• Руханият
  • 25 Сәуір, 2018

КІСІ КӨҢІЛІ

Осы суреттің жарыққа шыққанына да ширек ғасыр боп қалды. Жансыз бейне болғанмен ол да тірі адамның бір сәті, тіршілік көрінісі. 1992 жылы Алтынбек Сәрсенбаев Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі боп тағайындалды. Мәскеу көріп, еуропалық тәлім алған қасқа маңдай жігіт қазақ баспасөзіндегі ескі үрдістің бетін бұрып, газет пен журналды жаңаша бағытпен шығаруға тырысты. Мен шығармашылық демалыспен үйде едім, жұмысқа шақырды. Әуелі бас маман, сосын мерзімді басылымдар және ақпарат құралдары бас басқармасының бас редакторы етті. Әлібек Асқаров пен Марат Лебсак – министрдің орынбасарлары. Алтынбекті Нарынқолдан білемін, кісіге деген көзқарасын да танимын. – Осы жұмыс маған қалай болар екен? – деп едім: – Қуан аға, министрліктің лифтісіне мініп-түсіп жүрсеңіз болғаны, – деді жымиып. Бұл сөз юморға ұласса да, аржағында сенім тұрды, өз ісіне қолқабыс күткендей болды. Сонымен, газет-журналдағы қысқа хабардан бастап, очеркке дейін бақылаушы мен болдым. Сауаттылық, журналистика ережесі, біліп жазу талабы темірқазық мүдде. Ұйымдастыру шаралары да бар. Министрдің: «Сіз сөйлемге жауап беріңіз, басқа жағына мен жауап беремін» деген сөзі де сеніммен айтылған қозғаушы күшке ұласты. Мына суретті алға тартқаным – 10 май – тәуелсіз елдің алғаш аталған Баспасөз күні. Біздің басымызды бояп, ішегімізді майлайтын жалғыз мерекеміз осы күні мені шақырып ап: – Осы біздің Баспасөз министрлігі деген атымыз бар. Осы сәтті пайдаланып, атағымызды шығарсақ қалай болады? – деді. – Қандай жолмен? – Қарт қаламгерлерге сыйлық берсек. Бір мәз боп қалсын. Менімен бірге сіздің де атыңыз шығады. Ақындардан ең үлкені кім? – Әбділда ғой. Тәжібаев. – Онда сол кісіні шақырыңыз. Дастархан жайып, конверт берейік. Прозашылардан үлкені кім? – Әлжаппар Әбішев, – деді Әлібек. – Онда, Әлеке, оны шақыру сізге тапсырылады. Сосын ұлы халықтан бір өкіл қалып қоймасын, – деді жымиып. Жымиған сәтте юмор сарказмға ұласып, езуден қасқа маңдайға дейін бір батыл сызық жол тартты. – Максим Зверев тоқсанның төртеуінде. Сонан лайықтысы жоқ, әлі жігіттей жортады, – дедім. – Онда келістік. Осы үш кісі біздің құрметті қонағымыз. Материалдық жағын өзім реттеймін. Кірісіңіздер. Әбекең ә дегеннен келе алмайтындығын айтты. «Жүре алмаймын, кәрі серігім – таяғым да көмектесе алмай тұр», – деді ағынан жарылып. Әлжаппар Әбішев министрлік қай жерде орналасқанын, қай есіктен кіретінін тәптіштеп сұрап ап, «Лифті бар ма?» – деді ең соңынан. «Бар». «Лифтінің алдында күтіңдер», – деді тақ-тақ етіп. Максим Зверев болса, кешікпей баратынын айтып, дәл уақытысында келді. Тәуелсіздіктің алғашқы Баспасөз мерекесін атап, мәз-мәйрам боп, қонақтар қайтуға бет алды. Дәл сол кезде қас қылғандай лифт істемей қалды. «Лифтіні істетпесеңдер, мен қайтпаймын», – деп Әлжекең қиғылық салды. Әрі-бері түртпектегенмен, амал жоқ, сорайған техника адамның айтқанына көнбеді. Зверев болса, «Лифт дегеннің не екенін білмеймін» - деп, қоштасып, зор алғысын айтып, жиырма бестегі жігітше төмен түсе берді. Әлжекең әрі-бері тұрды да, қалтасына салған конвертті сыртынан бір сипап қойып, «Екеуің екі қолтығымнан ұстап, сүйемелдеп түсіріңдер», – деп Әлібек екеумізге сақтана қарады. Айтқанын орындап, төмен түсіп келеміз. Ол кісі екі жағындағы екі жігітті ала көзімен атып, сыйлық салған қалтасын сыртынан сипап-сипап қояды. Бізді қауіпті тұлға санайтындай. Сөйтіп, бірінші қабатқа әрең дегенде табанымызды тигіздік-ау. Алтынбек: «Әбекеңнің сыйлығын өзіңіз апарып тапсырыңыз» дегесін Шевченко мен Интернациональный көшесінің қиылысындағы жер үйіне барып, сыйлықтың берілу себебін айтып, конвертті ұсынғанда, қып-қызыл ескі ақшаға бір қарады да: «Не деген көп ақша өзі. Мұның бәрін қалай жаратып бітем» деп, тілі салақтап, көзі жасаурап қоя берді. Қасына келген келіншекке: «Шәй қой», – деді. Қосағы өмірден озған ақынның жалғыздық тақсіретін тартып жүрген кезі еді. Қалам ұстаған қарттарды бір мәз қылған күн осы еді. Көне суреттегі көрініс Алтынбек, орынбасарлары Әлібек Асқаров пен Марат Лебсак және Бас редактор – осы жолдар авторының сол салтанатты сәттен кейін өзімізше тыныс алып отырған адами кейпіміз. Бір күні Алтынбек: – Кәке, сізді «Жазушы» баспасына жіберсем бе деп жүр едім. Араға біреулер түсіп кетті. Қимай да отырмын. Бірақ, лифтісі құрғыр да бұзыла берді ғой, – деп бір жымиып қойды. – Лифтілер ескіріп тұр ғой, – деп мен де іліп әкеттім. – «Қазақстан» баспасына бас редактор боп барсаңыз. «Қазақстанның» бас редакторы деген ЦК-ның секретарымен тең нәрсе ғой, – деп бір күліп алды да: «Дайындала беріңіз. Бұл жердің қызығын әбден көрдіңіз ғой», – деді сәл томсарып. Сөйтіп, мен «ЦК-нің секретары» боп кеттім. Алтынбектің қайда кеткені белгілі. Қолына қалам ұстаған қарттардың көңілін аулаған сол бір күннің жалғасы көне суреттен көрініп тұр. Айтып жүретін күндер де азайып барады. Сол күндер шимайлап салған суреттей көмескі тартып қалды. Кісі көңілін аулаған ақ жүрек азаматтар ше? Біз оларды іздейміз. Ізі жатыр...

Қуандық Түменбай

433 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы