• Cұхбаттар
  • 20 Маусым, 2017

ӘДЕБИЕТІМІЗ ӘЛЕМДІК АЙНАЛЫМҒА ҚАШАН ТҮСЕДІ?

Бақтыгүл МАХАНБЕТОВА «Bestsellerkz» Қазақстандық бірінші әдеби агенттігі» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры.

Қазақ әдебиетін танымалдылыққа әкелер жол – аударма ісін қолға алу болмақ

Ұлттық руханиятымыздың қайнар көзі –қазақ әдебиетін насихаттау идеясы қарапайым ағылшын тілі оқытушысына бір сәтте келе қалған жоқ. Отыз жылдық ұстаздық тәжірибемде күрмеуі шешіле алмай келе жатқан тіл мәселесіне байланысты түрлі мінбелерден ұсыныстарымды айтып-ақ келемін. Тілдің көсегесін көгертетін бір ғана жол – әдебиетті дұрыс насихаттау. Ол үшін тың жаңалық ашу міндет емес. Әлемдегі осы бағыттағы озық тәжірибеге сүйенсек, небір қиын сұрақтар шешімдерін табары сөзсіз. Көркем шығарманы ықшамдап, мазмұндау арқылы деңгейлік бағытта ұсыну – қазақ тілін үйренушілерге ұсынылатын әдебиетке қызығушылықты арттырмаса, кемітпейді. Ағылшын тілін үйрету әдістемелігінде қамтылған ықшамдалған шығармалар сөздік қорды қалыптастыруға, сол тілді тез арада меңгеруге жағдай туғыза алатынына бірнеше халықаралық, ұлттық компанияларға, оқу орындарына, жеке тұлғаларға ұсынған авторлық жобаларым барысында қатысушылардың көзін жеткізіп отырдым. Бұл әдісті әдеби агенттікті ашу идеясы келе бастағанда мамандарға ұсыныс айтып, шығармаларды деңгейлік әдіспен ықшамдап, иллюстрациясын қосып, үлгілік нұсқасын дайындап та көрдік. Сонымен қатар, шығарманы қазақ тілінен ағылшын тіліне аударып, алты деңгейлік нұсқаны да дайындадық. Қысқа әңгімелерді ағылшын, француз, неміс, қытай, түрік, орыс тілдеріне аударып, әлеуметтік желілерде және оқу орындарында оқырмандарға ұсынып, оң пікірлерін естіп, одан әрі қанаттандық. Көрнекті қаламгер Қуандық Түменбайдың «Қобыздың мұңы», «Мылқау етікші» әңгімелері және басқа да шығармалары бойынша Назарбаев зияткерлік мектебінде болған кездесу барысында бір эпизод туралы айтпай кетуге болмас. «Автор соңғы сөйлеммен «Баламыз мылқау болмаса екен...» деп, кеңестік жүйенің құрсауында шындықты айта алмадым, егемендікке қол жеткізген уақытта тәуелсіз ұрпағы еркін ойын айта алса екен деген үмітін айтып тұр» деген «Мылқау етікші» әңгімесінің түйінін, соңғы сөйлемдегі астардың мәнін тапқан оқушының айтқан уәжі авторды да, кездесуге келіп отырған басқа да оқырмандарды таң қалдырды әрі қуантты. Тағы бір айта кетерлік ой, осы сияқты шығармаларды түрлі шет ел азаматтары қатысатын жиындарда ұсынып, олардың тарапынан үлкен қызығушылықты көрдім. Бір мысал, неміс әдебиеті мен мәдениетін қазақ халқына кеңірек таныстыру миссиясымен қызмет жасайтын Гете институтының Қазақстандағы филиалы осы шығармалардың кітап түріндегі нұсқасы болса, алуға дайын екендіктерін де білдірді. Әдебиеттің жандануына атсалысатын, қаламгердің шығармашылығын насихаттайтын, оқырман мен автордың дәнекері болып қызметін бастаған әлемдегі тұңғыш әдеби агенттік 1875 жылы, яғни 142 жыл бұрын Англияның астанасы Лондонда пайда болды. Мен шет ел тілі маманы ретінде түрлі шығарма-ларды түпнұсқада оқып жүргендіктен, ондай қызмет түрінің бар екендігінен хабардар болдым. Бізде де қазақ жазушыларын басқа шет ел тілдеріне аударып, түрлі әдебиет байқауларына ұсынып жүрген Жазушылар Одағында әдеби агенттіктер бар деген оймен жүретінмін. Жалпы, осы қызмет түрі мені қызықтырғандықтан, соңғы үш жылда зерттей бастадым. Тапқан деректерімнің кейбірін түрлі басылымдарға берген сұхбаттарымда айтып келемін. Кеңес жүйесіндегі кезеңге тоқталмай –ақ, егемендікке қол жеткізген уақытты айтар болсам, өзімізде әдеби агенттіктер болмағандықтан, біраз қаламгерлер шет ел әдеби агенттіктерінің қызметіне жүгінуіне тура келді. Қазақ әдебиетін шет ел оқырмандарына ұсынудың жаңа дәуірі басталып, түрлі халықаралық әдебиет бәйгелерінде көріне бастағаны үлкен жетістік болса да, әлемдік деңгейде танымалдылыққа қол жеткізген шығармалардың қатарында қазақ қаламгерлерінің еңбектерінің көрінбеуін насихаттың аздығынан, тіпті жоқтығынан екендігі бәрімізге мәлім. Еліміздің тәуелсіздігі баспа ісін жандандыруға жақсы мүмкіндіктерді берсе де, қаламгерлердің басты мәселесі – қаламақы төлеу жағы шешілмей келе жатқанын әдебиетке қызмет етуші жазушылардың еңбегінің дұрыс бағаланбауы деп қарастыруға болар. Қазақстанда кітап сататын интернет дүкендері баршылық, оқырман өзіне қажетті әдебиетті тапсырыс беріп, ешқайда бармай –ақ, үйінде отырып алады. Дегенмен, бір жәйтті айтпауға тағы болмас, мені мазалағаны - ОРМАН интернет –дүкендегі сол кітаптардың арасында қазақ жазушысының шығармасының қаламгердің рұқсатынсыз, ешқандай келісімсіз сатылып жатқаны болды. Бүгінгі күні «көркем шығарма» бойынша 79 қаламгердің кітаптары саудада көрсетілген екен, Сұлтанәлі Балғабаев ағамыздың «Ең әдемі келіншек» шығармасын 595 теңгемен бағалапты. Сол бағаны автормен келісіп, қойған-қоймағанын тексеру үшін авторға хабарласқанымда, жазушының бұл ақпараттан бейхабар екенін анықтадым. Жазушылардың авторлық құқықтарына нұқсан келтіріп жатқан бұл біздің еліміздегі бір ғана көрініс. Лондонда қазақ қаламгерлерінің шығармашылығын насихаттауға жұмыс істеп жатқан әдеби агенттіктердің де келісім-шарттарында өрескел бұрмалаушылық фактілері барын, ағаларымыздың ағылшын тілінде шығып жатқан кітаптарынан, қойылып жатқан спектаклдерінен түсіп жатқан қаражаттан тиісті қаламақысын шекелері шылқып алмағанын да білдім. Менің миссиям –қазақ әдебиетін әлем оқырмандарына қолжетімді ету, ал бұл шаруа шығармалардың бірнеше шет ел тілдеріне аударуға қажетті қаражат көзін табуымды жүктейді. Сондай мақсатпен, жобаға инвестиция тарту үшін түрлі мемлекеттік ұжымдарға және заңды және жеке тұлғаларға ұсыныстар бердім. Менің жаңа бизнесім 2016 жылдың 14 наурызында заңды тіркелген уақыттан бері көптеген шаруалар атқарылды. 2006 жылдан бері өзімнің жеке кәсібім арқылы бизнес саласында қол жеткізген жетістіктерімнің арқасында түскен қаржымнан соңғы 3 жылда осы жаңа бизнесті зерттеуге, үйренуге жұмсадым. Бұл біздің елімізде жоқ бизнес болғандықтан, шетелдік әріптестермен байланыс орнатып, солардың кеңестеріне жүгініп, тәжірибелеріндегі жақсы үрдісті алуға тырыстым. Жоғарыда айтып өткенімдей, еліміздегі жетекші партияға да ұсынысты бердім. Менің ұсынысымды «Нұр Отан» партиясы қолдау көрсету үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне жолдап, одан алған жауабым негізінде менің ұққаным, бұл жобаның еш қолдауға ие болмайтындығы болды. Министрдің тікелей қабылдауында болғанымда қолдау көрсетуге дайын екенін айтып, одан кейінгі келген жазбаша жауап басқаша сипатта болғаны мені қынжылтты. Көптеген кәсіпкерлер ұсыныстарымды интеллектуалдық сипаттағы жоба ретінде табысты санамағандықтан, бірден орныма қойып отырса да, ізденісімді тоқтатпадым. Ағылшын тілі маманы ретінде түрлі шет ел компанияларымен жұмыс істеу мүмкіндігі болғанын және жобаны іске қосу ұсыныстарымды олардың да қарастыруға тырысқанын, бірақ жобаның қаржылық көлемі оларды шошытқанын жасырғым келмейді. Себебі, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларының бірнеше тілге аудармасы, авторлар қаламақысы, халықаралық кітап жәрмеңкелеріне ұсынатын кітап түріндегі нұсқасы және қаламгерлерге жұмыс жасайтын интернет-дүкен, насихаттайтын интернет портал, аудио нұсқа, видео- роликтер, маркетинг шығындары, шығарма иллюстрациялары, авторлардың оқырмандармен кездесулерін қамтыған т.б. бюджет сметасы аз емес болатын. Мен ұсыныстарымда жоба бірнеше инвестордың және әріптестердің атсалысуымен жүзеге асатынын баса айтып жүрсем де, жолыққан компаниялардың барлығы сәттілік тілеп қала берушілер қатарында болғаны өкінішті-ақ. Тәжірибе алмасу мақсатында түркітілдес мемлекеттердің «Түріксой» халықаралық жобасының өкіліне хабарласқанымда, менің идеямды салыстырып көріп, олардың жасап жатырған қызметі кішігірім сүрлеу жол болса, менің жобамның ауқымын үлкен трассаға бағалады. Әдебиетті насихаттап жүрген түрлі ұжымдардың, қоғамдық бірлестіктердің, қорлардың басшыларымен кездесіп, бірлесіп жұмыс істеуге шақырдым. Обалы не керек, кейбірінің қолда бар мүмкіндіктерімен көмек көрсетуге дайындықтарын жеткізгенмен, менің ресурстарым жеткіліксіз болды. Командаға тартар кәсіби мамандарға төленетін қаржым болмағандықтан, әлі күнге өзім ғана шауып жүрген жай бар. Дегенмен, өткен жылғы еңбегімнің өтеуі – агенттіктің алғаш ұсынған авторлар шығармаларының Лондонда 25-28 қарашада мәресіне жеткен 43 мемлекеттен 1400 автор қатысқан дүниежүзілік әдебиет байқауында финалистер қатарында аталуы деп білемін, атап айтар болсам, еліміздегі белгілі жазушы Серік Асылбекұлы «Бөтеннің тойы» әңгімесі үшін « көркем шығарма» номинациясы бойынша лауреаты атанып, шоқтығы биік шығарма ретінде ерекше аталып өтіп, 5 жыл өткен Open Eurasian Literature festival and Book Forum әдебиет бәйгесін ұйымдастырған Евразия Шығармашылық Өкілдері Гильдиясының арнайы сертификатына ие болды. Елімізде әлі әдебиет саласында жете танылып үлгермеген, алайда халықаралық әдеби сыншылардың назарына іліккен, жақсы пікір алғандардың қатарында жаңадан шығып келе жатқан, қазақстандық автор Бекнұр Қисықовтың орыс тілінде жазылған «Ол» роман-полилогы да осы «көркем шығарма» номинациясы бойынша лауреат атанды. «Аударма» номинациясы бойынша дарынды жазушы Айгүл Кемелбаеваның 30 жылдан бері оқырмандарға ерекше ләззат сыйлаған «Қоңыр қаз» әңгімесі бәйгеден оза шықса, осы шығарма негізінде «Иллюстрация» номинациясы бойынша Жеңіс Нұрлыбаевтың 2 орын жүлдегері атануы – мен үшін де, қазақ авторлары үшін де үлкен жеңіс. Әрине, маған үміт артқан қаламгерлер баршылық, дегенмен, шығарма тағдырын шешетін арнайы комиссия болғандықтан мен ұсынған басқа да авторлар шығармаларының финалға жетпеуі әлі де болса мен үшін ізденістің көп керек екендігін көрсетеді. Осы бәйге барысында дүниежүзілік әдебиет байқауы комиссиясы қатарында мықты қаламгерлердің, әдебиет сыншыларының, әдебиеттанушыларының, аудармашыларының т.б. ридерлердің longlist,shortlist сүзгісінен өткен шығармалардың авторларын тағы да өз атымнан құттықтағым келеді. 142 жыл кешігіп ашылған еліміздегі және Орта Азия мемлекеттеріндегі тұңғыш әдеби агенттік ретінде Нобель сыйлығы иегерлері қатарында қазақ қаламгерінің табылуына жұмыс істеуді мақсат еткендіктен және басқа да ірі әдебиет бәйгелеріне Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне аударылатын қазақ әдебиетінің інжу-маржандарын қатыстыра отырып, қазақ әдебиетінің әлемдік оқырмандар империясын құру – басты міндетіміз екенін тағы бір айтқым келеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың соңғы Жолдаулары, үш бірдей мықты қаламгермен кездесуінде айтылған әдебиетті дамытуға қатысты ойлармен айтып жүрген идеяларымның астасып жатқанын жазушы ағаларымның маған қуана хабарласып айтқаны - менің бағытымның дұрыстығының тағы бір дәлелі. Осы жобаның тоқтап қалмауына дем берген, ақыл-кеңесін аямаған, уақыттарын қиып атсалысқан, кеңесші болған қаламгер ағаларға, сыншыларға, әдебиеттанушыларға, аудармашыларға, суретшілерге, тіл мамандарына, бизнес жоспарды дайындауға көмектескен ұлтжанды азаматтарға , бағдарламашыларға, ақпараттық қолдау берген еліміздегі басты газет-журнал басшыларына және журналистерге алғысым шексіз. Мемлекеттік емес ұлттық аударма бюросы қолға алынып, қаржылық қолдау болып жатса, өзімнің кандидатурамды осы жобаны басқарушылардың бірі ретінде болуға ұсынамын. Бүгінгі ойым кезекті « баяғы жартас –сол жартас» күйінде қалмайтынына және қолдау табатыныма сенгім келеді.

502 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы