• Мәдениет
  • 29 Наурыз, 2017

Ауыл жайы осындай...

«Заманың түлкі болса, тазы боп шал...» деп, атамыз қазақ айтқандай, замана көші алға жылжыған сайын, жастардың қоғамда атқаратын рөлі күн сайын өсіп келеді. Осыған орай, Тасашы (Алматы облысы, Райымбек ауданы) ауылында ауыл имамы, ұстаздар, психолог маманы, 8-11 сынып оқушылары және ауыл жастарының қатысуымен «Жастар және Заман» атты тақырыппен дөңгелек үстел басына жиналдық. «Жастар – елдің ертеңі», «Жастар – мемлекетіміздің болашағы» деген тіркестерді жиі естіп жатамыз. Олай болатын болса, біз бүгінгі жастардың бойынан қандай қасиеттерді көргіміз келеді? Біз іздеген қасиет қазіргі жастардың бойында бар ма?- деген мазмұнда әңгіме өрбітілген бұл шараға әкімшіліктің бас маман-іс басқарушысы Әбілғазыұлы Совет, ауылымыздың бас имамы Ыдырысов Тұрғынбай, психолог маманы Оқасова Бақытгүл, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әуезханова Гаухар, мектеп ұстаздары оқушылар мен ауыл жастары қатысып, ашық диалогта әңгіме-сұхбат құрып, пікірлер алмасты. Дөңгелек үстелді жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы Дәурен Ермекбай ашып, жүргізіп отырды. 10-сынып оқушысы Оразымбет Шырын «Жастар саясаты», «Ислам діні» атты ауыл жастары жөнінде дайындалған арнайы слайдтарды көрсетіп, мәліметтерімен бөлісті. Жастар қоғамымыздың жүрек дүрсілі, өзегі. Ұлтымыздың өсуі де, өшуі де осы жастарға тікелей байланысты. Қазақ жастарының іс-әрекетіндегі біздің ұлттық болмысымызға дақ түсіретін жақтары күнннен күнге өршіп келеді.Яғни,ата-аналарымыздың балаларын тастап кетуі, салғырт қарауы, яғни маскүнемдік, нашақорлық, жастар арасында қылмыстың өршуі, жастардың жат діни-ағымдардың жетегіне ілесіп кетуі, балалар үйіндегі жетім балаларды көрген кезде әркімнің жүрегі ауыратыны белгілі. Дәурен Ермекбай: -Осындай әрекеттерге не итермелеп отыр? Менің ойымша, осындай әрекетке баруымыз мейірімсіздіктен туып отырған сияқты. Ал, сіздердің пікірлеріңіз қандай? Бекенбай Жанерке (8-сынып оқушысы): -Менің ойымша, біздің ұлттық санамызды батыс елінің жаман әрекеттері елітіп бара жатыр. «Еккенің тікен болса, орғаның балауса болмас» деп аталарымыз айтып кеткендей, бүгінгі қоғамдағы жастарымыздың саналы, тәрбиелі болуы кімдердің қолында деп ойлайсыз? Сіздер ойлайсыздар ол мектептен, ата-анасының берген тәрбиесінен деп. Қандай ата-ана өз баласын жаман болсын деп тәрбиелейді. Ал, мектепке келсек, әрине мектепте балаға жақсы тәлім-тәрбие беруге ұстаздар қауымы ат салысуда. «Қызым үйде, қылығы түзде» демекші, мектептен тыс жерде интернеттер отырады, яғни батыстағы замандастарына көбірек еліктейді, кертартпа ағынына әуестігі басым батыстың кинофильмдерінің ықпалы зор, мұның бәрі идеологиялық қысым, оның құдыреттілігі албырт та, аңғал жастардың санасын улайды. Сондықтан олардың сана-сезімі уланғандықтан, психикасына әсер етіп, әр түрлі қылықтарға барады.Міне,соның бірі-мейірімсіздік осыдан келіп шығады. Өскенбай Жұпар (10-сынып оқушысы): - «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі»-демекші, әр бала кішкене кезінде ата-анасынан не көрсе, соны істейді. Мысалға алсақ, ата-анасы ұрлық жасаса, арақ ішіп баласын ұрып-соқса, сол бала өскенде жақсы, тәрбиелі азамат бола алмайтыны мәлім. Аян Садық (9-сынып оқушысы): -Мейірімсіздік өз ортасына да байланысты болады. Егер, бірге жүрген достары темекі шегетін болса, қанша тартпаймын деп тұрса да, бірте-бірте ол бала да соған бой ұсынып, қастарына қалай ілесіп кеткенін білмей қалады. Содан арақ ішіп, темекі шегіп, қатігездікке бой алдырып, мейірімсіз бола бастайды. Ыдырысов Тұрғынбай – ауыл имамы: -Саналы ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі қоғамның басты талабы. Бүгінгі шара соның бір парасы, әр түрлі діни ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, таза рухани дініміз Ислам дінін пір тұтсақ, онда мына отырған жас ұрпақ сіздер сара жолдан адаспайсыздар!.. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген дана халқымыз, тәрбиелілікті басты назарда ұстаған. Міне, біз осы мектеп табалдырығынан білім нәрімен қоса, рухани ілімдерді де бойымызға сіңіріп, осы кезден дұрыс қалыптассақ, болашақта өнегелі де үлгілі ұрпақ тәрбиеленіп шығатыны ақиқат. Рақым Құралай(10-сынып оқушысы): -Аян өз пікірін анық етіп айтты. «Қоғамды жасаушы-жастар», – демекші, тәрбиесі жаманға жақсы ұстаздың пайдасы жоқ. Мектептегі тәрбиеден басым болып отырған теледидардағы, компьютерлердегі қантөгіс ойындардың әсері мықтырақ. Бізді осы мәселелер қатты толғандырады. Клара Тәжімұрат (жас ұстаз): -Бүгінгі жаһандану үрдісінде әр ұлт, әр мемлекет өзіндік бет-бейнесін көрсетуге тырысуда. Келешек ұрпақты тәрбиелеуде осында жаңа айтылған атадан қалған өлмес мұра, мол қазынамыз салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды насихаттау арқылы келеңсіз мәселелердің алдын алуға болады деп ойлаймын. Неге десеңіз, өткенге көз жүгіртсек, біздің қазақ қоғамымызда ата-анаға қарамай кету, баланы тастау, шет елге сату деген болмаған. Ұлттық тәрбие деңгейі өте маңызды, жан-жақты жүргізілді. Бір баланы бір ауыл болып тәрбиелеген. Бала тәрбиесі көзден таса қалмаған. Қазақ ауылында бала тәрбиесіне бүкіл ауылдың үлкендері, әсіресе қарттары араласқан. Үлкендер ауылдастарының өрескел мінез-құлықтарына ұрысып, зекіп тыйым салуға, ақыл айтуға, тіпті ретті жерінде ұруға да қақысы болған. Қазіргі таңда осындай қарттар жоқтың қасы. Осындай ата-дәстүрімізді бүгінгі жастар жадына сақтап, жалғастыра білуі қажет. Дәурен Ермекбай: Пікірлеріңізге рахмет, осы ойларды түйіндеу үшін сіздерге мынадай сұрақ қояйын. -Жастардың жат қылықққа бой алуы мейірімсіздіктен бастау алып отыр дегенге келісесіздер ме? Байұзақова Кенжегүл (жас ұстаз): -Сөз басында айтылған мейірімсіздік қайдан бастау алады, осы мейірімсіздікті алдын алатын-имандылық. Ұлттың тәрбиесіндегі имандылық бастаулары өз алдына үлкен институт.Ұл бала мен қыз бала тәрбиесіндегі ұлттық салт-санамыздағы мәселелерге тоқталып өтсек.Айталық өмірге нәресте келсе, бүкіл ауыл мәре-сәре болып «атқамінер» келді деп қуанып, сүйінші сұрасамыз. Ал, ол жасқа келгенде атқа мінгізіп, той жасай отырып, ауылды аралатып көрімдік сұрауы, үлкендерден бата алуы баланың өзіне деген жауапкершілікті сезініп өсуіне және болашақтағы ұстанымы болатынына сенім білдіреді.Ал, енді қыз баланың тәрбиесіне келетін болсақ, шашбау – біріншіден қыз балаға сән-салтанат берсе, екіншіден қыз баланың тік, түзу өсуіне әсер етсе, үшіншіден шашбауы сылдырлап келе жатқан қыз баланы көрген ер адамдар ауыздарын тыйып, артық сөзді доғарады. Бұның өзі қыз баланың құлағына жаман сөзді естіртпеу этикасына жатса керек.Дат ғалымы Вульвсон өзінің «Қазақтар» атты очеркінде қазақтың ұлттық ойындары туралы айта келіп: «Қазақ өз баласына «Егер қарттарды сыйласаң құдай сені сыйлайды» деген нақылды жас кезінен миына құйып өсіреді.Егер үйге ақсақал кіріп келсе, барлық жас түрегеліп бас иеді және әзіл-қалжың кілт тыйылады» деп жазды. «Ілім-білім» дегенің, Ол- өзіңді тануың! Сен-өзіңді танымасаң, Не пайда оқып, жарығым!» - деген әйгілі Түрік шайыры Жүніс Әміренің сөзімен бастаған мектеп психологы Оқасова Бақытгүл ауыл имамының сөзіне қосыла келе: -Иман арабша, «сенім» деген ұғымды білдіреді.Иманы кәміл адам мейірімді болады. Мейірімділік-адам бойындағы қасиетті сезім, халқымыз ұрпағын мейірімділікке тәрбиелеген. Еліміз ер азаматтарын мейірімді болсын деген ниетпен Мейірман, Мейіржан деген есімдер берген. «Үлкен адамның сөзін тыңдай біл» деген өсиет айтқан ата-бабамыз мейірімділік негізі сенім екенін көрсетті. Әуезханова Гаухар – мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: - Сіздердің пікірлеріңізге қосылып, мен де өз ойымды айтып өтейін. Қазіргі кезде бой көтеріп келе жатқан мәселелердің бірі-бәсекелестік болып табылады.Бәсекелестік деп адамдар арасындағы келіспеушілікті, көре алмаушылықты айтуға болады. Соның бірден-бір дәлелі, қазіргі жастар арасындағы бір-біріне деген көре алмаушылықты, келіспеушілікті мысал ретінде қарастыруға болады. Осыдан барып жастарымыздың арасында қатыгездік, мейірімсіздік туындайды. Әрине, бұл жағдай тек қана жастар арасында ғана емес, бизнесте жұмыс бабымен, қандайда бір қызметкерлер арасында көрінуі мүмкін. Қазіргі заман адам емес, ақша билейтін заман. Адам уақыттың құлы болған заманда уақытты үнемдеп, оңай жолмен ақша табуды көздейді.Тіпті, қазіргі ата-аналар өз балаларына уақытын бөлуден көрі, ақша тапқанды дұрыс көріп, күндіз-түні жұмыс істейді. Осының әсерінен жастарға дұрыс тәрбие берілмейді.

Дәурен ЕРМЕКБАЙ Алматы облысы, Райымбек ауданы, Тасашы ауылы.

560 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы