• Бас мақала
  • 25 Сәуір, 2018

Мұсылман мен кәпірдің мұңы

Қуан БОҚАЙҰЛЫ

Сырдың сусыма құмы алғашқы күні-ақ Санкт-Петербордың сары аязын ұмыттырып жіберді. Кешке қарай төрттаған пеште жанған сары сексеуіл мен қызыл жыңғыл көкірегінде от боп өртеніп, алпыс екі тамырында алаулап жатқандай көрінді. Өмір өткінші деген осы. Сырдарияның бойына келген он күн көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Бәрінен бұрын мынау тарам-тарам арналар қаладан далаға келген жігіттің жанын шымырлатып, көрмеген ағысты көз алдына тартып, көне топырақ көңіліне қатты әсер етті. Суы тартылған соң құрғап қалған арықтар алпыс екі тамырлы адам өмірінен еш айнымайды. Аумалы-төкпелі кезеңде бұл да бір жұртқа жайып салар сыр болды. Жазғы демалыста Мұстафаның ауылына келгеніне еш өкінбейді. Ол да университетте бірге оқитын курстасы Александрді ертіп келіп, ел көрсетем деген ойын орындаған сияқты. Әуелде орыс досы мемлекеттік сынақты «төртке» тапсырғанда өзін біртүрлі кінәлі санап жүрген жайы бар еді. Соны сездіріп, өн бойынан достыққа тән бір ізгіліктің иісі аңқып тұратын. Сонан «Сен ауылға қыдырсайшы»,– деді тік шаншылып, сүзіле қарап. «Иә, Орта Азияға ма?» – деп таң қалды. «Иә, Орта Азияға. Не, қорқып тұрсың ба?» – деп қарсы сауал қойды. Александр үнсіз қалды. Сол күйі екеуі отарбаға отырды. Екеуі төрт жыл бірге оқыды. Ешкімнен кем қалған жоқ. Елдегі дағдарысқа да онша түсіне қоймады. Тек жүре келе бәріне қанықты. Патшаның мақамына да, халықтың үніне де өздерінше құлақ асып, керек жерінде үн қосты. Александрдің жан-дүниесі сергек. Әкесі Симбирскіні біржола алыста қалдырып, Түркістан астанасы – Ташкентке қоныс аударып, сондағы семинарияның директоры болды. Жас жағынан шамалас Мұстафа білім жағынан өзінен бір де кем емес, азиат деген аты болмаса, басқа жағынан бәрінен алда. Әсіресе, тілге келгенде жүйрік, бәрін басып озғанына жұрт таң қалып, бас шайқайды. Әкесі Шоқай да педагог, елге танымал тұлға. Бұның бір ерекшелігі – бұратана деп жүргендердің алдында да, европалықпын деп емексігендердің алдында да қасқайып қарсы тұра білетіндігі. Екеуі Санкт-Петербордан Ташкентке келді. Бұл – бұған дейін көрген көш-керуені. «Өзбек – өз ағамның» мән-жайы мен мәтелін бір адамнан кем білмейді. Қазақ қай жағынан болса да ширақ, тілге де, қимылға да сұранып тұрған сияқты. Екеуі Түркістанға дейін бір үйдің баласындай етене боп барды. Онан әрі алыс емес. Бұның елі Сұлутөбе деген сұлу жер. Егін өсіріп, қауыны мен қарбызы жайқалған аймақ. Әңгелек деген ерте пісетін қауынмен тетелес дақылы бар екен. Оны жегенде аузыңнан тәтті дәм кетпейді. Сары әңгелек пен қызыл әңгелек жеп өскен бала ақылды болады дейді екен. Сірә, Мұстафа да жастайынан сонан дәм татқан тәкаппардың өзі болса керек. Ауылға барған бетте сары әңгелекті тіліктеп жеді де, ұйқыға бет алмай қауындықты аралап көп жүрді. «Осы жерде жүре тұрайықшы»,– деді досына қиыла қарап. Симбирскіден келген жігітке бұл жердің табиғаты жат емес, тек Түркістан ыстықтау. Сыр бойы батысқа бет бұрған қытымырлығымен ызбарланып тұрады. Ұйқысы келмеді. Тағы да қауын жегісі келді. Бұл жолы қызыл әңгелекті сол ауылдың баласындай қолына өткір пышақ алып, өзі тіліктеп, өзі кеспеледі. Досының қауындығын еркін аралап, дәл бір өз үйі – өлең төсегінде жүргендей сезінді. Мұстафа қауындықтың ортасына төрт жағын түгендеп, әппақ масахана әкеп құрды. «Масадан ада жерге, түн ауа екеуміз көз шырымын аламыз»,– деді досына. Осы жігіттің өзге десе өзегін суырып беретін әдеті бар. Өзі болса ондай емес. Біреу десе, білегін сыбанып, кірісіп кете қоймайды. Орысшылдығы жетіп артылады. Бұларда біреу десе, ішкен асын жерге қоятын жомарттық жаратылыстың жіберген сыйындай, бір басына жетерлік ұлттық намысы да бар. Қауындықтың ішіндегі арықтардың суы қоймалжың тартып, құрғауға бет алыпты. Бұл – арналардың дариядан соңғы су алуы екен. Осыдан кейін қауындықтың суы тартылып, арықтар арнадан алыстап, судан басын алып қаша бастайды. Бұл – биылғы судың топырақпен қоштасуы, арықтың арнадан алыстауы. Бұны қауын еккендер біледі. Осының бәрін кәнігі диқаншыдай саралап, ресейлік орыс досына әріден қозғап, айтып берді. Екеуі диқангершілікпен қоса саясатқа да ойысты. Александр мәні кете бастаған патша үкіметінің саясатын әңгімелесе, Мұстафа оны қостап, қайтсе де Адам деген пенденің теңдікке жетіп, қалтасы кеңіп, қолында қаруы болуын қалады. Қару жағын айтқанда, Саша сескеніп қалды, бірақ жүрек түкпірінде бір үрейлі үміт орын алып, түбі адам мен тарихтың айқасы бір нәрсеге ұшыратпай қоймайды дегендей, досының иығына сарт еткізіп қолын салды. – Сен ұрттайсың ба? – деді миығы тартып. «Сұрап бергенше, ұрып бер» деген мұсылманның мәтелі бар. Өзің Ташкентте тұрдың, қазақтың ауылы мен өзбектің махалласының арасында айырма бар екенін біліп тұрсың ғой. – Мұстафа, мен өмірімде шараптан ғана дәм татыппын. Әкемді білесің, тәкаппар педагог, мұндайға бізді үйретпеген. Мынадай ала қауын, сары әңгелек тұрғанда, қалайша ауызды арам аспен былғаймыз,– деп шын ниетімен ағынан жарылды. Мұстафа көп нәрсе айтты. Түн жамылып отырып, көк пәлектің арасында екі дос бір-бірімен сырласып, адамзатты – оның ту ұстаушылары саясаткерлерді ештеңеден құр қалдырмады. Жақсыға да, жаманға да теңеді. Кеуіп бара жатқан арналар тамылжыған түн құшағында осының бәріне куә боп қарап тұрды. Құрқ-құрқ етіп қауындықты күзеткен құрбақалар бұған қатты ұнады. Бұлардың бір-бірімен еміреніп, етене араласқан сәттері де осы шығар. «Алып кетсем қалай болар екен?». Адамға серік болған алақандай топ-томпақ табиғат сыйлаған сұлулыққа сырттай көз салып, қонақ боп келген жігіт арнаны жағалап, түн құшағында ұзақ жүрді. Санкт-Петербор көшелері мен қаланың ескі ғимараттарында, тарс-тұрс еткен трамвайда отырып та олар бұлайша сыр бөлісе алмаған еді. Қазақ досы Абай туралы көп айтты. Бір ұлттың Пушкин секілді ақынына тәнті боп, «Шіркін, аудармасы болса оқыр едім» деп тамсанды. Байқап отырса, екеуін әдебиет пен тарихқа тәнті еткен бір ортақ құштарлық бар. Теңдік деген әділет түбінде орнайтынына шәкірт жігіт қазақы көңілмен өзін сендіріп, өзегін суырып беруге дайын тұр. Сол теңдік пен тәуелсіздік екеуін бір жерден шығарып, әділеттің сойылын да қорықпай қолдарына тең ұстатқандай. Оның аз ұлттан шыққан шәкірт досының айтқан сөзі сөз-ақ. Кешегі қалалық басылымда жарияланған мақала «бір айтары бар адамның сөзі осындай-ақ болар» деген ойға қалдырды. Жұрттың бәрі жапырлап оқып, жас-тар азиат-қазаққа тәнті болды. «Мынау тегін емес» деп, сырттай тон пішкендер де бар. Ішкі істер қызметкерлері болса, астарын жатқызып, аты-жөнін қара әріппен қоршап, өздерін тәнті еткен тағы біреуді астын сызып, айрықша тізімге іліктірді. «Біз,– дейді Мұстафа,– Түркістанның тәуелсіздігін жақтаушылар, еліміздің еркі үшін және жұртымыз Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресудеміз. Түркістандықтарда бұдан басқа жол болмаған. Қазір де жоқ және бұдан соң да болмайды. Біздің мұратымыз – Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады». «Айтса несі бар, ел мен жерінің болашағын бәріне сенген көңілмен бекем бел байлап айтып отыр». Екі дос қараңғы түнде тіл табысқандай, енді көз шырымын алмаққа ақ масаханаға қарай жүрді. Құрбақалар болса шошаңдап, қою түнге қожалық етуге еркін кіріскендей, көк пәлектің көркі боп көлбеңдей бастады. Ақ масахана – әппақ дүние. Қандай керемет. «Осы жерден Санкт-Петерборға барып оқыған біз неткен сұңғыламыз», – деп, әппақ ақ төсекте жатқан Александр қою түнде ұйқыға бөккен досына таңғала қарады. – Мен енді досымды Ташкентке қонаққа шақыра алар ма екенмін. Қайдам, қонақжайлылық бізге жат нәрсе ғой. Өмірімде мұндай мейірбан, мұндай қонақжай халықты көрмеппін. Өзгелерде жоқ бір ерекше көңіл-күй адамды атойлап алға тартып тұрады. Тілге де жүйрік. Мына Мұстафа өз тілі десе өзегін суырып беруге дайын жігіт. Барлық ұлттарды көріп жүрміз ғой. Бұлар ерекше. Мұстафаның мемлекеттік сынақтан «бес» алып, бәрінен алға шығуы – ерекше сұңғылалығы. Оны семинарларда дәлелдеп те жүр. Қарашы, «Бәрінен бұрын өз қатарымызды, түркістандық бірлігімізді күшейтейік. Түркістанның жұдырықтай жұмылған ұлттық бірлігін Ресейден айрылу үшін күресіп жатқан басқа халықтардың ұлттық майдандарымен тығыз үйлестіре отырып, Орыс империализміне қарсы қуатты күш ұйымдастырып, бірге қимылдайық, орыс империализміне қарсы күрес майдандағылардың ұлтын, дінін, нәсілін, партиясын тергеп-тектемейік, алаламайық. Тек осындай жол ғана бізді ұлттық азаттыққа жеткізе алады. Бұдан басқа жолдардың барлығы алдамшы, тұйық. Өзінің ішкі бірлігін нығайта алған халықтар ғана тәуелсіздігіне қол жеткізе алады. Және оны қорғап қала алады» дегенде, қара фрак киген ұстаздар азиат жігітке ала көзімен шұқшия қарады. Александр да ақ масаханаға төнген Ай астында осының бәріне кешіріммен қарап, өмір өткелінен сүрінген сәттегі қызғаныш сезімі жан-дүниесінен сытылып кетіп бара жатқандай көрінді. Ресейде туып, сол жақтың тәлімін алып, зиялы әкенің өнегесін сыртқа шығаруға талпынған өзі де Сыр еліне келгенде, бір жағынан, Орта Азияның бары мен жоғын жіпке тізе кетуді көкірегіне түйді. Төрт жыл бірге жүріп, кілең орыстың ортасында көргені жалғыз азиат болса да, барған жеріне шұқшия кетуді ар жағы терең жігіт әріге жібермеді. Шаңы мен топырағы – табиғат жаратқан бұ дүниенің берешегі болса, көк пәлек пен тарам-тарам тартылған оқ арық – жақсы өмір сүру үшін о да бір адамзаттың ойлап тапқан жетістігі болар деген байламға келді. «Мына қауынды жеп өскен адам қалай ақыл-ойдан кенде болсын» деген байламды тағы қосып қойды. Оның ар жағында әдебиет деген әлемнен де кенде емес. Біріне-бірі дөп тиген жігіттік юмор да жетіп-артылып жатыр. Бұ жағынан Мұстафадан үйренері аз емес. Иә, бәрі де артта қалғандай. Өзінің мемлекеттік сынақтан «4» алып қалғаны әділдіктің уақытқа шабылған өткір балтасы екендігіне көзі жетті. «Ол – азиат, сен – европалықсың» деп, ешкім де бұра тартпады. Бұның мәртебесі бәрінен биік тұрды, саяси әлеуеті де алда еді. Екеуін де келешекке қол бұлғап шақырған биік тұғыр «кел-кел» деп емексіп, құшағын жайып тұрғандай. – Мұстафа, саған айтар бір базынам бар... Атжақты келген христиан досы жатар орынға басына тақия киіп алған топ-томпақ киіктің асығындай шымыр жігітке шүйіле қарады. – Осы мен екі-үш құрбақа ала кетсем қайтеді... – Оны қайтесің?! – деді шарт ете қалатын шалттығымен. Әзілі мен әдебі де зиялы жігітке сұрау салып тұрғандай. – Біліп едім осылай сұрайтыныңызды. Қатырып, мүсін жасап қоям. – Бір қабын ала кетеміз. Қайтар жол оңай ғой қашанда. Досы өмірдің бір өткелінен «төрттік» алып қалған серігінің көңілінде бәрі де жолда қалған бекеттей қол бұлғап бара жатқанын білді. Өзі мемлекеттік сынақтан «5» алғанмен жолдағы бекеттер әлі де бұған сұрау салары сөзсіз. Өйткені, адам тағдыры өзінің емес, өзгелердің қолында еді. Бұған енді ғана көңіл тоғайып, көздері жетіп келе жатыр. Төрт мүшел жас берері мен аларын да айтып қалғандай. Әсіресе, өткен күн мен келер күн аяқтарын аптыға басқан екеуі үшін ешкімге есесін жібермейтін елес сияқты. Кеш жатып, ерте тұрады. Өмір де осынысымен құнды. Көңіл шіркіннің атойлап тұрған бір қаупі бар. Адам аласы ішінде екені айдай ақиқат. Өзін өмірге әкелген Сұлутөбе бекеті екеуін жолға шығарып салып тұр. Бір-екі сыныптасы мен еттен арылып, құр сүйегі қалған әкесінің бұған айтары көп. Сауатты Шоқай бидің бір айтары ішінде бұғып жатыр. Атасы Торғай датқаның аманатын маңдайы жарқыраған перзентіне жеткізу о дүние мен бұ дүниенің парызы сияқты. Оны орындау да бір ғанибет. – Келіп тұр. Сендердің өмірлерің алда,– деді әкесі таза орыс тілінде. Досы еркін түсініп, естісін деген емеурін танытты. – Сөзсіз солай,– деді Александр зиялы әкенің ар жағына тамсана қарап. Мұстафа досының көңілін аулап, болашақтың шаңдақ жолына бірге табан тигізер көкірек қимастығын білдірді. Сары қаптағы екі құрбақа бүлк-бүлк етіп, қимылдап қояды. Оларға әредік таза су керек. Мұстафа оған да әзір. Тіршілік үшін бәрі де табылатынын айтты. Достық үшін жанын суырып беруге бар. Бұл да Сырдың қиыршық құмынан жұққан қасиет болса керек. – Сен Уақытша Үкіметті ұстасайшы,– деді Александр Мұстафаның бетіне тура қарап. Бұл сөзді де Петерборға барған соң әбден секемі жоқ сенген көңілмен айтты. Кіршең тартқан қызыл ту төмен иіліп, кімнің қолына түсерін білмей желп-желп етіп тұрғанда екеуі ашық сөйлесті. – Ұстамай-ақ қояйын. Сенің уақытша деген атың бар ғой,– деді досы ағынан жарылып. Ол сол күні ақ кемеге отырып, Парижге аттанып кетті. Ақырында, Мұстафа Шоқайға Берлинде неміс топырағы бұйырды. Оның құлағында мұсылман мен кәпірдің ымырасы мәңгі қалды. Қызша киініп, жолдағылардың жолын кесіп, елінен Парижге ат ізін суытқан кәпір Александр Керенский болса, мұсылман досы жете алмаған Пайғамбар жасынан асып жығылып, өз елі – өлең төсегіне келіп, мамыражай күйде мәңгі қоныстанды. Александр қос құрбақаны ауылдан қалаға алып келгенде Мұстафа Парижде Кеңес үкіметінің қылмысын әшкерелеген «Кеңестер билігіндегі Түркістан» атты атышулы еңбегін бастап кеткен еді. Түркі әлемінің бары мен жоғына кейінгілер енді-енді ғана көз жеткізіп, көңіл тоғайтқандай. Мұраға ие болу – мұражайдың міндеті. Достық пен шежіреден сыр шерткен қос құрбақа да осында сақтаулы. Жылтыр әйнектің астындағы табиғат сыйына келушілер таңғала қарап, бастарын шайқап, білмегенін сұрайды. Сол тұсқа келгенде экскурсия жетекшісі шалттыққа салып, көп аялдамай көлбеңдеп өте шығады. Құрбақаның көзіндегі мұңды көріп, сауал қойған ауыл баласына да ұлтаралық тілде немкетті жауап береді. Ол «Түркістан» газетіне хат жазып, шағым айтпақшы. Шетелдіктер келгенде айналып өтіп жүр. Жабылмай қалған жанар бәріне бақырайып қарап тұр...

437 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы