• Әдебиет әлемі
  • 06 Қыркүйек, 2017

Новеллалар

Ғарифолла ЕСІМ

ИІС

Әңгіме ес білгеннен басталмақ. Ес дегеніміз өзіңді сезіне бастауың, яғни кім екеніңді анықтауға басталған қадам. Ес білген бала әкесін, анасын таниды, содан кейін қалған туыстарын түгендей бастамақ. Әрине, одан да басқа заттар, құбылыстар көп, сірә, олармен бірге өмір сүру тәжірибесі ес кірмеген кезден-ақ сезіне басталып, үйренген сияқтымын, ол ыстық, суықтан сақтану сияқты табиғи рефлексиялар. Менің ес білгендегі халім, осы өмірім өзіме сай деген тұрақты сезім. Маған осыдан өзге ешнәрсе қажет емес, себебі өзге дүниеден хабарым жоқ. Маған белгілісі, әке-шешем және өз туыстарыммен бірге болу. Егер отбасының әлдекімі жоқ болса, алаңдайтынмын, ол көбінесе әкеме қатысты. Ол көбінесе үйде болмайды, анам үнемі қасымда, бұл жайлы тұрмыс. Мен төрт, мүмкін бес жастан бергі өмірімді есіме толық болмаса да түсіре аламын. Бұл кезде тілім шыққан, адамдардың, хайуандардың атау-ларын біле бастадым. Сол кезден үлкендердің бір ерсі қылығы есімде қалыпты. Бес-алты жас шамасындамын, үйге қаладан «құдалар» деген қонақтар келді, үстеріне шашқан әтір иісі маған бөлмеде сіресіп, тұнып тұрғандай әсер қалдырды. Үй толы адам, олардың екеуін біздің үй іші «құдағилар» десуде, бұл сөздің мәнісі маған ол кезде түсініксіз. Бүгінде құдағи десе, үстіне әтір сепкен (шамадан тыс), кісімсінген егде тартқан әйелдер елестейді. Олар мені шақырып алып, әртүрлі маталар туралы, олардың түсі, сапасы туралы сұрай бастады. Мен әрбір матаны қолыммен ұстап, уқалап барып, олардың түсін және өзімше сапасын айтамын, сірә, сондағы сөздерім көк, көкшіл, бархыт, т.б. болса керек. Маған ұнамағаны – құдағилардың сөздері өктемдеу көрінді, әдеп сақтап сұрақтарына жауап беріп отырдым, тек біреуі басымнан сипағанда, отырған орнымнан атып тұрып, далаға шығып кеттім. Олар қайтқанша бұл үйге енбедім. Ойладым, неге үлкендер балаға мүсіркей қарайды, неге өздерін білгіш санайды, неге бойларында мұрын жаратын жат иістер бар деген сияқты күйде болдым. Кейін білгенім, олар қала тұрғындары екен. Шынында, бізге құдағилар болып келеді, сонымен бірге, алып-сатарлық кәсіптері де бар екен, сірә, осы сапарда қонақ бола келіп, сатуға маталар әкелген көрінеді. Иіс дегеннен шығады, мен анамның және әкемнің иісін бірден білемін. Әкемнің үйде екенін көрмей-ақ иісінен білетінмін. Бұл иіс маған шексіз қуаныш әкелетін. Ол керемет иіс болатын. Анамның иісін оның жасаған тағамдарынан табатынмын. Әр адамның тек өзіне тән иісі барлығын, мен бала кезден жақсы білемін. Ол Есім атамның иісі. Бұл иіс керемет еді. Айналсоқтап қасынан шықпай, әңгімесін тыңдап отырып, сол тізесін құшақтап, талай ұйықтап қалғам. Жақсы түстер көресің, атамның әңгімелері түсіме енеді, әңгімені толық тыңдамасам да оның жалғасын түсімде көргендей боламын. Атамның тізесіне сүйеніп ұйықтап жатып түс көру ғажап, мені көтеріп жеке төсекке жатқызбақ болғанда оянып кететінмін, себебі атамның иісінен алыстап бара жатқанымды сезініп оянатынмын. Бүгінде өзім ата болдым, немерелерімді иіскегенді ұнатамын, олар не сезінеді, білмеймін, мен бір рахаттанып қаламын. Сірә, отбасы деген сол, ең жақындарыңның иістерін сезіп жүру, мүмкін туыстық деген де осы шығар. Бала болған соң шектен шықпай жүру мүмкін емес. Сондай шектен шығудың бірі суықта жалаң бас, жеңіл киіммен сыртта ойнап жүру, сөйтіп тұмау болып ауырасың. Ол кезде дәрігерлік көмек деген атымен жоқ, анам өз білгенін жасап, мені емдеп әуреге түседі, арнайы тамақ жасап береді, сондағы ойымда қалғаны, ұсақ-ұсақ етіп туралған қуырдақ. Соны жеп, ыстық шай ішіп, екі-үш күнде тұрып кетемін. Бұл тағам өте дәмді, әрі шипалы болатын, себебі онда анамның саусақтарының иісі болушы еді.

ҚАРА-ҚҰДЫҚ

Бала кезден санама әбден сіңісті болған осы «Қара-құдық» естен кетер емес. «Қара-құдық» деп аталатын, мен білетін кезде 5-6 отбасы ғұмыр кешкен елді-мекен, оған қайтып оралмағалы жарты ғасырдан асты. Зымырап өтіп жатқан уақыт көп нәрсені ұмыттырып үлгереді емес пе? Неге, қайдағы бір Қара-құдық есімнен елес болып өшпей қойды. Балалық шақ әркімнің өз құпиясы, мүмкін, сарқылмас қазынасы! Адам ғұмырының екі өлшемі бар, бірі – оның балалық шағы, екіншісі – өмірінің соңғы уағы. Екеуінің арасы өткінші – ғұмыр. Ол жай ғұмыр емес, дария-ғұмыр. Ол дария-ғұмырдың қыр-сырын, сірә, адам баласы біліп, түсініп болмақ емес. «Кісі айтпаған сөз бар ма» дегендей, ол бұлбұлша сайрап өтетін ғұмыр. Өткінші жалғанның соңғы жоталарына көтерілгенде, қариялық ене бастағанда, бір тылсым күш сені бейқам балалық шағыңа бастай беретініне таңым бар. Сол балалық шақтың санамдағы бір архетипі – «Қара-құдық». *** Қара-құдықтан анаммен бірге талай қауға тартып су алып іштік. Аяғымызбен жер басып жүріп, Қара-құдықтан қауға тартып, біздің су ішкенімізді қойшы, тәйірі. Орнынан тұрып кете алмай, сал-сал боп төсек тартып жатқан әкемнің, менің апарып берген суымды ішкенін айтсаңшы. Ол әрқашан сусындап болып: - Қара-құдықтың суы дәмді, - дейтін. Мен оған керемет разы болатынмын. Әкемнің разы болуынан басқа бұл маңда қуаныш жоқ. «Қара-құдық» ауылын мұң басып тұр. Әкем осы Қара-құдықта трактормен сүйреп шөп тасып жүрген шананың астына түсіп, мертігіп, ауыр халде жатқанына, міне, айдың жүзі болды. Сынықшы Мералым, оң қолы мен жауырын сүйектерін жиып-теріп орнына салып: «Ғаба, жасыңыз елуден асты, демек елу күн қозғалмай осы жерде жатыңыз», - деген соң, бала-шағаларды жинап шешем осы жерге көшіп келген. Тұрып жатқан бөгде үй. Шағын үйдің төргі бөлмесін бізге берді, бәрі бір, ас-су аралас, тұрмысқа өте қолайсыз. Байқаймын, үйдің иелері бізді жақтырмайтын сыңайлы. Оларға да кінә жоқ, өздерінде төрт бала, оған үйелмелі-сүйелмелі сонша баламен біз үйлеріне еніп алдық. Амалсыздан, әйтпегенде көрген күніміз күн емес, оның үстіне селт етіп қозғалмай төсекте әкем жатыр. Қара-құдық дегенде шарасыздан болған отбасымыздың қиналысы есіме ене береді. Сондағы шешемнің халін көрсеңіз, баяндауға тіл жетпейді. Төсек тартып жатқан күйеуі анау, өз қолдары аузына жетпеген біздер, жоқшылық, тіптен, от жағатын сіріңке де, май шамның керосині де қат. Маған, әсіресе, ауыр тиетіні үй иесінің әйелінің бізге деген суық көзқарасы. Әттең, күйеуінен қаймығады, әйтпегенде, мына қыс айында үйінен бізді айдап шығуға әзір. Қайтсін бейшара, қазақтың шағын үш бөлмелі үйі, біз болсақ кең деген төргі бөлмені жайлап алғанбыз, өздері кіре беріс пен пештің арғы қуысындағы бөлмеде алтауы сығылысып жан сақтауда. «Амал нешік» деген осындай жағдайда айтылатын шығар. Тұрмыс ауырдан төмен. Оқиға дегеннен шығады, әкем сабырлы жан еді. Бар жағдайды көріп, біліп жатып, кешке таман бізге «Қара-құдық» туралы тарихи әңгімелер айтатын. Соның еміс-еміс есімде қалғаны.

*** Ерейментауды мекен еткен аталарымызға Ертіс бойлай, оның оң жақ өңіріне өтіп, сол жерді мекендеу қажеттілігі болыпты. Әкем оны бізге хан үкімі деп түсіндірді. Хан айтты, болды. Қалың халық Ертістен өтіп, оның оң қапталындағы осы Қара-құдықтан бастап Малыбай көлі аймағы қоса ресми хатталып, Қонысбай бабамыз ұрпақтарымен ғұмыр кеше бастаған. «Сонда, - дейді әкем, қалың жылқыға осы жерден құдық қазып суарғанда, суы таусылмаған, содан бұл жер «Қара-құдық» деп аталып кеткен. Бұл ата-жұрт», - деп, әкем өзінің де, біздің де күпті көңілімізді жұбатып қоятын. Әкемнің әңгімесі ұзақ болатын, мен сау қолы жағын алып, құшақтап жатып ұйықтап кететінмін. Түсіме өзім көрмеген Хан, оның әскері енетін. Әңгіме ертеңінде де жалғасатын. Әкем не айтса да бәрі қызық көрінетін. Әңгімеден басқа серпіліс жоқ. Көктем шыға, бір күні ат жегілді, арбаға жұмсақ төсектер төселді, оған әкем шалқасынан жатқызылды, біздер төңірегінде үймелесіп отырдық, шешем қолына божыны алып: - Ал, шу, жануар, жолымыз болсын, - деді. Бағыт осы жерден шамамен отыз шақырымдай жердегі аудан орталығы, Лебяжі селосы, мен бұрылып артыма қараймын. Қара-құдықтан ұзай бердік, есіме әкем айтқан әңгіме түсіп, бабамыз Қонысбайдың үйір-үйір жылқылары суға бас қойып, шұрқырасып жайлауға жөңкіп бара жатқан сияқтанды. Айдан аса отбасымызбен азап шеккен мекен Қара-құдық артта қалып барады.

ЕРЛІК

Кемпір немересін емірене, басынан сипап отыр. Ойына қайдағы-жайдағылар оралады. Бұл немересінің тағдыры көз алдында, айтпағы, мұның бұл әлемге қалай келгені туралы жыр. Иә, иә, дәп солай болған, бірақ бұл құпияның аузы ешқашан ашылмақ емес, оны білетін екеу, бірі өзі, бірі келіні. Кемпір өз білетінін көрге бірге ала кетпекке әлдеқашан бел буған. Ал, келіні ше, ол да солай болса керек, оның үстіне ол бейбақ (немересінің әкесі) жол апатынан қайтыс болғанын ұзын құлақтан естіген, оның сол кезде отбасы бар болғанын да білген. Кемпір немересіне телміре қарап отырып ойға кетті, қалай, қалай болып еді, міне, ол оқиғаға да жеті жылдың жүзі болды. Уақыт құм, бір із қалдырсайшы. Кемпір ойын тыстан немересіне атын атап шақырған әкесінің дауысы бұзды: - Әй, Ғайыптан, жүр, отынға бірге барайық. Немересі лып етіп, әкесіне жүгіріп шығып кетті. - Әй, қарағым-ай, бар, бар, - деуге ғана кемпірдің шамасы келді. Жалғыз қалған кемпір ойын жалғастырып, өткен күндердің елесін көз алдынан өткізе берді. Жалғыз ұлы үйленген соң, айықпас дертке ұшырады. Келін жүкті болып, айдай сұлу қыз бала өмірге келді. Кемпір атын Айсұлу қойды, нағыз сұлу болып бойжетіп келеді. Дерт ақыры дегеніне жетіп, жалғыз ұлы көз жұмды. Кемпірдің қабырғасы қайысты деу әншейін, орнынан тұрып аяғын баса алмай біршама күндер жатып қалды, әйтеуір ұлынан қалған қыз болсын, тұяқ бар, соны медеу етіп, қыбырлаған тіршілікке араласып кетті. Күндер әйтеуір өтуде, кемпір қайғысы ашылар емес, басында жалғыз ұлының қайғысы болса, енді қол-аяғы балғадай көрікті келініне қарап одан сайын қайғы жұтуда. Баласының қырқы өтпестен келініне қырындаушылар байқала бастады. Әлденені сылтау етіп, бұл үйге бұрын басын сұқпайтындар келетінді шығарды. Кемпірдің зығырданы қайнайды, қолдан келер шара да жоқ, амал да жоқ. Байқайды, келіні келушілерге кет әрі емес. Олар жәй келмей, отын-суға көмек жасауда, бұл келінге ұнайтын сияқты. Өмір деген сол, тірі адам тіршілігін жасамақшы. Кемпір ішінен: - Иә, құдай баламның жылына дейін келініме нысап бер, - деп тілейтін. Ол ел-жұрт сөзінен қауіптенетін. Өсек деген шілдедегі өрттей, бір тұтанса, өшу қайда. Баласының «жылы» жақындап қалған кез. Осы ауылға іс-сапармен келген қасында көмекшілері бар Ж. деген сұңғақ бойлы, сымбатты жігіт пайда болды. Оның шофері кемпірге туыс болған соң, бір-екі рет шәй ішіп кетіп еді. Жайдары, мінезге бай жан екен, кемпірге ұнады. Кемпір байқайды, бұл азамат өзіне ғана емес, келініне де ұнаған сыңайлы. Соңғы келгенде, оның келініне қараған көзқарасы кемпірдің зәресін алды. - Япыр-ай, мына көзқарасқа келінім қайтіп шыдасын, япыр-ай, бұл қиын іс болды ғой, - деп жүдеп қалды. Қас қылғанда бір күні шаруаны ыңғайына орай Ж. азамат шоферімен осы үйге қонатын болды. Астан кейін төсек салынып, қонақтар басқа бөлмеге жатты, кемпір төсек салуға кіріспек болып ынта білдіріп еді: - Апа, мен бала емеспін ғой, өзім де білмеймін бе, - деді жайраңдап. Келіні қандай іс болсын басын ашпай, оны ойын-қалжыңға айналдыратын әдеті бар еді, осы жолы да солай болды, несін айтасың, қылықты. Кемпірде ұйқы жоқ. Ұйқы кемпірде ғана емес, Ж. азаматта да, келінде де жоқ. Үшеуі де арпалысып, аласұрып жатыр. Қорылға басқан шофер, пысылдап жатқан Айсұлу ғана. Кемпір Ж.-ның мысықтай басып, келініне барғанын сезді. Дыбыс беріп сескендіруге азаматқа деген құрметі жібермеді. Тың-тыңдап жатыр. Артық қимыл, дыбыс жоқ. Ішінен пендешілігі ұстап, о несі екен, - деп те қояды, денесі қызығып, қызғаныштан жарылардай халде. Қанша шыдасын, қалғып кетіпті, тосын шудан шошып оянды, келінінің дауысы: - Кет деген соң, кет, жолама, неге бізді басынасың, - деп Ж.-ны төсегінен қуып жатыр екен. Бұған кемпір іші жылып: - Не болды, қарағым, - деп іс мәнісін білмегендей дыбыс берді. Болған оқиға кемпірге белгісіз, ол келінінің құпиясы. Қасына мысықша басып Ж. келгенде, алғашқыда шу шығарып қуып жібергісі келді де, ойға қалды. - Неге мен мынандай асыл азаматты қадір тұтпаймын, одан да не ойы барын біліп, анық-қанығына жетейін, әйтеуір әзірше басым бос, - деген шешімге келді. Ұзақ әңгімелесті, одан арғыға жібермеді. Анық білді, мұнікі нәпсіқұмарлық, қызығушылық, аржағы жоқ. Әйелі, балалары бар екен. Тұйық. Ендеше, оның не керегі бар, бірақ желімдей жабысқан бір сезім оны жіберер емес. Онысы несі, екі қолымен оны тастай құшақтап алған, не әрі не бері емес. Біршамадан кейін жігіт жалына бастады: - Олай болса мені жібер, орныма барайын. - Жо-жоқ, жібермеймін. - Онда неге, неге... - Жо, жоқ, жоқ, - дегеннен басқа келіннің аузынан сөз шығар емес. Таң қылаң бере, келіншек жігіт ырқына кенет көніп сала берді. Түні бойы буырқанған ыстық сезім ұлан-асыр болып төгілді. Келіншек те, жігіт те малмандай болды, әбден екеуі бірдей әлсіреген тұста, келін дауысын шығара, енесіне естірте: - Кет деген соң, кет, жолама, неге бізді басынасың, - деген кемпір естіген сөздерін айтты. Ж. жалма-жан шоферін оятып, жол жүріп кетті, содан жолаған жоқ. Келін бүк түсіп ағыл-тегіл жылады. Енесі «жыласын, жыласын, жеңілдейді», - деді ішінен. Әркімнің өз сыры бар, келін неге жылады, ол рахат сезіміне бөленіп, қуаныштан егіліп жатқан болатын, жігіт арманы еді, соған жетті, алатынын алды, бұған керегі де, асылы, сол. Ойы орындалды. Әсем қиялға кеткен келіншек ұзақ жылады да, қалың ұйқыға кетті. Ерте тұрған кемпір ұйықтап жатқан келініне қарап шошыды. Оқиғаның болғанын анық сезді, отыра қалып өксіді. Ай өте келінінен әлденелер белгі бере бастады. Ендігі жерде қарабет болмай тұрып бір амал табу керек болды. Кемпірдің ойына әйелі өлген, егделеніп қалған бір қайнысы есіне түсті, амал сол деп, түстен кейін қайнысына барып, алыстан сөз бастады. - Қайным, ата-бабаңның әмеңгерлік салтын ұмыттың ба, - деді. Келіннен мұның дәмесі барын сезетін, бірақ батылы жетпей жүргенін де аңғарған. Келінінің мына сөзіне қайнысы құлап түсті. - Жеңеше-ау, несін айтасың, ата-бабаларымыз керемет дана болған ғой, - деді қылмыңдап. Кемпірдің жыны келді. Әттең, мына оқиға, әйтпегенде босағасына жақындатпас еді. - Жарар, олай болса даяр бол, мен келініммен сөйлесем, айтарым сол, аяулы бала бетінен қақпа, әйтпегенде... - деп күмілжіп қалды да, - иә, сөйт, - деп орнынан тұрды. Келінмен әңгіме ауыр болды. Басында ат тонын ала қашқан бейбақ, іс мәнісін түсінген соң амалсыздан: - Апа, сізді елге қарабет қылмау үшін ғана көнем, басқа амалым болмаса қайтем, - деп егіле бастап еді, кемпір: - Егілуіңді тоқтат, дүниеге келетін ұл болса, атын Ғайыптан қоямын. Ол ғайыптан келген, жалғыз ұлымның соңынан, - деп өзі көзіне жас ала бастап еді, келіні: - Апа, енді сіз де жылауды қойыңыз, жыламай ғұмыр кешіп көрелік, - деді. Иә, міне, сөйтіп бұлар ғұмыр кешуде. Ғайыптанның «әке» деп жүргені, қолдан қосқан қайнысы. Солай бола берсін, сыр ашудан гөрі, сыр сақтау ерлік емес пе?

СОЛАЙ БОЛДЫ...

Сталин соғыстан кейін соғыс ашты. Бұл ішкі соғыс болды. Қырғын, қасірет ел тағдырына айналды. Жазықсыз жазықты, күнәһарлар күнәсіз құрметті жандарға айналды. Өтірік дәріптелді. Шындық цензура арқылы жабылды. Аллаға ғана лайықты мадақ аяқ астына түсті. Зұлымдық дәріптелді. Шындықты айту қауіпті іске айналды. Ата-бабалар жолымен жүру – архаизм деп аталып, оны саяси лексикада феодалдық-патриархалдық, байшылдық-рушылдық дей келе, оның асқынған түрі ұлтшылдық деп зиялы қауым өкілдері көгенделіп, тағы да жер аударылып, сотталды. Елге тыныштық орнамады. Соғыстан қаңсырап шыққан ауыл өмірі адам айтқысыз жағдайға түсті. Киерге киім, ішерге тамақ тапшы еді. Қазақ халқының басына 1920 жылдары түскен кедейшілік-люмпендік тұрмыс, 1970 жылдарға дейін бас көрсетпеді. Ел ішінде елуінші, тіптен алпысыншы жылдары ішінара аштық және жаппай кедейшілік орын алды. Өкіметтің ұстанған саясаты тұрақсыз болды, көбінесе науқаншылдық, бір таусылмай кеткен ұраншылдық, саяси белсенділік толастамады. Соның бір мысалы, 1960 жылдардың басында Семей облысы Шұбартау ауданының комсомолдары Қазақстанның сол жылғы мектеп бітіргелі отырған жастарын жаппай қой бағуға шақырған Үндеуді жариялады. Жап-жас қыз балалар мен бозбалалардың бағын байлап, жасытып, қой соңына салуға наразы болған жазушы Ғабит Мүсірепов айтқан екен: - Мүйіздерің шықса, ата-бабаларыңнан бері қарай қой бағып келе жатқан жоқсыңдар ма? Қыз балаға ердің жүгін арту – қоғамның парықсыздығы, - деп. Рас. Парықсыз қоғам болды, оны басымыздан өткердік. Ол қоғам өтіп тарихқа айналып қана кеткен жоқ, олай болса құба-құп болар еді, мәселенің ауыры, сол қоғамның парықсыздығы азаматтарымыздың болмысына дерт болып сіңіп, оларды бүгінде де парықсыздық істерге бастап отырғаны, сол қоғамнан қалған санадағы, әдеттегі таңбалар. Парықсыздық, әсіресе қазақтың рухани әлеміне мықтап енді. Азаматтар ұсақталды. Биік сөздер орнын ұлағатсыздық басты. Күңкіл сөз, керексіз әңгіме, дастархан басында өсек өріс тапты. Қоғамда екіжүзділік қалыптасты. Мінбердегі әңгіме арнасы бір басқа, отбасында өзгеше тақырыптар өрби бастады. Жұрт тығылып саяси көсемдер туралы қаратпа (анекдот) сөздер айта бастады. Ақырын-ақырын тіл шыға бастап, әлем тынысына, өзге ел, жұрттар тұрмысына алаңдап, тың-тыңдау, еліктеу, әлденелер үшін ізденіске түсу өріс алғаны, кеңес өкіметіне мазасыздық әкелді. Мен осы заманда мектептің жоғарғы сыныптарының оқушысы едім. Үзбей оқитын газетім «Литературная газета». Жақсы басылым. Мағлұматы мол. Ол заманда теледидар жоқ. Радиодан тек бір-екі хабарды ғана ұстап, тыңдауға мүмкіндік бар, олардағы әңгіме тек социализмнің көл-көсір жетістіктері, шынында социалистік қоғам жазылмас қауіпті дертке ұшыраған болатын. Қазақ «ауруын жасырған өледі» дейді, рас сөз. Социализм қаншама ауруын жасырғанмен, жағдай түзелмеуге бет алды. Қоғам өміріне есірік дерті пайда болды. Есірік деген ессіздік деген мағына беретін түсінік. Осы ессіздік алпысыншы жылдары мейлінше өріс алды, оның басында сауатсыз, надан Никита Хрущев деген тұрғаны баршаға мәлім. Оның айтуынша, 1980 жылдары Кеңес одағында коммунизм орнамақ, «әркімнің қалауынша, әркімнің мүмкіндігінше» - деген принцип іске аспақ, мұны саяси сандырақ деуден бас амал жоқ. Қоғам құлдырап терең экономикалық дағдарысқа түсіп бара жатса, оның саяси бірінші көсемі алда коммунизм болады деп бүкіл жер жүзіне жар салғанын сау ақылмен түсіндіру мүмкін іс емес. Осы саяси сандырақ заманында оныншы сыныпта оқимын, насихатшылар адам миына енбейтін сөздер ұрандар айтуда. Осындай саясаттан әбден жалыққан кезде, жанымызды елең еткізген бір жаңалық болды. Ол кезде аздаған өлең жазатыным бар, мектеп директоры, ақын Ілияс Оспанов шақырып алып: - Міне, нағыз өлең, поэзия, - деп «Жұлдыз» журналында тұңғыш жарияланған Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасын бізге оқытты. Жадырасып, қуанып қалдық. Көп кешікпей поэманы жаттып алып айтуды дәстүрге айналдырдық, себебі социализмнің рухани тынысы, адам бойындағы қазіргі кезде айтып жүрген адами капиталға мүлдем кереғар болатын. Социализм дертті болған соң, біздің сана-сезімімізді де сол дертпен улап жатты. Осы жағдайда Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасы бізге рухани серпіліс бергені ақиқат еді. Біз ойланып қалдық. Мектептегі сөздердің бәрі дұрыс екеніне күмән туа бастады. Әлденеге наразы болуың үшін, өз сеніміңді нығайтатын дерек іздейсің, әттең, бұл кезде Есім атам дүниеден қайтты, әйтпегенде, көп мәселеге өзгеше қарауға болар еді. 1966 жылы мектептің 11 сыныбын тәмәмдап шыққанымда заман туралы күдіктерім пайда болғанын айқын сезіндім, бірақ мұндай ой бөлісер орта болмады, ондай орта Семей педагогика институтында оқып жүргенде болмады, менің күдіктеріме кең өріс 1973-74 жылдары Мәскеуде ізденуші-стажер болып жүрген кезімде ашылып, 1974-77 жылдары аспирантура кезінде мүлдем айқындалып, жаңа сенімге айналды. Ленин іліміне, философиясына күдігім әбден күшіне енді десем де болғандай, оған әкем Ғабдыжаппардың дін жолындағы қалтқысыз қызметінің әсері мол болды.

ТАУСЫНШАҚ КҮН

Оның санасына айқын түсінік енді. Ол бұл дүниеден енді мүлдем жойылмақ. Жоқ болмақ. Тірілер «өлді» демек. Өлім деген жойылу. Жер бетіндегі тіршілік таусылды. Сәл езу тартты. Бір ақынның болуы керек «дәм таусылмай, дем таусылды» дегені есіне түсті. Анандай жерде әлденеге мазасызданып отырған ұлын ишаратпен қасына шақырды: - Ұлым, маған тағам, сусын, дәрі беруді тоқтат. Болды. Олардың ендігі жерде қажеті жоқ. Ұлы үнсіз түсіндім дегендей сыңай білдірді. Ол тамағын кенеп: - Ұлым, тағы айтарым, барып интернеттен қара, алдағы екі күнде ауа-райы қалай болмақ. Баласы ауа-райы туралы ақпаратты тез әкелді, күндер жылы болады екен. - Дұрыс болған, қабір басына келген дос-тарым жаурамайтын болды, - деп ол Таусыншақ Күнін қабыл алуға мейлінше ықыласпен дайындалды, көзін жұмып енді ешқашан да ашпауға бекініп, білген дұғасын күбірлеп қайталаумен болды.

СТАЛИНИЗМ

Сталин өлген. Сталинизм тірі, себебі ол – дерт, сірә, жұқпалы дерт. Мен дәп осы дертке шалдыққан бір адамды білемін. Оны көрмегелі көп жылдар өтті, бірақ бүгінде өмір сүруде. Қуғын-сүргін қасіреттерін бейнелейтін көркемфильмдер, шығармалар, тіптен ғылыми мақалалар оқыған сайын осы бір адамның бейнесі көз алдыма келе береді. Әттең (оның өкініші) заманы болмай, ойындағыларын іске асыра алмағанына іштей қынжылса керек. Бір кісіні танысам, дәп солай деп айта аламын, мен оның сталинизм дертіне шалдыққаны немесе сол дертпен іштен туғаны анық. Екеуінің бірі шындық. Адамның қиналысын көргендегі, оның күлкісін көрсеңіз, ол мейлінше рахат күйге бөленуші еді. Өзге адамның шамына тиетін сөзді айту оған өмір сүруіне ерекше бір қуат беретін секілді. Сенің ашына, барынша қинала сөз айтқаның оның жанына майдай жағатын. Адамның амалының таусылғанына ол разы. Кеңес заманы. Коммунистік партия, өкімет, бәрі орнында, бірақ жеке басқа табынушылықтың күні өткен. Алайда, сталинизм дертінен қоғам толығымен айықпаған. Дерт кеңес өкіметі мен коммунистік партия ұйымдарында ұялаған. Мұндай жерлерде сталинизм дертімен ауырғандар жеткілікті, бірақ көбісі дерттерін шамалары келгенше жасыруда, жымысқылықпен жүзеге асыруда. Коммунистік партияда ұран өзгерген, бірақ мағына сақталған. Еркіндіктің, тәуелсіздіктің ауылы әлі алыста. Осындай жағдайда мен дертті адаммен кездестім. Оны ертеректе білетінмін, жоғарғы оқу орындарының бірінде оқытушы болатын. Бүгінде қаланың бір райкомында «партиялық комиссия» дегенді басқарады екен. Бұл қолында билігі бар орын емес. Билік райкомның хатшыларында, бұл партия қатарына өтетіндерді іріктеп, сұрыптап, райкомның бюросына ұсыныс беретін орган, оның мүшелері әдетте партия ардагерлері болатын. Дертті адам осы органға жетекші болып келгеннен шу, тіптен айғай шыға бастады. Біздің педагогика институты партия қатарына ұсынған тәжірибелі ұстаздарды әлгі адам жылатып қайтаруды әдет ете бастады. Мұндай жағдай біздің тәжірибеде бұрын-соңды болмаған. Істің мәнісін білмек болып партия қатарына өтуге тиісті жас оқытушыны ертіп партияның комиссия отырысына бірге бардым. Партия комиссиясының жиналысын басқаратын әлгі отыр, өңі бұл-бұл жайнаған. Партия қатарына өтушілерге сұрақтарды жау-дырып жатыр. Мен қызмет істейтін партия ұйымынан келген филолог-ұстазға: - Уставтың бірінші бетінде неше жерде үтір бар? - демесі бар ма. Мынандай еш мағынасыз сұрақ қойғанына күйіп кетіп: - Пәленшеке, мына сауалыңыз тым жосықсыз емес пе? – дедім. Сол-ақ екен, әлгі құтырып шыға келді. - Сіз, сіз байқаңыз, қайда отырғаныңызды білесіз бе, еке, меке емес, менің аты-жөнім бар, бұл қасиетті мекеме, - деп көгеріп шыға келді. Менің де жыным қозып: - Қасиетті мекемеде қасиетті адамдар қызмет етуі керек, - демесім бар ма? - Сіздің мәселеңізді райкомның бюросында қаратып, әуселеңізді көрермін, - деген жерден сөзін аяқтатпай: - Қырып алғаныңды көрдім, - деп орнымнан тұрып жүре бердім. Заманы болғанда мені «халық жауы» деп айдатып жіберетініне еш күмәнім жоқ, мынаның... Бұл дертті адам сталинизмнің әлсіреген кезінде өмір сүрді, сондықтан айтарлықтай ешкімге ауыр зардаптар салу қолынан келмеді, бірақ нағыз сталинист болатын. Сонда бұл қандай дерт? Билік дерті ме? Әлде ілімге қызмет ететін биліктен болатын дерт пе? Әлде іштен туа біткен дерт пе? Сталинизм социалистік елдердің бәрінің тарихында болды. Бүгінде кейбір социалистік бағыттағы елдерде де көрініс табуда. Ал, Тәуелсіздік жолына түскен біздің Егеменді елдегі жағдай қалай? Біз сталинизм дертінен толығымен арылдық па? Өткен кеңестік, социалистік қоғамды аңсау, одан тағлым іздеу деген не? Ол сталинизм дертінің диагнозы емес пе екен? Сталинисттер зиялы қауыммен қаны қас, мұндай адамдардан құдай сақтасын!

ҒАЙЫП

Емханаға жан ұшырып жетті. Ақ дәке оранған, сау тамтығы қалмаған Бағжан шалқасынан жатыр. Ол палатаға ентіге енген Аханға: - Әке, - деген әлсіз үн шығарды. - Қарағым, не болды? - Аварияға түскен, - деді егде тарта бастаған дәрігер. Оның сөзін құлағына ілмеген Ахан: - Қарағым, не болды, не болды, - деп дегбірсізденіп, сұрағын қайталады. - Сізді тосып, қайта алмай қиналып жатырмын. - Қайда қайтпақсың? - деді Ахан. - Ғайыпқа, қайда болушы еді, - деді күшін сарқа жинап, назданып. Есі шыққан Ахан: - Ғайып, ғайып, ол не? - Сандырақтап жатыр, - деді дәрігер. Ғайыпқа кетем дейді. Онысы несі. Ахан бәрін түсінді. Ол ғайыпқа кетпек. Бағжан бірде: - Сен, әке, мен қызың болып, ғайыпқа бірге кетсек қалайсыз, - дегенде: - Қарағым, сен жассың, бар ғұмырың алда, мен болсам жасым келді, менің ғайыпқа кетуім орынды, - дегенде: - Жоқ, көрерсіз әлі, ғайыпқа алдымен мен кетем, содан барып сізді алып кетем, тастамаймын, менен кейін кімің бар, бұ жақта? Енді ғайыпта өмір сүрейік. Онысы қалжың дейтін бұл. Міне, ол рас болып шықты, жап-жас ғайыпқа бет бұрған. Қалай еді әлгі ән....

Ғайыптан келгем, Ғайыпқа кетем, Бұл жалған маған тұрақсыз мекен. Қуаныш сезім, қызыққа толса, Сағымдай болып, алдамас па екен?

Осындай әнді неге шығарады. Залалды ән. Осы әнді Бағжан майын тамызып айтқанда, Аханның тұла бойы мұздап кететін. Енді міне, осы ән оны өмірден жұлып алып кетіп барады. Әлсіреген Бағжанның қолынан ұстады, алақандары жанып тұр, көзін ашты. - Мен түсімде Ғайыпты көрдім, онда адамдарда салмақ болмайды, қауырсын сияқты ұшып жүреді екен... Дәрігер: - Сандырақтай бастады, - деп еді, қасындағы медбикеге басын шайқап: - Жоқ, жоқ, ол шындықты айтып жатыр, - деп көзіне іркіліп келген жасын сүртіп жатып егде дәрігерге: - Сіздер, еркектер білмейтін, сірә, ешқашан да түсінбейтін халді әйел-заты сезінеді, біледі. Ол Ғайыпты көрген... Дәрігер аң-таң боп медбикеге қарады. - Әке, сіз Ғайыптан қорқасыз ба, маған Ғайып ұнады, - деді де барынша терең ауыр дем алып, көзін қайта жұмғанда, енді көзін ашуға шамасы келмей үзіліп кетті. Ахан көзінен бұлақтап аққан жасын тия алмай, буындары босап әлсіреп, Бағжанның үстіне баяулап барып құшақтап құлады, дәрігер ұмтылып еді, медбике: - Тоқтаңыз, тиіспеңіз, ол да Ғайыпқа кетті, - деді қатуланып. Дәрігер Аханның тамырын ұстады, өтіп кетіпті. - Әке, махаббаты деген осы, - деді ол байсалды үнмен. Үнсіз жылап тұрған медбикеге: - Жоқ, жоқ, бұл әке махаббаты, әке махаббаты емес, бұл, бұл, - деп булығып сөзін аяқтай алмады. Ақын айтқан екен «Адам өлсе құлағаны, бұл әлемнің бір елі» - деп. Біз адам өлімін театрға айналдырып трагедия дейміз. Сонымыз дұрыс па. Мүмкін, адам бұл дүниеден таппаған қуанышын Ғайыптан іздеп, сол жаққа аттанады ма екен? *** - Сен, қарағым, тұрмыс құр, әлі жассың, - деп Ахан кездескен сайын ескертпе жасайтын. Бір күні жағдай солай болды. Бағжан тұрмысқа шықты, күйеуі өзінен жасы үлкен, әйелі қайтыс болған полковник, жағдай-тұрмысы күйлі. Арада жылдар өтті. Тағы кездесті.

*** Телеканалдарда сапырылыстырып отырып Ахан бір танысын көріп, өтіп кеткен арнаға қайта түсті. Япырау, мынау Бағжан ғой. Керемет актриса, қандай талант. Іздеді. Тапты. Қуанды. - Ажырасқанмын. Қуанышымды іздеп, аласапырып жүрмін. Осы қуаныш дегеннің өзі не, ол бар сезім бе, әлде адамның өзін-өзі алдауы ма, елес пе? Аханның айтары болмады.

*** Бірде Бағжан: - Сіз үшін ғана Ғайыптан келдім, енді қайтып кеткім келеді. - Неге тұрақтамайсың. Бойыңда қаншама тұнып тұрған өнерің бар. - Бар пәле, сол тұнып тұрған өнерде. «Ақындығымды қатындығым жеңді», - деп бір ақын айтқандай, маған сол құрғыр маза берер емес, әйелдігім сізді қалайды да тұрады, оны жеңер менде күш жоқ. Не істеуге болмақ, амал Ғайыпқа кету. Әнді айта бастады.

*** Бір күні: - Менің әкем сізден төрт жас кіші. - Неге айттың? - Жәй, әншейін, сізді әке деуге бола ма? - Айта бер, бірақ... - Бірақ, бірақ, бірақ. Осы неткен мағынасыз сөз. Ағып келе жатқан сезімге тосқауыл, неге өмірдің бірағы көп, орыстың брак дегені осы бірақтан шықтан болар, ә! Ахан онымен кездескен сайын таң-тамаша қалатын. Әйел-заты қалай сезімге бай, құнарлы. Ахан еркектерді қарағашқа теңейтін. Еркектер сезімге неге тапшы. Рас. Сондықтан олар көздеріне жас алмайды. Жылауды білмейді, олар онысын өнер көреді. Теріс түсінік. Әйел затының көз жасы даяр тұрады, ол сезім дірілі. Көз жасы – сезім тынысы. Ондай тыныс ер адамда жоқ. Ахан тұйыққа тірелді. Бұ қалай? Ер адам әйел тұтқынында болғаны ма? Сондай да тұтқындық болады екен. Басын дұғалап тастаған деген осы ма? Жоқ, ол басқа. Ахан еркін. Бағжан одан еш нәрсе талап етпейді, бірақ оның өзі айтқандай, мәселе бірақта. Махаббат деу тіптен ыңғайсыз, әншейін десе, оған да келмейді, әйтеуір ештемеге де ұқсамайтын бірдеме! Тағы бірде: - Сен дүниеге келгенше мен көпті көргем, жырынды болғам, сен осы қайдан келдің, - дегенде Бағжан тайсалмай: - Ғайыптан келдім, - деп сылқ-сылқ күлген, мойнына оралған. Ғайыптан бұрын ойламаған тақырып. Жалпы адамдар бұ дүниеге қайдан келеді екен? Ғайып деген не?

*** - Жассың ғой. - Иә, бірақ менің ғұмырым сізбен өлшенбек. - Бұл мағынасыз құрбандық. - Әлемде мағыналы іс бар ма? Мағына деп жүргеніміздің өзі мағынасыз емес пе? Вот так. Өмірден мағына іздеу әурешілік, мағынасыз ғұмыр бай ғұмыр. - Қалай, онда бәрі шатасып кетпей ме? - Шатасу ойдан шығарылған. Жүрек ешқашан шатаспайды, міне, жүректі тыңда. Сонда бәрін ұғасыз, - деп сылқ-сылқ сөз соңын күлкіге айналдырды.

*** - Мағына, еркін өмір сүруге бөгет. - Қалайша? - Жауап жоқ. *** Адам өз қуанышын іздеп аласұрып өмір сүреді, қуанышына жетпей, жеткенде ол сағымданып, адамды қуаныш сезімі әлдеқайдағыға тарта береді екен. Бағжан Ғайыптан қуаныш іздеп кетті, ол сол жақта бірге қуанайық деді, бірақ Ғайыпта салмақ болмаса, осы кейпіміз болмаса, бір-бірімізді қалай танымақпыз. Осы сауалды қойғанда ол: - Әке, күмәнданбаңыз, Ғайыпта бізді Жаратушының өзі қайтадан білгізіп таныстырмақ. Ол мәңгілік мекен. «Бұл жалған маған тұрақсыз мекен...» - деп тағы әндете бастаған. Қалайша нағыз қуаныш мекені Ғайып болмақ?! Бұл Ахан түсінетін жай емес.

37 ЖЫЛ

- Аналар келіп тұр, әне-әне, анталап тұр. Әй, сен, сен неге келе бересің осы. Қ.-ға жұрт аң-таң. Бұл қалай болғаны? Шынымен, бұл кісі шатаса бастағаны ма? К.-нің дерті білінгелі біраз болды. Ол қалғып кеткендей селт етіп оянып кеткен болып: - Әй, әй, бір түс көргендей болдым, қарақтарым, - деп жайбарақат сабырлы қалпына енетін. Өз қылығына ыңғайсызданып: - Қарақтарым, қартайдым ғой, мен көрген бейнетті, енді ешкім де көрмесін, - деп қоятын. Қ. жастай басшы қызметте болды. Қылышынан қан сорғалаған большевизмге адал қызмет етті. Ақ пен қара анықталмайтын саясат болған соң, кім жазықты, кім жазықсыз, айыру қиын болатын. Басшы болған соң, ұжымнан жазықтылар табылып, олар жазаларын алып жатты. Жазалау үшін мінездемелер керек, оларға Қ. қолын қойып, мөрін басып жатты. Жазықтылар алысқа айдалып, кейбіреулері тез арада атылып жатты. Адам неге көнбесін, «халық жауын» тауып, жазаға тартуға да Қ. көндіккен сияқты. Басында бұл қалай деп өзіне-өзі сұрау салып қиналса, келе-келе жағдайдың осылай болғаны дұрыс екен деген ішкі сенім орныға бастады. Бұл сенім ұлғайып, зорайып, бүкіл мінезіне айнала бастағанына қауіптеніп, өзіне-өзі күдік келтіріп, басқаша болғысы келді, бірақ бола алмады. Жоғарғы жақ қардай боратып қаулы-қарадан бас көтертпеді. Міне, алдына тағы бір мінездеме түсті, қол қойса, мөр басылады, адам тағдыры оп-оңай шешіле қалады. Мінездемеге көзі түскенде өне бойы тітіркеніп кетті. - Япырау, мынау, мынау, әлгі бетке ұстаған ақынның өзі ғой, қалайша, ол моп-момақан емес пе еді, қалай болғаны. Екеуі ауылдас, тете өскен, бірақ құдай оған талантты үйіп-төгіп бере салған. Оның өлеңдерінен қазақ даласының иісі аңқып тұрушы еді, қалайша жазықты болған. Назары мінездемеге түсті, оны жазған комсомол ұйымының жетекшісі С. деген ақын. Осы жігіт өз шамасын шамалай алмайтын әумесер, таланты жоқ деу болмас, бірақ тас боп бітеліп қалған бұлақтың болмашы суындай. Ол не деп жазған екен. «Талғат Байсынұлы өлеңдерінде өмірді көбелекке теңепті. Сонда біздің социалистік тұрмыстың көбелек болғаны ма...» Әрі қарай мінездемені оқуға Қ.-ның дәті шыдамады. - Ит, малғұн, Талғат нағыз ақын емес пе, көбелек деген таза ауаның өрісі, ол тазалық, ал мынау болса, ұстаған жерін қарашы, иттің. Ызадан булыққан Қ. хатшы қызды шақыратын қоңырауды басып қалғанда, есін жиды. Есікті жайлап ашып енген қара торы қызға бірден не айтарын білмей, әлденені есіне түсіргендей қинала: - Әлгі, комсомол ұйымының жетекшісі С. ақынды шақыршы, - деді әлі кетіп. С. тез жетіп келді. Сірә, мінездемеге қол қоюды тосып, кеңсені торып жүрсе керек. - Бастық, шақырдыңыз ба, - деді С. сазбеттеніп, - Иә, иә, мына мінездеме туралы не айтпақсың, бұл қалай болғаны өзі, - дей беріп еді, С. оның сөзінің соңын тоспай: - Басеке, жаңа қоғамға Владимир Маяковский сияқты жалынды ақын қажет. Ал, Талғат Байсынұлы болса, көзінің жасын көл етіп, қайдағы бір ұшарын жер, қонарын сай білетін көбелек туралы өлең жазған. Ол жастарды жасытады, олардың төңкерісшіл жігерлеріне құм құймақ, іс насырға шаппай тұрғанда мұндай жат элементтерден құтылған жөн, жазушылар қатарынан шығарған жөн деймін, комсомол ұжымының атынан. Қ. қиналып, сасқалақтап қалды. Осы С.-дан өзі де іштей қаймығатын. Кеше досы Нар-тай: - Анау комсомол С. бір ғой, Қазақ педагогикалық институтында кездесуге барғанда екеуіміздің де сыбағамызды беріпті. «Жалпақ шешейліктің заманы өткен, бізге қатал большевиктік тәртіп керек, шаруа, жұмысшы табы туралы романдар керек, ал біздің Жазушылар төрағасы өткен өмірді көксейтіндер тобында» дегенге дейін барыпты дегенін естіген. Әншейінде жайлы мінезді Қ. шорт кетті. - Әй, боқмұрын, сенің шатпақтарың Қанаттың өлеңдерінің қолына су құюға да жарамайды. Сен қандай жер астынан шыққан батырсың, сенен өзгенің жаңа заман туралы ойы жоқ деп, саған кім айтқан. Қысқарт, әкет мына мінездеме сымағыңды, тарт қолыңды нағыз ақыннан. С. айылын да жимастан: - Жарар, мен бір жолға мінездемені әкетейін, бірақ сіз, басеке, саяси қателікке жол беріп отырсыз, - деп мінездемені Қ.-ның алдынан жұлып алып, екі бүктеп қалтасына салып, тез басып шығып кетті. Қ. ойланып отыр, іс мұнымен бітпейді. Анау қазір бірден партия ұжымының хатшысы Б.-ға барады, ол не демек, оны бір құдай білмек. Талғаттың басына қара бұлттың үйірілгені анық, оның кінәсі – ақындығында, қалғандары оны көре алмайды. Күншілдік саясатқа барып тығылған соң, не деуге болады. Қ.-ның есіне осы оқиға оралды. Неге, неліктен, кім білсін, әйтеуір есінде қалған бір оқиға. Ондай оқиғалардың талайы болды. Ақыры Талғат «халық жауы» болып атылды. Оны «халық жауы» деген мінездемеге өзі қол қойды, мөрін басты. Әй, әй, заман-ай! Есіл ақын, ақ жауын еді ғой, жер қонағы. Көп ұзамай өзіне де мінездеме жазылды, «халық жауы» атанып он алты жыл Колымада тұтқында болып қайтты. Ұзақ жылда ойланып, толғанатын уақыт көп болды. Көз алдында сериялы кинолар сияқты бар ғұмыры күнде кеште өтіп жататын. Сериялы кинолар сияқты оқиға тізбелерін белгілеп топтап қоятын да, бүгіннің жалғасын ертең «көрмекші» болатын. Күндердің күнінде көп сериялы кино біткенде, оны басынан бастап қайталайтын. Осы әдеттің, енді міне, қартайған шағында қайталай беретіні жанын жегідей жеуде. Бұдан қайтсе құтылмақ? Қ. осындай халде ептеп арақ ішуді байқап еді, одан көмек болмаған соң, ол әдетті қойды. Енді қайтпек? Есіне сол кезде «халық жауы» болып атылып кеткендер бірінен соң бірі түсе береді, олар әлденелер айта береді. Бұрын бұл түсінде болушы еді, енді олар өңінде де келе беретін болды. Бұл не сұмдық! Мұның түбі жақсылыққа жеткізбейтінін Қ. жақсы білетін, міне, бүгін соған тап болды. Жан-жағында үрпиісіп қалған әріптестеріне: - Әй, аналар келіп тұр, оларға не айтамыз. Әне-әне, бірдеме дейсіңдер ме? Әй, сен Талғат, неге келдің, неге келдің, мен сені шақырғам жоқ, нет, нет... «Жедел жәрдем» машинасы келді. Ақ желеңді екі жігіт Қ.-ны қолтықтап машинаға мінгізді. Ол бұлқынып: - Аналар келіп тұр, әне, әне, - дей берді, машина есігі жабылды. «Жедел жәрдем» орнынан қозғалып барар жағына кетті. 37-жылдың ызғары әлі де кетпеген, бұл 1974 жылдың көктемі болатын.

529 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы