• Бас мақала
  • 06 Қыркүйек, 2017

БІРТҰТАС ҰЛТ БОЛУ ҚАДАМЫ

Анаркүл  Салқынбай Филология ғылымдарының докторы, ҚазҰУ профессоры

Қазақстан Республика-сының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев-тың көктеменің тәуір айы сәуірде «Егемен Қазақстан» республикалық газетіне жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ұлттық рух пен ұлттық сананың кемелденуіне, ұлттық салт-дәстүріміз бен тілімізді, мәдениетімізді сақ-тауға, бағалауға, бағалай отырып, жаңғырта дамытуға үндейтін, іргелі бағдарламалық бағыттағы құжат. Алғаш ойымызға келген нәрсе: Елбасы қаламынан шыққан мына жазбаның мақала ауқымынан әлдеқайда кең, көтерілген мәселенің ірі екендігі. Мақаладан гөрі Елдің ертеңгі рухани, мәдени өсуінің бағдары, бағдаршамы дерсіз. Әр сөйлемде үлкен мән бар, ой бар, сұрыпталған сөз, іріктелген тіркес, көптен толғандырып жүрген ойдың әсерлі толқынысынан туған тұжырым бар. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» – ең алдымен, еліміздің біртұтас ұлт болуын мақсат етіп, соған барар жолдағы ұлттың рухани болмысының мәні қалай болуы керек, нені негізге алып, қандай базалық құндылықтарды сақтауымыз қажет, ертеңгі ұрпаққа табыс-тар мұрамыздың сипаты қандай болуы керек, бүгінгі жастар мұраты қандай, батысқа еліктеу еліміздің болашақ межесіне үлгі бола ала ма дегендей бүгінде қазақ қоғамын іштей толғандырып жүрген басты мәселелердің шешімі мен оның бағдары осы бағдарламада кеңінен қозғалып, тиянақталған. ХХ ғасырдағы батыстық жаңғырудың үлгісі бүгінгі егемен қазақ еліне үлгі бола алмайды дейді Елбасы, өйткені «жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу». Ұлттық код қайда? Ұлттық код – ең алдымен, тілде, сосын дәстүріміз бен салтымызды, мінезімізді айқындайтын ділде, ұлттық мәдениетте. Қазақ баласының тағылымы мол тарихында мәдени-рухани болмысы ізгілікпен әдіптеліп, қарапайымдылықпен шыңдалып, парасатпен шырайланған. Ұлттық кодымызда ізгілік, адалдық, перзенттік инабаттылық, адамгершілік, парыз, этикет, ақыл-парасаттылық кеңінен өрістеген, молынан қамтылған. Ұлттық кодта парыз бен әділдік қатар сомдалып, Ж. Баласағұни, М. Қашқари, А. Иасауи, Абай мен Шаһкәрім, Ахмет пен Әлихан, Мағжан мен Міржақып шығармашылығы арқылы халыққа дәріптелген, астары мен арқауы мықты оралымды сөз өрнегімен, ұғынықты тілмен өрілген. Қазақтың ұлттық кодында әділдік тұжырымдамасы ежелгі дәуірден бастап жинақталып, үлкенге деген сыйластық болып танылған. Сыйластық пен ізгілік, ізеттілік пен имандылық қазір енді этикетке айналған тұста, осы ұлттық кодты дамыта отырып, рухани мәдениетімізді жаңғыртуымыз қажет. Ұлттық кодымызда ұят категориясы бар. Бесіктен белі шықпаған баладан бастап, ұят боладыны айтып өсірген ата-ана баласын жақсылық пен жауыздықтың бөлінетінін айтып, мінезін қалыптастырады. Жауыздықпен күрес пен жақсылықты дәріптеу коды қазіргі мораль мен өнегелік категориясын дамыта түседі. Ұлттық кодқа негізделген ұлттық сананың кемелдене дамуын Елбасымыз үлкен мәселе етіп көтеріп, екі қырын атап көрсетеді: ұлттық сананың көкжиегін кеңейту және ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. «Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қатерінің» де бар екенін ескертеді. Ол қандай қатер деңіз? Қатер мынада: өзгенің ұлттық даму үлгісі жұрттың бәріне ортақ әмбебап үлгі бола алмайды. Елбасымыздың көрсетуінше, «іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда». Дер кезінде және нақты айтылған пікір дер едік. Елбасымыз бұл қатерді неге ескертіп отыр. Демек, өзге ұлттың даму үлгісінің бәрін көшіріп ала беру, өз еліміздің ерекшелігін, халқымыздың ділін, мінезін, рухани және материалдық құндылықтарымызды ескермеу бізде жоқ емес. Осы қатер туралы қазіргі басшылар да көп ойланса, нұр үстіне нұр болмақ. Осы тұрғыда, қазіргі уақытта халық көңілінен шықпай, ерекше алаңдатып отырған мәселенің бірі – бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін енгізу, жоғарғы сыныптарда жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту дер едім. Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде мектепте және жоғары оқу орындарында жаппай оқыту қазақ тілінің ғылым тілі бола алмайтындығының басты кепілі болмақ. Қатер ме? Әрине қатер. Білім жүйесінде шетелдің бәрі жақсы екен деп, түгел сол жүйені көшіріп әкеле салғанда, жоғары деңгейде дамып кетеміз деу күпірлік қана емес, оның ар жағында ұзаққа шаба алмайтын шабандық та жатады. Елбасымыз ескертіп отырғандай, қазақ білім жүйесінің өзінің дербес даму үлгісі жасалуы қажет. Ол ұлттық сананы, ұлттық рухты асқақтатып, жастардың бойындағы ұлттық сананың кемелденуіне жетелеуі тиіс. Н. Ә. Назарбаевтың «ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деуінің мәнісін терең түсіну абзал. Бірінші сыныптан балаларға үш тілді оқытуды немесе жаратылыстану пәндерін тек ағылшын тілінде оқытуды қолдамау үштілділік идеясына қарсылық емес. Ағылшын тілін оқудың, үйренудің бүгінгі таңда еліміздегі жастар үшін мотивациясы да жоғары, мүмкіндігі де мол. Болам деген баласына ата-анасы кез келген тілді ақылы түрде оқыта алады. Бұл біздің ұлттық кодымызда жаңғырған, қажеттілікке айналған, кодталған мінез. Ал оқығысы келгендерге арнап, тегін әрі өз қалауынша оқып үйрену үшін, ағылшын курстарын ашып қою арқылы да көп мәселені шешуге болар еді. Елбасымыз таяу жылдардағы басты міндеттердің бірі және негізгісі ретінде қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын біртіндеп бастау керектігін нақтылайды. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап айтыла бастаған бұл мәселенің қазір шешілетін сәті келгендей.Әлеуметтік желілердегі кешелі-бүгінді жазылып жатқан пікірлер легін саралау да, көпшіліктің бұл реформаны қолдайтынын аңғартады. Қазақ жазуының өткен тарихы қиын. Қазақ еліне өз өктемдігі мен өкімдігін жүргізгісі келгендердің барлығы оның рухани болмысына жасайтын шабуылын, ең алдымен, жазуды өшіруден бастаған екен. Кез келген жазу сол ұлттың дәстүрлі мәдениетін, елдігін, тарихи жадын сақтайтын жәдігер екенін ескерсек, мұның мәнісі түсінікті де. Араб жаулаушылары атының тұяғы жеткен жерлердің барлығында түркілік таңбаларды жоюға күш салыпты, орыс колонизаторлары қазақ еліне кең тараған араб жазуымен, араб мәдениетімен күресіп, жазуды өшіріп, ақыры өз әліпбиін енгізген. А. Байтұрсынұлының төте жазуының тағдыры қалай болғаны бүгінгі көзі ашық қауымға белгілі. Қазақтың қайран тілі көшпенді ғұмыр-тіршіліктің арқасында жазуға мойынсұнбағандықтан, өзге тілдердің ырқына көне қоймай, өз болмыс-бітімін сақтай дами берген. Ал қазіргі жай басқаша. Тәуелсіз Еліміз әлемдік өркениетте өзіндік орнын белгілеп, алдыңғы қатарға шығу үшін ұйымдасуда. «Тарихтың темір қақпанына түспеу үшін» эволюциялық даму бағытымен, өркендей дамуды басты бағдар ретінде белгілеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтауды қалайды. Қазір бірінші сыныпқа барған балалардың 90 пайыздайы қазақ сыныптарында отыр, жоғары оқу орындарындағы аудиторияларда қазақ топтары 85-90 пайызды құрайды. Демек, латын әліпбиіне көшудің ең басты алғышарттары орындалды деуге толық негіз бар. Ендігі басты мәселе қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау. Біздің пайымдауымызша, мұндай стандарт бізде бар. Ол Ахмет Байтұрсынұлы жасаған әліпбидің негізін сақтайтын латынша таңбалық нұсқалары. Қазіргі тілші ғалымдар емлелер мен жазу ережелерінде бірізділік болатындай жақсы емлелерді өзара анықтап алып халыққа ұсынуы тиіс.

332 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы