• Қоғам
  • 25 Мамыр, 2017

УАҚЫТПЕН ҮНДЕСТІК

  Назгүл ШЫҢҒЫСОВА Филология ғылымдарының докторы, ЮНЕСКО халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі   ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласы еліміздің, ұлтымыздың таяу жылдардағы қоғамдық-саяси, тарихи, мәдени, рухани салаларының барлығында болашақ даму жоспарын қолмен қойғандай етіп анықтап, айқындап берген бағдарлама. Қайта түлеудің саяси және экономикалық екі үдерісіне байланысты нақты мақсат-міндеттер, басымдықтарды талдап, талқылап, түсіндіріп, тіпті қалай жүзеге асырудың жолдарына дейін баяндаған. Тәуелсіздік кезеңіндегі атқарылған зор істерге баға беріле келіп, енді біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басамыз? – деген мәселені күн тәртібіне қояды. Мақаланың өн-бойындағы айтылған мәселелер түйіндей келгенде: ұлттық бастауларды, ұлттық тарихты берік негіз ете отырып, әлемдік бәсекеге төтеп беру үшін, бәсекеде озу үшін жаңа коммуникативтік технологияларды меңгеру, тұтас халықтың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, санасын жаңғырту, жаңа өзгерістерге бейімдеу. Шынайы прагматизмнің жарқын үлгілерін болашақта көргіміз келсе, экожурналистиканың алдындағы міндетті айқын сезінуге болады. Елбасымыз айтқан ұлттық байлығымызды үнемді пайдалану, ысырапшылдыққа жол бермеу, табиғатты сақтау, жаһандық, өңірлік экологиялық мәселелер туралы БАҚ-та экологиялық ойлау тұрғысынан толыққанды, сараптамалық ақпараттар берілу қажет. Ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесіне байланыстыЕлбасы басты екі қырын сипаттаған: ол ұлттық сана-сезімді дамыту және ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, сипаттарын өзгерту, ұлттық мәдениетті сақтау. Бұл міндетке біз де өз тарапымыздан үлес қосуға тырысамыз. ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасында«Жаһандық әлемдегі журналистиканың социомәдени көптүрлілігі: ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелері» тақырыбы бойынша іргелі ғылыми жоба орындалды. Зерттеу нәтижелері бойынша ғылыми еңбектер жарық көрді. Сол зерттеулер Елбасының қойған міндеттерімен үндесіп жатыр. Мақалада латын әліпбиіне көшу туралы міндеттер осы процестің терең логикасын анықтай отырып, нақты мезгілдерімен айқындалған. Қазіргі таңда телекоммуникациялық, компьютерлік және хабар тарту технологиялары-ның өзара қызметі коммуникациялық ортаны өзгертті. Жаңа медиа-жүйелер пайда болды. Сондықтан, мультимедиялық, цифрлық, интерактивті коммуникациялар дәуірінде бәсекеге қабілеттілік танытуымыз,студенттердің бойына халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу, шетел тілдерін жетік меңгеру, әртүрлі тілдік платформаларда еркін жұмыс істей білу құзіреттіліктерін сіңіруіміз қажет. Жаңа сапалық деңгейде білім беруді көздейтін қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы дәл уақытында қолға алынған әрі аса пайдалы, маңызды идея. Жастардың қандай мамандыққа болмасын жедел бейімделуіне, жан-жақты болуына, әсіресе қазақстандық білім берудегі ерекшеліктер, инновациялар игі ықпал етеді деп ойлаймын. Латын тілі де, 100 оқулық та – біздің арманымыз. Бұлар лүп-лүп соққан жүрек дүрсілі сияқты. Біз тек осы жүрек лүпілінің дүрсіліне құлақ түруіміз керек. «Егер жаңғыру елдің рухани ұлттық тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды», – деді Елбасы. Бұл – бүгінгі күннің сөзі, бізді болашаққа бастайтын сөз. Біз тек ұлт болашағы үшін өмір сүруіміз керек. Бұл сөздің ар жағында ұлт болашағы қол бұлғап көрініп тұрғандай. Біздің Жамбыл мен Бауыржан бабаларымыздың атойлаған асқақ арманы тұрғандай. Менің мақаламның «Уақытпен үндестік» деп аталуы тегін емес. Біз енді күндіз-түні уақыттың тамырын басуымыз керек. Әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасауға бет бұрдық. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз. Ұлттық аударма бюросын құру да алдағы міндет. Бұл жерде көркем аударма мәселесі де назарда тұр. Жақсы шығармаларды шетелде басып шығарса болмай ма? Ондай шығармалар бізде аз емес. Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп тегін айтпаған. Оның аясында патриотизм жатыр. Өзінің өскен аулы мен туған топырағын аңсамайтын адам бар ма?! Бағдарлама бізді осындай ұлы мұраттарға жетелейді. Мақаланы талқылаған Асанәлі Әшім, Дулат Исабек, Дос Көшім секілді ағалардың асыл ойларын алға тарта отырып, ұлы мұраттарға қарай бет алғандай боламын. Бұның бәрінің аясында уақытпен үндестік жатыр.

452 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы