• Әдебиет әлемі
  • 14 Ақпан, 2018

Ертегідей өмір бұл

Ұлы деген сөзді кез-келген жерге қолдана бермеу керек дегендіктен ғана, осы жерде бас тартып отырмыз. Әйтпесе осы сөзіңіз басқа-басқа Жәркен ағаға келіп-ақ тұр. Өлеңдері қандай десеңші. Ал, адамдығы, адамгершілігі тіпті керемет. Пенделігінің өзі періштеліктің тырнағына жетеқабыл. Ал, әпенделігі алты күн айтсаң таусылмайтын жыр. Оған алты жыл қатар отырғанда әбден қанық болдық. Кейде, күйіп кеткенде: - Осы сен мені өлтіріп тынатын шығарсың,-деуші еді. Сол көкемнің ұсақ-түйек қызықтарын жыйып қойып, мемлекеттік дәрежедегі әпенделігін айтып берейін. Ғалым Жайлыбай аға айтса, «вообще» қызық. Дегенмен... Қайбір жылы Жәркен ағамыз мемлекеттік стипендияның иегері атанады. Оны мемлекет басшысының өзі тапсырмақ болады. Қалалық әкімшіліктегілер стипендия иегерлерін әбден ығыр қылады. Соның ішінде Жәркен аға да бар. Ұялы телефон ұстамайтын Жәркен ағамның арқасында үй телефоны адамзат баласына әлі де керек екендігін сезініп бір жасап қалса керек. Әкімдіктегі қатал тәртіп құрсауындағы қатып қалған адамдар Жәркен ағаға неше мәрте хабарласып, осындай күні осындай уақытта жуынып-шәйініп, дұрыс киініп ертерек келіңіз дейді. Өзге стипендияттар Елбасының алдына барамыз деп жаңадан киім алып, бастарын түзетіп, шаштарын күзетіп, үлкен толқу үстінде болған көрінеді. Жәркен көкем беймарал. Үйдегі апамыздың: – Қай костюміңді киесің, ертерек үтіктеп, дайындап қояйын, – дегеніне: – оның несін үтіктейсің, өткен айда ғана бәленшенің кешіне барғанда үтіктемеп пе едің,-дей салған ғой. Содан не керек, стипендия берілетін күні өзгелер иіс-суын себініп, бала-шағасының иномаркасына мініп, әкімшілікті бетке алғанда, Жәркен көкем Құлагер ықшам ауданының аялдамасында 17-автобусты күтіп тұра беріпті. Құдай аман жолын берсе бір жетері анық. Ешкім кешікпесін деген сақтықпен әкімдіктегілер Елбасының 11:00-дегі қабылдауына жұртты 10:00-ге шақырыпты. Онға шақырған кездесуден кешігіп қалмас үшін стипендия иегерлері 09:00-де жиналып алса керек. Жәркен ағам бір автобустан түсіп, екіншісіне мініп, әкімдікке жетіп, оның кіретін есігін тауып, қажетті залға кіремін дегенше оннан он кетіпті. Протоколды шариғаттан биік қоятын әкімдік қызметкерлері: - Бұныңыз не, бұлай болмайды ғой, екінші қайталамаңыз,- деп қолынан жетелеп апарып, өз орнына жайғастырыпты. Жәркен ағам орнына жайғасып жатып: - Мені қойшы, өздерің де қайталамайтын шығарсыңдар (қайта-қайта стипендия бере бермейтін шығарсыңдар) деп ойлап үлгеріпті. Не керек, елдің бәрі қатал тәртіпке бағынып отырыпты. Шеттерінен ығай мен сығай екен. Шығармашылықтың әр саласының өкілдері. Оларға мемлекеттік стипендия иегері деген ат керек. Елбасының қолынан алдық деп айта жүрсек дейді ғой. Жәркен көкем оның бәрінен биік. Ол кісіні «ақшасы қанша екен, қазір қолма-қол бере ме екен, қаншасын жан қалтама (Гүлшат апайдан) жасырып қалсам екен» деген аса маңызды сұрақтар ғана мазалапты. Отыра-отыра жамбасы жауыр болып, күте-күте жалығып кеткен Жәркен ағам бір кезде орнынан жәймен көтеріліпті. Шылым шекпек болып сыртқа беттепті. Әркімді көзімен бағып жүргендер неге екені белгісіз, Жәркен ағамызды көрмей қалыпты. Жәркен ағамыз дәлізге шығып, лифтіге жақындап келіп, алдынан қарсы кезіге кеткен қуыршақтай қыздан: – Шылымды қайда шегеді? – деп сұрапты. Ана қыз Жәркен ағамды лифтіге мінгізіпті де сәлден кейін шығарып, ашық тұрған балконды нұсқапты. Жәркен көкем балконда тұрып шылымның түтінін будақтатса керек. Шылым шегіп тұрып не ойлағаны әлі күнге белгісіз. Ол аса маңызды емес, шылым шегіп болғаннан кейін отырған залға қарай беттепті. Шыққан лифтісін біледі. Соған кіріпті. Бірақ қай қабаттан қай қабатқа көтерілгенін немесе қай қабаттан қай қабатқа түскенін білмейді екен. Лифтімен біресе көтеріледі, біресе түседі. Бағанағы салтанатты жиын залын таба алмай, біраз адасқан. Бір кезде осы қабат шығар деп, ұзын дәлізбен алға беттеген ғой. Алдынан төрт-бес адам қарсы шығыпты. Ұлықтар екен. Ортасындағы ұлық кісіні көргенде Жәркен ағамыздың көзі қарауытып сала беріпті. Елбасының өзі екен. Қарауытқан көзінің шарасы жасқа толып кетіпті. Шегінерге жер жоқ. Қашып кететіндей бала емес. Дәліздің қабырғасына тақалып тұра қалыпты. Жанындағы әкімдіктің жауапты қызметкері мына «чп-ны» кешіре алмай келе жатса керек. Протокол бойынша бұл мүлде кешірілмейтін жағдай. Өзінің не болатыны да белгілі. Өзінен кейінгілерді не қылатынын да жоспарлап үлгерсе керек. Қатаң сөгістер, қызметпен қош айтысулар. Оның барлығы да жақын болашақтағы болатын нәрселер. Ал, қазір не болар екен? Тәуелсіз Қазақстанның егемендік алған жылдарында бірде-бір рет болмаған жағдай... Елбасының жүретін жолының әр қадамы асқан қырағылықпен күзетіледі. Шыбын түгіл, масаның ұшуына мүмкіндік жоқ. Ал, мына ақын қайдан жүр? Президенттің қауіпсіздік қызметі мен әкімдіктегілерді тұтасымен жұмыстан қуып жіберетін жағдай. Тентіретіп. Не болар екен? Ештеңе де болмапты. Елбасы өзіне абайсызда қарсы кездесіп, есі шығып тұрған қазақтың бөтен адам емес екенін, бөтен адам болмағанда да мәдениет пен руханият саласының өкілі екенін сезсе керек... Қол беріп амандасыпты. Сол ұстаған қолын ажыратпастан: – Жүріңіз, жиналысты бастайық, – деп жетелей жөнеліпті. Стипендия алуға келгеннен кейін ол адамыңыз, әрине, шығармашылық адамы. Елбасы қатар келе жатқан шығармашылық адамынан (Жәркен Бөдешұлынан): – Шығармашылығыңыз қалай? – деп сұрапты. Шығармашылық адамы: – Жазып жатырмыз, – деп қысқа қайырыпты. Елбасы: – Жазыңыздар. Сіздерге жазу керек! – депті. Айналасындағы нөкерлер танитын болды ғой деп топшылапты. Енді іштегі жағдай. Жәркен аға алаңғасарлығы мен шылымқорлығының арқасында тәртіп бұзып, соның кесірінен сыртта мынандай «приключениені» бастан кешіп жатқанда, іштегі мәдениеттілер мен тәртіптілер артық қимылға бармай қатып отырған екен. Олардың ішінде сол Жәркен көкемнің жазғанының жартысын жаза алмаса да, өзін Жәркеннен жоғары санайтындардың біразы отырыпты. – Тынышталыңыздар, Президент келе жатыр! – деген өктем үн естілгенде, онсыз да тыныш отырған аса мәдениеттілер мен тәртіптілер қаққан қазықтай болып орындарынан тұрып, есікке қараған екен. Сол сәтте... Иә, сол сәтте ашық тұрған есіктен Елбасымен бірге маңдайы жарқырап Жәркен көкем кіріп келген екен. Көпшілігі есінен ауып қалыпты. Осы жерде, әсіресе деп сәл әсірелеп қоялық. Иә, әсіресе Жәркен ақынның жазғанының жартысын жазып үлгермесе де өзін Жәкеннен жоғары санайтындар үшін дүние төңкеріліп кетсе керек. Дүние төңкеріліп кетпек тұрмақ, аспан айналып жерге түссе де шындық осы. Жәркен ағам маңдайы жарқырап Елбасымен бірге кіріп келді. Факт. Көпшіліктің көкейінде көреалмастықтан туындаған сансыз сауал пайда болды? Бұл қалай? Ешкім білмейді. Сол көкейлерде сансыз сауалдың артын ала бере небір долбарлар пайда болды. Ұлық кісілер төрге беттегенде Жәркен көкем өзінің орнына барып жайғасыпты. Марапаттау салтанаты басталыпты. Бәрі шеттерінен марапатталыпты. Марапаттау рәсімі біткеннен кейін стипендияттар жапатармағай Елбасымен суретке түсуге ұмтылыпты. Олар аса мәдениетті, тәртіпті ғана емес, шеттерінен пысық екен. Ал, Жәркен ағамыз ондай пысық емес. Қолындағы ақша салынған конвертті аялы алақанымен әлпештей сипап, бір шетте тұрып қалған екен. Бағанағы көзтанысы емес пе, Елбасы өзі шақырып алыпты. – Сіз неге тұрсыз, келсеңізші, суретке түсейік, – депті. Ешкімді шақырмаған. Бәрі өзі ұмтылған. Ал, Жәркен Бөдешұлын шақырған. Сансыз сауал, небір долбар. Жәркен аға жақын келіп, суретке түсіпті. Бәрі тарап жатқанда Нұрсұлтан Әбішұлының ерекше ықыласы түскен ақынды (Жәркен Бөдешұлын) Елбасының жанындағы мәдениет саласына жауапты нөкері тоқтатып: – Кітабыңызды дайындаңыз, сіздің екі томдығыңызды биылғы жылдың жоспарына кіргізейік, – депті... Түннің бір уағы екен. Тіпті таң атуға жақын. Жәркен ағамыз кірпік іле алмапты. Үш бөлмелі үйінің өзіне тиесілі бұрышындағы төсегінде жатып; «сорлы Жәркен 29 жасыңда қытайдың шекарасын бұзып өтіп, Қазақстанға қашып келе жатқаныңда қытай әскерінің бір оғымен-ақ өліп қалатын едің. Одан кейін де талай ажалдан қалдың. Сондағы өлмей жүргеніңде көрер бақытың осы екен ә», – деп күбірлеген көрінеді. Ертегідей өмір бұл.

Бейбіт САРЫБАЙ

652 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы