• Білім-ғылым
  • 12 Қаңтар, 2018

ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНДА ИМАНДЫЛЫҚ НЕГЕ ЖЕТІСПЕЙДІ?!

немесе ақырзаманның кіші белгілері

Нұрлан ҚҰМАР «Үркер» журналының бөлім меңгерушісі   Қазір нарық заманы. Капиталистік қоғамға бет бұрған еліміздің Егемендігін алғанына 26 жылдың жүзі болды. Жетпіс жыл бойы Кеңес Одағының құрамында болып социалистік жүйені бойына сіңіріп өскен ағаларымыз нарықтық заманға төселіп кете алмады. Алайда, Тәуелсіздіктен кейін дүниеге келген жастар социалистік қоғамды құруға атсалысқан Ленин, Маркс, Энгельсті жөнді білмесе де, капиталистік қоғамды, ауыспалы өмірдің ащы-тұщысын көріп жүргені жасырын емес. Нарықтық заманның пайдасы болды ма деген орынды сұрақ санамызда тұратыны анық. Тиімділігіне келер болсақ, экономикалық өсім, шетелдермен байланыс орнату, еркін сауда, әрқилы стиль, бостандық, тура өмірдегідей әр адамның өзіндік ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы қаланды десек болады. Бірақ зияны пайдасынан көбірек болды десек артықтық емес. Мәселен, жаһандану процесі, рухани құлдырау, ұлттық экономикамыздың өрлемеуі, бір-біріне бағынбайтын компаниялар, туған-туысқандар, көршілер бір-бірінің үйіне кірмейтін заман, тірлігіміздің көбісі есеппен дегендей. Бұл тек бастамасы, қазір бір-бірінің аузына су тамызбайтын, көмектеспейтін адамдар да бой көрсетуде, ағайын-туыс адамдар жат болып жүргенін де байқап жүрміз. Капитализм қоғамының биік шыңына көтерілмесек те, дәл қазір елімізде адам құндылығынан гөрі ақша бірінші орынға айналып кеткендей. Қаражатың болса ғана туыстар табыла қалады, ақшаң жоқ болса ешкім емессің. Міне, нарық заманы осындай қасіретті өзгеріс әкелді. Осындай қасіретті, қиын заманда өскен жастардың да ақшаға деген құмары, «махаббаты» артты. Бұған кінәлі, жастар емес, әрине, қоғам. Заманына қарай адам да өзгереді екен. Дәл қазір кейбір ағаларымыз да өз бетінше өмір сүруге дағдыланып келеді. Мемлекетіміздің көбісін жастар құрайды. Ал осы жас буын өкілдері нарықтық заманға бейімделді ме деген сауал көкейімізде тұрады. Зерделеп қарасақ әрі қазіргі жастардың атқарып жатқан тірлігіне үңілсек, шынымен де нарыққа бейімделгенін байқауға болады. Осы тұрғыдан алсақ оңай жолмен қаржы табуды көздейтіндер көбейді. Мемлекеттік жұмыста таңертеңнен кешке дейін тапжылмай күніне кем дегенде 8-9 сағат еңбек істеп, айына 40 мыңнан басталатын жұмысты істегісі келетіндер азайып барады. Әрине, жастарды да түсінуге болады. Үйсіз-күйсіз, несие алып, мойынына пәленбай қарыз арқалап жүргендердің көбісі қазақтар. Әр нәрсенің екі жағы бар демекші, алайда, шыны керек, қазіргі кей жастардың еріншек болып бара жатқанын жасыруға болмас. «Ақша болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда» деген пікір әбден қалыптасқан. Бұған уәж айтып, ақыл-кеңесін беріп жатқан аға буын өкілдерін көрмейміз. Қазіргі таңда әртүрлі жолмен молынан қаржы табатын жастар көбейді. Көп ақшаны орынды жұмсай алмайтындар берекесіздік танытуда. Олардың қабағы түйіңкі, ешнәрсеге көңілі толмай, қашан да уақыты жоқ, тіпті несиенің үстіне өзге банктен тағы несие алатынын қайтерсіз. Сонда осыншама орасан зор ақшаны не істейді деп ойлайсың?! Мәселен, қыруар қаржы алатын жастар мейрамхана, той-домалақ, машина, қыз-қырғын, шетелдік әншілер келсе соның концертіне, өзге елден келген алыпсатарлардың семинарына қатысу үшін, яғни түкке тұрғысыз отырысқа ақшасын аямай жұмсайды. Ал газет-журналға, рухани жағынан нәр алатын басылымға жазылып, қаржы жұмсауға келгенде сараң. Әрі надандық та байқалады. Көптеген жастар төл басылымымыз «Егемен Қазақстанның» өзін біле бермейді. Тіпті әдебиет саласында жазып жүрген кейбір қаламгерлер қазақ басылымына жазылмайтынын аңғардым. Таяуда Астанада болғанымда өлең, проза жазып жүрген көптеген жас қаламгерлер жылына бағасы көп болса 3500-4000 теңге аралығында ғана болатын «Үркер» журналына жазылмағандығын, алдағы уақытта да жазылу ойында жоқ екендігін байқатты. – Неге жазылмайсыңдар? – деген сауалыма әртүрлі сылтау айтты. Еріншекке сылтау көп демекші, қаламы жүйрік, зиялы қауым өкілдері басылымды үйіне жаздыртып оқымай тұрғанда, ал басқа салада жүргендер қайтпек?! Тіпті қаламгерлердің арасында басылымды сайттан оқимыз деушілер көп. Ал осы жас қаламгерлердің көбісі байқаудан жүлдегер атанып ақшалы болсақ дейді. Міне, әдебиет саласында жүрген жастардың өздері ақшаға құнығып бара жатқандай. Ал көркем дүние жазуды тек байқаулар үшін жазатындарды кездестірдім. Осыларға қарап не дейсіз?! Сайттан оқу мен көзбе-көз газет-журналды оқу екі басқа емес пе?! Басылымды оқу кітап оқумен бірдей. Ал осы қаламгерлер кішкентайынан кітап оқып, әсерленіп, жетілген, осы қадаммен әдебиет майданына араласты емес пе?! Әрі әдебиет саласы медицина сияқты үнемі жаңарып отырады. Үнемі ізденісті талап етеді. Шындығында сайттан, автоматты оқудан әсерленбейтініміз анық. Бір сөзбен айтқанда, сайт шайтанға айналды. Адамдарды алдап-арбап, рухани жағынан аздыртып барады. Осы жерде орыс ағайындарымыздан үйренетініміз көп. Орыс тілінде интернеттегі мәліметтердің барлығы қамтылса да, көрші халқымыз басылымға жазылу жағына келгенде бізге қарағанда алда тұр. Мұсылман дінін ұстағандықтан, Батысты жамандай беретін әдетіміз бар. Ал, Батыс Еуропа мемлекетінде кітап оқу ісі жоғары деңгейде. Құранның өзі оқы деген мағынаны білдіретіндігін ескерсек, сонда біз мұсылманбыз ба, әлде жоқ Еуропа халқы мұсылман ба?! Имандылық тұрғыдан келгенде де Батыс халқы бізден әлдеқайда ілгері. Мәселен, неміс жастары айтқан сөзге тұратын, дәл сөйлейтін, кез-келген жиын, шараға кешікпей келетін қасиеті бар. Міне, осы тұрғыдан немістердің бойында имандылық, мұсылмандық қасиет бар. Ал, Ислам дінін ұстанамыз дейтін біздің жастардың бойында кәпірлік қасиет байқалады. Олай дейтініміз жігіт-желеңдеріміздің өтірік сөйлеуі, уақытпен санаспай өмір сүруі, енжар болуы, ақшаны керек емес дүниеге қалай болса солай шашуы, рухани азық болып саналатын газет-журналға жазылмауы, берген уәдеден тайып жүруі және тағы да басқа келеңсіз қасиеттерді бойынан аңғарамыз. Бұрынғы жасы алпысқа келген аталарымыздың бетінде толған әжім еді, салиқалы, парасатты көрінетін. Ал қазір ше?! Жетпіс жастағы кейбір ақсақалдарымыз жылмаң қағады. Ақыл айтудың орнына: «Казиноға бармағаныма көп болды, барып ойнағым келіп жүр, қыздарға қашан барамыз?» дейтін қариялардың сөздерін естіп қалып жатамыз. Оу, сонда ешқандай үлгі көрсететін аға буындарымыз болмаса, жастарымыз не болмақ?! Одан басқа жасқаншақтық қасиетіміз тағы бар. Кезінде репрессия құрбаны болып атылып кеткен Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы сынды асыл тұлғаларымыз дүниеден озды. Ал, 70 жылдық өзге саясаттың ықпалында болғанымыз кейінгі ұрпақтың еңсесін басып, жасқаншақ етіп жіберді. Қазір елімізде жүйелі маркетинг қалыптасқан. Сол салада жұмыс істеп жүрген жастардың саны көп. Бұлар нағыз капиталистік адамдар десек болады. Алдымен кірген компаниясына алғашқы қаржысын құйып, кейін салғанын өтеп, пайдаға кенелеміз деп ойлайды. Әйтеуір бұл салада жүрген жастар оңай жолмен, тер төкпей қаржы табуды көздейтіні анық. Бір байқағаным бұлар біздің таңертеңнен кешке дейін тер төккен жұмысымызға қырын қарайды. Әртүрлі салада фондалық биржа, ойын, инвестиция, косметика, тауар және тағы да басқа жүйелі маркетингте жүрген жастарымызда отансүйгіштік қасиет табылар ма екен?! Әй, қайдам!? Тек ақша болса болды, шетел асып кетуге дайын тұратындай болып көрінеді маған. Оңай олжаға, еңбектенбей мол қаржы табуға деген ықылас белең алуда. Кез келген нәрсеге есеппен қарайтындар көбейді. Ұят деген қазір тасада қалып барады. Ал болмайтын жерде өзін көрсеткісі келетін жастарды көргенде не деуге болады?! Жастардың бойында имандылық неге жоқ деген сауал көкейімізде үнемі тұрады. Оның себептері көп. Біріншіден, қарттарымыз дұрыс ақыл бермесе, ата-аналардың өздері балаларына тәрбие беруге келгенде осалдық танытса, үлгілі ұрпақтың зерделі қалыптасуы қиын ғой. Қазір бірнеше жерде жұмыс істейтін ағаларымыз баршылық. Ақшаның артынан қуып кеткендер бала тәрбиелеуге уақыттары тимей жүр. Тіпті, ақшаға бала өсіріп, тәрбиелейтіндер (няня) көбейді. Бұл салада жүргендердің көбісі өзге ұлттар. Сонда бесіктегі баланың тілі басқаша шықпағанда не болмақ?! Одан бөлек көше, интернет тәрбиесі де күшейіп тұр. Екіншіден, қазіргі нарық заманының әсері күшті. Осыдан барып ақшаға құмартқандардың саны өсті. Үшіншіден, білімсіздік көп ықпалын тигізуде. Елімізде қаптаған жоғары оқу орындары мен институттар бар. Бірақ, парадокс. Сонысына қарамастан білім көкжиегі ақсап тұр. Университтетте сабақ беретін ұстаздар қауымы да бірнеше жерде жұмыс істейтіндіктен әрі үлгере алмағандықтан студент қауымға салғырт қарап жүргені өкінішті-ақ. Әрі жастардың ізденіп газет-журналға жазылып, кітап оқуы сиреді. Төртіншіден, технология заманының тигізіп жатқан зияны мол. Кешке дейін интернетте видеороликтерді айналдырып, әуен тыңдайтын жастардың қарасы көп. Ал, осы ғаламтор жастарға рухани жағынан азық бере алмауда. Өйткені, интернетте мәдениетті қалыптастырып тәрбиелейтін сайттар саусақпен санарлықтай. Бесіншіден, қалыптасқан психологиямыз кері әсерін тигізуде. Қонақ шақыру, қуанышқа арналған тойларды ғана емес, қайтыс болған адамды жөнелту, еске алу отырыстарының өзін қып-қызыл ақшаға жасау сәнге айналды. Осындай керемет өмірді көрген жастарда имандылық азаятыны сөзсіз. Әсіресе, қазақ қыздарының қазіргі уақытта үй шаруасына келгенде олақ болатыны осыдан шықпай ма?! Бұдан басқа кейбір ауылдық аймақта түні бойы карта ойнайтын ата-аналарымыз бар. Ақшаға негізделген ойында қандай мәдениет бар? Бұл да көптеген кереғарлыққа апарады емес пе!? Алтыншыдан, шетелге деген қызығушылықтың аясында туған тілге селқос қараушылық, еліктегіштік қасиетіміз тағы бар. Айта берсек, себеп көп-ақ. Бұның бәрін тізіп жатудың қажеті шамалы. Ақшаға тірелген нарықтық заман имандылық тұрғысына келгенде қайшы. Қазір ақырзаманның кіші белгілері бар. Діни кітаптарға сенсек, ақырзаман болмай қоймайды. Ол қашан келері белгісіз?! Ол жақын арада ма, әлде бірнеше ғасырдан соң келе ме, әйтеуір заманды өзгерту өз қолымызда екенін де ұмытпауымыз керек. Қоғамды өзгертетін негізгі күш – жастарда. «Ештен кеш жақсы» демекші, сондықтан жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру ісін қазірден бастап қолға алсақ құба-құп.

409 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы