• Білім-ғылым
  • 25 Мамыр, 2017

ТАЛАНТТАР ТАСАДА ҚАЛМАЙДЫ

Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовтың жастарға деген көзқарасы ерекше ғой!..Амандық ағамыз әрқашанда жастардың ұсынған жобасына өз қолдауын көрсетіп, демеп отырады. Себебі, әкімнің шарапаты шалғай жатқан ауылдарға тиіп, нәтижесін беріп жатыр. «Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы», облыстық жастар ресурстық орталығымен «New Nomad production» студиясы бірлесе отырып, жаңа таланттардың өнерлеріне қолдау көрсететін «UNKNOWN TALENT» атты жаңа жобаны ұсынып, облыс көлемінің түкпір-түкпіріндегі елді-мекендерге кеңінен насихаттаған болатын. Жобаның мақсаты:халық арасында танылмай жүрген асқақ дауысты, жезтаңдай әншілерді, мың бұралған бишілерді немесе басқа да жұртты тәнті ететін ерекше өнер иелерін тауып, оларды көпшілікке танытып, өнерлерін жарыққа шығару. Бұл жоба жөнінде «Райымбек аудандық жастар ресурстық орталығы» әр ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушыларына арнайы тапсырмалар беріп, жұмыстар жүргізді. Жоба мақсатын ары қарай дамытуда жастар ісі жөніндегі нұсқаушылардың атқаратын рөлі өте зор. Ауылдық жерлерде танылмай жүрген,өнері ерек,талантты жастарды табуға арналған мұндай мүмкіндіктер күнде туа бермейтіні анық... Байқауға Алматы облысына қарасты 19 ауданның шалғайынан 14-29 жас аралығындағы жастар қамтылып, қорытындысында Райымбек ауданының үш ауылынан: Тарпаңбаева Әйгерім- жас әнші(Тасашы ауылы), Иемберген Қажымұқан – жас бүркітші (Шәлкөде ауылы), Өтегенов Болатбек- қолөнер шебері (Нарынқол ауылы) сынды жас өнерпаздар бақтарын сынап, облыстық іріктеуден сүрінбей өтті. Осыған орай, жуырда «New Nomad production» студиясының түсірілім тобы Тасашы, Шәлкөде және Нарынқол ауылдарында үш күн болып, таланттарымен ерекшеленген жас-тармен дидарласып, өз сценарийлері бойынша түсірілім жасап қайтты. Тасадағы таланттарды табу мақсатында жүргізілген бұл шара талантты ауыл жастары үшін, қуанарлық жайт болды. Әр жас өнерпазбен болған түсірілім, «New Nomad production» студиясында өңделіп, 10-15 минуттық бейнефильм жасалынады. Сол бейнефильмге арқау болған жас өнерпаздардың қысқаша өмірбаяндары төмендегідей: 1.Тарпанбаева Әйгерім Мырзатханқызы- жас әнші.1988 жылы дүниеге келген. 2005 жылы Тасашы орта мектебін бітіріп, Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Университетінің Экономика және информатика мамандығы бойынша білім алған. Ұстаздығымен қоса, әншілігін қатар алып келе жатқан Әйгерім аймақтық және аудандық байқаулардың бірнеше рет бас жүлдесін жеңіп алған. Қазіргі уақытта Тасашы орта мектебінде информатика пәнінен сабақ береді. 2.Иемберген Қажымұқан Мышанұлы- жас бүркітші. 1993 жылы дүниеге келген.2011 жылы Шәлкөде орта мектебін бітіріп, Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық Аграрлық Университеті жанындағы Аграрлық колледждің орман шаруашылығы мамандығы бойынша білім алған. Құсбегілік өнері сексен жастағы атасы Бағашар Наурызбековтен дарыған. Қажымұқан 2008 жылы Талғар қаласында өткен «Қансонар-2008» құсбегілер сайысында ІІІ-орынды және 2016 жылы Райымбек ауданы, Қайнар ауылында өткен Республикалық «Салбурын-2016» құсбегілер сайысында ІІ-орынды алып, ауданымыздың атын асқақтатқан. Қазіргі уақытта ауылда құсбегіліктен бөлек, атбегі, көкпар сынды ұлттық спорт түрлерімен қатар айналысуда. 3.Өтегенов Болатбек Бақытжанұлы- қолөнер шебері. 1989 жылы дүниеге келген. 1996 жылы Нарынқол ауылындағы Ораз Жандосов атындағы орта мектепте және Алматы қаласындағы №7 кәсіптік мектепте білім алған. Одан қолөнерге деген қызығушылығы артып, Алматы қаласындағы «Шертер» ЖШС-де қобыз жасаушы шебер болып жұмысын бастаған. 2014 жылы Нарынқол ауылында өзінің жеке шеберханасын ашып, бес адамды жұмыспен қамтып отыр.(Шеберханада домбыра, қобыз, сандық, бесік, астаулар және т.б ағаш бұйымдары жасалынады.) 2015 жылы Алматы қаласындағы шеберлер арасында өткен, «Үздік шебер» байқауының бас жүлде иегері атанған Болатбек Бақытжанұлы Талғар қаласы мен Райымбек ауданы әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталған. Жуырда Болатбек бауырымыз Алматы қаласынан Ұлттық бұйымдар сататын «Ата-дәстүр» дүкенін ашты. Міне, осындай талантты жастарымыздың еліміздің түкпір-түкпірінде әлі де баршылық екені анық...Оны іздеуден әлі де танбауымыз қажет. Облыс әкімі және басқа да тараптардан жастардың шығармашылықтарына қолдау білдіріп, өнерлерін жарыққа шығарамын деген демеушілер табылып жатса, шын таланттылардың жерде қалмайтындығы сөзсіз. Дәурен ЕРМЕКБАЙ Алматы облысы, Райымбек ауданы, Тасашы ауылы.

476 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы