• Бас мақала
  • 17 Сәуір, 2017

«Музыкада бар әлем бір тілде сөйлейді»

Димаш Құдайберген – 1994 жылы 24 мамырда Ақтөбе қаласында дүниеге келген. А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжді, ҚазҰӨУ-ның эстрада әншісі мамандығына оқыған. «Славян базары» XXIV Халықаралық эстрадалық ән орындаушылар байқауының Гран-при иегері.   «Кемешінің өнері кеме жағада тұрғанда емес, теңізде дауыл ұрғанда танылады» деген асыл сөзді музыкаға да қатысты деуге толық негіз бар. Әншінің өнері өзге де дүлдүлдермен сынға түсетін дүбірлі додаларда танылады. Оған дәлел – Димаш! 1925 жылы Парижде өткен Дүниежүзілік этнографиялық концертте өнер көрсетіп, күміс медаль иемденген, 1927 жылы Германияның Франкфурт қаласында ән шырқап, дүниежүзі мәдениетінің ірі өкілдері тарапынан жоғары баға алған Әміре Қашаубаев – әлемге қазақ елін танытқан тұңғыш әнші болса, Димаш Құдайберген – әнші Әміренің жарқын жалғасы. Себебі, «Мен әншімін» («I am singer») байқауына қатысып жатқан Димаштың бүгінде әр қадамы дүниежүзі халықтарының назарында. «Димаш – Тәңір өзі назарына алған әнші» Қытайдағы ең ірі арналардың бірі «Hunan TV» арқылы көрсетілетін Мен әншімін» байқауы басталысымен-ақ қазақтың ғана емес, дүйім қытайлықтардың аңсары Димашқа ауған. Бұлай деуіміздің себебі, сайыстың алғашқы кезеңінде қандасымыз француздың күрделі «S.O.S D‘un teerien en detresse» әнін орындап, жобадағы кәсіби мамандар мен көрермендерді таңдай қақтырып, жалпы қытайлықтардың феноменіне айналып үлгерді. Оның ғажап дауысы Қытайдың ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерінің ең басты тақырыбына айналғандығы мәлім болды. Кейбір сайттар жобаның жұлдызын жарқыратып, танымалдылығын арттыра түскен, сайысқа «халықаралық» деген ат беріп тұрған жалғыз Димаш екендігін жазып, оны «Тәңірдің назарына іліккен әнші» деп бағалаған. Ли Жяншы есімді қолданушы жеке парақшасында «Биыл «Мен әншімін» тележобасын жасап, Қазақстаннан Димаш деген әншіні алдырдық та, біздің «мен» деген өнерпаздарымыздың «караоке әншілері» екенін байқатып алдық. Олар енді караокеден шыға алмастай болды» деп жазған. Қазақтың бір ұлы миллиардтар еліндегі тыңдармандарды тамсандырып, салтанатты сахнаны дүр сілкінтіп жатқанда қалай қуанбайсың?! Әрбір қазақтың ішінде әлдеқандай бір мақтаныш сезімі оянғаны анық. Димаш – қазақтың қанаты Қытай қыздары Димашты ұзын бойлы, келбетті, жігіттің серісі деп мақтап қана қоймай, «Ақ боз атты ханзада келді» деп шуылдасып жатқандығы жайлы көрші елдің БАҚ құралдарында жария болған. Қытайлық сайттар Димашқа қатысты ақпараттарды жинау барысында оның әлеуметтік желі парақшасын қалдырмай қадағалап та жүрген. Аталмыш сайтта «Димаш өзін өнерпаз ретінде жақсы баулығаны оның әлеуметтік желілерінен байқалады. Instagram парақшасында тек отбасы, өнердегі достары ғана бар. Егер жеңілтек жігіт болса, ендігі қытайлық қыздармен танысқанын жариялап үлгерер еді» деген сөздер кездеседі. Біздің ұғымдағы «жұлдыз» сөзін Қытай елінің қазақтары «шолпан» дейді. Қазақстаннан келген «Шолпанның» өнеріне тамсанған бір топ қытайлық жанкүйерлері Димаштың ана тілін түсіну үшін қазақ тілі курсына жазылған. Міне, ғажап! Оны көрген қытайлықтар да, ондағы қандастарымыз бен өзге ұлт өкілдері де «Қазақтың қанаты» деп айтып өтетін көрінеді. Осындайда өнердің ұлтқа бөлінбейтіндігіне, яки өнердің мықты қару екендігіне күмән келтіруге болмас. Димаш сол қарумен бүкіл әлемді жаулап алуға болатынын ұғындырғандай. «Мықты өнер көрсету үшін мықты дайындық қажет» Өзінің инстаграмдағы жеке парақшасында «Мықты өнер көрсету үшін мықты дайындық қажет» дейтін ұстанымын жария еткен Димаш, расымен, өнерін 200% пайызға көрсетіп жүр деуге болады. Витастың «Опера-2» әнін 4 модуляциямен 2 тонға жоғары айтқаннан кейін бүкіл әлем таңданысын жасыра алмады. Үшінші кезеңінде әлемдік хит «Show must go on», төртіншіде қытай тілінде «Қоңыр күз», бесінші кезеңінде «Updown Funk», алтыншысында Лара Фабианның репертуарындағы «Adagio», сегізінші кезеңінде қытай тілінде «Тин Ляңлы» әнін орындап қалың жұртшылықтың үнемі назарында жүрді. «Домбыра тартатын адамның жүрегі мейрімді келеді» «Мен әншімін» байқауындағы Димаштың жанкүйерлері үшін алтыншы кезең үлкен тосын сыймен басталды. Себебі, осы кезеңде оның «Дайдидау» әнін айтатындығы және оны сүйемелдеуге Қазақ Ұлттық Өнер университетінің оркестрі келетіндігі белгілі болған. Алайда Димаш сахнаға қазақтың қара домбырасын ала шығып, ән салар алдында бүкіл халыққа Құрманғазының «Адай» күйін тартып бергенде, миллиардтар қазақ күйінің үніне құрмет көрсетіп, қошемет білдірді. Ол ол ма?! Оған дейін әлемге танымал актер Джеки Чанмен кездесіп, Нұрғисаның «Әлқиса» күйін тартып бергенімен қоса, оған қазақтың шапаны мен киелі домбырасын сыйға тартып, қазақ дейтін ұлттың ілтипаты мен ізеттілігінің қандай екенін көрсеткен. «Домбыра тарта білетін адамның жүрегі мейрімді келеді» дейді. Жүрегінде жылулыққа толы, жаны жақсылыққа құмар, болмысы музыкаға құштар Димаш өнер біткеннің бәрін бір өзі құшағына сыйдырғандай көрінеді маған. Димаштың әнін 3 күнде 10 млн 700 мың адам қарайды «Өнерін өлтіріп алған қазақ ел болып оңбайды, елінен айнып қалған жүрек – жүрек боп соғып жарытпайды. Екеуі [қазақтың жүрегі мен өнердің жүрегі – ред.] – бөлінбес бір бүтін, тұтас дүние. Ендеше жүрегіміз тоқтамасын», – деген Әшірбек Сығайдың сөзі бар. Рас-ау, адам жасаған дүниені келесі бір адам жасайды. Бәріміз белгілі бір маман бола аламыз, қаласақ президент болу да қолымыздан келер. Бірақ ешқайсымыз өнер адамы болып кете алмаймыз. Себебі, өнер – тұңғиық, тілі бөлек жандардың жандарын жақындастыратын тылсым күш. Ол – белгілі бір қалыппен өлшенбейтін қасиетті ұғым, халық тарихының шежіресі. Бірінің бойына өнер дариды, енді біріне ол ұзақ жылғы еңбекпен келеді. Оны оқымайды, оны сезінеді. Содан кейін өзгеге сезіндіреді. «Музыкада бар әлем бір тілде сөйлейді» дейтін Димаш та өнері арқылы миллиардтың жүрегін жаулады емес пе?! Сенсеңіздер, оның орындап шыққан әнін 3 күнде 10 млн 700 мың адам қарайды. Ойлаңызшы! 1 млн емес. 10 миллион! Біреулер саяси астар іздеп жатты... Жоба үшін арнайы түсірілген роликтер болмаса, барлық кезеңдерде өз ана тілінде сөйлеп, сұхбат беріп жатқандығы өз алдына, Қытайда өтіп жатқан мерекелік шараларда қазақтың әнін шырқап, домбырасын насихаттап жатқандығының өзі Димаштың мақсатын айқындап берді емес пе?!. Түйін Қалың қазақ «Ұлтым дейтін ұлдың» әр орындауы кезінде тақымын қысып отырады. Алла Тағала адамға көтере алатын сынақ, көтере алатын биіктік береді. Ал Димаштың биіктігі – биік! Ол – қазақтың маңдайына бұйырған бақ. Қадыр Мырза Әлі айтады: «Жанып тұрған жігіттің, алғырлығы – далбаса, Маңдайында жарқырап бақ жұлдызы болмаса». Сол себепті, бағың таймасын, сәттілік жолдасың болсын, Димаш! Алға! Гүлім Рысқұл

450 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы