• Бас мақала
  • 25 Мамыр, 2017

ЖАСТАР ҚАШАН МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ СӨЙЛЕЙДІ?

Нұрлан ҚҰМАР «Үркер» журналының бөлім меңгерушісі.   Еліміз егемендігін алғанына ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, мемлекеттік тіл мәселесі әлі күнге дейін қанатын көкке көтеріп, шарықтап самғамай тұр. Жолға қойылып жатқан іс-әрекеттерге қарамастан, қазақ тілінің қолданысы көңіл көншітпей келеді. Осыған орай қазақтың тіліне деген салғырттық неден бастау алды деген орынды сұрақ лүп-лүп етіп көкейде тұрып алатыны анық. Ел ертеңі – жастар екені белгілі. Қазақстан халқының көбісін жас буын өкілдері құрайды. Қуанарлық жәйт. Себебі, бұл еліміздің халық санының көбеюіне әкеліп соқтырары анық. Алайда, бір жақсының бір кемшілігі бар демекші, осы жастардың барлығы демей-ақ қоялық, көбісі мемлекеттік тілде өзара сөйлесе ме? Бұның өзі қазіргі қоғамымызда басты мәселеге айналды. Өйткені, жасөспірімдердің дені бір-бірімен орысша шүлдірлесіп жүргенін көріп жүрміз. Бұл аздай халықаралық тіл болып саналатын ағылшын тілінде ойлап, сол тілде тілдесетін жеткіншектерді көріп, таңырқамайтын дәрежеге жеттік. Олай дейтініміз, күнделікті қоғамдық орын немесе көшеде ағылшын тілінде еркін сайрап жүрген жастардың көбейіп кеткені соншама, бұған құлағымыз үйреніп кеткендей ме, қалай?! Алайда, саналы адам ретінде зер салып, назар аударатын болсақ, құдды біз Қазақстанда емес, Ресей, тіпті, шетелде өмір сүріп жатқандаймыз. Бұндайда қазақ тіліндегі бір сөзді тыңдауға зар болып қалады екенсің. Жастардың осы қылығы, іс-әрекеті бәрімізге ой салуы тиіс. Дүниежүзінде жер көлемі жағынан 9-шы орынды иеленетін, яғни 5 Франция немесе 11 Ұлыбритания (Англия, Шотландия, Уэльс, Солтүстік Ирландия мен аралдарын қосқанда) сынды дамыған мемлекеттер сыйып кететін қазақ даласы шетел тіліне әбден аңсары ауып бара жатқандай көрінеді. Біздің іргеміздегі Ресей мен Қытайды айтпағанның өзінде оңтүстіктегі Өзбекстан елінде біздегідей тіл мәселесі жоқ. Бәрі де рет-ретімен шешіліп қойғандықтан олар бұл жәйға бастарын қатырмайды. Мектеп қабырғасында ана тіліне басымдылық берілген өзбек халқы ерекше қарқынмен өсуде. Ұлттық болмысты сіңіріп өскен өзбек ұлты мәңгүрттенген қазақ даласын соғыспай-ақ жаулап алуы әбден мүмкін. Ал 2 миллиардқа жуық ханзу ұлты мен 150 миллион орыс ұлтының да бізге төндірер қаупі күшті болғалы тұр. Тілі өзгеше болып өзгеріске ұшыраған қазақ халқы жан-жақтан соққы алып, өзгеге жұтылып кетуі ықтимал. Себебі, болашақ жастардың қолында десек, өз ана тілінен қашқақтап, орысша, ағылшынша, тіпті, қытайша сөйлеуге мән бере бастаған жеткіншектерде ұлттық сана сезім әлсіреп, Отанға деген махаббатың төмендейтіні белгілі. Сондықтан да бұл қауіпті құбылысты алдын алып, қазірден бастап жөнге қою уақыт талабы болып отыр. Тіл деген тірі дүние, оған селқос қарауға болмайды. Әрине, жастардың шетел тіліне деген махаббатына қарап, оларды кінәлау дұрыс емес. Барлық кінәнің кілтипаны қоғам мен аға буын өкілдерінде болып отыр. Кеңес заманында өскен бүгінгі ақсақалдардың орысша сөйлеу қанына әбден сіңген. Өз баласын ресми немесе халықаралық тілде оқытатын мектепке беруді жөн санайды. Көптеген ата-ана егер балам ресми тілде оқыса болашақта адам болып, көп қаржы табатын мекемеде жұмыс істейді деп ойлайды. Осыдан-ақ, кейбір көкелерімізде ұлттық рухтан гөрі байлыққа деген құштарлық басым екендігін аңғарасыз. Жасыратыны жоқ, еліміздегі көптеген орыс мектептерін қазақ балалары толтырып жүр. Ән, әуез де адамның ойлау жүйесіне көп әсерін тигізеді. Байқағанымыздай, жас-тар шет тілінде ән тыңдағанды жөн санайды. Қазіргі технология заманында кез келген жерден ақпарат алуға, ән тыңдауға зор мүмкіншілік бар. Қоғамдық көлікте әртүрлі толқынға қосылып бөтен тілде ән тыңдап, ол аз болғандай қысылмай билеп, әннің сөзін қайталап айтатын жасөспірімдер көбейді. Бұндай кезде «ойпырым-ай, бұларда ұят неге жоқ» деп ойлайсың. Осындайда Қазақ радиосын тыңдаса ғой дейсің. «Шалқар» радиосында да ұлттық сана-сезімді оятатын дүниелер жиі беріледі. Ең бастысы, бұл қос радиодағы ана тіліндегі әсем әндерді жастар тыңдауға неге әуес емес? Бұның астары белгілі. Әке-шешелері үйінде ресми тілдегі жаңалықтарды теледидардан көріп, шетел тіліндегі әуендерді тамашалайды. Бұны көрген бала үлкендердің ісін қайталамағанда қайтеді!? Бұл аз болғандай қаладағы қоғамдық көлік жүргізушісі шетел әндерін қосып қоятынын қайтерсіз?! Бұл – дағдыға айналды. Қазақ жастары ұялы телефонына ағылшын немесе басқа тілдегі жүйені енгізіп қойған. Барлық ұғым шетелше үн қатуда. Тіпті, біреу хабарласып қалғанда телефоны шетел әнімен шырылдап, анықтаушы жүйесі халықаралық тілде мәлімет беріп жатады. Егер хат түссе болғаны көбіне «нью мэсиджиң фрэм уан, уан, ту» деп жатады. Осындайда, шіркін, «жүз он екіден жаңа хабар түсті» деп айтса қандай жақсы болар еді! Ұялы телефонда жазылып жатқан хаттардағы қатеден көз сүрінеді. Байқағанымыздай жастар қолданып жүрген айфон, айпад, смартфондарында қазақ әрпіне негізделген жүйе жоқ екен. Сондықтан, тіпті, қазақ мектептерінде оқып жүрген өрендер бір-біріне қате әріптермен хат жазуға мәжбүр. Латын әрпіне негізделген жазуды қолданылу сәнге айналып барады. Осының өзі-ақ мектеп қабырғасындағы оқушылардың ағылшын тіліне деген құштарлығын оятатынын аңғаруға болады. Бұл жерде ұялы телефонды басқаратын орталықтар технологиялық құралдардың барлығына мемлекеттік тілдегі әріптерді толықтай енгізіп, қадағалап отырса деген ұсынысты айтқымыз келеді. Бұл қиын емес, жолға қойылса атқарылуға болатын іс. Кириллицадан айырмашылығы «ә», «ғ», «қ», «ө», «ң», «ү», «ұ», «і», «һ» әріптерін қосса болғаны. Әрине, бұндай үрдіс іске қосылған. Бірақ, барлық 100 пайыз ұялы байланыс құралдарында бар деп айта алмайсыз. Егер бұл толықтай іске қосылса, жастар қатесіз жазып, ана тіліне деген құрметтін артары сөзсіз. Ең бастысы, жастарды тәрбиелеуді бүгіннен бастап қолға алуымыз керек. Әйтпесе, ертең кеш болып кетеді. Қазақ елі мәңгі жасасын десек, мемлекеттік тілімізге зор құрметпен қарағанда ғана болашағымыз кемел болмақ. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп тегіннен-тегін айтпаған ғой. Сондықтан ана тіліміздің мәселесі әрдайым бірінші орында тұруы тиіс. Бұл сөздің өнбойында қырық екі әріптің қасиеті қол бұлғап тұрған жоқ па?!

399 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы