• Бас мақала
  • 28 Маусым, 2018

«Мен сыйға тартқан орамал...»

Қазақтың қызы мен келіншегі, анасы мен әжесінің абыройына айналған орамал – ертеден келе жатқан құндылықтарымыздың бірі. Ұлт байлығын заманауи брендке айналдырған табысты кәсіпкер әрі әнші Роза ӘЛҚОЖАМЕН сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Қазіргі кезде нарықта ұлттық құндылықтарымызды брендке айналдыру деген әдемі үрдіс пайда болды. Соның бірі - сіздің «Мен сыйға тартқан орамал» дүкендеріңіз. – Рахмет, бірде әдемі көйлек көрдім. Онда біздің өрнектерге ұқсайтын кесте салынған екен. Соған қарап отырып «мынау қазақтікі ме екен?» деген ой келді. Ол араб елдерінде шыққан намаз оқуға арналған көйлек екен. Неге біз күнделікті киетін, өн бойынан қазақтың киімі екені көрініп тұратындай дүниелер жасамаймыз? Ұлтымызға тән кестені неге дамытпасқа деген ой келді. Бір сіңіліме осы идеямды айтқанымда, ол: «Сізге орамал жарасады» деді. Мен оның ойын бірден құптап кеттім. Сөзі көңілімнен шықты. Дизайнерлер сахнаға арнап қымбат киімдер тігеді. Бірақ қарапайым халықтың қолы жетпейді. Біздің базарды жаулап алған көбіне қырғыз, түрік, оңтүстік Кореядан келген киімдер. Осындай ойлар орамал бизнесін бастауға мұрындық болды. Бастапқыда орамал мен көйлекті үйлестіріп шығардық. Кейін қарасақ, көйлектің шығыны өте үлкен екен және сатып алушысы аз. Біздің қазіргі киім кию стиліміз әртүрлі. Барлығы бірдей қазақша кие бермейді. Басқа ұлттарға еліктейді. Сондықтан көйлектің өтімділігі аз болғандықтан, біз орамалдың өзін ғана қолға алуды жөн санадық. Бүгінге дейін 90 түрлі орамал жасадық. Суретшілермен, дизайнерлермен жұмыс істедік. Эксклюзив жасауға тырыстық. Оларға ат қойдық. «Қарлығаш» дедік, біреуін – «Жібек» дедік. – Ұлттық брендтерді шығарып жатқан көп адамдардың айтатын алғашқы өкпесі - көшіріп басу. Сіздің де орамалдарыңызды көшіріп, пайда тауып жатқандарға не дейсіз? – Кейінгі кезде көшірмелеріміз қаптап кетті. Қара базарда арзан, бірақ менің есіміммен аталатын орамал көп. Онымен күресіп, заңға жүгінбекші болдық. Бірақ кейін «Күріштің арқасында күрмек су ішеді» демекші, Алла Тағала олардың несібесін солай бұйырып тұрған шығар. Жарайды. Барлық халықаралық брендтердің өзінің көшірмесі болады дегендей сабырға келдік. Ең бастысы, біздің ниетіміз орамалды қадірлеу, насихаттау болатын. Біз соған жеттік қой деп шүкіршілік айтып жатырмыз. Қазір 20 дүкеніміз бар. Қазақстанның ең үлкен қалаларында ашылды. Әлі де ашылып жатыр. Соған тәубә деп отырмыз. – Сіздің орамалдарыңызды көшірмеден қалай ажыратуға болады? – Көшіріп шығарып жатқандар кедергісін тигізбей қоймайды, ол орамалдар сапасыз болғандықтан, сөз маған келеді. Бірақ біз барынша ескертіп айтып жатырмыз. Біздің орамалдарда «Әлқож»а деген логотип бар. Made in Kazakhstan деген жазуы бар деп қайталаудан жалықпаймыз. Сауатты, логотипті түсінетін, сапасын ажырата алатын адамдар өзіміздің арнайы дүкендерімізге келіп алады. Аллаға шүкір, бұл кәсіп үш жылдың ішінде өзін-өзі ақтайтындай дәрежеге жетті. Оның өзі жақсы нәтиже деп ойлаймын. Өйткені, кәсіпкерлердің айтуы бойынша, бізде орамал бизнесі деген дамымаған. Бұл бір көгілдір мұхит болған. Ол енді қызыл мұхитқа айналуы керек екен. Сол кезде бұл шынайы бизнеске айналады. Сондықтан бәсекелестер де керек. Бір жағынан қуанам, қырғыз елінде, Қытайда басылып жатса, демек, орамалға деген халықтың сұранысы бар. Ырымға сенетін халықпыз ғой. Роза сияқты келінім көп балалы болсын дейді. Қызымның жасауына қосайын деп алып жатады. Өткенде Қарақаттың өзі күліп айтып жатыр ғой. «Қазір қазақтың тойы Розаның орамалысыз өтпейтін болды» деп. Тойбастарға, қыздың жасауына көп алады. Халық арасында сұраныс бары қуантады. – Орамалдарыңыздың дизайны ерекше. Оны кім жасайды? – Мен негізі өзім күнделікті өмірде үйде орамалды жақсы көріп, көп тағатын болғандықтан, оған не керек екенін де бірден байқадым. Орамалдың көрінетін жері мысалы, арқа тұсы мен алдыңғы маңдай тұсы. Дизайнерлерге маңдайында, арқасында, ұшында оюлар болса деп айттым. Соның нәтижесінде «Аймаңдай» деген орамалдар пайда болды. Айжан Гаджурова деген дизайнермен жұмыс істедік. Ол «Қарлығаш» деген орамалдарды ойлап тапты. Айжан екеуіміз ақылдаса отырып, қазақы оюды, гүлдерді алып келсем қайтеді деп ұсыныс айттым, нәтижесінде жаңа орамалдар пайда бола бастады. Эксклюзивті орамалдарда да Айжанның қолтаңбасы бар. Ол халықаралық брендтерге ұқсатып ішіне біздің қазақтың оюларын қосып жасады. Кейінгі кезде бізді көшіріп басып кеткеннен кейін бізде де қазір дайын оюларды барынша пайдалану бір сәт белең алды. – Орамалдарыңыздың сапасы, түр-түсіне қатысты сын айтылатын кездер бола ма? – Біреулер айтып жатады оюды қалай болса солай пайдалануға болмайды деп. Қазақтың әйелі ақ орамал тағуы керек, басқа орамал тағуға болмайды деген пікірлер бар. Айтарым, қазақтар қалаға келіп, урбанизацияға ұшырап, қалалық болып жатыр ғой. Сол сияқты біздің кешегі дәстүріміз, салтымыз бойынша сақталып келген орамалды, камзолды заманға сәйкестендіруіміз керек сияқты. Өйткені оны сәйкестендірмей, ол қолданысқа түспейді. Әр адам өзінің заманына қарай лайықталып жүреді. Біздің ұлттық киімдеріміздің бір шетте, музейде қалып қалғанының себебі де сол деп ойлаймын. Басқа ұлттарда ол жағы қолға алынған. Бізде кішкене кенже қалып жатыр. Сондықтан орамалдарды да біз барынша басқа түсте жасауға тырысамыз. Өйткені, сұраушының, тапсырыс берушінің талабы солай. Сатып алушылар маған көк түс ұнайды, күлгін деп өздерінің қалаған түсіндегі орамалдарды сұрап жатады, мысалы тифани деген түс сәнге айналды. Сол себепті де, тапсырыс берушінің талабын қанағаттандыруға тырысып жатырмыз. – Жеке тапсырыстар жиі бола ма? – Эксклюзивті түрде шығарылатын орамалдар бар. Біздің қазақ құда, құдағи деп өмір сүретін халықпыз ғой. Сондықтан құдашаның, құдағидың иығына жабатын орамалдар керек деп айтып жатады. Оларды біз арнайы суретшіге қолмен салдыртамыз. Ондай жұмыстардың бағасы да қымбатырақ.Көбінесе бізде қарапайым сатып алушылар болғандықтан, бағасын өте тиімді етіп қойдық. 1500 теңгеден басталып, одан жоғарылап кете береді. – Бір сәт шығармашылығыңызға оралайықшы. Дүкендеріңіздің атауына айналған «Мен сыйға тартқан орамал» әні. Жарыққа шыққанына бірталай уақыт өтсе де, әнге деген сұраныс азаймаған сияқты. – Бұл әнді 17 жасымда жазғанмын. Бірінші курсты бітіріп, ауылда өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген кезде туған. Рас, әнге деген халықтың ілтипаты ерекше. Бұған бір ғана жауап, Бейбіт Сарыбайдың «Сенің әнің» деген өлеңі болса керек. Сенің әнің қыз Жібектің зар-мұңы, Төлегенін аңсаған, Содан болар қыз біткеннің барлығы айта-айта шаршаған, - деген. Қазақтың қыздары қашанда ұяң, өзінің сезімін ашық жеткізе алмайтын, әдепті болып келеді. Отбасылық жағдайда басқа ұлттардың әйелдері тұрмыс құрғаннан кейін де махаббат іздеп кетсе, қазақтың әйелдері сол аттаған шаңырағының киесін сақтап, басындағы орамалын желбіретіп, өмірінің соңына дейін барын сол шаңыраққа, балаларына арнайды. Бұл жерде сезімнің тұрақтылығы деген нәрсе жатыр. Күйеуім де осы орамал әні арқылы жақсы көріп, мен сені әнші етем, осы әнің ұнайды дейтін. Жалпы маған бақ болып келген ән ғой. 17 жыл бойы әлі айтылып келе жатқан құпиясы сол-ау деп ойлаймын. Барған жерде бәрі сол орамалмен басталады. «Сегіз қызым бір төбе, Кенжекейім бір төбе» дегендей, басқа қаншама ән орындасам да, концерттерде «орамалды айт» деп жұрт айқайлап жатады. Соған қарағанда бір сыйқыры бар-ау. – Жақында республика сарайында ән кешіңіз өтті. – Бұл мен көптен күтіп, армандаған концерт. Менің есімімді Роза Қуанышқызының құрметіне қойған. Ол кісі халықаралық дәрежедегі сахналараға шыққан. Мен үшін үлкен сахна, әрине, Алматы сахнасы. Оның ішінде Республика сарайы. Өрелі жұртқа, еңселі жұртқа өзіңді дәлелдеу де, өзіңді көрсете білу де үлкен жауапкершілік. Менің шығармашылығыма 15 жылдан астам уақыт өтті. Оның арасында әрине бала күтімімен отырған сәттерім де бар. Осы жолы өлеңім, әнім, сөзім болсын, бүкіл бойымда бар қасиетті көрсететін мүмкіндік туды. Жаңадан шығып келе жатқан әншілер де 1 жыл, 5 жыл ән айтып та кеш беріп жатыр ғой, оның қасында менің өнерде жүргеніме елеулі уақыт өтті. Досымжан Таңатаров, Заттыбек Көпбосынұлы, Еркін Нұржанов, Айгүл Елшібаева, Қырғызстанның Еңбек сіңірген әртісі Алтынай Нарбаева, Динара Тілекеевалар келді. Марқұм Оразалы Дос-босынов пен Ажар Түзелбекқызының артында қалған тұяғы - Нұрсұлтан мен Нұрайша үлкен сахнаға шықты. Олар - күллі Алашқа аманаттап кеткен балалар. Өзімнің балапандарым - біздің үйдің тұңғышы Бейбарыс пен Ақботаны ел сұрайды. Балаларыңыз өсті ме? Баяғыда сахнаға шығып еді. Әлі де ән айта ма деген сұрақтар жиі қойылады. Сондықтан екеуі бұрынғы дуэтін орындап шықты. Сондай-ақ, қазақтың бренді деп айтуға болатын шығар, шертпе күйдің шебері, Төлеген Момбековтен кейінгі күйдің тұтқасын ұстап тұрған Секен Тұрысбеков ағамызбен бірге ән орындадық. Еркін Нұржановпен, Әбдіжаппар Әлқожамен, Досымжан Таңатаровпен жаңа дуэттер айтылды. Мен салмақты әнші болғандықтан, ешқандай шоу жасамадым. Өйткені, оған менің көрерменім де дайын емес деп ойлаймын. Менің тыңдарманым өзімнен сауатты, араларында профессор, академиктер отыруы мүмкін. Қонақтарымның өзі қазақтың мақтанышы Асанәлі Әшімов ағамыздан бастап, ұдайы тыңдап, қадағалап отыратын есті тыңдарман болғандықтан, барынша салиқалыққа басымдық берілді. Кешті өнердегі, әрі өмірдегі інім Әбдіжаппар Әлқожа мен Әсел Ергешқызы жүргізді. Сондай-ақ, «Әл» деген кітабымнің тұсауы кесілді. – Газет-журнал, кітап оқисыз ба? – Мен қазір кітап оқимын, ізденем деп айта алмаймын. Өйткені, күн сайынғы қарбалас тірлік. Адам жалпы өзін неге арнаса, содан нәтиже көреді. Мен өзімді әнге арнап кеттім. Жалпы, рухани азық, ізденіс болмаса, адам тоқырайды. Сөздің жұтаңдығы деген өзімізде де бар. Қанша өлең оқып, ізденіп жатқанның өзінде кейде бір орфоэпия, орфографияны ұмытып қалып жатамыз. Тыныс белгісін қоя алмай қаламыз. Мен Жәнібек Кәрменов сияқты жан-жақты болғым келеді. Кешегі Дәнеш Рақышевтерді айтсақ болады. Шамам келгенше поэзияда кімдер шығып жатыр, қалт жібермеуге тырысам. Әлеуметтік желіде отырам. Жақсы мақалаларды оқимын. Әннің жаны – сөз. Егер сөз дұрыс болмай, мәні дұрыс жетпесе, ол жүректерге жетпейді . Сондықтан, әннің иірімдеріне бойлау, сөзге мән беру деген әнші үшін басты мақсат болуы керек. –Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан Гауһар Түстікбаева

856 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы