• Әдебиет әлемі
  • 20 Маусым, 2017

ТУҒАНДА САҒАН ҒАШЫҚ БОП ТУҒАМ

Алпамыс ФАЙЗОЛЛА 1995 жылы 6 наурызда Орал қаласында дүниеге келген. Қазір Л. Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультетінің магистранты. Өлеңдері «Ақ желкеннің ұландары», «Жауқазын жылда гүлдейді», «Өлмес өлең» сияқты жастар жинақтарында жарияланған. Бірқатар республикалық әдеби байқаулардың жүлдегері болған.   Жүрегімнің сөзі менен даты – өлең, Махаббаттың өлкесіне жат емен. Өз бөбегін өбектеген анадай, Сыйлығымды, Кездесуге әкелем. Биік қойған жансың ар мен ұятты, Ерге сендей қызды сүю мият-ты. Аққайыңның жапырағы мен үшін, Сенің нәзік алақаның сияқты. Бойды меңдеп сезімімнің от лебі, Өз кеудеме сыйдырмады от мені. Алматыны сағынбаймын мен енді, Астанада сен барсың ғой өйткені!.. *** Шынарына қол созғанда асқардың, Мен нәп-нәзік үмітімді жастандым. Ей, жұлдыздар! Не істеп отыр ғашығым? Пердесінен сығалашы аспанның. Бүршік атып махаббаттың ағашы, Жалғыз бейне жер мен көктің арасы. Уа, жарық ай! Не істеп отыр ғашығым? Бұлт-көрпеңді серпіп тастап қарашы. Ақ махаббат, қашықтықпен өлшенбе! Жетем оған қиялыма ерсем де! Әлде өзім мекеніне арудың, Жел-тұлпарды мініп барып келсем бе?.. *** Өзіңді ойлап көңіл шіркін алаң-ды, Сені көрсем, көргендеймін анамды. Әбжыландай қазынаны ораған, Сен жайлы ойлар шырмап алды санамды. Байыз таппай аласұрған қағына, Түбі медет болар ма екен жаныма? Ал сен мені, Ер тимеген асаудай, Жолатпауға тырысасың маңыңа. Сілтемеші қаталдықтың дойырын, Бұл махаббат жияр емес айылын. Кешір мені, өзің жайлы жыр жазсам, Кешір мені, сүйгендігім – айыбым... *** Мен сүйген қыз неткен ғажап жан еді! Қазір мендік пәк сезімнің ән емі. Иран бақтың жүзіміндей мөлдіреп, Тұратын қос жанар қандай әдемі! Лайық саған шекерім деу, әсел деу, Әттең, бірақ шығады үнім бәсеңдеу... Бота көзге жарасатын кірпігің, Күн кірпігі – сәуледен де әсемдеу! Сол кірпіктер найзадайын шаншылды, Жүрегіме. Жан тербетер ән сынды. Содан бері дүрсілі де күшейіп, Ғашық жүрек жас кеудемді тарсынды... МУЗАҒА Қалқам, менің бол көктемім, бол айым. Мұз-дулыға киген Алатаудайын, Ал мен панаң болайын. Балқытты ғой тұла бойды сол сезім. Менің ғана атқан оғым жететін, Оқжетпесім болшы өзің. Білесің бе, нұрланасың сен айша. Қанша жырақ жүрсем-дағы өзіңнен, Қасыңдамын мен ойша. Бәрі ұнады ақыл-көркің, мінезің. Ақындықтың Алпамысы едім мен, Гүлбаршыным – бір өзің. Ғашық жанның от – сусыны, мұз – асы. Өлеңімнің Музасы – өзің, Болшы енді – Өмірімнің Музасы. КҮЗ Сынағысы келді ме жұрт төзімін, Күншуақтың күз келіп құртты көзін. Көк аспанның ажары – құстар кетіп, Табиғат та өзгертті күрт мінезін. Сенің қасың мен үшін тақтайын мың, Неге болсын сен үшін дап-дайынмын Түсі оңып, тозды әбден, Бір кездегі – Сәнді жасыл көйлегі аққайыңның. Бұл мезгілде көтердік еңсені алғаш, Жүк жоқ шығар екеуміз еңсере алмас. Күзді енді бәрібір жақсы көрем, Күзде көрдім өйткені мен сені алғаш! *** Паңсың неткен, Құдай-ау, қайрылмайтын жансың неткен! Көзге ілмей, бағаламай жүргеніңмен, Ақынның жүрегінде барсың көптен. Қазығы нық, Сезімді түсінсеңші сазын ұғып. Әрдайым саған қарай жетелейді, Сәбидің еңбегіндей нәзік үміт. Қастан да ада, Жас жүрек қайғыдан да, жастан да ада. Аспани сұлулығың болғанымен, Ғашық жан қол жеткізер аспанға да! Таң атырам Ұйқысыз, Көз іле алмай мен отырам. Жыр жазам саған арнап түн ішінде, Жырларды тыңдаймын да сен оқыған... *** Соңғы кезде берілемін мұңға тым, Елжірерсің, бәлкім, мендік жырға тың. Сені ғана еліктірмей, қинайды, Талай қызды ғашық қылған сымбатым. Өсірген жан ұят құсын, ар құсын, Жүректерді шырмап алар тормысың?! Сені ғана еліктірмей, қинайды, Көп аруды асық қылған болмысым. Махаббатты дүлей күшке тең дерміз, Өйткені, біз ақ сезімге ергенбіз. Сен бәрібір мәңгі мендік боласың, Ертегілер әлемінен келген қыз. *** Өртенгенім мен жанғаным менің, Қызықтырмайды – талғамың керім. Жалғыз ноқаттай көкжиектегі, Қолымды созар арманым менің. Жан емес ем ғой төзімнен кенде, Тағатсызданады сезімнен пенде. Жұматай көрген Ләйләсін үш рет, Үш рет кездестім өзіңмен мен де. Теңіздей асау Тасып, От туған, Арманын ақын асық боп қуған. Көргенде сені сүйіп қалғам жоқ, Туғанда саған ғашық боп туғам. Шипасы, емі тиген дәру жоқ, Махаббат дейтін тиген қару дөп. Сені де ертең еске алар ұрпақ, Алпамыс ақын сүйген ару деп. *** Әсем бәрі – көзің, күлкің, маңдайың, Талай жігіт қаққан шығар таңдайын. Неге менің үнім саған жетпейді, Су астында сөйлеп тұрған жандайын?! Жанарыңда бар сұлулық тұнғандай, Үлбіреген ақша жүзің үр қандай! Сезімімді тұншықтырмақ боласың, Субұрқақты қолмен жауып тұрғандай. Алты әріптен тұратын сол есімнен, Айналайын! Сені көрген кешімнен. Жар шетінде басы айналған адамдай, Ажарыңнан айрыламын есімнен. Жол бастаушың өмір дейтін соқпақта, Мен болайын, Ал шатырың аптапта. Итермеші өтінемін, итерме, Үмітсіздік дейтін ұйық батпаққа. Білем, білем, ақын жанның бағы азын, Сонда-дағы беріспейді-ау сабазың. Сәтті күтем өзіңменен тілдесер, Күткеніндей мүмин жұма намазын. ӨЗІҢЕ АРНАҒАН ЖЫРЫМДЫ... Даланың аппақ құсынан, Хатымды саған ұсынам. Өзіңе арнаған жырымды, Қағаз ұшақ қып ұшырам. Самал жел саған жеткізер. Қызысың өзге қаланың, Бос кетпесе екен талабым. Жырымды ерке өзенге, Қағаз кеме қып саламын. Толқындар саған жеткізер. Өлең-тұлпармен желемін, Шабытыма да еремін. Өзіңе арнаған жырымды, Түнде айға оқып беремін. Жарық ай саған жеткізер. Жаратқан беріп көмегін, Алады шайыр керегін. Өзіңе арнаған жырымды, Бұлттарға оқып беремін. Ақ жауын қылып жеткізер. Сұрапыл жастық отымен, Бөгеттерден де өтіп ем. Жырлардан ақын жолдаған, Сыр ұқпай қалма өтінем. Табиғат саған жеткізер... АҚЫННЫҢ НӘЗІК ЖҮРЕГІ Жүректің өлең нұры еді, Өлеңмен сырым жайылар. Ақынның нәзік жүрегі, Сенікі болған жайы бар. Бір өзің болып тілегі, Сен жайлы ойлар мазалап. Ақынның нәзік жүрегі, Сәбидікіндей тазарақ. Орнаған онда жыр елі, Қуаты жойқын Нілден де. Ақынның нәзік жүрегі, Нәзіктеу тіпті гүлден де. «Мұқият болғын» - тілегі, Дерті де - өзің, сен - емі. Ақынның нәзік жүрегі, Әлемге керек себебі! *** Жүрегіме бергім келіп мұраны, Арманыма ергім келіп тұрады. Жылдар бойы өшпей қойған жадымнан, Сол нөмірді тергім келіп тұрады. Ақ махаббат ардың делік ұраны, Сүйікті әнін салғым келіп тұрады. Қыдырушы ек қол ұстасып екеуміз, Сонау баққа барғым келіп тұрады. Ол күлгенде күлгім келіп тұрады, Хал-жағдайын білгім келіп тұрады. Анау тұста оның үйі бар-тұғын, Сол көшемен жүргім келіп тұрады. Көкірегім – жырдың берік тұрағы, Сезім-баққа кіргім келіп тұрады. Ол жауынды сүйгендіктен, жаңбырда, Қолшатырсыз жүргім келіп тұрады...

744 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы