• Әдебиет әлемі
  • 25 Мамыр, 2017

БАБАЛАР САЛҒАН САРА ЖОЛ

Кезінде «Шуақты күндермен» оқырман жүрегіне жол тапқан Зейнеп Ахметованың осыдан бес жыл бұрын «Бабалар аманаты» кітабы жарық көрген болатын. Халқымыздың біртуар батыр ұлы Бауыржан Момышұлы атамыздың айтқан әңгімесін санасында сіңіріп жүрген келіні Зейнеп апа бұл кітапты ұзақ жылдар жүргізген күнделігінің негізінде жазған. Мұны автор үзік әңгіме арасында көрсетіп отырады. Шығарма «Шуақты күндердің» жалғасы іспетті. Мұнда батыр атамыздың мазмұны терең әңгімелері айтылады. Кітапта осыдан отыз-қырық жыл бұрынғы оқиғаларды күні кеше ғана өткендей, дәл қазір болып жатқандай көз алдыңызға келтіріп, сол кездегі Момышұлы шаңырағында айтылған әңгіме, шертілген небір сырды тартымды етіп көркем тілмен баяндайды. Ұрпақ сабақтастығы, дәстүр жалғастығын сөз ететін бұл кітапты жақында қолыма алып оқып едім. Оқыған жанды ойландырмай қоймайтын мазмұнды кітап төңірегінде кеңірек әңгімелесек деп отырмыз. Кітаптың алғашқы бөлімі «Сөз анасы – сәлем» деп аталады. Телефон арқылы шыққан бір оқиғадан басталатын әңгіме тұтастай бір тарауға негіз болады. «Сәлем беру – сөз бастаудың беташары» деп адаммен тілдесудің алғашқы баспалдағы ретінде сәлем берудің қыр-сырына кеңірек тоқталады. Мұсылман халықтарына тән амандасудың бір түрі - оң қолын кеудесіне қойып сәлем беру. Дегенмен қазірде амандасудың бұл түрін көпшілік қолдана бермейді. Сонымен қоса «Ассаламуалейкум» деп амандасатын ер азаматтар қатары да сиреп барады. Сөзіміз дәлелді болу үшін шығармадағы мына бір оқиғаны айта кетейік. Бірде Бауыржан ата Момышұлы келінімен Жазушылар одағына барады. Бауыржан атаны көрген жандардың барлығы сәлемдеседі де, тысқарыда тұрған бір жігіт оның келгенін кеш байқаса керек, Бауыржан атаны көре салған бойда «Сәлеметсіз бе?!» дегенде, «Здрәсти» деп кері жауап қайырады. Бұл оның ер азаматтарша «Ассаламуалейкум» демегеніне берген жауабы еді. Мұндай оқиғалар шығармада көп-ақ. Тағы бірде Бауыржан атаның немересі Ержан ауылдан келіп үйге ене бере «мен келдім» дегенін де жарытпайды. Бөлмесіне кірген немересіне «келген адам әуелі сәлемдесу керек» дейді. Сонда Ержан есікті қайта ашып атасымен сәлемдеседі. Мұның өзі ұрпақ тәрбиесіне ерекше ден қойған үлгілі отбасының бір көрінісі. Осы сәлемдесу әдебімен қоса қазақта «сәлем айту», «сәлемдеме беру» туралы да айтылады бұл тарауда. Бұл дәстүрлердің күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқандығы да ұлттық тәрбиенің, бабалар аманатының нышаны емес пе?! Ұрпақ тәрбиесіне қатысты мына бір әңгіме де түсінген адамға үлкен ғибратқа толы. Қазақта ұл баланы басынан сипамаған. Басынан сипау – ұл баланы аяп мүсіркеу сезімін туғызады. Төмен қарап жасық болып өседі деп ырымдаған. Ата-анасы мен ел-жұртына қорған болып, шаңыраққа ие болатын ер азаматтың ынжық болуын қаламаған. Сол себепті ұл баланы арқасынап қағып, жігерлендіріп отырған. Осылайша бала батылданып, еңсесін тік ұстап жігерленеді, тура қарауға дағдыланады деп үйреткен. Ал қыз баланы керісінше басынан сипаған. Қыз – жатжұрттық. Қыздың бағы – үйде емес, түзде. Алдынан не күтіп тұр екен, тағдыр талайы қалай болады деп, басынан сипап аялаған. Екінші, «Атаның қысқа қайырмалары» деп аталатын шағын бөлімде Бауыржан ата айтқан афоризмдер берілген. Мәселен, «ең бейшара адам – дұшпаны жоқ адам. Ең бақытсыз адам – жан досы жоқ адам» деген секілді. Ал мұнан кейінгі «Атаның маған айтқан нақыл сөздері» бөлімінде батыр атамыздың келіні Зейнеп апайға арналған өсиет сөздері айтылады. «Ешқашан тепкіге төзбе, ешқашан аяққа басылмағын», «Ақымақтығыңды өзің ұғып түсінсең ақылды болғаның. Ал өзіңді ақылдымын деп сенсең – нағыз ақымақсың!» деген нақыл сөздері бар. «Жетілік ұғым» деп аталатын келесі тарауда жеті сөзімен байланысатын «жеті қазына», «жеті ырыс», «жеті өнер», «Шығыстың жеті жұлдызын» кеңірек тарқатады. Аталмыш тарауда әрбір қазақ білуге тиісті ақпараттар көрсетілген. Тағылымы терең әңгімеге қанық болғыңыз келсе, рухани жан дүниеңізді байытқыңыз келсе, кітап оқыңыз, оқырман! Ақнұр САҒЫНТАЙ, «Шарайна – Сейхун» газетінің тілшісі Қызылорда облысы, Шиелі ауданы

2935 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы