• Руханият
  • 02 Қыркүйек, 2011

Хиджабтағы қазақ қызы

Жұмамұрат   Шәмші

1977 жылы Өзбекстанның Навои облысы, Тамдыбұлақ ауданында дүниеге келген. Бүгінде тарихи Отанында «Оян, Намыс» журналында қызмет атқарады. Тарих ғылымдарының  кандидаты.

Жаратушы Алла Тағала адамзатты нәсіліне, ұлтқа бөліп жаратқаннан кейін әр ұлт салт-санасын, діні-тілін ұстанып, ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпын сақтауына ерекше көңіл бөлуі шарт. Қазақ халқы үлкен мен кішінің, ұл мен қыздың киім-киісі мен жүріс-тұрысына да зор мән берген, ұлттық қадір-қасиетін сақтай отырып, ислам дінін ұлықтай білген. Бұл бұрын еді.

Қазіргі таңда жағдайымыз қандай? Оған алысқа бармай-ақ күнделікті өмірде, өзім куә болған оқиғадан аңғаруға болады. Жуырда Астана қаласының жолаушылар тасымалдайтын «маршруткаларының» біріне кірген едім. Менімен бірге хиджаб киген әдемі қазақтың қызы кірді, жұрттың бәрі әлгі қызға қарап бір-бірімен «вахабистка», «талибанка» деп басы жоқ, аяғы жоқ келекелеп күле бастады. Келесі аялдамадан қарнын жарқыратып кіндігіне персинг ілген, жамбасына тотилировка ұрған, жартылай жалаңаш өз-өзін «жарнама» жасаған бір «шайтан» кірді, қыз деуге дәтім бармайды.

Әлгі сыбырлап отырғандардың аузына құм құйылды. Жұрт қараса, ұялудың орнына, қараған үстіне қарай берсе екен дегендей, жасанды сызыла түседі. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген рас.

Ұятты жерлерді жабық ұстау Ислам дінінде міндет етілген. Байырғы қазақтың бүрмелі көйлегінің етек-жеңі кеңдігі имангершіліктің қайнарын көрсетсе, камзолдарындағы ою-өрнегі эстетикалық сұлулықтың көрінісін паш етеді. Табиғаттың тылсым сырларын бейнелейтін ою-өрнек Алла тағаланың жаратқан нығметтерін білдіріп қана қоймай, ұлттық ерекшелігімізді әйгілейді. Оның астарында аспан әлемі жан-жануар, өсімдіктер, геометриялық пішіндегі заттар бейнесі жасырынып жатқаны белгілі.

Көйлектің күн ыстықта салқындығымен қоса әйел затына тән нәзіктік сыйлайтыны хақ. Жер бетіндегі демократияның діңгегі берік орнаған елдердің өзінде діни бірлестіктер саны көп емес көрінеді және дәл біздегідей оларда «босағадан бас сұқпай жатып, төр менікі»дегізбейді, заң талаптарымен үнемі тізгіндеп отырады. Елімізде бар жоғы 8 мың армян ұлтының өкілі өмір сүріп отырғанына қарамастан, олардың 50 шіркеуі бар екендігі біздің атқарушы билікті қатты ойландыруы тиісті оқиға ретінде танылмай отырғандығы қынжылтады.

Дін сияқты санаға, ұлт бірлігіне тікелей қатысты мәселеде есік-тереземізді әлемге ашып тастап, жалпақшешейлік жасадық. Нәтижесінде қазақ бірлігі бұзылды. Діни негізінде ата-балаға, бала атаға жау болып жатқан жағдайлар тіркелген. Адамды ата-анасынан, қоғамнан, мемлекетінен бездіретін әзәзіл экстремистік пиғылдағы діни секталардың бұйдасын түріп, халық арасына тайрандатып жібердік. Отанымызда Әнұранын айтудан бас тартқан қазақ ұрпақтары пайда бола бастады.

Бұл да жұрттың бәріне ұнап, арзан абыройға ие болғысы келген саяси элитаның қатесі. Ол қателіктің дүмпуі әлі алда. Діни тұрғыдан қырық руға бөлінген қазақ күндердің күнінде өзара қырықпышақ болуы әбден ықтимал. Бүгінгіден арғыны болжай алмайтын саяси меркантилизмге ұрынған қазақ элитасы халқының сорына сондай болашаққа жол ашып қойды ма деп қорқамын.

Бұл кесел тым асқындамай тұрғанда ес жинау керек. Ел аралап тайрандап кеткен секталарға ұлт рухын ойрандап кетпей тұрғанда тосқауыл керек. Халықаралық ұйымдарға аңқылдап, асқазанымызды көрсетпей, сана бостандығын аштыңыз деп арқадан қаққанға мәз болмауымыз қажет. Сол халықаралық ұйымдардың да мақсаты қазақ халқын шоқындыру болмасына кім кепіл?

Сырттан келген сырты жылтыр ұсыныстардың бәріне тек ұлттық мүдде тұрғысынан қарағанда ғана ұтылмаймыз. Қазақстанда қазақ мәселесі шешілмей, өзге ұлыстардың да мәселесі шешілмек емес. Үй қожасы тынышталмай қонақтың жағдайы болмақ емес. Терең түрлі процестерге төтеп беріп, ұлттық сана мен болмысты сақтап қалу үшін жеке этносқа алдымен өз дініне деген беріктік керек.

Елу миллион халқы бар Оңтүстік Кореяны отыз жылда шоқындырып үлгерген қара пиғылдағы діни секталар он миллион қазақты әп-сәтте діни сенім арқылы санамызды улап, ұлттық тұтастығымызға іріткі салып, іргемізді біртіндеп сөгуі әбден мүмкін.

Түсік тастауға ресми түрде рұқсат берілген заң мұсылман елдері ішінде тек біздің елде ғана бар екен. Бұл масқара ғой.

Жақында Атыраудағы агротехникалық колледжде оқитын қазақ қызын хиджаб кигені үшін оқудан шығарыпты. Атырау университетіндегі бір топ студент қыздарды мұсылмандық үлгідегі киімдері үшін бірнеше күн сабаққа кіргізбей қойған. Олардың бірсыпырасы оқудан шығып қалмау үшін етектерін қысқартуға мәжбүр болған. Хиджаб киген қыздар дін жолын ұстанған біраз құрбы-құрдастарының биыл студент атанғанын айтады. Алайда олар орамалға қатысты талап әу баста оқуға қабылданған кезде өздеріне неге айтылмағанын түсіне алмай, енді өздерінің құқықтарын заң жолымен қорғауға кірісетіндіктерін айтып отыр.

Осындайда не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Біз өзі мұсылман мемлекетіне жатамыз ба? Әлде... түсіне алмай қайранмын. Келімсек секталар мен ағымдардың тайраңдап жүргеніне төзіп келе жатырмыз. Биыл Ислам конференциясына төрағалық етеміз. Оларды одан бетер тайраңдата түсе ме?

Кезінде Бернард Шоудың сөзіне сенетін болсақ, «Мен Мұхаммед әкелген дінге оның ғажайып өміршеңдігі үшін үлкен құрметпен қарадым. Еуропа үлкен құлдырау жолында тұр. Салтанатты сарайлардың саясында жан күйзелісі, ақылдан адасу, өзіне  қол сұғу, ұятсыздық, бір жыныстық махаббат, нашақорлық,  маскүнемдік, әйел зорлау, қарақшылық, жыныстық аурулар қозып жатыр.

Адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен сенімі жоғалды. Бәрі өлімнен үрейлене қорқады. Отбасы тұтастығы мен оның мүшелері арасындағы байланыс үзілген. Мемлекет басшылары бұл жағдайдан шығудың жолдарын таба алмай дал болуда. Зиялы қауым рухани жұтаңдықтан әрекетсіз. Еуропаның алдында құтылудың жалғыз жолы тұр. Ол – Ислам жолы. Басқа таңдау жоқ».  Бұл атақты Бернард Шоудің жан күйзілісінен туған сөз. Еуропаның таңдауы Исламға түсті.

Барша қауымды тәуба мен шүкіршілікке  шақыратын, талайды мойындатқан, ақиқатпен суарылған дініміз қалың қытай арасында да кеңінен қанат жайып келеді.

АҚШ-тың көптеген штаттарында мұсылмандар санымен қоса, мешіттер саны да қаулап өсу үстінде.

Бір Францияда 1990 жылы мешіт саны 1300 болса, қазір 6200-ге жеткен. Біздің Қазақстанда Алланың жердегі үйі 2280 боп тіркеліпті. Бірақ біз Бельгиядағыдай имандылық сабағын мектептерге енгізе алдық па?

Діни хабар Данияда әр жұма сайын түрік мәдени орталығы мешітінен тікелей беріледі. Латвия, Литва мен Эстонияда да мұсылмандар саны күн санап өсіп келеді. Бұған статистикалық деректер дәлел. Жалпы, алдағы 20-30 жылда әлемді Ислам билейді деген қауесет шындыққа жанасады. Сондықтан жаратқанның хақ дінінен адаспайық, ағайын.

581 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы