• Шежіре
  • 21 Шілде, 2017

ҰСТАРА ЖҮЗІНДЕГІ ЖҮЙРІК

Алтынай Қалан Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік Университеті филология факультетінің 4 курс студенті   «Менің қандай жағдайда туғанымды, балалық шағымды бір әйелден естіген ем, қазіргі әңгіме,сол әйелмен қалай кездесуім туралы. Біздің ауыл ол кезде, Ақмола облысы, Петропавл уезі, Аққусақ болысына қарайтын «Жаманшұбар» атты мекенді қыстайды да, «Дос» атты көлді жайлайды. Қазақ елінің руға бөлінетін заманында, біздің ауылдың арғы түбін «Керей», бергі түбін «Сыйбан» дейді». Қаламгердің бұл жолдарында балалық шағының есінде еміс қалғанын аңғаруға болады. «Өмір мектебі» кітабында бүкпесіз шындықтар баяндалып, жағымпаздық, ашкөздік сынды нәфрат дүниелер әшкереленеді. Сыйбан елінің өзі «ойдағы» және «қырдағы» болып бөлінеді екен. Күндердің бірінде Сәбеңнің «Қырдағы Сыйбаны», «Ойдағы Сыйбанға» ат шаптырып, қонақ болып барады. Астында мінерге тұлпары жоқ, небәрі тоғыз жастағы бала Сәбит те әркімнің шылбырына ілініп жүріп сонда жетеді. Қалың қазақ қаумалаған жерден аяқ алып жүру мүмкін емес. Қаз-қатар тігілген отаулар, домбырамен бұлбұлша сайраған жастар қауымы, қазан-қазан асылған ет. Сәбит те ебін тауып ішке еніп кетеді. Қараса дастарқан мол жайылған, төрдегілердің қолдарында бір-бір майлы жілік. «Жетімдіктің бір көрінетін жері осындайда. Әкесі, шешесі, ағасы бар балалар мұндайда топтың арасына кіріп кетеді де, майлы еті бар жіліктерді ұстап жей бастайды, жілік берер жақыны жоқ жетімдер әркімге бір жаутаңдайды. Көңілі түскен біреу есіркеп, ет бермесе, олар бұл үйден құрауыз шығады». (Өмір мектебі, I-тарау Күйреген ұя, 11-бет) Сәбит жастайынан жетімдіктің тауқыметін тартқан. Қос жанары жәутең қағып, сәби жүрегі дүрсіл қағып, іштей өзегін реніш баурап тұрып, әлгі жерден шықпаққа ұмтыла бергенде: −Әй, мына бала аш қалыпты ғой-деп, бір әйел тоқтатып. Кесеге сорпа ет-петімен салдырып, құйып береді. Әбден аштыққан бала асты асап жатқанында, әлгі бұйыра сөйлеген әйел: −Кімнің баласысың?-дейді. –Мұқаңның. –Алда, бақыр-ай, Мұқаңнан қалған жетім бала сен екенсің ғой-деп сөзін бастай кетті. Бұл әйел Тұрағұл деген байдың бәйбішесі екен. Бір кездері Сәбеңнің әкесі мен шешесі осы кісілерге жалшы болып жалданып, күнін кешкен. Шешесі Балсары шаруашыл, ақкөңіл кісі болған. Он үш қыздан соң жаратқанға жалбарынып жүріп, дүниеге Сәбит келген екен. Байдың бәйбішесі бала Сәбитті бақилық болған әке-шешесі туралы естеліктермен байытып тастайды. Жетім баланың жалынышты жүзіне қарасқан жұрт есіркесті. «Кейін анықтасам , мен сиыр жылы, апрельдің он үшінде туған екем. Ол – 1901 жыл. Документте «1900 жылы» боп жүр. Әкем ол жылы қырық тоғызда, шешем – қырық екіде екен.» (Өмір мектебі, I-тарау Күйреген ұя, 17-бет) Бозбала Сәбит әр байдың есігінің алдында сүлдесін сүйретіп жүріп, күнін көре берді. Десе де атамыздың санасында жарқ етіп туған, жүрегінде буып-түйген арманы бар еді. Сауатын ашып, абзал азамат болу мақсатқа ұласты, ауыл молдасынан сауатын ашып, 15 жасында қисса-дастандар оқып, жатқа айтуға дағдыланып кетті. Ел арасында тіптен сатысы жоғарылап, «Өлеңші бала» атанады. Кейініректе Абай атамыздың жыр жинағымен етене танысып, сол кісідей ақын болуды армандады. Абай поэзиясы Сәбиттің асқар шыңды бағындыруына рухтандырды. Талмай жасалған ұзақ еңбектің нәтижесінде Сәбең қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін зерттеп, әдебиет тарихы,ұлы тұлғалар жайында зерттеу еңбектер жазып, Ғ.Мүсіреповтың тілімен айтар болсақ: «Жазушы – Сәбит Мұқановтың қаламынан туған еңбектер өз алдына бір энцикелопедия» болды. 1926 жылы жазушы атамыз көңілінде көптен бері жүрген шығармасын жарыққа шығаруға қамданды. Ендігі әңгіме, өмірдегі бар кейіпкерді шығарманың басты арқауы етіп алған «Сұлушаш» роман-поэмасында болмақ. Темірғали Нұртазин «Сұлушаш» романына мынадай баға берді: «С.Мұқановтың «Сұлушаш» атты роман-поэмасы жеке кітап болып шықты. Қазақ тілінде осы күнге дейін көлемді әлеуметтік роман болған жоқ». Бұл роман жөнінде ел арасында көбіне поэма деген ұғым қалыптасқан. Өлеңмен жазылғандықтан, поэма деп атайды, бірақ ол жаңсақ пікір. Оны дәлелдеу үшін жазушының Майра Жансееваға жолдаған хатында: «Сұлушаш – өлеңмен жазылған роман деп жазылсын» деп атап көрсетіпті. Сұлушаш романының сюжеті өте қызық. Атамыз эпос желісіне сүйене отырып, кейіпкерлерді өзі араласып жүрген ортадан алып суреттеп, көркемдеп, бейнелейді. Бұл романдағы басты прототип –Мариям Мұқанова. Бұған дәлел, Сұлушашты бейнелеуін қараңыздар: Он алтыға келгенде кемел жасы, Салбырап тізесіне түсті шашы -дейді. Мариям – Сәбиттің Құдай қосқан қосағы. Мариям Мұқанова «Менің Сәбитім», «Сағынышым Сәбитім» естеліктерінде былай дейді: «Мен он алты жасымда Сәбитке тұрмысқа шықтым. Сәбит екеуміз 47 жыл бірге өмір сүрдік. Сәбиттің жиі айтар сөзі «шашыңнан айналайын Мәриям» болушы еді. Расында да шашым ұзын болатын. Екі шешем (туған анам мен әжем) шашымды қымызбен жуып мәпелейтінін білетін Сәбит: «Бір үйдің еркетотайы едің, қайдан білейін күте алып жүрсің бе, жоқ па шашыңды» – дейді. Бақсам мені жассынады, жайы болмай жүр ме деп ойлайды екен ғой. Содан бір күні Мариям деп шақырып алып, түюлі шашымды тарқатты. Өргізді. Жаңа көргендей үңіліп, әр қырынан қарайды. Жас кезім, қатты қысыламын. Бірақ ештеңе демеймін» – дейді. «Сұлушаш» атауының шығу төркініне зер салып қарасақ, сұлу және шаш деген екі сөздің бірігуі екен. Ал, ол сұлу шаштың иесі кім екені айдан анық. Мариям апайдың Сұлушаш келін атанып кетуі де тегін емес болар. Сәбең шығарманы жазып болғаннан кейін, үйіне келген Сәкен бастаған топқа туындыны оқып берген екен. Міне, содан кейін Мариям апай Сұлушаш атанады. «Сұлушаш» туындысында Сәбит атамыз нағыз қазаққа тән- жаны да, тәні де ғазиз қазақ қызын бейнелеп шығады. Ондағы ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрлер қайта жаңғырып, қызды-қырық үйден тыю сынды мәселелерге, қыз тәліміне жете көңіл бөлінген. Сонымен қатар, адамдардың әлеуметтік жағдайлары да бейнеленген. Сол заманнан бай-кедей болып бөлінуі, байлардың опасыздығы, кедей-кепшіктердің кертұрма ғұмыры тілге тиек етіледі. «Сұлушаш» қазіргі таңдағы қара бастың қамы мен қалтаның қалыңдығын ғана ойлайтын кертартпа ашкөздердің тәубесін тәу еткізерге дәрменді туындылардың бірі деп баға берер едім. Және де тағы бір айтатын жәйт, бұл шығарманы махаббат символы деп, көкке көтерсе де артық етпейтін дүние. Қаншама кедергілерге қарамастан, қос ғашық Сұлушаш пен Алтай қол ұстасты. «Өзі туралы естеліктерінде Сәбең: «Мен маңғаз Алтайды құлдың баласы, өмірі кісі есігінде мехнат көрген батрақ еттім. Құлдың баласына ғашық Сұлушаш сүйіктісімен елге сыймай, тағы тауға барып паналаған болып шықты. Қайсар, Ермектерді жанымнан қостым да, сюжет құрдым». Тағы бір ауыз сөзім бар еді. Бірде Сәбең жайында нәфрат пікірлер естідім: Ол ұлт зиялыларының біразын сатып, орыстарға ұстатып жіберген екен. Бүгінде жасың да, кәрің де осы сөздерді айтады. Тіл деген − неткен батыл десеңші! Өз мініне қарамай тұрып, кісіге мін тағуға, сынауға адамдар деген шебер-ақ. Сіздер, Сәбең жүрген жолдармен жүріп, ол сезінген сезімді тұшынып, соның жағдайынан өтіп көріңіздерші, даңғойсығандарыңызды көрейін! «Қазақ әдебиетінің аға жазушысы Сәбиттің аты –қазақ оқушысының мол қауымына өте даңқты, анық қымбат аттың бірі» − деп, әдебиеттің алыбы – Мұхтар Әуезовтың өзі мойындағанда, сіздердікі не сын?»-деп күйінеді Мариям естелігінде. Біз де сол пікірге қосыламыз.  

455 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы