• Cұхбаттар
  • 28 Наурыз, 2018

Торғын Тасыбекова – Қазақстанның халық артисі: БІЗГЕ ЛАЙЫҚ РӨЛДЕРДІ ЖАСТАР ОЙНАП ЖҮР

– Ұстаз – ұлы тұлға. Ұстаздарыңыздың біз білмейтін қырларын айта отырсаңыз. – Мен алты алаштың мақтанышына айналған Асқар Тоқпанов ағамыздың шеберханасында оқып, үздік бітірдім. Ұстазым Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин сияқты біртуар азаматтармен бірге тығыз шығармашылық байланыста болған адам. Асқар ағамның ерекшелігі ұлы Абайды жатқа білетін. Абайдың қарасөздерінен бастап қай өлеңін сұрасаң кез-келген жерінен жалғастырып кететін қабілетіне қарап еріксіз таңдай қағып, тамсанып отырушы едік. Ұстазымның жүріс-тұрысы, киім киісінен бастап, сөйлеген салиқалы сөздеріне дейін бізге үлкен мектеп болды. Таңертең сабақ беруге келгенде көңіл-күйі жақсы болса домбырамен әуелетіп ән салып беретін. Мен алпыс бірінші жылы Әуезов театрына жұмысқа қабылдандым. Ол кезде театрдың директоры Құрманбек Жандарбеков ағамыз еді. Ал Бикен Римова апайым анамдай болып бағыт-бағдар беріп отырды. Театрда қызмет етіп жүргеніме алпыс жылдай уақыт болыпты. Бұйыртса сексен жасқа толамын, мерейтойым келе жатыр. Осы күнге жетіп, халқымның ыстық ықыласына бөленіп жүргенім – кешегі ұлы ұстаздарымның маған берген өмірлік тәлім-тәрбиесі мен тағлымының арқасы. – Бала кезде қандай мамандық иесі болуды армандадыңыз? – Өзім өнерлі отбасында өмірге келдім. Анам оқымаған, бірақ өмірдің өзі оқытып үйреткен дайын әнші болатын. Анамның әуелетіп ән салғандағы дауысы әлі күнге көз алдымда елестеп құлағымнан кетпейді. Бар-жоғы қылшылдаған қырық жасында көз жұмды. Мен бес жаста едім. Бірақ қырық жасына дейінгі өмірінің өзін менің ойымша жақсы өткізді. Қай жерде той болса, анамды арнайы сол жерге шақыратын. Ол кісі жылқының жақсысынан жорғасын мініп, ат әбзелдерінің барлық түрін күмістен жасатып, жорғаға таққызып өзі қазақтың дәстүрлі киімдерін киіп шыққанда, елдер еріксіз тамсанып қарайтын. Өзі дәулетті отбасынан еді. Амал не, ерте кетті?! Ал, әкем колхоздың бастығы болды. Өз еркімен соғысқа сұранып, Құдайға шүкір, аман оралды. Біздің үйімізде ол кезде кез-келгеннің қолына түсе бермейтін патефон болды. Менің анам Манарбек ағамыздан бастап, Күләш апамның әндерін осы патефон арқылы тыңдап, ән айтып отыратын. Жалпы өнерге осылай анам арқылы келдім. – Актрисаға қандай қасиеттер қажет деп ойлайсыз? – Актрисаға ең алдымен шаршамау керек. Өзіңді-өзің қайрап, шыңдап, талмай еңбектену керек. Асқар ағамыздан төрт жыл оқып бітірген соң, театрда Әзірбайжан ағамыздан көп тәрбие алдым. Ол кісідей дарынды режиссерді әлі күнге кездестірмедім. Айтайын дегенім, актрисаға керек қасиеттің бәрін сахнадағы образ арқылы Әзірбайжан ағамыздың арқасында үйрендім. Актриса болдың ба, бесаспап болуың керек. Би болсын, ән болсын, өнердің барлық түрін жетік меңгеруің керек. Сонда нағыз актриса деген атқа лайық боласың. – Сіз үшін қазақ актері кім десе, міне, деп көрсететін тұлға? – Қазақ актерінен қазіргі Асанәлі мен Сәбитті айта аламын. Ал, театр шаңырағын қалап, бізге аманаттап кеткен Қалекей, Сераға, Елағамдардан бастап айтатын болсам, онда әңгімемізді бүгін тауыса алмаймыз. – Есіңізден кетпейтін сахнадағы қойылымнан сюжет бар ма? – Бір жылдары «Қобыланды» қойылы-мымен Мәскеуге бардық. Сонда біздің қойылымды арнайы телевидение келіп түсірді. Серке ағамыздың жаратылысынан мұрыны үлкендеу болатын. Сахнада орыс тілшілері Серке ағамды көрсетіп бірдеме айтып жатыр. Сөйтсек, орыстар «Серке ағамның мұрыны рөлге сай, қолмен істелген жасанды мұрын, тым үлкен соны кішірейтіп камераға түсіру үшін мұрынын жөндеу керек» депті. Бір кезде Серке ағам дауысын шығарып: «Это мой собственный нос» деп айғай салғанда орыс-тардан бастап, бәріміз қыран-топан күлгеніміз бар. Осындай ұлы тұлғаларымызды көріп, бірге жүріп, сахнада бірге рөл ойнағанымызға бақыттымын. – Сіздің ойыңызша бүгінгі театрға не жетіспейді? – Менің ойымша қазір театрда менің қатарластарымнан азымыз ғана қалдық. Жасымызға лайықты рөлдерді көптеп беріп ойнатса дұрыс болар еді. Көбінесе уақытымыз бос өтіп жатыр. Бізге лайық рөлдерді жастар ойнап жүр. Кезі келгенде айтып та жүрмін. Біздің жас кезімізде мұндай жағдай болмаған. Жас жастың рөлін, үлкендер өздеріне лайық өз образдарын сомдаған. Сондағы қойылымдар тамаша шыққан. Қатарластарым – Асанәлі, Сәбит, Нүкетай, Салиха бәрімізге арнап бір қойылым қойып берсе жақсы болар еді. Сонда театрдың бүгінгі туы болып жүрген бізге қарап, жастар да бой түзер еді. – Кешегі театр мен бүгінгі театрдың айырмашылығы қандай? – Айырмашылығы әрине жер мен көктей деп айтсам артық болмас. Бұрынғы театрдағы аға-апаларымыз арнайы оқымаған, туа біткен дарындар болды. Сол дарындарының арқасында қазақ өнерін қалыптастырып, мына қасиетті шаңырақты аманаттап кетті. Кешегі Әзірбайжан ағамыздың қойған қойылымдары бүгінде заман талабы ма, театр репертуарынан алынып тасталды. Менің ойымша, қайта қойылу керек деп ойлаймын. Сонда дәстүр сабақтастығы жалғасар еді. Өнер адамында туа біткен талант болуы керек, болмаса алысқа ұша алмайсың. Бүгінгі жастарда сол кешегі ұлыларымыздың ізін жалғастырып, аманатын арқалап жүріп, болашаққа жеткізуге борышты деп айтамын.

Сұхбаттасқан Ержан Тоқтар

710 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы