• Бас мақала
  • 23 Мамыр, 2018

ЖЫЛҚЫШЫ

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Алғабас ауылында жылқы бағатын жылқышы Байсын деген жігіт ағасымен таныстым. Ұзын бойлы, жас шамасы қырықта, денелі, арық келген, сары адам. Қыпшақ-Шашты руының Байсары атасынан тарайды. Сол ауылдың көбісі туысқан, кімнің әкесі сыйлы болса сол адам сыйлы, соған жапатармағай қызмет жасап, төрге шығарып құрмет жасайды. Алғашқыда маған тосын көрінгенмен, кейіннен ұнады. Әкесі үлкен адамды жасы кіші болса да, жолы үлкен деп құрметтеу дұрыс та сияқты. Әкесі үлкен адам, жасы кіші болса да кімге, қалай сөйлесе де оныкін жөн деп, ешкім қарсы шықпайтын, бұл ауылда осы дәстүр жазылмаған заң. Милицияға арналып жасалған, үш дөңгелекті, сары түсті, люлькісінде «мигалкасы» бар мотоцикліммен, көшенің басында үлкен етіп салынған үйдің биік шарбақпен қоршалған ауласына ашық дарбазадан тоқтаусыз кірдім. Ауылдың шетіне қарай үлкен етіп малға жайлы қора жасап тастаған, ұқыпты қолдан шыққаны, күтім бар екені байқалады. Байсынның өзі қалбалақтап, жіті қимылдап, алдымнан шығып, күректей алақанымен қос қолдап, жылы жүзбен амандасты. Есеп бойынша колхоз жылқыларының жалпы санын көзбен көріп, санап қайтсам ба екен деген жұмысымды айттым. Бірден келісті. Өзім де аралап-түгендеп қайтуға дайындалып жүр едім, ертең таң ата менің көлігіммен жүреміз» – деді. Қазір осы маңдағы жылқы үйірінің айғыры келеді, жылқыларды түстеп, санап көруіңізге болады, – деп, айтып ауызды жиғанша болған жоқ, ашық дарбазадан арқырап, кісінеп күрең қасқа ат шауып кірді, айдап келген ешкім көрінбейді, таңырқап тұрған маған, сәлден соң бәрін түсіндіретінін айтып, аттың алдынан шықты. Алқымынан қасып, мойнынан сипады, жалын тарады, адаммен сөйлескендей сөйлесіп, алдын-ала даярлап қойған қораға қарай жүрді. Арыны қатты болып келген айғыр өте үлкен, дәл сол сәтте менің көз алдыма суреттегідей сұлу, ақындар жырлайтындай тұлпарды елестетті. Жерден биік етіп қойылған ағаш науадағы жемді де айғыр баппен жей бастады, сол кезде Байсын маған жақындап келіп: «Бұдан әрі жақындамай-ақ қойыңыз, осы жердегі үйірдің басшысы осы күрең қасқа, үйірінде отыз бес бас бие бар, күндегі әдеті дәл осы уақытта үйірін үйіріп қойып, үйге келіп, тазалап, жуып қойған бидайын жеп қайта кетеді, биыл жасы он жетіде, алғашқыда өзім көлік ретінде жеті жыл міндім, басқа жылқыларда бола бермейтін жақсы қасиеттерін байқадым. Бес жыл болды үйірге қостым, анық білетінім үш жылдың көлемінде үйірінен шығын берген емес. Қасқырды да, адамды да үйіріне жақындатпайды. Қазір жем жеп болған соң, көлікпен артынан еріп отырып, үйірін көріп, санап қайтамыз», – деді мақтанышпен. Дәл осы уақытта ашық қораға мамырлай басып бес-алты сауын сиыры келе жатты. «Үйге қарай жүрейік, мынау жеңгеңнің сауын сиырлары, бөгет болмайық», - деді. Сол айтқандай-ақ, үй жақтан, сырты жасыл, іші аппақ шелегі қолында, алдында арнайы алжапқышы, иығында үлкен сүлгісі бар, денелі сары, салиқалы келіншек келе жатты. Менімен жымиып, жылы амандасып, сиырларын бөлек қораға кіргізді. Назарымды аударғаны, өрістен келген сиырлардың басын байлаған жоқ. Біртіндеп барып, әукесінен сипап, емшегін сүлгімен сүртіп, шелекке борпылдатып сауа бастады. Сауып болған сиырды басқа қораға кіргізді де, бұзауын жіберді, бұзауына еміреніп жалап тұрғанда екінші сиырды байламастан дәл солай сауа бастады, үшіншісін де, төртіншісін де, бесіншісін де дәл солай сауды, баласы дәл сондай басқа шелекті үйден әкеліп беріп, сүт толған шелекті алып кетіп отырды. Мен далада, сәкіде отырдым, Байсынның бір баласы қауын мен қарбыз әкелді. Тәтті қауынға тойып алып, ертең ертелеп тауға қарай жол жүретін болып келісіп кеттім. Халқымыз жылқыны ең алдымен ел қорғаған ердің жан серігі деп дәріптеген. Біздің аңыз-ертегілерімізде, батырлық жырларымызда ақылды, күшті тұлпарлар олардың иесі қысылғанда көмекке бірінші болып келетіндігі туралы көп айтылады. Мысалы, Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Ер Төстіктің Шалқұйрығы, Қамбардың Қарақасқасы, Ақан серінің Құлагері жайлы талай жыр-дастандарды оқығанмын, жылқылар жөнінде талай әңгіме, аңыздар естігенмін. Байсын айтқан жақсы жылқының қасиеттері жайлы дәл осындай әңгіме естімеппін. Байсынның қызыл түсті, жол талғамайтын «Нива» көлігімен кетіп бара жатып: «Тай кезінен алған бір бием болатын, бәйге атым «Мамыққа» ұқсаған соң сатып алғанмын. Сол биені аты шыққан бәйге аттарға шаптырып алып үйде бір-екі ай байлаймын, сосын ала жаздай қолда ұстауға мүмкіншілік жоқ, таныс жылқышыға қосып қоям, үш жыл болды құлындамайды, қазір жеті жаста» – деді. Жолай автокөлікпен кетіп бара жатып, Байсыннан себебін сұрадым. «Оның себебі біреу-ақ, буаз биені басқа үйірге қоссаң айғыр оны теуіп, түсік тастатады» деді. Неге, қалай деп таңырқадым. Жақсы айғыр үйірін қасқырға алдырмайды, үйіріне буаз бие түссе, әбден қуып, тістеп, талап түсік тастатады, өзгенің баласын үйіріне қоспайды, үйірін басқа айғырлардан қызғыштай қориды екен. Жақсы жылқы адамға еш уақытта жамандық жасамайды, үстінен құлаған адамды баспайды, егесін тастап кетпейді, қандай боран болса да жатағын тауып барады, өзін жазықсыз сабаған адамды ұмытпайды екен, тағы да басқа жазылмаған, мен ести қоймаған әңгімелерге қанық болдым. Байсынның жылқыларының қай үйір, қайда жүретінін анық білетініне біраздан соң анық көзім жетті. Автокөлікпен жақын барып, дүрбі салып, үйірді үркітпей санадық, жиырма бес бас екен. Дәл Байекеңнің айтқанындай, үшінші, төртінші, бесінші үйірлерді де алыс-тан көріп, соңынан жүріп отырып бақылап, санадық. Жылқышы Байсынның қолында айғырларымен қосып санағанда ұзын саны 147-дей бас болды. Колхоз есебінде жылқышы Байсынға бөлінген 87 жылқы, санап көргеніміз неге көп, деген оймен: «Біреудің «қоспа» малы бар ма, өзіңнің жеке қанша бас жылқың бар, қаншасы ұсақталған?» дедім, мал санағы жөнінде хабардар екенімді білдіріп, «Мына қос көлдің тау жақ етегінде кішкене бұлақ бар, он -он бес минуттік жерде, сол жерге барып, күн ұясына батпай тұрып, тамақтанып алайық, сұрақтарыңа сол жерде жауап беремін» – деді, «Нива» автокөлігін жолсызбен айдап межелі жерге жеттік. Шынында да биік таудың етегінде қос көл жарқырап жатыр. Шымырлап су шығып жатқан жерге мал, көлік жақындай алмайды екен, автокөліктен түсіп бардық. Табиғаттың бере салған сұлулығына сүйсініп, фотоаппаратымды тастап кеткеніме өкіндім. Ыңғайлы орын тауып, тастың үстіне дастархан жайып, қазы-қарта, жал-жаяны, таба нанды турай бастады, екі литрлік пластмасс бөтелкедегі қымызды көріп, ішім шұрқырап, қарным ашқанын білдім. Жайылған дастарханның иісі де мұрынды қытықтап жіберді. Мұздай бұлақ суына асығыс жуынып, дастарханға келдім. Дәмнен біраз қарпып жеп, Байсын ұсынған бір тостақ салқын қымызды ішіп болғанымда, жайлап қана тамақтанып отырған Байекең тамағын қырнап барып, жайлап әңгімесін бастады. «Шынымды айтайын, Сәке, кеше мотоцикліңмен аулама кіріп келгеніңде, сескеніп, қорқып кеткенімді білдірмедім, түрлерің суық қой, оның үстіне бұрын өзіңді көрмегенмін, біздің ауылға жаңадан келіп жатырсың. Сырттай сұрастырғанмын, әкең Сыздықты жақсы білемін, жылқы десе ішкен асын жерге қоятын асыл жан еді ғой марқұм, алпысқа толмай жас кетті ғой» – деп, менің әкемді жақсы танитынын білдіріп, сәл кідірді. Әкемді жақсы танитындығына, жасым кіші болса да мынадай құрмет көрсетіп, дастархан жасаған адамның ашық көңіліне риза болып, іштей үнсіз отырып қалдым. Қайтыс болғанына үш-ақ жыл толған әкеге деген сағынышым оянып, көзіме жас та келіп, көкірегіме өксік тірелді. Соны сезгендей Байсын маған қымыз ұсынды, біразға дейін үнсіздік орнады. Күн ұясына батып, көкжиек қып-қызыл нұрға боя-лып, салқын самал соқты. Байекең біраздан соң сөзін жалғастырды. «Жылқылардың денесі ірісін, екі жыл қатарынан құлын көтермеген жасы келген бес-алты биелерді сатып, тегі жақсы, мал болады-ау деген жас байталдардан алып, табынға қосқаным рас. Ағайын, туыс, қимас жандардың «қоспасы» он шақты, өзімнің де жеке жылқыларым бар екенін жасырмаймын, оның үстіне жақсы жылқы көрсем, сол жылқыны қолыма түсіргім келіп тұратын да әдетім бар, оған ақшаны да аямаймын» деді ағынан жарыла. Мал бағудың қаншалықты қиын да мехнатты тірлік екенін байқадым. Мал бағудың қыр-сырын білетін, өз ісін сүйетін, еңбекқор, жаны-жайсаң адаммен танысып, жақсы әңгімелер естіп, туған жерімнің тау-тасын, шалқар көлін, кең жазық даласын көріп, таза ауасымен тыныстап, жақсылап демалып қайттым.

Сансызбай СЫЗДЫҚҰЛЫ

576 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы