• Бас мақала
  • 27 Сәуір, 2017

Мемлекеттік тілдің көсегесі неге көгермей тұр?

Ана тілді дамыту еліміздегі мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыттарының бірі, тіл мәселесін оңтайлы шешу – ұлтаралық қатынастар үйлесімділігінің, халықтардың топтасуы мен қоғамдық келісімді нығайтудың алғышарттары болып табылады. Осы тұрғыда ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» еліміздің біртұтас мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудың пәрменді тетіктерінің біріне айналып отыр.

Дегенмен қазір елімізде мемлекеттік тіл мәселесі өзекті мәселенің бірі болуда. Өйткені Кеңестік заманды көрген аға буын өкілінен бөлек, жастардың өзі ана тілінде сөйлескісі келмейді. Егер назар салып қарайтын болсақ қазіргі тірлігімізден гөрі Тәуелсіздік жаңадан алған кезде ұлттық сезім, рухани байлығымыз жоғары болған сияқты. 1993 жылы төл теңгеміз жарыққа шыққан кезде ұлттық валютамыздың бетінде қазақтың ойшыл-ғұламалары, хандары, өнер қайраткерлері, ақындарының суреттері бейнеленгендіктен туған халқымыздың текті тұлғаларына деген сүйіспеншілік, оларды мақтан ету, еліктеу секілді қасиеттер әрқайсымыздың жүрек түкпірімізде оянған еді. Ал теңгеміздің қазіргі жағдайына қарасаңыз, ғұламалардың суреттері мүлдем жоқ, бұдан бөлек мемлекеттік тілмен қоса орысша жазылған сөздерді де оқуға болады. Дәл сол Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары өзге ұлт өкілдері қатты секем алған еді. Ал қазір ше? Бәрі де тайраңдап өз тілінде еркін сөйлеп, шетелше дүкен, мейрамхана, асхана ашып, бас-басына би болып, тайраңдап жүр. Елімізде кез келген жерде ағылшынша жазылған мекемелерді көруге болады. Бұдан шығатын қорытынды жергілікті халық біртіндеп бөгде әріптерге көз үйретіп, шетелше сөйлеуге бет алып бара жатқанын көрсетеді емес пе?!

Міне, еліміздің ішкі жағдайын көрегенділігімен көре білген әрі түркі халықтарымен достық қарым-қатынасты күшейту мақсатымен жуырда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру керектігін, биылғы жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек екендігін тілге еткен болатын. Сонымен қатар Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай іс қағаздарды, мерзімді баспасөз, оқулықтар, бәрі латын әліпбиімен басып шығарыла бастауы тиістігін атап өтті. Иә, латын әліпбиіне өту идеясын сонау тоқсаныншы жылдардың басында академик Әбдуәли Қайдар да көтерген болатын. Бүгінгі қазақ қоғамы көне түркі, араб, кириллица (орыс)  әліпбиілерінің ішінен латынға тоқтап отыр. Себебі ғылымы мен мәдениеті дамыған Еуропа елдері латын әліпбиін қолданады. Дүниежүзілік ақпараттық-электронды құрал-жабдықтардың тілі де латын қарпіне негізделген. Әрі латын жазуына түркі халықтарының ішінде түрік, өзбек, әзірбайжан ағайындарымыз баяғыда кіріп алған. Егер латыншаға көшсек түркі халқының сан жағынан басым келетін осы үш ұлт өкілімен байланысымыз күшеймек. Ал көрші қырғыз халқы бізге қарап отыр. Біз бұл әлемге кең таралған бұл қаріпке көшсек, айырқалпақ ағайындыларымыздың да кіретін түрі бар.

Тек осы жағына келгенде қазақ халқы латын әліпбиін дұрыс игерсе дейсің. Өйткені үштұғырлы тілді Елбасы қолдап еді, қаракөздеріміз жаппай ағылшынша үйренуді қолға алды. Онысы дұрыс қой. Бірақ әр нәрсенің шегі бар емес пе?! Балалары ана тілін жетік білмейтіні аздай, немерелеріне «Хай», «Гуд мониң!», «Хау а ю?», «Май бэйби», «Кам клоузэ ту ми», «Плиз тел ми...» және т.б. сөздерді  тілдерін бұрап, жиі айтуды өздеріне мәртебе санайтын ата-әжелер көбейді. Осындайда шіркін қазақтың қарапайым тілімен «Сәлем», «Қайырлы таң!», «Қалайсың?», «Құлыншағым», «Бері келші», «Айта қойшы...» десе ғой деп армандайсың.

Бұдан басқа латын қарпіне көшу керек деген Мемлекет басшысының сөзін жерлестеріміз тағы да дұрыс түсінбей қала ма деп алаңдаймыз. Латын әрпіне негізделген шетелдік сөздерді негізге ала отырып бәрі де өзге тілде жазылып кете ме деген күдікті ой туындайды. Бұл орайда латын қарпін қолданған мемлекеттік тілде жазылған мекемелер аты көбейсе дейсің. Әзірге бұндай атауды пайдаланып жүргендердің бірі «Qazaq» («Қазақ») банкін айтуға болады. Латын қарпімен жазып жүрген бұл банктің «Қ»-ны «Q» деп белгілеуі қаншалықты дұрыс не бұрыс екендігін уақыт көрсете жатар.

Бұдан басқа көшелердегі, теледидардағы, әлеуметтік желілердегі қате жазылған, сәтті шықпаған аудармаларды жиі естіп, көріп жатамыз. Жарнама – біздің «жанды» жерімізге айналды. Мәселен, «Сникерс» шоколадын насихаттайтын жарнамада «Аш болсаң сен өзіңе ұқсамайсың» деген аударманың сәтсіз шыққанын аңғаруға болады. Аудармашылар  орысшадан сөзбе-сөз аударуды жөн санады ма, әлде жоқ шоколад атауы «мырсылдап күлу» деген мағынаны білдіреді деп қалдырғысы келді ме белгісіз, әйтеуір үйлесімділік таппай тұр. Мемлекеттік тілдегі жазулардағы қателерден көз ұялатын болды. Мәселен, Халықаралық мамандырылған ЭКСПО-2017 көрмесіне байланысты «Әсер алып, шабаттан!» деген сөйлемдегі үшінші сөзде қате әріптің болуы ұят емес пе?! «Салмакка өлшем», «Кәріні жаңаға ауыстырамыз», «Конак үйлерді брондау», «Шаш қырқушы», «Қалайсың ба?», «Шаштара» және тағы да басқа болып кете береді.  Мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшеновке арналған көшенің төбесіне «Ж.Ташенова к-сі 12, кеңсе 1» деген жазуды көргенімде көңілім бірден құлазып кетті. Ал, Алматыдағы Гагарин мен Жандосов көшесіндегі «Есік» дейтін дүкенді көрсеңіз ғой. Дәл сол жерден қала тұрғындары мен қонақтарын айтпағанда, Орталық Азия студенттері түгелдей сол жерден өтеді. Екі есікке бір ғана «Есік» сөзін бөліп, тасымалды қате жазып қойған дүкен иесі неткен сауатсыз еді, әлде мазағы ма екен? Бұдан басқа кей жарнамада кейбір әріптері түсіп қалса, оған назар аударып жатқан ешкім жоқ. Ал, бір қызығы орысша жазылған жарнамадан қате таппайсыз әрі түсіп қалған әріптерді де көрмейсің. Тіпті бола қалғанның өзінде көп ұзамай түзетіліп қояды. Жасыратыны жоқ жарнама мәтіні негізінен орыс тілінде, кейін қазақ тіліне аударылады. Көптеген қателер жарнама агенттеріндегі мамандардың мемлекеттік тілді дұрыс білмеуінен болып отыр. Осыдан барып емле қателерден бөлек, сөйлемдер стилистикалық жағынан дұрыс құрылмайды.

Жастардың ғаламтор, уотсап, әртүрлі әлеуметтік желіде  тілдесетін жазуларында да қате өте көп. Мәселен ұялы телефонмен сөйлесетін кейбір жастар «келеатырм», «бараатырм», «отыратырм», «каксын», «көратырм», «не жаналык» деген секілді сөйлемдермен ойларын жеткізіп жатады. Сондай-ақ, сұраулы сөйлемдерге «бе», «ба», «па», «пе» демеулік жалғау жалғамастан «Келесін, кездесеміз, барасың?» деп шұрайлы тіліміздің шырқын бұзып, орашолақ сөйлей салады. Бірде таныс бір інішектің ұялы телефонына үңілгенімде жазғандары емле қателерге тұнып тұрғанын байқадым. Мәнісін сұрағанымда,  «Телефонымда қазақша әріптер жоқ, бәрі «орысша немесе ағылшыншаға негізделген ғой» деген жауап алдым. Бұдан басқа көптеген қандастарымыздың: «Бұл Гагарина ма, Розыбакиева көшесі қайда, Джандосова алыс па, Сатпаеваға қалай барамын?» деген сөздерін жиі естуге болады. Ал осы көшелерді неге Абай, Розыбакиев, Жандосов, Сәтбаев демеске?! Бұдан басқа көше аттарын бұрынғы атаумен сұрайтындар да аз емес.

Жасыратыны жоқ қазақ халқы бақытты халық. Халқының саны жағынан 5-10 есе көп кейбір ұлттар тәуелсіздікке әлі де қол жеткізе алмай жүр. Статистикалық мәліметке сүйенсек, халқы 1 миллиард 310 миллионнан асып жығылатын Үндістан халқының негізгісі болып саналатын хинди тілінде небәрі 400 миллион адам сөйлейді. Бұл елдің құрамында болып өз ана тілін сақтаған ұлттарды көруге болады. Мәселен, телугуше 75 миллион, маратхише 72 миллион, тамильше 68 миллион, урдуша 61 миллион, панджабише 57 миллион, гуджаратша 46 миллион, каннадаша 35 миллион, орияша 33 миллион адам еркін сөйлейді екен. Әлі де тәуелсіздігін алмаған бұл халықтардың тілдік аудиториясы біздің мемлекеттік тілімізден бірнеше есе көп екенін байқауға болады.

Елімізде мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындар үлесі 82 пайызға жеткен деген мәлімет шындыққа жанаспайтын сияқты. Қазақ тілін білетіндердің саны анағұрлым аз болуы мүмкін. Қандастарымыздың көбісі ресми не өзге тілде сөйлесетінін күнделікті тірліктерінен де байқау қиын емес. Мәселен, кез келген банкте немесе төлемдерде тіл таңдау деген бөлімде қандастарымыздың «Қазақша» деген бөлімнен гөрі «Русский» немесе «English»-ті таңдағанын көремін. Тіпті Қазақстан Халық банкінен ата-әжелеріміздің ағылшын тілін таңдап зейнетақысын алып жатқаны күлкілі емес пе?! Бұл қарттарымыз немерелеріне сонда қандай тәлім бермек-ші. Егер алдағы уақытта шетелше ойлайтын азаматтарымыз көбейсе, ертеңгі болашағымыз не болмақ?!

Сөз жоқ қазақ елінің негізгі мақсаты – қазақ тілін сақтап қалу болып отыр. Елімізде өзінің ана тілін мүлдем білмейтін жүздеген, мыңдаған қаракөздеріміз бар. Бұл жағдайды қалыпқа түсіріп жөндеу үшін барлық ұлт өкілдерін бір жүйемен оқыту керек. Мемлекетімізде тұратын қазақ, орыс, неміс, татар және т.б. ұлттардың балалары балабақшада, бастауыш сыныптарда мемлекеттік тілде білім алса дұрыс болар еді. Бесінші сыныптан кейін ғана әлем тілдеріне көңіл қойса да жетпей ме? Сонда ғана бала кезінде мемлекеттік тілді бойына сіңіріп өскен жеткіншекте отансүйгіштік қасиет пайда болары сөзсіз.

Иә, елімізде ана тіліміздің төңірегінде әлі де шешілмеген мәселелер жетерлік. Мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі орны қашанда айрықша болғаны мәлім. Тіл арқылы ұлттың даму көкжиегі де айқындалады. Тіл болмаса, ұлт та болмайды. Бұл екі ұғымды бөлек қарау мүмкін емес. Ал мемлекеттік тілдің бүгінгі таңдағы қадау-қадау өзекті мәселелерінің бірі – ол тілдің қолданыс аясын кеңейту болып отыр. Егер еліміздегі барлық азаматтары қазақ тілінде сөйлесе ғана біз мақсатымызға жетеміз.   

Нұрлан ҚҰМАР

609 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы