• Әдебиет әлемі
  • 14 Ақпан, 2018

Андерсеннің бір күні

Венециядағы ескі әрі лас қонақ үйден сия сұрап таба алмай-ақ қойды. Бір жағы, келушілердің көпірме тізімін жазбаса, бұлар сияны не қылсын?! Қонақ үйге келгенде Христиан Андерсеннің сиясы бар болатын. Қалайы сия сауытының түбіндегі қалған-құтқан сиясымен бір ертегіні бастап-ақ кеткен. Бірақ, сияға су қоса берген соң оңа ма, аздан кейін-ақ жазуы көз алдында ағарып бара жатты. Ақыры, көңілді аяқталуға тиіс ертегінің соңы сиясауыттың түбінде қалды. Андерсен мырс етті. Келесі ертегісін «Сарқылған сиясауыттың түбінде қалған бір оқиға» атаймын деп ойлады. Венеция оған ұнады. Қалаға «батпаққа батқан гүл» деп ат қойды. Жер бауырлаған күзгі тұман теңіздің үстіне жатып алыпты. Арықтардың борсып кеткен суы баяу ғана сылдырап ағады. Оңнан да, солдан да соққан ызғар. Десе де, күн жылт ете қалса болды, көгеріп кеткен қабырғалардың ар жағындағы қызыл мрамор күнге шағылысып, алысырақтан қарағанда байырғы венециялық суретші Каналеттоның картиналарындағыдай сұлу қала көз алдыңа тартылады. Иә, аздап жүдеулеу көрінсе де, әдемі қала. Дегенмен, алда әлі де аралап көретін қаншама қала бар, кетуге тура келген. Содан да шығар, қонақүйде істейтін малайды кешкілік Веронаға баратын билет әкел деп жұмсағанда да бойынан анау айтқандай қимастық сезімін байқай қойған жоқ. Қызметшісі де қонақ үйіне сай болып шықты. Осы күндер ішінде бірде бір рет Андерсеннің бөлмесін жинастырмақ түгіл, тас еденді де әктеген жоқ. Қашан көрсең қызу жүретін кержалқау неменің жымсымалығы тағы бар, әйтсе де жүзі ашық, ақжарқын адам. Қызыл барқыт пердені күйе көбелек басып кеткен, тиіп кетсең алтын түстес тозаң бұрқырайды. Шомылып жатқан кеуделі әйелдің суреті салынған фаянс кірші де шытынап әрең тұр. Май шам ол сынған. Оның орнына май басқан балауыздың қалдықтары бар күмістелген ауыр шырағдан қойылыпты. Түріне қарасаң, Тициан дәуірінен бері тазаланбаған-ау дейсің. Бірінші қабаттағы арзан остерия жақтан қуырылған ет пен сарымсақтың иісі аңқиды да тұрады. Көнетоз қызғылт корсажды жұлым-жұлым таспамен беліне қалай болса солай бүріп-бүріп байлай салған әйелдердің қарқылдаған күлкісі мен шаң-шұң айғайы күн ұзын бір тынбайды. Әйелдер кейде бір-бірінің шашына жармасып, жұлысып та алады. Мұндайларының үстінен кейде Андерсен де түсіп қалады, ондайда арнайы тоқтап, алба-жұлба шаштарды, ашудан шиқандай болып кеткен жүздерді қызықтап біраз тұрады. Долылықтан туған, сазарып алған беттерді айғыздап, шашырай ағатын көздің жасы алмасша жарқырайды. Бәрінен сұмдығы осы көрініс еді. Андерсенді көре қалғанда долы әйелдер тыныштала қалады. Осы бір өзі арық, өзі сыпайы, қоңқақ мұрын адамнан именіп-ақ тұрады. Көре қалған жерде «ақын мырза» деп ізет көрсеткенімен, іштерінен мұны көшіп-қонып жүретін көзбояушы біреу деп ойлайтын. Олардың түсінігінде бұл өзі бір түрлі ақын. Қаны қызып, асып-тасып жүрмейді. Гитарамен жүректі тітірентер баркарола айтпайды, әр әйелге бір ғашық болмайды. Бір рет қана жағасына таққан алқызыл розаны суырып алып, ең көріксіз деген ыдыс жуушы қызға сыйлай салғаны бар. Бұл өзі үйрек сияқты маймиған қыз болатын. Малайды билетке жұмсап жібергеннен кейін, Андерсен терезеге ұмтылды, ауыр пердені ысырып қалып еді, арықты жағалай әндетіп жүрген әлгі малайды көрді. Суықтан екі беті қызарып кеткен шаян сатып тұрған қыздың қасынан өтіп бара жатып, тыныш кетпей төсінен мытып алды, артынша құлақ шекені ала ащы шапалақ жеп тынды. Сосын дүңкиген көпірдің үстінде тұрып алып, жұмыртқаның бос қалған жарты қауызын көздеп, бар ындынын сала түкіріп біраз тұрды. Жұмыртқа діңгек түбінде жүзіп жүр. Әйтеуір тигізді-ау. Қауыз батып кетті. Одан ары жұлым-жұлым қалпақ киген баланың жанына барды. Бала балық аулап отырған. Малай баланың қасына барып жайғаса кетті де, қармақтың қалтқысына мағынасыз телміріп ұзақ отырды. Адасып жүрген балық-салық түсіп қала ма дегендегесі. О құдай! – Андерсен ашулана шаңқ етті. – Мына кеңкелестің кесірінен бүгін де жолдан қалайын деп тұрмын ба? Андерсен терезені жұлқына ашты. Әйнектің қатты салдырлағаны соншалық малай басын көтеріп, дыбыс шыққан жаққа жалт қарады. Андерсен шарасыз қолын жайып, ашулана жұдырық түйді. Малай баланың қалпағын жұлып алды да, Андерсенге салтанатты түрде бұлғап-бұлғап қойды, сосын басына қайтадан баса кигізе салып, орнынан ұшып тұрды да бұрышты айналып, көзден таса болды. Андерсен күліп қойды. Титтей де ашу жоқ еді бойында. Осындай түкке тұрғысыз қызықтардың өзі оның жиһанкездік құштарлығын асқындыра түсетін. Саяхатқа шықсаң болды, қашан да әйтеуір бір күтпеген жайттан дәмеленесің де жүресің. Әйел кірпігінің астынан қылымсыған көзқарастың ұшқыны қашан жалт ете түсерін, қашан алыстан белгісіз бір қаланың мұнарасы көрінетінін, қашан көкжиектен кеме желкенінің діңгегі мұнартатынын, Альпінің төбесінде ойнаған найзағайды көргенде ойыңа қандай өлең келетінін, мәңгілік махаббат туралы жырды жолдың қоңырауындай қылып кім айтып беретінін қайдан білесің?! Малай пәуескеге билет әкелді, артылған ақшаны берген жоқ. Андерсен оның жағасынан жұмсақ қана ұстап дәлізге алып шықты. Сосын иығынан бара ғой дегендей еркелете қақты, ал анау барқырай әндетіп, аттап-пұттап солқылдақ баспалдақпен төмен қарай заулай жөнелді. Дилижанс Венециядан шыққанда жаңбыр себелей бастады. Батпақты жазыққа түн қонақтап үлгерді. Осы жеті түнде Венециядан Веронаға баруды албастының нақ өзі болмаса, адам ойлап таба ма дегенді айтып, арбакеш күңкілдеп келеді. Жолаушылар бұнысына ләм деп тіс жармады. Арбакеш аз үнсіз отырды да кіжіне түкірінді, сосын жолаушыларға қаңылтыр шамның түбіндегі қалған-құтқан тұқылдан өңге жағатын ештеңе жоқ екенін ескертті. Мұнысына да ешкім көңіл аударған жоқ. Арбакеш отырып алып енді жолаушыларының есі дұрыстығына күмән келтіре бастады. Айтуынша, Верона – есі дұрыс адам бара қоятындай жер емес, қаңыраған бір қуыс. Олай емесін білсе де, арбакешпен салғыласып отыруға ешкімнің құлқы бола қойған жоқ. Отырғандар үшеу еді – Андерсен, түксиген діни қызметкер және сұрғылт плащын қаусырына киіп, тұмшаланып алған келіншек. Андерсенге ол біресе жас, біресе кәрі, біресе сұлу, біресе ұсқынсыз көрінді. Тұқылмен ғана жанып тұрған шам жарығының болар-болмас сәулесінен еді бұл. Келіншектің жүзін мың құбылтып, ойына келгенін істеп бағып келеді. Шамды өшіре тұрсақ қайтеді? – деп сұрады Андерсен. – Керегі де жоқ қазір. Сосын керек бола қалатын жағдай туса, жағатын түк таппай қалармыз. Италиялықтардың басына келе қоймайтын ой болды мынау! – деді діндар жұлып алғандай. Неге? Италиялықтар ештеңенің алдын алуды білмейді. Әбден болары болып, бояуы сіңген соң ғана зарлайды да жатады. Біздің қасиетті тақсыр да сол алаңғасар ұлттың өкілі емес пе екен осы? – деп сұрады Андерсен. Мен австриялықпын! – деп ашумен жауап берді діндар. Әңгіме тоқтап қалды. Андерсен шамды үрлей салды. Аздаған үнсіздіктен соң келіншек тіл қатты: Италияның осы тұсынан жарық жақпай-ақ қойған да дұрыс. Бәрібір, дөңгелектің дыбысы-ақ ұстап береді бізді, – деп қарсыласты діндар, сосын жазғыра отырып тағы айтты: – Әйел адам жолға шыққанда қасында бас-көз болып жүретін бір жақыны болғаны жөн. Бас-көз болатын адам, – деп жымиып қойды келіншек, – қасымда отыр ғой. Андерсенді меңзеді. Ол сапарлас келіншектің мына сөзі үшін қалпағын шешіп, құрмет көрсетті. Білте шам өшкен соң әр түрлі дыбыс пен иіс атаулы бәсекелестерінен құтылғанына қуанғандай күшейіп сала берді. Ат тұяғының тасыры күшейіп, дөңгелек пен қиыршық тастың шықыры, рессордың сықыры мен дилижанстың төбесіне тамған жаңбыр тамшысы қаттырақ естіле бастады, дымқыл шөп пен күлімсі саз иісі терезеден қолқаны қаба мүңкіп тұр. Таңым бар! – Андерсен үн қатты. – Италияда апельсин тоғайларының ашқылтым иісін сезетін шығармын деп едім, тура біздің солтүстіктің ауасы ғой мынау. Қазір бәрі өзгереді, – деді келіншек. – Біз төбеге көтеріліп келеміз. Жоғарыға шыққан соң жылынады. Аттар аяңдап келеді. Айтқандай-ақ, дилижанс жайдақ төбеге көтерілді. Дегенмен, көзге түртсе көргісіз қараңғылық сейіле қойған жоқ. Керісінше, қос қапталдан бірдей төніп тұрған кәрі шегіршіндердің арбиған бұтақтары түнді қоюлата түскендей, жапырақтар мен жаңбыр тамшылары ғана әлсіз сыбырласқан жым-жырт қараңғылық орнады. Андерсен терезені түсірді. Шегіршіннің бұтағы дилижансқа тиіп-тиіп кетеді. Андерсен естелікке деп бірнеше жапырақ жұлып алды. Қиялы ұшқыр адамдарда болатын әдетпен сапарға шықса болды – болғанды да, болмағанды да жинай беретіні бар. Осы бір ұсақ-түйек заттардың бір артықшылығы – дәл сол сәттегі, әлдебір әйнектің сынықтары мен шегіршін жапырақтарын жинап немесе есектің тағасын тауып алғандағы көңіл-күйін қайыра бір еске түсіріп, өткенге жан бітіреді. «Түн!» – деп күбірледі Андерсен. Түн қараңғылығы күннің жарығынан гөрі жанына жағып барады. Қараңғылық ойға еркіндік сыйлайды. Ал ойдан қажи бастағанда бас қаһарманы Андерсеннің өзі болатын небір оқиғаларды ойлап табуға болатын. Мұндай оқиғалардың ішінде Андерсен өзін ылғи да келісті, жанып тұрған жас жігіт ретінде елестетеді. Ол айналасына адамды мас қылатын сұлу сөздерді, әлгі бір сезімтал сыншылар айтатын «поэзия гүлдерін» асқан жомарттықпен оңды-солды шашып жүреді. Анығында, Андерсен өте көріксіз еді, оны өзі де жақсы білетін. Ұзынтұра һәм жасқаншақтау жан болды. Тап бір арқанның үстімен келе жатқандай қол-аяғы серең-серең етеді де жүреді. Мұндай адамды оның елінде балалар «хампелман» деп келеке қылатын. Мұншалық кеспірмен әйелдердің назарынан үміттенудің жөні және жоқ. Десе де, әйел атаулы мұны бағана құрлы көрмей, көз салмастан өте шыққан сайын жүрегі шым ете түсетін. Андерсен қалғып кетіпті. Ояна салып алдымен таң жұлдызын көрді. Жердің нақ үстіне қона кетердей діріл қағады. Түннің түгесілер шағы таяу екені анық. Дилижанс тоқтап тұр. Сырттан дауыстар естіледі. Андерсен құлақ түрді. Арбакеш дилижансты тоқтатқан бірнеше әйелмен саудаласып жатыр. Әйелдер жарамсақтана шіңкілдейді, мына бір сарынды саудаласу ескілікті операның речитативін еске түсіреді. Арбакеш тиіп тұрған бір қалаға дейін ала кетуге әйелдердің ақшасын азсынып тұр. Әйелдер үшеуі жинаған бар ақша осы екенін, басқа түктері жоқ екенін үш жақтап, жарамсақтана айтып-ақ жатыр. Жетер! – деді Андерсен Арбакешке. – Андағы ұялмай сұрап тұрған ақшаңның қалғанын мен-ақ төлейін. Егер жолаушыларға өктемсігеніңді, сосын қай-қайдағыны айтқаныңды қойсаң, тағы қосам. Жарайды, сұлулар, – деді арбакеш әйелдерге, – отырыңдар. Мына мал шашқыш ханзаданы кездестіргені үшін мадоннаға мадақ айтыңдар. Бұл да сендер үшін дилижансты тоқтатқысы келмей тұр ғой. Әйтпесе, сендердің өткен жылдан қалып кеткен макарон құрлы құндарың бар деп пе едіңдер бұған?! О Иисус! – Діндар ыңыранып қойды. Қыздар, кел, менің қасыма жайғасыңдар, – деді келіншек. – Жылы отырамыз. Қыздар заттарын қолдан қолға өткізіп, сыбырласа жүріп дилижансқа мініп алды. Амандасты, сосын Андерсенге күмілжи тұрып рахмет айтты да, тыныш қана отыра берді. Қой ірімшігі мен жалбыздың иісі аңқып сала берді. Андерсен қыздар тағып алған арзанқол сырғалардағы әйнектердің көмескі жарқылын әрең ажыратып отыр. Дилижанс орнынан қозғалды. Дөңгелек астында қиыршық тас шықырлайды. Қыздар сыбырласа бастады. Мына кісілер, – деді келіншек, қараңғы болғанына қарамастан Андерсен оның күлімдеп отырғанын байқады, – сіздің кім екеніңізді білгісі келеді. Сіз шынымен шетелдік ханзадасыз ба? Әлде кәдімгі саяхатшысыз ба? Мен сәуегеймін, – Андерсен ойланбастан жауап берді. – Болашақты болжай алам және қараңғыда да көре берем. Бірақ, көз бояушы емеспін. Ханзада болғанда, бір кездері Гамлет өмір сүрген елдің кедей ханзадасымын. Мынадай қараңғыда не көре аласыз соншалықты? – деп таңырқады қыздардың бірі. Ең болмағанда сізді, – деді Андерсен. Міне, сізді анық көріп отырғаным соншалық, сұлу кейпіңіз жүрегімді елжіретіп барады. Осыны айта тұрып, өзінің бетінің мұздап бара жатқанын сезді. Поэма немесе әңгіме жазарда кешетін хәлдің жақындап келе жатқанын түйсінді. Бұл өзі қызық хәл, жеңіл ғана сапырылысқан бір әлем, қайдан шығатыны белгісіз сөз тасқыны, кенет өзінің поэтикалық күшімен адамзат атаулыны өзіне жүгіндіріп қоярдай алапат қуат бойын билейтін сәт. Ол кешкен өмірдің айтылмаған сөзі мен қалғып кеткен сезімі, жер жаһанның бар кереметі – гүлдері, түстер мен дыбыстары, саф ауасы, шетсіз-шексіз теңіздері, орманның шуылы, махаббаттың азабы, сәбидің уілі сақтаулы тұрған сиқырлы ескі сандықтың қақпағы сарт етіп ашылып кеткен сияқты. Андерсен бұл хәлдің қалай аталатынын білмейді. Біреулер шабыт дейді, енді біреулері – шалықтау, үшіншілері – арқалану деп жатады. Мен ояна салып, жеті түнде сендердің дауыстарыңды естідім, – деді аз кідіріп, баяу ғана. – Мен үшін, айналайындар, сендерді жақын тану үшін, тіпті, өзімнің қарындастарымдай жақсы көріп кету үшін осының өзі-ақ жеткілікті. Мен сендерді өте анық көріп отырмын. Сендердің жұқа шаштарың алтындай жарқырап тұрады. Сондай ашық-жарқын қызсыңдар, тірі жан атаулыны шын пейілмен сүйетіндерің соншалық бақшада жұмыс істеп жүргендеріңде иықтарыңа жабайы торғай қонып отырады. Ой, Николина! Ол сен туралы айтып отыр ғой! Қыздардың бірі қаттырақ сыбырлап қалды. Сіздің жүрегіңіз оттай ыстық, Николина, – деді Андерсен сол баяу қалыпта. – Сіздің сүйген адамыңызға бірдеңе болса, оны бір көру үшін және құтқару үшін қарлы тауларды асып, ми қайнатар шөлдерді басып, мыңдаған лье қашықтыққа ойланбастан сапар шегер едіңіз. Дұрыс айтып отырмын ба? Баратын шығармын... – Николина абыржып қалды. – Сіз солай ойласаңыз. Есімдерің кім, қыздар? – деп сұрады Андерсен. Николина, Мария және Анна, – деді қыздардың бірі бәрі үшін іліп алып. Ал, Мария, сіздің сұлулығыңыз туралы айтпай-ақ қойсам ба деп отырмын. Итал-ияша онша сөйлей алмаймын. Жас кезімде-ақ поэзия құдайының алдында қайда жүрсем де тек сұлулықты жырлаймын деп ант бергем. Иисусе! – күбірледі діндар. – Мынаны бүйі шағып алғаннан сау ма өзі. Әбден алжасқан біреу ғой. Шын мәнінде сұлу әйелдер болады. Олар өзі қашан да тұйықтау болып келеді. Ондайлар оңашада өз оттарына өзі күйіп-жанады. Құштарлық сезімі олардың жүзін шарпиды. Сіз дәл сондайсыз, Мария. Көп жағдайда ондай әйелдердің тағдыры өзгеше болады. Не өте қасіретті, не өте бақытты. Ал, сізге бұрын соңды сондай әйел кездесіп пе еді? – деп сұрады келіншек. Дәл қазіргідей емес, – деді Андерсен. – Менің айтып отырғаным Марияға ғана емес, сізге де қатысты, ханым. Осының бәрін жол қысқарту үшін ғана айтып отырған жоқ шығарсыз деп ойлаймын, – деді келіншек. Даусы дірілдеп шықты. – Олай болған жағдайда мына сұлу қызды соншалық қорлаған болар едіңіз. Оған қоса мені де, – деп естілер-естілмес қосып қойды. Мен дәл осы сәттегідей шыншыл болып көрмеппін, ханым. Содан? – деді Мария. – Мен бақытты болам ба? Жоқ па? Сіз қарапайым шаруаның қызы болғаныңызбен, өмірде көп нәрсеге қол жеткізгіңіз келеді. Сол үшін де сізге бақытты болу оңай болмайды. Дегенмен, сіздің талапшыл жүрегіңіздің қалауын дәл табатын адамды әйтеуір бір кездестіресіз. Әрине, сіздің таңдаулы адамыңыз мінсіз жан болуға тиіс. Бәлкім ол суретші болар, ақын болар, Италияның еркіндігі үшін күресетін қаһарман болар... Мүмкін кәдімгі бақташы, мүмкін мат-рос болар, әйтеуір үлкен жүректі жан болуға тиіс. Басқасы маңызды емес. Сударь, – деді Мария ұяң ғана, – мен сізді көріп отырғам жоқ, сондықтан да қысылмай сұрайын деп отырмын. Ал, жаңағы сіз айтқан адам менің жүрегімді жаулап қойған болса, не істеуім керек? Оны бірер мәрте ғана көрдім, тіпті, қазір оның қайда екенін де білмеймін. Табыңыз оны, – деді Андерсен жұлып алғандай. – Ол сізге әлі-ақ ғашық болады! Мария! – деді даурықты Анна. – Ол әлгі Веронадан келген жас суретші емес пе... Доғар! – деп жекіп тастады Мария оған. Верона іздеген адамыңды таба алмайтындай соншалық үлкен қала емес, – деді келіншек. – Менің атымды есіңізге сақтап алыңыз. Аты-жөнім Елена Гвиччиоли. Мен Веронада тұрам. Кез келген вероналықтан сұрасаңыз, менің үйімді көрсетіп жібереді. Мария, сіз Веронаға келесіз. Сосын, мына жаны абзал жақсы сапарласымыз болжаған бақытты сәтке жеткенше менің үйімде тұрасыз. Мария қараңғыда Елена Гвиччиолидің қолын тауып алды да, албырап тұрған бетіне басты. Бәрі үнсіз қалды. Андерсен көк жұлдыздың сөнгенін байқады. Көкжиекке батып кетіпті. Демек, түн ортасы ауды деген сөз. Ал, сіз неге маған үміттенетіндей бірдеңе айтпайсыз? – деді басқа қыздарға қарағанда сөзуарлау Анна. Сіздің балаңыз көп болады, – Андерсен сенімді жауап берді. – Олар бір кесе сүт ішу үшін шұбырып келіп кезекке тұрады. Күн сайын ертемен оларды жуындырып-шайындырып, шаштарын тараудың өзіне сіздің көп уақытыңыз кетеді. Бұл жағына сіздің болашақ күйеуіңіз көмектеседі. Пьетро емес пе әйтеуір? – деді Анна. – Бұл жайбасар Пьетро маған керек еді! Сізге әлгі құйттай ғана қыздар мен ұлдардың әуестене қараған көздерінен кезек-кезек сүйіп шығу үшін де біраз уақыт керек болады. Папа билігіне салса ғой, мына ессіз әңгімелерің мағынасызданып кетер еді! – деді діндар күйініп, бірақ, оның сөзіне назар аударған жан болған жоқ. Қыздар жағы тағы бірдеңені сыбырласып кетті. Сыбырларының соңы әйтеуір бір күлкімен үзіледі. Ақыры Мария айтты: Енді сіздің кім екеніңізді білгіміз келіп тұр, сударь. Біз ғой, қараңғыда көре алмаймыз. Мен бір қаңғып жүрген ақынмын, – деп жауап берді Андерсен. – Мен жаспын. Шашым қалың әрі бұйра және бет-аузым күнге әбден күйген. Көкпеңбек көздерім ылғи күледі де тұрады, өйткені, қайғысыз-қамсыз біреумін, сосын әзірге ешкімді сүйе қойған жоқпын. Бар айналысатын шаруам – адамдарға кішкентай сыйлықтар берем, кейде тым мағынасыздау тірліктер жасаймын, әйтеуір айналама қуаныш сыйласам болды. Қандай мысалы? – деп сұрады Елена Гвиччиоли. Не айтсам екен сіздерге? Өткен жылы мен Ютландиядағы бір орманшы танысымдікінде тұрдым. Бірде орман аралап жүріп саңырауқұлақ қалың өскен бір алаңқайға тап болдым. Сол күні әлгі алаңға қайтып келдім де әр саңырауқұлақтың астына жылтырға оралған кәмпит дейсің бе, құрма дейсің бе, кішкене ғана балауыздан жасалған гүлдің букеті, сосын оймақ пен жібек ленталарды жасырып шықтым. Келесі күні әлгі тоғайға орманшының кішкене қызын ертіп бардым. Жасы жетіде болатын. Содан, әр саңырауқұлақтың астынан әлгі өзгеше ұсақ-түйек заттарды тауып ала бастады. Құрма ғана табылмады. Сірә, қарға алып кетті ме деймін. Кішкене қыздың сәби көздері қуаныштан қалай жайнағанын көрсеңіздер ғой сонда. Мен оны бұл заттардың бәрін ертегідегі ергежейлілер жасырып кеткен дегенге сендірдім. Сіз күнәсіз сәбиді алдадыңыз! – деп ашуланды шіркеулік діндар. – Бұл деген үлкен күнә! Жоға, бұл алдау емес. Ол бұл оқиғаны өмір бойы ұмытпайды. Және, күмәндарыңыз болмасын, мұндай ертегілік оқиғаны бастан өткермегендерден артықшылығы – оның жүрегі оңайлықпен кірлемейді. Бұған қоса, құрметті, әулие әкей, орынды-орынсыз уәжге жығыла бермейтінімді де ескерте кетсем деймін. Дилижанс тоқтады. Қыздар біреу дуалап қойғандай қатып қалыпты. Елена Гвиччиолидің басы салбырап кетіпті, үнсіз отыр. Оу, сұлулар! – деп шаңқ етті арбакеш. – Ояныңдар! Келдік! Қыздар тағы бірдеңені сыбырласты да тұра бастады. Қараңғыда күтпеген жерден бір күшті қол Андерсеннің мойнына орала кетті де, ерніне бір оттай ерін тиді. Рахмет! – деп сыбырлады оттай ерін, Андерсен Марияның даусын таныды. Николина шашымен бетін қытықтап, абайлап, аялап қана, ал, Анна қатты құшақтап, елдің бәріне естірте сүйіп алды. Қыздар ырғып-ырғып түсіп қалды. Дилижанс төселме жолмен ары қарай жүріп кетті. Андерсен терезеге қарады. Енді-енді көгере бастаған аспанмен астасып қарауытқан ағаштардың ұшар басынан өзге ештеңе көрінбейді. Таң атып келеді. Верона Андерсенді ғажайып ғимараттарымен таңғалдырды. Маңдайшалары жарқырап, аса бір салтанатпен бір-бірімен бой таластырады. Жарасымды сәулет жанға тыныштық сыйлауға тиіс. Бірақ, Андерсеннің жүрегі тыныштық таба алмады. Андерсен кешкісін қорғанға көтерілетін енсіз көшенің бойындағы Гвиччиолидің көне үлгідегі үйінің есігін қағып тұрды. Есікті Елена Гвиччиолидің өзі ашты. Көк барқыт көйлегі бар мүсінін айқындап тұр. Барқыттың түсі көшіп алған көзі Андерсенге Валькирияның жанарындай көкпеңбек әрі тіл жеткісіз әдемі болып көрінді. Ол екі қолын бірдей созып, өзінің сап-салқын саусақтарымен мұның жалпақ алақанын қыса ұстап, шегіне отырып, шағын залға жетелеп әкелді. Мен әбден сағындым, – деді еркін әрі кінәлі күлімсіреп. – Сізді іздеп тұратын болыппын. Андерсен бозарып кетті. Күні бойы ол туралы ойлап іштей толқыған. Әйелдің әр сөзін, үзіліп түскен әрбір кірпігін, көйлегіне қонған әр тозаңға дейін жүрек ауырта сүйіп қалуға болатынын ол білетін. Ол бұл жайтты түсінді. Ондай махаббаттың жалындауына мүмкіндік берсе, жүрегіне сыйдыра алмаймын деп ойлады. Бұл махаббат қаншама азап пен қуаныш, көз жасы мен күлкі әкеледі, тіпті, мұншалық күтпеген өзгеріске бұның күші жетпей қалатындай. Кім біледі, бұл махаббат оның әлем-жәлем ертегілік әлемін біржола көмескілендіріп, енді орала алмайтындай күйге түсіруі де мүмкін ғой. Онсыз мұның не құны қалады?! Бәрі бір оның махаббаты түптің түбінде жауапсыз қалады. Қанша рет солай болды. Елена Гвиччиоли сияқты әйелдердің қылтың-сылтыңы болмай тұрмайды. Күндердің күнінде ол мұның ұсқынсыз екенін бәрі бір байқай бастайды. Бұл өз-өзінен жиренетін. Кекетіп-мұқатып қарап тұрған көздерді арқасымен жиі сезінеді. Ондайда жүріс-тұрысы қораш тартады да, сүріне бастайды, жердің жігі табылса кіріп кетуге дайын тұратын. «Махаббат тек қиялда ғана мәңгілік, – дегенге сендіріп бағатын ол өзін, – сосын ол поэзия сәулесімен ғана мәңгі нұрланып тұра алады. Маған махаббатты бастан кешіргеннен гөрі, ойдан шығарған жеңілдеу шығар, сірә». Сондықтан ол Елена Гвиччиолиге келгенде кіріп, көріп шығу үшін ғана, екінші кездеспейтіндей болып, тас-түйін келген. Бұл жайлы оған тура айта алған жоқ. Араларында ештеңе де бола қойған жоқ қой. Өздері кеше ғана, жол үстінде кездесті, бір -біріне ештеңе де айтқан жоқ. Андерсен залдың кіре берісіне тоқтады да, айналасын шолып шықты. Бұрышта шырағданның жарығымен ағарып Диананың мрамор басы көрінеді. Өз сұлулығынан өзі толқып, бозарып тұрғандай. Сіздің жүзіңізді мына Дианаға мәңгіге көшіріп қойған кім? – деп сұрады Андерсен. Канова, – деп жауап берді Елена Гвиччиоли көзін төмен түсіріп. Мұның жан-дүниесінде не болып жатқанын түсінген сияқты көрінді. Мен қоштасқалы келдім, – деп міңгірледі Андерсен қатқылдау. – Мен Веронадан қашып барам. Мен сіздің кім екеніңізді білгем, – деді Елена Гвиччиоли оның көзіне қарап. – Танымал ертегіші және ақын Христиан Андерсен. Бірақ, сіз былайғы өмірде ертегіден қорқады екенсіз ғой. Тіпті, өтпелі махаббаттың өзіне күшіңіз бен тәуекеліңіз жетпейді екен. Бұл менің қиын тағдырым, – деп мойындады Андерсен. Жаны нәзік, кезбе ақыным-ай, қайтейін, – деді мұңлы жүзбен, сосын қолын Андерсеннің иығына қойды, – қашыңыз! Құтылып кетіңіз. Көзіңіз күлімдеуін тоқтатпасын. Мені ойламаңыз. Әгәрәки, қарттық, жоқшылық, ауру қажытса, бір ауыз ескертсеңіз болды, мен де Николина сияқты, сізге жұбаныш болу үшін қарлы тауларды асып, алып шөлдерді басып, жаяу-жалпы мыңдаған лье жол жүріп, жетем сізге. Ол креслоға сылқ етіп отыра кетті де бетін қолымен жауып алды. Шырағданда балауыз шытырлай жанып жатыр. Андерсен Елена Гвиччиолидің көз жасы саусақтарының арасынан сыздықтап шығып, жылай ағып барып көйлегінің барқытына тамып, баяу сіңіп кеткенін көрді. Ол оны бас салды да, сылқ етіп, жып-жылы, жұп-жұмсақ, жуандау санына бетін басып тізерлеп отыра кетті. Ол көзін ашпастан, қолын созып, басынан құшақтап, еңкейіп келіп ернінен сүйді. Ащы көз жасының келесі тамшысы мұның бетіне тамды. Кермек дәмі сезіледі. Барыңыз! – деді ақырын ғана. – Поэзия құдайы бәрі үшін кешірсін сізді. Ол орнынан тұрып, қалпағын алды да, тез басып шығып кетті. Бүкіл Веронада кешкілік қоңырау соғылып жатты. Бұдан былай олар мүлде кездескен жоқ, бірақ ылғи да бір -бірін ойлап өтті. Мүмкін, содан да шығар, өлерінен аз уақыт бұрын ғана Андерсен әлдебір жас жазушыға айтыпты: Мен өзімнің ертегілерім үшін тым көп, тіпті айтар едім, шамадан тыс көп нәрсе төледім. Солар үшін бақытымнан баз кештім және қиял жарықтық өзінің соншалық қуаты мен бүкіл сәулесіне қарамастан шынайы өмірге орын босатар сәт туғанда да бәрінен бас тарттым. Қиял байлығын қайғы үшін емес, адамдардың бақыты үшін де, өз бақытың үшін де игеру керек, достым. Аударған Алмас НҮСІП

498 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы