• Білім-ғылым
  • 12 Қаңтар, 2018

ТАҒЫЛМАЙ ҚАЛҒАН ҚЫЗЫЛ ОРАМАЛ

немесе Сәруар апаны сағынғанда

... Мамыр айының орта тұсы болатын. Ауруханада кезекті ем қабылдап жатыр едім, әлеуметтік желі арқылы бір танысымнан хат келді: «Нұрсұлтан, кеше Сәруар апаңнан айрылып қалдық... Жаны жәннатта болғай!». Мен бұл хабарды өте зор күйзеліспен қабылдадым. Туған бауырымнан айрылғандай қамықтым. Себебі, жаны жайсаң жан Сәруар апамның менің өмірімдегі алатын орны ерекше еді. Қамқоршы, жанашыр, тілектес жандардың арамызда әлі де жүре тұрғанын қалайсың, бірақ, сұм ажалға қарсы тұрар шараң бар ма?! Мен үшін Сәруар апам тірі жүрген сияқты. Әне-міне дегенше қалта телефоныма жадырап хабарласатындай көрінеді де тұрады маған. Бірақ, енді олай болмайды, тек ақын апаның өлеңдерімен ғана қауыша алатынымды мойындауым да керек секілді. Десек те, бәрі күні кешегідей көз алдымда. Ақын Сәруар Қамаевамен қашан, қалай танысып едім? 2012 жыл. Мен ол кезде әрі студентпін, әрі республикалық «Ел» газетінде еңбек етіп жүрген кезім. Наурыз айының алғашқы аптасы болатын. Елордамыздағы Ұлттық академиялық кітапханада өтетін әдеби кешке басылымның бас редакторы мені жіберген-ді. Бірақ, әлдебір себептермен кешігіп қалсам керек. «Бәйтеректің» жанында орналасқан академиялық кітапханадағы өтіп жатқан кешке келсем, әлдеқашан басталып кетіпті. Кеш өтіп жатқан залға кіріп, бос орынға жайғаса бергенім сол еді, сахна жақтан шығып жатқан әдемі қоңыр дауыс өзіне елітіп әкетті. Сахнада орта бойлы, төбесіне түйген қолаң шашы өзіне сондай жарасымды, екі көзі боталап қарайтын ақын апа жұмсақ та қоңыр дауысымен өлең оқып тұр екен. Өлеңі де сондай керемет, бойымды еріксіз билеп барады. Кейін кеш жүргізушісі ақын апаға алғысын айтып, аты-жөнін тағы бір қайталағанда білдім, бұл кісі – елордалық танымал ақын Сәруар Қамаева екен. Өзі мен оқитын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде ұстаздық қызмет ететін көрінеді. Бұл кейін менің өмірімнен ойып тұрып өз орнын алған Сәруар Аплашқызын алғаш рет көруім еді. Сол күнгі оқыған өлеңі маған қатты әсер етті білем, ертеңіне таныстарымнан сұрастырып жүріп тауып алып: – Жанды – сөнді, Сезім өлді. Жоғалды... Түйір тамшы Жанарыма Неге үйір боп алды? – деп басталатын өлеңін тез арада жаттап та алдым. Осылай күндер сырғып өтіп жатқан. Сол 2012 жылдың маусым айының ортасында «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының директоры, белгілі ақын апамыз Алмахан Мұхаметқалиқызының ұйымдастыруымен «Ұлылар мекеніне саяхат» атты тұңғыш ұйымдастырылған ауқымды жоба аясында құрамында танымал абайтанушы ғалымдар, журналистер, «Абайтану» пәнінен сабақ беретін ұстаздар мен түрлі Абай оқуларының жеңімпаздары, яғни, оқушылар бар елуге жуық адам қасиетті Семей өңіріне жол тарттық. Сол сапарда Сәруар Қамаева апамыз да болды. Бұл – Сәруар апаны екінші рет көруім еді. Абайдай ұл тудырған қасиетті мекенге сапарымыз аясында Сәруар апамен жақынырақ танысудың сәті түсті. Ақын апа – ақжарқын, ақкөңіл, адам баласын жатырқамайтын өте қарапайым, кішіпейіл жан екен. Ә дегеннен әңгімеміз жарасып сала берді. Сәруар Аплашқызы сапар аясында Кереку өңіріне аялдап, жер кіндігі Жидебайға жеткенше автобус ішінде өлеңдерін оқып, саяхатшылардың бәрімен, әсіресе, жастармен емен-жарқын әңгімелесіп, араласып отырды. Үш күнге созылған сапарымыз барысында да тағылымды әңгімелер айтып, арасында зілсіз әзіл-қалжыңдарымен де жанымызды жадыратып жүрді. Осы сапардан кейін Сәруар Аплашқызымен жақын араласып кеттік. Ұлылар мекеніне жасаған саяхатымыздан кейін Сәруар апа бастаған бір топ сапарластар Алмахан Мұхаметқалиқызының «Абайтану» орталығында жиі-жиі бас қосатын болдық. Ол кезде «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығы Қазақстан-Ресей университетінің ғимаратында орналасқан болатын. Сол орталық пана тапқан Астанадағы Қазақстан-Ресей университеті бүгінде жабылып қалды. Ал, талай жандардың басын қосып, әдеби, мәдени, рухани орталыққа айналған қара шаңырақты ашқан Алмахан апамыз бүгінде өзі осы жылдар ішінде тірнектеп жинаған үш мыңға жуық құнды жәдігерлерін қоярға жер таппай табанынан тозып жүр. Сәруар апамызбен де жақынырақ танысуымызға мүмкіндік берген осы орталық еді... Бірде, сол орталықта отырып аяқ астынан Бурабайға демалып қайтуға баратын болдық. Бұл ұсыныстың қайдан және кімнен шыққаны есімде жоқ, бірақ, бәріміздің қолдай кеткенімізді білемін. Сөйтіп, Сәруар және Алмахан апаларымыз, елордалық жоғары оқу орындарының бірінде еңбек ететін ғалым-ұстаз Шолпан Бейсенқызы, жас та болса, әдебиет әлемінде есімі танылып үлгерген ақын Жұлдызай Ысқақ, Алмахан апамыздың өнерлі қызы Жансая және мен Көкше өлкесіндегі ғажайып мекенде ерекше демалыстың куәсі болдық. «Бурабайға барамыз» деген бес-алты адам жеме-жемге келгенде бармайтын болып шықты. Небәрі алты-ақ адам болсақ та, қайта оралып келмейтін сол күндер біз үшін нағыз мәдени және рухани демалыс болды. «Арқаның сұлу кербез» Көкше тауының етегіндегі тамылжыған табиғат аясында Сәруар және Алмахан апаларымыз, Жұлдызайлар шабыттана өлең оқыды, қосылып ән де шырқадық, ашық аспан астында дастарқан жайып, тұмса табиғат аясында армансыз серуендедік. Әсіресе, Сәруар апаның кеше ғана барған Ұлылар мекеніне саяхат сапарынан кейін жазған «Жидебайға барғанда» өлеңі жүрегімде ерекше жылылық оятқаны соншалық, оны ақын ападан сұрап алып, сол кеште қайталай оқып жүріп, жаттап алғаным бар. Бурабайда жүргенде Сәруар апа бізге басқа да қырларынан танылып, жанымызға бұрынғыдан да жақын болып кетті. Ақын апаның ақындығынан бөлек, халық әндерін тамылжыта орындайтын керемет дауыс иесі екендігіне өз басым сол сапарда алғаш рет куә болдым. Одан бөлек, Сәруар апамыз әзіл-қалжыңға да жүйрік болып шықты. Ыңғайы келіп тұрғанда, уытты әзілдерін айтады да, бәрімізді күлкіге қарық қылады. Бірақ, өзі айтып отырып түр бермейді, күлмейді. Онысын әзіл емес, құдды, жәй әңгіме айтып отырғандай еш эмоциясыз жалғастыра түскенде, күлкіңізді тыя алмай, көзіңізден еріксіз жас шығып, күле-күле түйілген ішіңізді ұстайсыз да, домалайсыз келіп. Ақыр аяғында «Сәруар апа, қойыңызшы» деп жалынғандай боламыз. Әзіл демекші, сол демалыста кәуап пісіруге деп алған 15 келі тауық етінің бәрін күйдіріп жібергенім бар. Бұрын кәуап пісіріп көрмегенмін. «Мен кәуап пісіре алмаймын» деп айтуға намыс жібермейді. Араларындағы жалғыз еркек болған соң, бас тарта алмайтыным түсінікті. «Нар тәуекел!» дедім сосын ішімнен. Сексеуілді жақтым да, алаулап жатқан оттың үстіне тауық етінің бәрін қойып шықпасым бар ма? Он минуттан кейін кәуаптарымның бәрі қап-қара болып, күйіп кетті. Бір де біреуі жеуге келмейді. Сөйтсем, кәуапты отқа емес, шоққа пісіреді екен ғой! Мұны көрген Сәруар апам: «Сенген серкеміз сен болсаң, жараған екенбіз! Саусақтарыңды қоса жағып жіберген жоқпысың? Саусақтарың аман ба өзі, кәуап пісіруге болмаса да, қыздың қолынан ұстауға керек қой», – демесі бар ма? Мұны естіген Алмахан апайлар ду күлді. Сәруар апам болса дым түр бермейді, жаныма келіп, саусақтарымды ұстап, кәдімгідей тексеріп жүр. Мен болсам не жыларымды, не күлерімді білмеймін. «Кәуап жемесек те, баланың саусақтарының аман қалғанына шүкір дейік» деген кезде мен де еріксіз күліп жібергенімді білмей қалдым. Шыныменде, сол кеште кәуап жемесек те, ақын апамыздың әзіліне ұзақ күлгенбіз. Көкшедегі сол демалыста ерекше есімде қалғаны – өзі дәріс берген шәкірттерінің Сәруар Аплашқызына деген құрметі болды. Қайда жүрсек те, мейлі түнде, болмаса күндіз болсын Сәруар апамыздың кездесе қалған шәкірттері ұстаздарының жолын бір кесе өтпейді. Көптеген жастар апамызбен кездескен жерде қоғадай жапырылып, амандық-саулық сұрасып жатады. Бұл – ұлағатты ұстазды шәкірттерінің ерекше қадір тұтатындығының жарқын көрінісі болатын. Сол сапарда Сәруар Аплашқызы менің республикалық «Төртінші билік» газетінің үш бірдей бетіне жарияланған «Ұлылар мекеніндегі ұлағатты күндер» атты мақалама ерекше пікір білдірген болатын. «Жазған соң, осылай жазу керек қой. Барлық тарихи мәліметтер түгел қамтылған. Ұғынықты, түсінікті, бір деммен оқып шығасың, – деген ақын апа, – Нұрсұлтан газет таратса, мен журнал таратайын» деп «Жыр-дәптер» айдарымен өлеңдер топтамасы жарияланған «Қазақстан әйелдері» журналының 2011 жылғы №8 санын бәрімізге қолтаңбасымен таратып берді. «Нұрсұлтан, қаламың жүйрік болсын! Қадамың табысты, шабытың шабысты болсын! Автор, 01.07.2012» деген ізгі тілегі жазылып, қолтаңбасы қойылған сол журнал менің мұрағатымда ақын апаның көзіндей болып әлі күнге дейін сақтаулы тұр... Бурабайдағы жаймашуақ күндерден кейін Сәруар апамен жиі хабарласып жүрдік. Елордамызда өтіп жатқан әдеби-мәдени шараларға жиі шақырып тұратын. Ақын апа шақырған жерлерге оқу мен жұмыс арасында уақыт тауып, қалмауға тырысатынбыз. Кейде ұзақ уақыт бойы хабарсыз кетсек, ақын апаның өзі бірінші болып хабарласатын. Амандық-саулығымызды біліп, ата-ана, үй-іші, мал-жанымыздың амандығына дейін сұрап, түгелдеп отыратын. Үнемі емен-жарқын әңгімеге тартып, ақылын айтады. Басылым беттерінен жазған мақаламды, өлеңімді оқыса, дереу хабарласып пікірін білдіреді. Арқамыздан қағып, қолдау танытады. Осылайша, ешқашан қарапайым да дана қалпынан танбаған, жүрегі жомарт, жаны ізгілік пен мейірімге толы, адам баласына қабақ шытып, қатты сөйлеуді білмейтін Сәруар Аплашқызы менің де рухани жанашырыма, қамқоршы апама айналды. Тек маған ғана емес, көптеген жастарға, студент-шәкірттеріне қамқорлық танытып жүретін. Оқу ақысын төлей алмай жүрген әлеуметтік жағдайы төмен бір студентіне «қалайда көмектесуім керек» деп, жаны қалмай шыр-пыр болып хабарласқаны әлі күнге дейін есімде. Сол жылы желтоқсан айының басында К.Бәйсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің ұйымдастыруымен ІІІ республикалық «Тәуелсіздік толғауы» және ІХ республикалық «Елім менің» патриоттық әндер байқауының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. «Сәруар Қамаева апайымыз да марапатталмақ екен» дегенді естіп, бардық. «Елім менің» патриоттық әндер байқауының «Атамекен» номинациясы бойынша «Тәуелсіздік – ұраным» атты әндері үшін композитор Айсұлу Тани және ақын Сәруар Аплашқызы бірінші жүлдені жеңіп алды. Қуанышымызда шек жоқ. Өзіміз жеңімпаз атанғандай қуанып, мәре-сәреміз. Қуанышымыз басылмай жатып, аталмыш байқаудың «Ән сал, сарбаз!» аталымы бойынша елордалық сазгер Дмитрий Останьковичтің әніне, Сәруар апамыздың сөзіне жазылған «Сарбаздарым» әні екінші бәйгені жеңіп алғанын хабарлады. Бұрынғыдан бетер қуандық. Салтанатты кеш біткен соң, ақын апамызды ортаға алып құттықтап жатырмыз. Сөйтсек, ол кісіні құттықтауға келген жалғыз біз ғана емес екенбіз. Әріптестері, шәкірттері, туған-туысқандары мен келіндері – бір қауым ел жиналып қалыппыз. Сол бір қауым ел ақын апаға ерекше құрмет көрсетіп, құшағын гүлге толтырды. Сәруар Аплашқызы «жақсы күннің жарқын естелігі болсын» деп бәрімізді суретке түсуге шақырды. «Мені сыйлап, шашбауымды көтеріп келген жандарды қалай құр қол қайтарамын? Бәріңді қонаққа шақырамын, жақын жердегі мейрамханалардың біріне барайық», деп күтпеген жерден бәрімізді тығырыққа тіреді. Біз асығып тұрғанымызды айта бастап едік, ақын апа: «Ешқандай қарсылық қабылданбайды» деп кесіп айтты. Содан не керек, Сәруар апамыз Ұлттық опера және балет театрына жақын жерде орналасқан «Тапчан» кафесінде дастарқан жайды. «Дастарқанымды сен басқарасың» деп, тізгінді маған ұстатты. Сол кеште Сәруар апайдың даладай кең көңілі мен ақ пейілінің тағы бір куәсі болдық. Әрі ақын апаның туған-туыстарымен де танысып, жақынырақ білістік. Ол кісілердің де кейіпкеріміз туралы айтары көп екен. Бір сіңілісі ақынның көптеген өлеңдерін жатқа оқып таң қалдырды. Апамыздың қызықты оқиғалары туралы да әңгіме қозғалып, бәріміз күлкіге қарық болдық. Қызық болғанда, дәмханадағы музыка қоюшы жігіт танысым болып шығып, оңаша шақырып алып, нені тойлап жүргенімізді сұрады. Мән-жәйға қаныққан соң, «Сәруар Қамаева апамызды бүгінгі жеңісімен құттықтаймыз!» деп микрафонмен қайта-қайта бүкіл келушілерге жар салып, ақын апамыздың құрметіне музыкалық сәлемдемелер жолдады. Апамызды ортаға шығарып, ерекше ілтипат көрсетті. Сол күні аталмыш дәмханаға келгендердің барлығы дерлік жастар болғанымен, жастардан кем көңіл көңіл көтерген жоқпыз. Ертеңіне ертемен Сәруар Аплашқызы хабарласып, кешегі суретті шығарғанын айтып, «қайда әкеліп тастау керектігігін» сұрады. Мен өзім алып кететінімді айттым. Сәруар апа көтеріңкі көңіл-күйде отыр екен. Кешегі кеш қатты ұнағанын, бәрімізге риза болғанын, соның әсерінен таңға дейін өлең жазып шыққандығын жеткізді. Кетерімде қолыма «Мынау кешегі жақсы күннің естелігі» деп, артына «Нұрсұлтан» деп жазылған, марапаттау салтанатынан кейінгі түскен суретімізді ұстатты. Бірде Конгресс-холлда өткен концерттен кеш шықтық. Сәруар апамыз да тамашалауға келген. Сәруар Аплашқызын үйіне жеткізіп тастауға ұсыныс айттым. – Үйде мені кім күтіп отыр дейсің? – деді ақын апа салқын үнмен. Мен болсам, ештеңені түсінбей әлекпін. – Сен не білмейтін бе едің? Жалғыз ғана ұлым бар. Оның өзінің жасы біразға келіп қалды. Сүрбойдақ. Ащы сумен дос. Адам болатын түрі жоқ. Түбінде сол ұлдың күйігінен кетпесем болар еді, – деді сұраулы жүзімді көрген апа. – Сәруар апа, бәрі дұрыс па? Сізге не болды? – дедім айтуға сөз таппай тосылып қалған мен. – Ештеңе болған жоқ. Жәй... өзімше ғой... Уақытың бар ма? Апаңмен шәй ішуге қалай қарайсың? – Сізге уақыт табамын ғой, апа. Тек уақыт кеш болып кетті, дәмханалардың бәрі жабылып жатыр. – Уақытың болса, болды. Шәй ішетін жер табылар... Сол күні ақын апа ақтарыла әңгіме айтты. Мен тек арасында қоштап отырғаным болмаса, үнсіз тыңдаушы болдым. Тіпті, сөз арасында кейде ұлының қол көтеретіндігін де айтып, «Жалғыздықтан шаршадым...» деп қалғаны да есімде... Сәруар Аплашқызы өзі күлмей, ешқандай түр бермей әзіл-қалжың айтуға жүйрік болғанымен, біреуден көңілі қалып, болмаса мазасы болмай отырған кездерінде онысын жасырып қала алмайтын. Ол кісіге амандық-саулық білуге қоңырау шалған уақыттарымда жаны жабырқап отырғаны дауысынан айқын аңғарылып тұратын. Сондай жаны құлазыған сәттерінде алғаш академиялық кітапханада көргенімде оқыған өлеңін жатқа оқып берсем, балаша мәз болатын. Болмаса: «Нұржұман ағамызды алып қашып кетейік» десем, күлкісін тыя алмайтын. Кезінде апамыз Халық артисі Нұржұман Ықтымбаевқа ғашық екендігін әзілдеп айтып, ол кісіге арнап жазған өлеңдерін оқығанда, күлкіге еріксіз қарық болатынбыз. «Сен де қатырасың осы. Қалай алып қашпақсың? Одан да сыртынан ғашық болып жүре берейін» дейтін ақын апа рахаттана күліп. Алмахан Мұхаметқалиқызы апамыздың арқасында Ұлылар мекеніне жыл сайын сапарлайтынбыз. Жыл сайын саяхатшылар құрамы өзгеріп отырғанымен, белгілі дінтанушы Асан Омаров, ғалым ағамыз Омар Жәлел, ақын апа Сәруар Аплашқызы, арасында мен де бар, бұл сапардан қалыс қалмайтынбыз. Сондай сапардың бірінен оралып, бас қосып отырғанда аяқ астынан менің туған жерім, ата-анам туралы әңгіме басталып кетті. «Қашан үйленесің? Жасың болса біразға келді. Біз тойдан қалып қоймайық», – деді бір апам әңгіме арасында. «Әзір қартайып тұрған жоқпын. Жасым жиырма беске де жеткен жоқ. Әрине, тойдан қалмайсыздар ғой», – деймін мен әлі жас екенімді алға тартып. «Сенің осы ұнатып жүрген қызың бар ма? Сол қызды көрсетші маған. Басына қызыл орамал тағып, осында отырған апаларыңмен бірге ауылыңа өзім апарып берейін», – деді Сәруар апам бір кезде. «Нұрсұлтанның шешесі «ұлым басқа шеше тауып алыпты» деп шошып кетер», – дейді тағы бір кісі қағытып. – «Онда тұрған не бар? Жалғыз бармаймын. Сендер де барасыңдар! «Ұлыңа келін алып келдік» деп айтамыз», – деп беріспейді Сәруар апам. Сол күні сол әңгіме әзіл ретінде айтылып, жабулы қазан күйінде қалған. Ертеңіне түс ауа Сәруар апам хабарласып тұр: – «Базарды шыр айналып жүріп, сенің болашақ келіншегіңе қызыл орамал сатып алдым. Кешегі айтқаным – айтқан. Ешқандай қалжың емес. Кездесейік, саған алған қызыл орамалды көрсетпекпін». Бұл кездесуді сол күні кешке қызмет бабымен іссапарға жүргелі жатқандықтан, кейінге қалдыруға тура келді. – «Онда сен маған: «Келіншегімді бірінші болып сізге таныстырамын» деп уәде бер. Орамалды бірінші болып мен тағамын», – дейді ақын апа. – «Жарайды, апа. Сіздің айтқаныңыз болсын. Қызыл орамалыңызды жақсылап сақтап қойыңыз»... Бүгінде осы оқиға есіме түссе, жүрегім қанжылап, өкініштен өртеніп кете жаздаймын. Екі көзге еріксіз жас келеді. Ақ жүректі апатайым-ау менің! Сол қызыл орамалыңыз тағылмай қалатынын кім білген?! Рас, соңғы жылдары Сәруар Аплашқызымен айлап сөйлеспеген күндеріміз де болды. Ойламаған жерден көлік қағып кетіп, ұзақ уақыт бойы денсаулықтың қамын күйттеуге тура келді. Осы себепті қалта телефонымыздың нөмірі жиі өзгергендіктен хабар-ошарымыз сиреп, ақыр аяғында мүлдем хабарсыз қалдық. Бірақ, ақын апамыз қашанда ойымызда, жүрегімізде болатын. Сыртынан амандық-саулығын тілеп жүретінбіз. Сөйтіп жүргенде... мәңгілік сапарға аттанып кете барды... Ақын апамыздың қазасын Мәскеудегі ауруханада жатқанда естідік. Кейін білдік, Астанадағы №56 мектеп-лицейде өтіп жатқан іс-шара кезінде сөз сөйлеп, өлең оқып болып орнына отыра бергенде... жүрегі тоқтапты. Осыны естігенде менің көкейіме: ... Тұр еді ағытып ол жыр бұлағын, Сезбестен енді атпасын құла таңын. Жыр жазған парақтары түсіп қолдан, Тұрғанда өлең оқып құлады ақын. Өзіңсіз енді өмірдің бар ма мәні, (Жүрегім «өлді» деуге қарғанады). Жыр оқып тұрған кезде жүріп кеткен, Сен болдың жалғыз ақын жалғандағы, – деген жыр жолдары келді. Сәруар Қамаева – тек аяулы ақын, ұлағатты ұстаз ғана емес, ғибраты мол мықты ғалым да болатын. 1990 жылдың қыркүйегінен бастап Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Практикалық қазақ тілі кафедрасында өмірінің соңғы күндеріне дейін еңбек етті. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сәруар Аплашқызы Абайтану және Шәкәрімтану мәселелерін зерттеп, ғылыммен жүйелі, тұрақты түрде шұғылданды. Ел арасынан ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, көптеген тарихи жәдігерлердің жоқтаушысы болды, шежіре-дастандардың шығу төркіні туралы зерттеулер жүргізді. Республикалық басылым беттерінде ана тіліміз туралы үнемі мәселе көтеріп, «Жиен» сөзін неге жатырқаймыз?», «Өлең – күміс, қоспаңыз мыс аралас» секілді тағылымды мақалалар жазды. Ұлт жанашыры бола білген Сәруар апамыздың артында 200-ге тарта әдеби-публицистикалық, 60-тан аса ғылыми-зерттеу еңбектері қалды. Көзі тірісінде «Жыр жұлдызын таңдадым...», «Оңаша оймен сырласқанда» атты жыр кітаптары жарық көрді. Сәруар Аплашқызының тек әдеби ғана емес, ғылыми еңбектерін зерттеп-зерделеп, бір жүйеге түсіру, ақын атындағы әдеби жүлделер тағайындау – өзі еңбек еткен университет, кафедра ғалымдары мен шәкірттерінің мойнындағы кезек күттірмейтін іс деп ойлаймын. Жүрегі жақсылыққа толы, айналасындағы адамдарға үнемі қуаныш пен шаттық сыйлап жүретін, жүзінен шуақ төгілген Сәруар апамыздың орны бүгінде ойсырап тұр. Шынымды айтсам, сізді, сіздің маңдайымнан сипайтын аялы алақаныңызды, мейірімге толы сөздеріңіз бен әдемі әзілдеріңізді сағындым, жан апа! Дүние – көшкен керуен. Біз де мәңгілік емеспіз... Бірақ, бір нәрсе анық. Ол – сіздің аялы алақаныңыз бен ыстық мейіріміңізге шомылып, тағылымды тәрбиеңізге қанып өскен біздей жандар барда, сіздің есіміңіз ешқашан өшпек емес! Сіз менің жүрегімнің мәңгілік төріндесіз, анамдай болған ақылшы апам менің! Бақұл болыңыз, ардақты да аяулы ақын апа! Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ, журналист, АСТАНА. .

806 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы