір белгісіз. Қырқынан шыққанда, ауылдың үлкені, тоқсандағы ата құлақтарына айқайлайды. Оған дейін айтуға болмайды. Қақпағы бүлкілдеп құман қайнай бастады. Тілші тілін тістеп қалды. Бір нәрсе сұрауға бата алмады. Қойылмаған сауалы ішін жалап, шыр айналып жүр. «Тағы да бала туу ойыңызда бар ма?» десем... Жауабы да белгілі ғой». Журналист пен жас ананың көзі беттесіп қалды. «Алла тағаланың бергенін көпсінбейміз» дегенді оқыды көзінен. «Сауалды қоймағаным дұрыс болды. 13 бала тапқан Ұлбала Алтайбаевамен теңестіріп, сол кісіні алға сап жазам». Дастархан басына жайғасқан тілші мақалам тезірек шықса екен деп, жар құлағы жастыққа тимей отыр. Өзінше толғатып отыр...

Мақалшы қарындас

«Лениншіл жас»-та «Студенттер бетін» дайындау керек. Қазақ баспасөзінің негізгі наны – ҚызПИ (ол кезде ЖенПИ) мен ҚазҰМУ-дың (ол кезде КазГУ) қазақ бөлімдері. Журналист жігіт кітапты көп оқитын, әдебиетті жаңғақша шағатын бір қыз туралы мақала жазбақшы боп ҚызПИ-ге келді. Проректор кітапхана факультетіне жіберді. Декан екінші курстың үлгілі студенті, асқабақтай дөп-дөңгелек, маңдайы ашық, көкірегі шалқақ, шұнтиған қос құлағына мөлтілдетіп көздің қарашығындай сырға таққан бір студент қызбен жолықтырды. Ол «сынақ кітапшасын» да ұстай келіпті. Бір жылда алғаны кілең «бес». Екінші жылды да опырып тастау ойында бар. - Оқу қалай? – деді тілші. Жігіт өзін асқақ ұстады. Жастардың жалғыз басылымының өкілі екендігі бір көргеннен-ақ білініп тұр. - «Оқу - білім бұлағы, білім – өмір шырағы» дегендей, ит өлген жерден келген соң барымызды салып оқып жатырмыз, - деп нақты жауап берді. - Сабақ қиын ба? - «Оқу инемен құдық қазғандай» дегендей, қиындыққа төтеп береміз де. Алыс жолды қысқартып, Жетісайдан оқу үшін келген жоқпыз ба?.. - Қазір не өтіп жатырсыздар? Екінші курстың қиындығы неде? - «Қайталау – оқу анасы» дегендей, өткенді қайталап жатырмыз. Кітаппен жұмыс істегесін өткенді күнбе-күн қайталап отырмаса болмайды. Журналист үш сұрақ дайындап келіп еді, нақты жауабын алды. - Сізден де басқа кездесетін студенттер бар, енді соларға барайын. Біз әлі кездесеміз, - деп еді: - Кездескен деген осы, - деді қыз кірпік қақпай қоштасып. «Лениншіл жас»-қа шыққан «Мақалшы қарындас» атты мақаланы 70-жылдардағы студенттердің бәрі оқып, мәз-мәйрам болды. Жатақханадағы қыз тұрған бөлме «Мақалшы қарындастың бөлмесі» деген атау алды. Кейінгілер де бертінге дейін «Мақалшы қарындастың» бөлмесінде тұрдық» деп мақтанышпен айтып жүрді. Ең ғажабы, журналист жігіт жүре келе сол «Мақалшы қарындаспен» бас қосып, шаңырақ көтерді. Әуелі С.Мұқановтың «Ботагөзі» мен Ө. Қанахиннің «Жас дәуренін» әкеп бергенде, «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» дегендей, кітап көптік етпейді ғой», - деп бас жағына қойып, қайта-қайта оқыды. Сөйтіп жүріп, кездесу соңы үлкен сезімге ұласты. Сол алғашқы кездесудің сауалы мен жауабы қазақшылыққа бой алдырса да, бір мөлдір сезім мен бас иіп тұрған иба бір-бірін түсінген адами көпір болды. «Семья – шағын мемлекет», - деді «Мақалшы қарындас» Неке Сарайынан шыққанда өмірлік жарының құлағына сыбырлап. Ал, қазіргі сауалнамалар мен дөңгелек үстел басына үйірілгендердің түсініксіз айқай-шуы, тіпті, басқаша. Нарыққа негізделген, уақытты үнемдеп, жобаны көздеген сауалдар нысанаға бірде тисе, бірде тимей жатады. Екі жақ та бір-бірін алдап кетуге бейім тұратын сияқты. Араларында қу түлкінің ізі жатқандай. Адами мөлдір сезім дегенің, тіпті, маңына жолатпайды. Тақ-тұқ еткен цифрлы сөйлем, тастақ жол. Иә, о заман мен бұ заманның қалтасы бірдей емес. Көз бен көңіл де әртүрлі. Бәрін компьютер тартып алып, бір күні аузымыз аңқиып қап жүрмесін... Күлкі – ем. Күлімсіреп сауал қойып, күлімсіреп жауап берсек, басшы да, қосшы да риза. Араға цифрлі Қазақстанды айтып, түтіккен біреу түсіп кетпесін. Сыпайы сөйлеу – сән. Сыпайы сұрай білу – көңілдің көркі. Осының бәрінің арасында жанұшырып журналист жүр.

Қуандық Түменбай

431 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы