• Білім-ғылым
  • 21 Шілде, 2017

ШЕТЕЛДІК АТАУЛАРҒА ТОСҚАУЫЛ КЕРЕК-АҚ

Нұрлан ҚҰМАР «Үркер» журналының бөлім меңгерушісі   Қазақта «Ұлт болам десең, бесігіңді түзе» деген дана сөз бар. Ана тілді үйрену отбасынан, балабақшадан, мектептен басталатыны сөзсіз. Сонымен қатар өзге тілді білу де заман талабы болып отыр. Тіпті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы жылы да ел болашағын жарқын етуге, халық тұрмысын жақсартуға бағытталған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауда үш тілді оқытуға кезең-кезеңмен көшу мәселесін де көтерген болатын. Мемлекет басшысы Үкіметке арнайы тапсырма бере отырып, қазақ тілінің басымдылығы сақталатынын, оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінетінін атап көрсетуі тегіннен-тегін емес. Қанша жерден ағылшын тілі дүниежүзінде кең таралып, бүкіл ақпараттың 90 пайызын қамтып, бұл тілді меңгермей Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайтыны мәлім болса да, Елбасы кез келген қазақ ең алдымен ана тілінде сөйлеуі керек екендігін үнемі айтып келеді. Бұған дәлел ретінде Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болады»-деп атап көрсетті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы көп ұлтты Қазақстанда тұрақтылық сақтау үшін әр ұлттың мәдениетін, тілін, дінін тең дәрежеде дамытуға да көңіл бөлінетіндігін ескертті. Міне, Елбасының осындай айтқан салиқалы саясатын қазақстандықтар тиімді пайдалана алмай келе жатқаны өкінішті-ақ. Көптеген жерлестеріміз үштұғырлы тілге қолдау бар деген желеумен ағылшын тіліне ерекше мән беруде, осының нәтижесінде өз тіліне селқос қарайтындардың саны күннен-күнге артуда. Елімізде осыған сай латын графикасында жазылған ағылшын тіліндегі атаулар жер-жерде көбейе түсуде. Осы бағытпен кете берсек, ендігі 10-15 жылда мұндай атаулар ономастикалық кеңістігімізді жаулап алуы ықтимал. Бүгіннің өзінде тұрғыны миллионнан асып жығылатын Алматы мен Астана қалаларында шетелдік жалқы атауларды кез келген жерден көруге болады. Мәселен, «Vivaldi», «El Clasico», «Rixos Khan Shatyr», «Apple Town», «Profit», «In Bet», «Fidelity», «Rahat Palace», «Millennium Park», «Paris», «Barselona», «Samsung», «Toyota», «Nestle» және т.б. болып кете береді. Осыншама атаулардың мағынасын жергілікті тұрғындардың көпшілігі біле білмейді. Бұл жағдайда ескерту жасап, шектеп жатқан ешкім жоқ. Күн сайын ерекше атауларды көріп көзіміз үйреніп кететін сыңайлы. Кез келген қоғамдық жердегі жазу адамның ойлау қабілетіне, мінез-құлқына әсер ететіні сөзсіз. Жас ұрпақты ұлттық құндылықтармен толық қамтамасыз ете алмауымыз өз алдына бөлек әңгіме. Тұрғын үй кешені, ойын-сауық орталық-тары, компания, акционерлік бірлестіктерде ағылшын атауы болса, бір жағынан бұны басқарып отырған шетелдік шығар, сондықтан солай қойған болуы керек дерсіз. Ал дүкен, сауда орталығы, әртүрлі кеңселердің иесі болып отырған жерлестеріміздің өзге тілде қойып жатқан атаулары көңілге қонымсыз ғой. Алдымен еліміздің екі ірі шаһарының тілдік ортасының мазмұнын, атаулар мен ономастикалық кеңістігін ұлттандыру қажет. Сонда барып басқа қалалардағы жағдай да бірте-бірте түзеліп кетері хақ. Жасыратыны жоқ, қазақ халқы еліктегіш болып келеді. Келешегімізді ойласақ, осы жәйт барлығымызды толғандыруы керек. Өйткені жаһандану дәуірінде бойына «өзгелердің қаңсығын» тезірек сіңіріп жатқан елімізге болашақта келер қауіп көп болып тұр. Тіл халықты қорғайтын, сақтайтын құнды дүние екенін ұмытпағанымыз жөн. Егер дүниежүзілік тарихқа көз жүгіртсек, отарлаушылар жергілікті халықтың алдымен тіліне соққы беруге тырысқанын көруге болады. Мәселен, XVI ғасырдың басында испан конкистадорлары үндістерді католик діні бойынша шоқындыруды көздеді. Бірақ дегеніне жете алмады. Қолдан ашаршылық жасаса да Мексикадағы миллиондаған ацтектердің көзін құрта алмады. Содан кейін барып отарлаушылар тіл ұлттың басты құндылығы екенін ұқты. Үндістердің арасында испан тілін күнделікті сөйлеу тіліне енгізіп жібергеннен кейін көп ұзамай үндістер католик де болды, өз ұлттық болмысы мен мәдениетінен де ажырап қалды. Солтүстік Америка құрлығында Ұлыбритания мен Франция басқыншылары да өз тілдерін кеңінен таратып, бұл жерге келген өзге келімсектерге де тек ағылшынша, французша сөйлеңдер деп талап қойғанын білеміз. Еуропа елі үшін көп ғасырлар бойы арман болған Үндістанды бағындырған Ұлыбритания отарлаушылары халқы көп хиндиліктерді бағындыру үшін іс-жүзіндегі қағаздарды ағылшынша енгіздіріп жіберді. Алысқа бармай-ақ кешегі Кеңес Одағы заманында да орыс тілі негізгі тіл ретінде қолданыста болды, ақыры бұның астары отарлаушылық жүйемен санамызды уландыруға негізделгенін байқауға болады. Қазір жағдай тіптен шиеленісті деңгейге жетті. Ресми тілден бөлек, ағылшын, қытай, испан, неміс, түрік, жапон, корей, француз тілдері де кең қанат жайып келеді. Бұл тілдер өз үстемдігін танытып, кез келген жарнама, мекеме, компания атауларында бой көрсетіп жүр. Бұл атаулардың тым құрығанда санын шектеуге болмас па деген сауал туындайды. Коммерциялық нысандардың мемлекеттік тіркеуден өтетінін ескерсек, бұған кінәлі жерлестеріміздің өздері екендігін аңғарасыз. Бұл да әртүрлі әлем тілдерінің санамызға мықтап дендеп енгенін көрсетеді емес пе?! Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО көрмесі барысында миллиондаған шетелдік туристер елімізге ат басын тіреді. Олар біздің алып қалалардағы латын графикасына негізделген әртүрлі жазуды көріп қуанып қалары анық. Бірақ, сырт көз сыншы емес пе?! Көрме аясында шетелдіктер жергілікті халықтың өткен тарихы мен бүгінінен, тұрмысы мен салт дәстүрлерінен хабар алуы тиіс қой. Ал, бөтен тілде жазылған ойын-сауық, жаттығу орталықтары (фитнесс) мен кеңселерден қазақилық аңқып тұр деуге келмес. Сондықтан өз жерімізге өзіміз қожалық етіп, ана тілімізді төрімізге шығару үшін еңбектенгеніміз жөн. Ұлы дала елінде әрдайым тектілік пен мәрттік, даналық пен жаңалық нышандары бой көрсетсе игі.

268 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы