• Әдебиет әлемі
  • 13 Ақпан, 2017

ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫ және ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ немесе Омашев ұстаздың «Есіңде болсындары»

Nursultan_MyktybayНұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ 

1991 жылы дүниеге келген. Студент кезінен бастап, республикалық беделді басылымдарда еңбек еткен. Республикалық жыр мүшәйраларының, шығармашылық және журналистика саласындағы байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Балалар мен жасөспірімдерге арналған ақпарат құралдарының «Жас Қаламгер» Халықаралық фестивалінің Гран-При иегері (Астана, 2008 жыл). «Жыраулық дәстүрдің жалғастығы», «Қарасақал Ерімбет және оның шығармашылығының тақырыптық ерекшеліктері», «Баспасөздегі кинорецензияның көркемдік ерекшеліктері», «Ақұштап Бақтыгерееваның публицистикасы» атты зерттеу еңбектерінің авторы.

Тоқсаныншы жылдардан кейін дүниеге келген, қолына қалам ұстап, «журналист болсам» деген ұрпақтың маңдайына қазақ бұқаралық ақпарат құралдары туралы ғылымның негізін қалағандардың бірі Тауман Амандосовтан, ҚазҰУ-дегі Журналистика факультетін 16 жыл бойы басқарған «Темір декан» – Темірбек Қожакеевтен болмаса Марат Барманқұловтан дәріс алып, шәкірті атануды жазбады. Десек те, мүйізі қарағайдай осы ғалымдардың көзін көрген, солармен иық тірестіре еңбек еткен, журналистер қауымының Омашев деп атайтын қадірменді ұстазы, салиқалы әріптесі, жөн сілтер басшысы, қазақ журналистикасының қаз басып, дамуына ерекше үлес қосқан, «Қазақ журналистикасының Корифейі» атанған атақты ғалым, профессор Намазалы Омашұлы Астана қаласында негізін қалаған «Журналистика және саясаттану факультетінің» студенті атанып, ғалымның дәрісін тыңдағандарын, Намаз-ағаның шәкірті атанғандарын ерекше құрмет тұтып, мақтан етеді сол ұрпақ. Расында да, «Дәрісті ынта-шынтаңмен оқу керек» дейтін ғалымның дәрісін тыңдаудың өзі қандай ғанибет десеңізші!

Мен де «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», 2001 жылы Кембридждің (Англия) Халықаралық Өмірбаяндық Орталығының «Жыл адамы» деген құрметті атағына лайық деп танылған Намаз-ағаның аз уақыт болса да дәрістерін тыңдап, шәкірті атанғанымды мақтан тұтатын ұрпақтың қатарынанмын. Бір ерекшелігі – Намаз-аға өзінің дәрістерінде, сұхбаттарында, екеуара әңгімелерде қай тақырыпта ой қозғаса да үнемі «Есіңде болсын!» деп ерекше екпін түсіріп бастап, айтатын. Басында бұған мән бермесем де, кейін келе ұлағатты ұстаздың бұлай тектен-текке айтпайтынын түсіндім. Көрнекті ғалымның «Есіңде болсын!» деп бастаған әрбір әңгімесін, ой-пікірін қойын дәптеріме түртіп алуды әдетке айналдырдым. Жақында қойын дәптеріме қайта көз жүгіртіп, соларды оқырман қауымға ұсынып отырмын.

«Қоғамнан бөлек журналистика болмайды»

Есіңде болсын: Қоғамнан бөлек журналистика болмайды. Қоғам қандай болса, журналистика да сондай болады. Қоғамда қандай өзгеріс болса, журналистикада да сондай өзгеріс болады. Мұны мен дамыған елдердің журналистикасын зерттеп, танысқан кезімде нақты көз жеткізгенмін. Қоғам қандай ала-құла болса, журналистикада дәл сондай ала-құла болады. Қоғам және журналистика бір-бірімен өте тығыз байланысты. Қоғамда әртүрлі мамандық бар. Бірақ, осы журналистика мамандығы қоғамдағы мамандықтардың көш басында жүретіні жасырын емес. Бұл мамандық иелерінің табиғатының өзі жаңалыққа жақын, қоғам үшін қызмет етуге құштар. Сондықтан, қоғам қандай болса журналистикасы да сондай деп ашық айта аламын. Мен бұл сөзіме нақты мысал келтіре кетейін. Лас-Вегаста өткен журналистердің үлкен дүниежүзілік конференциясына қатысқан болатынмын. АҚШ-та NBS, SBS, EBS деген үш үлкен теледержава бар. Сол конференцияның үстінде осы үш державаның президенттеріне Американың тыңдаушылар аудиториясының атынан: «АҚШ телевизиясында соңғы кездері «шоу» деген шектен тыс көбейіп кетті. Бұл не қылған пәле? Шоудан көз ашпай қалдық. Басқа хабарлар жоқ па?!» деген сұрақ қойылды. Сонда әлгі үш президенттің үшеуі де бірауыздан, күліп: «Бұған біз кінәлі емеспіз. Сіз көрерменнің атынан сұрақ қойып отырсыз ғой, онда айтайық. Бұған өзіңіз кінәлісіз», деді. Сонда әлгі көрермен: «Бұл қалай өзі? Сіз үшеуіңіз үлкен үш теледержаваның президенттері емессіздер ме? Осы шоудың бәрін ұйымдастырып жасап отырған сіздерсіздер ғой. Неге көрермендерді кінәлайсыздар?» дегенде, әлгі теледержаваның президенттері қайтадан: «Өйткені аудитория осы шоуларды қажет етіп отыр. Қоғам нені қажет етсе, біз соны береміз. Егер біз басқа хабарларды беретін болсақ, аудитория оны көрмейді», деп жауап берді. Яғни, Американың аудиториясы осындай шоуларды қажет етіп отыр. Олардың теледержавалары тек қана рейтингпен күн көреді. Бағдарламаларын егер көпшілік көрмейтін болса, онда ол телевизия өзінен өзі шетке ысырылып шығып қалып, өмір сүруін тоқтатады. Біздің елде көрермен көрсе де, көрмесе де бәрін беріп жататыны жасырын емес. Біздің телеарналарымызға рейтинг жүргізіліп жатқаны да шамалы. Ал, оларда жүйе тіпті бөлек. Олар аудиторияны бақылайды да отырады. Олардың аудиториясына қазіргі таңда тек қана шоулар қажет. Неге десеңіз, АҚШ-та әлеуметтік проблемалардың бәрі әлдеқашан шешіліп қойған. Мемлекеттілігі әбден орныққан. Қаражат мәселесі жоқтың қасы. Ал, бізде ондай мәселелер әлі шешілмеген. Біз қазір тіл мәселесі, дін мәселесі, шекара, экология, экономика сынды толып жатқан проблемаларды реттеп болған жоқпыз. Біздің алдағы күндері өмір сүруіміз үшін бұл бізге керек. Сондықтан біздің журналистика осыларды айтпаса болмайды. Ал, осындай мәселелердің бәрі АҚШ-та баяғыда шешілген. Сол себепті олардың қазіргі таңдағы негізгі мәселесі – демалу, тынығу. АҚШ-та телевизия – демалыс орны іспетті. Онда тек көңіл-күйді көтеретін шоулар ғана беріледі. Біздің елдегідей проблемалар айтылмайды. Жаңалықтарының өзі көрермендерді демалтуға бағытталып, сенсациялық тұрғыдан, желөкпе, алып-қашпа мағыналарда беріледі. Біздікілер де осындай шоуларды, ыржақай күлкілер мен алып-қашпа әңгімелерді арналарға көп енгізгісі келеді. Мен: «АҚШ-тың аудиториясы мен біздің аудитория бірдей емес. Олардағы секілді біздің әлеуметтік мәселелеріміз шешіліп біткен жоқ. Мемлекеттілігіміз әлі орнығып болған жоқ. Ұлттық құндылықтарымыз да әлі толық анықталмады. Арман-аңсарымыз, алдымыздағы мақсаттарымызды әлі айқындап біткен жоқпыз. Сондықтан, АҚШ көңіл көтеретін шоуларды көп береді екен деп, бізге де олай жасаудың қажеті жоқ» деп, телеарналардың басшыларына талай айтқанмын. Ұлттық құндылықтарымызды, ұлттық идея, ұлттық мүдде, мемлекеттілік, жауапкершілік, азаматтық қорғаныс, қоғамдық дүниелерді көбірек беруіміз керек. Яғни, менің қоғам қандай болса журналистика да солай болады деп айтып отырғаным осы. АҚШ қоғамы – бөлек қоғам ба? Бөлек қоғам. Соған лайықты журналистикасы бар. Қазақстан қоғамы – бөлек қоғам ба? Бөлек қоғам. Оның да соған лайықты журналистикасы болу керек. Қоғамнан тыс журналистика болмайды. Басқа мамандықтарға қарағанда журналистика – қозғаушы күш. Сол себепті ол алда жүреді. Нұрсұлтан, тағы бір мысал. Еліміздің жастарының суицидке көп ұшырауына «осы журналистер кінәлі», деп жатты сол кезде мұғалімдер қауымы. «Өйткені, телеарналардан суицид туралы жиі көрсетті, артынша балалардың өз-өздеріне қол жұмсауы да көбейді», дейді олар. Мүлдем олай емес. Егер суицид қоғамда болмаса оны журналистика қайдан көрсетеді?! Ал, егер журналистика осы мәселені көтермесе суицид азайып немесе мүлдем болмай қала ма екен? Әрине, жоқ! Бұдан да көбейер еді. Журналистер қауымы осы мәселені көтеріп еді, артынша еліміздің Бас прокурорынан бастап осы мәселемен айналысып жатыр. Яғни, осы «суицидтің болуының алғышарттары неде, соны тауып, тамырына балта шабуымыз керек», деп жатты Бас прокурор. Сөйтсе, әлгілер бәрін журналистикаға жауып әлек. Журналистер көрсетпесе, ол өз өзінен жойылып кететін секілді. Керісінше, жойылмайды! Қоғамның ішінде қандай оқиғалар болса, журналистикада да сондай оқиғалар орын алатынына, міне, бұл тағы бір мысал бола алады. Қоғам ауру болса, журналистика да ауру, қоғам таза болса, журналистика да таза. Қоғам алашұбар ма, журналистика да сондай, қоғам зиялы болса – журналистиканың да өресі биік, қоғам сатқын болса – журналистер де сатқын.

«Елдің мұраты айқындалмай, ұлт болып ұйысу қиын»

Есіңде болсын: Елдің мұраты айқындалмай, ұлт болып ұйысу қиын. Саған да, маған да, жалпақ жұртқа айқын идеология болған кезде ғана, халық бір жерге топтасады. Еліміздің жалпы журналистика саласында кемшіліктер жоқ емес, бар. Жекелей қарайтын болсақ, радиожурналистикада да, баспасөз бен тележурналистикада да айтарлықтай олқылықтар көп. Біздің елімізде ұлттық идеологияның басы әлі ашыла қоймаған. Сол себепті еліміздің журналистика саласында кемшіліктер орын алып отыр. Еліміздің радиосынан мен қазақ баспасөзіне, қазақ теледидарына үлгі қылатын «Мен – қазақпын» хабары, «Қайырлы таң, Қазақ елі» атты таңғы бағдарламалары бар. Ел ұйқыдан енді оянып жатқан кезде берілетін осы радионың таңғы хабарларын мен «Егемен Қазақстаннан» бастап қазақ баспасөзіне, «Қазақстан», «Хабар» телеарналарына үлгі қылар едім. Бағдарлама немесе мақала пәленбай бет болып шығатын газеттің беделімен болмаса кешке жақын жаңалық қосу үшін қосатын арнаның абыройымен өлшенбейді. Ол алдыменен ұлттық идеологияға қаншалықты қызмет істеп жатқандығымен өлшенеді. Есіңде болсын, ұлттық идеология – мемлекеттің идеологиясы болуға тиіс. Менің дүниежүзінің журналистикасынан, журналистикадағы білім беру жүйесінен хабарым бар адам ретінде айтарым – бізде кемшілік болса, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау жағынан кемшілік бар. Бұл – ең  бірінші кемшілік. Екіншісі – ақпарат кеңістігіміздің қауіпсіздігін ойлау жағынан кемшілік бар. Осы екі мәселені жылдамырақ күйттемей, шешпей ұлт ретінде, ел ретінде алға жылжуымыз қиындау болады. Біз қазір әртүрлі ұйымдарға кіруменен, түрлі халықаралық талап-тілектерді орындауменен, бұра тартып кетпеу, демократиялық нышандарымызбен, түрлі саммиттерді өткізуімізбен бүкіл дүниежүзін өзімізге тартып жатырмыз. Бұл бір жағынан дұрыс. Өйткені, елімізге шет елдерден инвестиция келуі қажет. Сонымен қоса, біз басқа мемлекеттерге өзімізді ұлт ретінде, ел ретінде мойындатуымыз керек. Ол тек ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу арқылы жүзеге асады. Ұлттық құндылығы жоқ, басқа елден өзінің өзгешелігі жоқ елді басқа мемлекет ешқашан мойындамайды. Қай елге барсам да осы қағидаға көз жеткіздім. Осы ерекшелігіміз алдыға шықпай бізді ешкім мойындамайды, қадірлемейді. Ешқандай қыры, ерекшелігі, белгісі жоқ елді кім мойындай қойсын?! Бұған имандай сену керек! Мұны тек қана мен емес, шетелдерді көп аралаған, көп көрген журналистеріміз бен жазушыларымыз да жақсы біледі. Мен өзімді данышпан санамаймын. Бірақ, мен осы жағдайдың барлығын көрдім, сездім, білдім, қарағым. Көзбен көріп, қолмен ұстап келгеннен кейін ол маған айқын. Анық. Кейбір адамдардыкі секілді күңгірт емес. Күңгірт болатын себебін де түсіндірейін. Өйткені, жоғарыда айтқанымдай, біз ұлттық идеологиямыздың басын ашып, анықтап алған жоқпыз. «Идеология» деген сөзден қашатын болсақ, оны «халықтың мұраты» деп алуға болады. «Осы мұратымызға қалай жетеміз?» деген мәселенің басын әлі ашып алмағанбыз. Бірақ, әйтеуір, «экономикамызды көтерсек, ел қатарына қосылсақ, қаражат тапсақ, жаман болмаймыз, соның арқасында өсеміз», деп жатырмыз. Ол сенің киінуіңе, тұрмысыңды түзеуіңе дұрыс. Бірақ, сен қарныңның тоюымен, әдемі киінуіңмен мұратқа жетпейсің. Мұратқа сен арман-аңсарыңа жеткен кезде ғана жетесің. Сондықтан, бәрі – сен де, мен де, ол да білетін халықтың арман-аңсарын, мұратын айқындап алуымыз қажет. Сол мұратымызға ортада біреу кедергі жасап тұрса: «Ей, сен біздің ұлтымыздың мұратына, мақсатына жетеміз деген жолына қиянат жасап тұрсың ғой. Дұрыс нәрсе істемей тұрсың сен!» деп, мен де айтамын, сен де айтасың. Сөйтіп, оны болдырмаймыз. Алдын аламыз. Біз бәрін билік жасап беруі керек деп ойлаймыз. Олай емес. Билік жасай алмайды. Егер елдің арман-аңсары, мұраты айқындалатын болса, сонда жаныңда тұрған кез келген адам ана қисық басқан, бәрімізге тиісті нәрсені өзі жеп жатқан, бұра тартып жүрген адамға: «Сенің мына істеп жүргенің менің мұратыма қайшы. Сен қалай бұлай істейсің?!», деп айтады. Сонда әлгі адам аяғын тартады. Елдің бәрі бір мақсат, бір мұратқа жұмыс істейді. Сол кезде елдің экономикасы да, табысы да, байлығы да жаңағы мұратқа қызмет етеді. Сөйтіп, ол ел көтеріледі. Осылайша, жас бала есі кіргеннен бастап мұратқа қалай жетуге болатынын біліп отырады. «Дамыған ел», «Бақытты ел» деген осыдан барып туады. Мәселен, Америка Құрама Штаттары бүгінде төрткүл дүниені түгел аузына қаратып, неліктен сонша қуатты әрі бай елге айналып кетті? Ол елдің ұлысы әртүрлі кірмелерден тұрғанмен, «америкалық ұлтқа» лайықты идеологияны, қырық рулы ел түгел мойындайтын саясатты ұстанды. Бәріміз білеміз, АҚШ-та әр түрлі ұлт тұрады. Баласынан шалына дейін елдің идеологиясын тәрк етпейді. Бәрі қолын жүрегінің тұсына қойып, әнұранын айтады. Америкаға жаманатты ешқайсысы жолатқысы жоқ. Олардың мемлекеттік мүддесіне сәл нұқсан келтіріп көріңізші, не істер екен? Ешнәрсе істей алмайсыз, бәрін заңмен бекітіп тастаған. Ал жеке адамға кінә болса, айып тағуға болады. Өйткені ол елде заң бірінші орынға шыққан, ала жіпті ешкім аттамайды. Міне, идеологияның күші. Бұл қайдан келді? 1950 жылдары «Америкаға қандай идеология қажет?» деген сұрақ тұрды. Ол біздің елдегідей басылып қалған жоқ, бүкіл ақыл-ой, сананы тоғыстырды. Қаражатты да аяған жоқ. Бұл пікір-сайыс 1960 жылға дейін созылды. Соның нәтижесінде ел мойындайтын, даусыз қорытындыларға толы идеология өмірге келді. Ол әлі күнге мызғыған жоқ. Егер де кімде-кімнің кесірі мемлекет ісіне сәл көлеңке түсіретін болса, оның аяғын көктен келтіреді. Өйткені, ол елде мемлекет мүддесінен биік ештеңе жоқ. Идеология жоқ жерде байлық «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетеді. Қожайын болмаған жерде берекесіздік орын алады. Ал оның барлығының иесі – заң. Әйтпесе Американың асып бара жатқан түгі де жоқ, шығармашылық қуатымыз олардан биік. Орташа ғалымдарымыз олардың мықты ғалымдарының қатарында тұр. Сол секілді, Түркияда: «Жарық дүниеге түрік болып келудің өзі – бақыт» деген түсінік қалыптасқан. Бұл – Мұстафа Кемал Ататүріктің жасап кеткен идеологиясы. Есі жаңа кірген баланың басынан сипап тұрып: «Сен бақытты баласың, өйткені жарық дүниеге түрік болып келуіңнің өзі – бақыт», деп ұғындырады. Сондай-ақ, оларда ең үлкен той – әскер қатарына шығарып салу. Бізде бұл той ескерілмейді де. Олар үшін Отан қорғаудан асқан жауапты дүние жоқ. Әскер қатарына барғандар ғана жоғары лауазымды қызметтерге тағайындала алады. Міне, бұл – баланы кішкентайынан отансүйгіштікке баулудың жарқын көрінісі. Ал мұндай дүние бізде неге жоқ? Біздің тарихымыз – терең, мәдениетіміз – шұрайлы. Қазақ халқы қашанда өзгеге соқтықпай, жоқ-жітікке көмек қолын созған. Осындай қасиетіміздің өзінен біздегі барлық ұлттың басын қосатын бір идеология жасап алуымызға болады. Сол мұратқа түгеліміз қызмет етіп, оның жүзеге асуына барлығымыз атсалысуымыз керек. Францияда, ескі Парижде кез келген тұрғын үйінің немесе ғимаратының ішкі қабырғаларын бұзып, қалай қоямын десе де өз еркі. Ал сыртқы келбетін өзгертуге қолын тигізе алмайды. Неге? Париждің салтанатындай өмірде сән болмайды. Оны бұзуға ешкімнің хақысы да жоқ. Сондықтан бізге де қанымыздан, тамырымыздан соққан дүниені мұрат етіп шығаруымыз керек. Бұл ел-жұрт мойындайтын қажеттілікке айналуы қажет. Егер тәуелсіз еліміздің мақсат-мұраты айқын, кез келген жанға түсінікті болса, «БОМЖ қазақтың баспанасы – қазақ үй» немесе Мағжан Жұмабаевтың тегін «Пятницабаев» деп аударған көкшетаулық газеттің журналистері секілді дандайсып кетпес еді. Мұның өзі біздегі идеологиялық жайттың күңгірттеу екенін айғақтайтын секілді. Қазір идеологиялық жұмысты әркім өз бетінше жүргізіп жатыр. Бұл мемлекеттік деңгейде ұйымдастырылса нәтижелі болары сөзсіз. Ерте ме, кеш пе, оның туатынына ешқандай күмән жоқ. Бірақ, сол үдеріс кешеуілдеп қала ма деген қауіп бар. Әлемдік тәжірибеден түйгеніміз, әр елдің идеологиялық қапшығы өз құндылықтарымен толып тұрмаса, оған әркім қалдығын, күл-қоқысын тастайтыны анық. Біз экономикамызды түзеп, қажетті байлығымызды жинап жатырмыз. Енді, идеология мәселесіне жақын адамдар, ғалымдар, жазушылар, журналистер болсын, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері болсын, барлығы жабылып саған да, маған да, басқаға да, Қазақстанда тұратын орысқа да, оймауытқа да ұнайтын, бәрінің басын қосатын, бәрі мойындайтын идеология жасап алуымыз қажет. Міне, осы идеологияға бәрі қызмет еткен кезде, соған дәулет пен экономикамыз келіп құйылған кезде ғана бақытты ел болады. Сонда көптеген проблемалар, мәселен сенің студент немесе журналист ретіндегі басындағы жеке проблемаларың, менің профессор ретіндегі жеке басымдағы проблемаларым көп болмайды. Өзінен өзі шешіліп отырады. Яғни, қоғамдағы проблемаларды көп болып қана шеше алады, жеке билік пен жеке адам ештеңе істей алмайды. Ұлттық идеология айқындалмай біз көздеген мақсатымызға жете алмайтындығымызды осыдан-ақ түсінуге болады. Тұнық бастаудан ғана таза бұлақ тарайтыны секілді, табиғаты таза халықтың ойы тұнық, мұраты мөлдір болады. Ал тұнық ойдан таза идея туатыны табиғи заңдылық. Сондай ұлттық идеядан туындайтын мемлекеттік идеология ғана өз жемісін береді, әрі өміршең болмақ.

«Ақпараттық қауіпсіздік – мемлекеттік қауіпсіздікпен   пара-пар»

Есіңде болсын: Ақпараттық қауіпсіздік – мемлекеттік қауіпсіздікпен пара-пар. Сондықтан, ол қандай деңгейде және халықаралық кеңістікке қалай ену керек деген түйінді мәселелер бізді жиі толғандыру керек. Қандай елде болмасын мемлекеттік идеология негізі БАҚ арқылы жүргізілетінін айттым. Алайда мемлекеттік бағыттағы «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правдада» айтылатын ойды барлық басылымдар түгел қайталау міндетті емес, пікір алуандығы жоқ деп ешкім айта алмайды. Дегенмен, ең киелі, ең қасиетті деген құндылықтарға қиғаш келетін дүниелерге аса қырағылық танытпай болмас. Өйткені, ақпараттық қауіпсіздік мемлекеттік қауіпсіздікпен пара-пар. Тәуелсіз ел ретінде біздің елде тек қана 20% басқалардың ақпараттық өнімдері таратылуы керек. Ал бізде, керісінше. Өз өнімдеріміз 20%-ды зорға құрап тұрғаны жасырын емес. Мен саған айтқан басты нәрсе – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау және ақпараттық кеңістігіміздің қауіпсіздігін ойлау керек деп отырғаным осы. Егер осы жағдайларды тез арада шешпесек, өгейдің күніне зар болып қалатын түріміз бар. Мәселен, 1973 жылы Чилиде болған төңкерісте ел президенті Сальвадор Альенде тағынан түсіп, билік басына әскерилер келді. Сонда Сальвадор Альенде: «Менің қолымнан әскердің кетіп қалғаны қашан. Менің қолымнан бұқаралық ақпарат құралдары кетіп қалды ғой. Менің түбіме жеткен – осы бұқаралық ақпарат құралдары», – деп еңірегенде етегі жасқа толған. Бұдан айтпағым, бұқаралық ақпарат құралдары қолдан кетсе, қиын болады. Ол мемлекет құлайды деген сөз. Былайша айтқанда, БАҚ кімге ілесіп кетті, халық соның соңынан ереді. Болмаса, алпысыншы жылдардағы Чехословакияда, жетпісінші жылдардағы Чилиде, сексенінші жылдардағы Польшадағы жағдайлар да бұқаралық ақпарат құралдарының салдарынан орын алды. Өзің ойлап көр, Польшада Кеңестік және буржуазиялық екі жүйе болды. Сол кезде «Варшава шарты» дейтін атақты келісім болды. Ал, Варшава – Польшаның астанасы екенін білесің. Сол уақытта АҚШ-тың Ұлттық мәселелер жөніндегі хатшысы, атышулы Збигнев Бзежинский Польшаға емін-еркін ұшып келіп, ешқандай кедергісіз ашықтан-ашық дәрістерін оқып тұрды. Сөйтіп, «Варшава келісімін» орталығынан бастап ірітті. Ал, бұқаралық ақпарат құралдары болса, Бзежинскийді қолдап, жабыла жариялап жатты. Осыдан келіп, «Варшава шарты» құлады. Одан арғысын айтып жатудың өзі артық. Сол сияқты, Чехословакиядағы жағдайды есіңе түсір. Бұл – ақпараттық құралдар мемлекет уысынан кетіп қалып, соның әсерінен мемлекет іргесі сөгілген жағдайлар. Яғни, менің айтпағым: ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігі – шекарамызды қоршап тұрған ала бағандардан кем емес. Аллаға шүкір, бүгінде шекарамызды ала бағандармен қоршадық. Ал, ақпараттық кеңістігіміздің  қауіпсіздігі  дәл осылай қоршалып тұрған жоқ. Егер ақпараттық кеңістігіміздің қауіпсіздігі тура солай қорғалмаса, ала бағандарың түкке тұрмай қалады. Жоғарыда еліміздегі басылымдардың 80%-ы басқа мемлекеттерден тасымалданатынын айттық. Дәл осындай мөлшерде ақпараттар ағыны мейлі Ресейден болсын, мейлі шетелден келетін болса – болашақта ол мемлекеттің жағдайы нашарлайды деген сөз. Мұндай нәрсені осыған дейін марқұм Ақселеу Сейдімбек айтатын. Көзі жұмылғанша Алаштың қамын жеген сол Ақселеу Сейдімбекті бірде Алматыға конференцияға шақырдым. Келді. Баяндама жасады, қолындағы мәтінін жиналған жұртшылыққа көрсетті. Сөйтсем, Ақаң баяндамасын жазбас бұрын еліміздегі «КТК» телеарнасының бір тәуліктік хабарын түгел көріп шығыпты. Сол хабарлардың уақытын, мерзімін, мазмұнын жазып отырған. Осылайша жеті күн бойы апталық хабардың сеткасындағы хабарлардың атауын, уақытын, мерзімін, мазмұнын зерттеген. «Алла-ай, Намазалы, мінеки мен бәрін жазып, зерттеп келдім. Мен бұл қай елдің телеарнасы екенін түк түсіне алмай-ақ қойдым?» деген пікір айтты сонда Ақаң. «Демократия» деген осы екен деп, көрінген нәрсені трансляциялап жатырмыз. Ол жеке хабарлардан гөрі пайдалы көрінеді. Өйткені жеке хабар жасасаң, журналист жалдауың керек, оған ақша төлеуің керек, ол хабар жасауы керек. Әлгіндей әр елдің «қоқыс» дүниелері көп ақшаны қажет етпейді. Керісінше, олар адамның эмоциясына, сезіміне тез әсер етеді. Сезім арқылы аудиторияны өзінің арнасына тартады. Ондай жағдай мықты мемлекеттерде де болған. Қатты дамып кеткен, ұлттық құндылықтары өте жоғары деңгейде әспеттелген, әдет-ғұрыптарын басына көтеріп сақтайтын Италияның өзін кезінде Америка фильмдері тізе бүктірген жоқ па?! Сөйтіп, италиялықтар Америка фильмдерінің тасқынынан әзер құтылған. Қалай дейсіз ғой? Өздерінің ұлттық құндылықтарын дәріптейтін фильмдерді көбейту арқылы. Осыдан-ақ, ақпарат ағының қуаты қандай екенін ойлай беруге болады. Ал енді сондай жағдай мемлекеттігі қалыптаспаған, аяғынан қаз тұрып жатқан біздің елде етек алып кетсе не болады? «КТК» телеарнасын мысалға алып, кезінде Ақселеу Сейдімбек бекер дабыл қаққан жоқ. Мен де баяндамаларымда осы тақырыпты жиі көтеремін. Оны біз айтпасақ, кім айтады? Тіл, дін, діл деген нәрселер адам санасын өзгертетін дүние. Оны бұрмалап, жастар санасына не құйып жатқандарын бір Алла біледі. Балаларға арналған мультфильмдердің өзінде бала тәрбиесіне кері әсерін тигізетін түрлері қаншама. «Қол жеткен деген – осы екен» деп, арналарымызға дұрыс та, бұрыс та өзге арналарды қоса бергеніміз жақсылыққа апармайды деп есептеймін. Бұдан шығатын қорытынды: өзге елдің ақпараты басқа елдің ақпараттық кеңістігін жаулап алатын болса, ол елдің ғұмыры мәңгілік болмайды. Бұқаралық ақпарат құралдарының күші – өте сұмдық күш. Кезінде Напалеонның өзі: «Саған қарсы оқталып тұрған 400 мылтықтан, 4 газеттің күші артық», деп бекер айтпаған. Мылтықтың күшін бір кісідей білетін қолбасшы идеологиялық құралдың өте қауіптілігін осылай мойындаған. Ақпараттық кеңістігіміздің қауіпсіздігі – өте үлкен күрделі мәселе. Бұған үлкен мән беруіміз керек. Біз айтқан 80% – үлкен «ЧП» деген сөз. Тәуелсіз ел ретінде біздің елде тек қана 20% басқа елдің өнімдері болу керек. Өйткені, сіз өз еліңіздегі жаңалықтармен ғана шектелмей, басқа мемлекеттердің де жаңалықтарымен танысуыңыз керек. Бізге сырттан 80% ақпарат келсе – онда тасқынның астында қаламыз емес пе? Тасқынның ішінде – топырақ та, балшық та, тас та, жалпы айтқанда, «қоқыстың» бәрі болады. Дүниежүзіндегі «қоқыстың» барлығын Қазақстанға әкеп үйіп тастайтын болса, онда еліміздің халқын тұншықтырып тастайды деген сөз. Ақпараттық тасқынның астында қалу – өте қиын нәрсе. Ол реттеліп отырылуы керек. Ол таза болуы керек. Сол кезде ғана ол пайдалы болады. Сондықтан, ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігі – ұлттық құндылықтардан да бұрын ескеретін нәрсе. Оны ең бірінші кезекте ойлау керек. Еліміздегі әрбір азамат, билік, мемлекет осы қауіпсіздікті көзінің қарашығындай қорғауы керек.

«Журналистикасы жалтақ ел тоқырайды»

Есіңде болсын: Журналистикасы жалтақ ел тоқырайды. Ешуақытта журналистика мен атқарушы ұйымдар ымыраға келмеуі керек. Егер екеуі бір-бірінің сөзін сөйлейтін болса, ондай елде даму болмайды. Журналистиканың қоғамдағы рөлі туралы соңғы кезде әртүрлі пікір айтылып жүр. Біреулер: «төртінші билік» иесі десе, енді біреуі: «оның ешқандай құзыреті жоқ» дегенді алға тартады. Негізінде, шынайы зайырлы елде ғана журналистика төртінші билік иесі бола алады. Кез келген басшыдан сұрасаңыз, «халыққа қызмет етіп отырмыз» дейді. Ал олардың қалай істеп жатқанын қадағалап, елге жеткізіп отыратын ақпарат құралы керек пе? Керек. Сондықтан, баспасөздің, жалпы журналистиканың функция-сын заңдастырып алмай, журналистер еркін жаза алмайды. Бізде биліктің айтқанын журналистика ұйымдастырып отыруы керек деген кешегі қағида әлі қалып қойған. Дамыған елдерде Президент, министр, сот, судья да қоғамдық пікірден аяғын тартады. Бізде бұлай емес. Тіпті, кей кезде биліктің ыңғайына қарай қоғамдық пікір қолдан да ұйымдастырыла береді. Бұл – елді тоқырауға әкелетін қауіпті үрдіс. Мына нәрсені ұғынған абзал. Ешуақытта журналистика мен атқарушы ұйымдар ымыраға келмеуі керек. Егер екеуі бір-бірінің сөзін сөйлейтін болса, ондай елде даму болмайды, ол ел тоқырайды. Мысалы, АҚШ-ты ұстап отырған – демократиялық және республикалық партия. Екеуінің күші шамалас. Сенаторлар, депутаттар екі партиядан сайланады да, бір-бірін қадағалап отырады. Сондай жағдайда Президенттің немесе Министрлер кабинетінің жұмыс істемеуі мүмкін бе? Жоқ. Өйткені, қарсы партиялар аңдып отыр. Журналистикада да солай, жаза басып бара жатса, сынайды. Өйткені ол халықтың атынан сөйлейді. Сонысымен күшті. Ал оның біздің қоғамдағы орнының анықталмай жатқандығы – функциясының заң жүзінде беки алмауында жатыр. Журналистиканың қоғамдағы тағы бір ерекше қызметі – ол атқарушы билікті үнемі түрткілеп, оятып отырады. Айтатын кезінде айтып, сынайтын кезде сынап та алуға құқылы. Олай болмаса билік білгенін істеп кетуі мүмкін. Жалпы, журналистиканың негізгі қызметін билік дұрыс түсінуі керек. Журналистер – биліктің сарай ақыны болған емес, болмайды да. Себебі, БАҚ – биліктің емес, халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Халық көп, 17 миллион адам бар бізде. Сол халық бір нәрсені ашық айтқысы келсе, шұбырып көшеге шығып кетпейді, өз сөзі журналистердің аузымен айтылғанын күтеді. Яғни, журналист халықтың атынан билікке қаратып: «Бізге берген уәдеңді орында!» деп батыл айтуға, талап етуге құқы бар. Биліктің журналистиканы жақсы көрмегені үшін ренжудің қажеті жоқ. Дамыған елдердің өзінде солай. Тіпті, БАҚ-қа сырттай «байлаулы ит» деп анықтама бергендері де кездеседі. Кез келген елде журналистика мен билік ауыз жаласып кетпейді. Олардың табиғаты бір-біріне кереғар. Тек тоталитарлық, авторитарлық елде ғана журналистер ештеңе айта алмай, үнсіз қалады.

«Журналистиканың көтеретін   жүгі ауыр»

Есіңде болсын: Журналистиканың жүгі ауыр. Қалам ұстағанның бәрі ел жадында қала берердей жақсы журналист атала бермейтіні аталмыш мамандықтың қиындығын әйгілері ақиқат. Жақсы журналистке қандай қасиет тән? Нендей талаптың үдесінен шығу керек дегенде, ең әуелі алдындағы ақ қағазға, қаламға адалдық керек: қарақан бастың қамынан гөрі ел мүддесі, халық тағдыры, Отанның бүгіні мен келешегі қашанда бірінші орында тұруы – бас-ты талап. Ондай журналистер қатары көптеп саналары да құпия емес. Ел-жұрттың жайын өткір, шыншылдықпен айта білу де жетімсіз, тәуелсіз мемлекетіміздің алғы күнге озған мүддесін әркім-ақ білетін шығар, дегенмен ол да журналистің қайығын жағаға жеткізе қояды деу ұшқарылық: білім, өмір тәжірибесі, ең бас-тысы – дарын керек. Осының бәрі бір арнаға тоғысқанда ғана журналистің жазғаны жұрт назарына еріксіз шалынады, оқылады. Бірақ, мұндай жақсылықтың бәрі бір адамның бойында жинақтала беруі сирек құбылыс. Кезінде Ленин «баспасөз – үгітші, насихатшы және ұйымдастырушы» деген болатын. Біз осыны Құранның сөзіндей жаттадық, соған қызмет еттік. Бірақ «Кімнің насихатшысы? Кімнің ұйымдастырушысы? Кімнің үгітшісі?» деген сауал қоймаппыз. Кейін бұл сөздің мәнісін зерттеп, Коммунистік партияның үгітшісі, насихатшысы, ұйымдастырушысы екендігін түсіндім. Ал Ахмет Байтұрсыновтың «баспасөз – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дегені – қандай нақты, ұғынықты, қарапайым әрі әділ. Біздің ұлттық мұратымыз да осындай қарапайым, ел мойындайтын дүние болса ғой, шіркін. БАҚ шын мәнінде халықтың құлағы, көзі, тілі болғанда ғана қоғам алдындағы міндетін өтей алады. Шындықты мойындауымыз керек, жұрт қазір заржақ, қалықтап жүретін, ұрандатып жалаң, үстірт айтатын журналистерден жеріп болған. Оның есесіне, белгілі бір мәселені қазып, талдап, түбегейлі зерттеп, оның арқауы мен өзекті жерін тауып, ашып жазатын журналистиканы құрмет тұтады. Бұл – уақыт талабы. Мәселен, Нури Муфтахты айтсақ, ойымызға бірден-ақ құқық жөнінде жазғандары келеді. Қандай жарасымды десеңізші. Бір ғана пұшпақты ұстады, сонысынан берекет тапты. Нақты іспен байланыспаса, жалпы оқыған журналистерден шынайы маман шықпақ емес. Оның үстіне оқырмансыз журналист жоқ. Әр журналистің өз аудиториясы болуға тиіс. Журналист ананы бір, мынаны бір үзіп-жұлып жүргенше, бір ғана пұшпақты ұстап, сонысынан береке тапқаны бәрінен бұрын қоғам үшін пайдалы болмақ. Журналист – қоғамдық тұлға, қайраткер. Қазір журналистиканың бағы ашылып, жұлдызы жанған кезең деп білген жөн. Бұрынғы қырсық тым идеологияшылдық, партияшылдық, тақырыптық диапазон тарлығы, жазар объектінің аздығында еді. Қазіргі кемшілік – журналистер қауымының мамандық мүмкіншілігін толық пайдалана алмай жатуында. Шынын айталық, кез-келген журналиспен санаспайтын шенеунік сирек. Ең бастысы журналистика стилі, жазылу машығы өзгеріске ұшырады, бұрынғыдай жадағай марапат, қарадүрсін мақтау, шексіз шадымандықтың уақыты келмеске кеткен. Ұшқырлық, тездік, батылдық, қандай да проблеманы ашық жазу, астарына үңілуге ұмтылу журналистикамыздың жаңа сипаттары деуге саяды. Өш алу, аяқтан шалу, бақталастық үшін жазушылар да табылуы ықтимал, бірақ, өмірдің кереғарлығы да осында болар, бәлкім. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – бүгінгі журналистиканың қозғайтын тақырыбы қандайлық алуан болса, көтеретін жүгі де сондайлық ауыр болатындығында шек жоқ.

«Ешқашан шектен шығуға   болмайды»

Есіңде болсын: Ешқашан шектен шығуға болмайды. Бұл демократияға емес, анархияға ұласуы әбден мүмкін. Журналистика қашанда билікке оппонент болған және бола береді де. Қалғып бара жатқан билікті қаламымен түртіп оятады, еті өліп кеткені болса, аямай шымшып алады. Солай істемесе, онда өзінің қызметін адал атқарып отырмағаны, тоқырағаны. Бірақ, шектен шығуға тағы болмайды. Саған бір мысал айтайын. Америкалық тележұлдыз Опра Уинфри бір жылдары түрмеге тоғытыла жаздады. Қалай дейсіз ғой? Опра Уинфри қара нәсілділерден шығып, әлемді аузына қаратқан мықты журналистердің бірі екенін білесің. Бірде елді арбап үйренген Опра сұхбатқа келмей қалған бір танымал адам туралы: «Ол ауру сиырдың етін жеп, науқастанып қалған шығар», деп жібереді. Журналистің танымалдығы сонша, артынша АҚШ-та сиыр етін сатып алушылардың қатары күрт азайып, фермерлер шаш етектен шығынға батты. Ақыры сиыр етін өндіруші фермерлер шығындарын санап, Опра Уинфриден бәленбай миллион доллар өндіріп беруді сұрап, сотқа шағымданды. Журналист қанша бай болса да, оны өтеуге шамасы жетпейтін. Сөйтіп, сиыр етіне байланысты айтылған қалжың үлкен проблемаға айналған-ды. Тіпті, фермерлер бүлік бастауға шақ қалды. Бұл проблемаға атқарушы билік араласқаннан кейін ғана Опра Уинфри түрмеге қамалудан әрең құтылды. Айтайын дегенім, халыққа сөзі өтімді, халық құлақ түріп отырған БАҚ-тар ақпаратты таратпас бұрын, алдымен елдің алатайдай бүлініп кетпеуін назарда ұстауы тиіс. Әйтпесе, бұл демократияға емес, анархияға ұласуы әбден мүмкін. Әсіресе, біздің елде бұл өте қауіпті. Мәселен, АҚШ-та мемлекеттің мәселелері шешіліп қойылғанын саған үнемі айтып жүрмін. Төрінен бастап, босағасына дейін АҚШ-тың мемлекеттік туы ілініп тұрады. Америкалық футбол ойынына бара қалсаңыз, әр матчтың алдында мемлекеттік әнұран ойналады. Бұл идеология емей не?! Біз де Америкаға еліктеп, желіге берсек, аттыға еріп аяғынан айырылған жаяудың күйін кешеміз.

«Журналист ешқашан мемлекеттің мүддесі мен жеке бастың мәселесін шатастырмауы керек»

Есіңде болсын: Журналист ешқашан мемлекеттің мүддесі мен жеке бастың мәселесін шатастырмауы керек. Ұлт мүддесі бәрінен жоғары тұруы тиіс. Ұлттық мүддені, мемлекеттік мүддені көздеген үлкен бір мәселе көтеріле қалса, біздегі БАҚ-тардың сөзі бір жерден шықпай, әрқайсысы әр түрлі тақырыптарды қозғап кететіні бар. Отандық журналистикадағы алауыздықтың бірінші себебі, отандық БАҚ-тың екі тілге жарылуында. Қазақ газеттері шуылдап айтқан мәселеге орыс газеттері көз жұма қарауы біздің елде қалыпты нәрсе. Ұлттық идеяға, құндылықтарға байланысты тақырыптарда орыс газеттері көп жағдайда қалыс қалады. Ал орыстілді БАҚ көбіне-көп әлеуметтік жағдайларды, мәселен төтенше жағдайларды, әлеуметтік проблемаларды құлпыртып, ушықтырып жазуға келгенде алдына жан салмайды. Екіншіден, қазақ тілді басылымдардың сөзі де үнемі бір жерден шыға бермейді. Оның да өз себебі бар. АҚШ-та «Вашингтон пост» пен «Нью-Йорк Таймс» сапалық газеттер болып саналады. Салыстыру үшін айтар болсақ, біздегі «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» сияқты ғой. Басқа газеттер сапасыз болғаны үшін емес, әйтеуір әу бастан сондай анықтама берілген. «Вашингтон пост» пен «Нью-Йорк Таймстың» негізгі міндеті – мемлекет мүддесін қорғау. Немесе патриоттық басылымдар десе де болады. Осы мақсат тұрғысынан келгенде кімді болсын сынаудан мүлде жасқанбайды. Оны өзгелер де дұрыс түсінеді. Ол газеттердің таралымы көпшілік қолды басылымдардың санынан аз болғанымен беделі жоғары. Егер АҚШ-тың белді шенеуніктері, Президенті осы екі газетте сыналса, жағдайы қиын дей беріңіз. Бізде Үкіметті «Егемен» мен «Казправда» тікелей сынаса, не боларын елестете беріңіз. Ол Үкімет ауысады деген сөз. Яғни, кейбір газеттер үнсіз қалған мәселелерді өзге басылымдар құр жібермей, белсене кірісіп жатады. Дегенмен, өз басым, отандық БАҚ-тағы алауыздық бірінші кезекте орыс және қазақ тілді БАҚ-тардың арасында деп есептеймін. Кейбір басылымдар қоғамның іргетасын шайқалтуы мүмкін екенін өзі де білмей қалады. «Көзге көрінетіннің бәрі жазылуға және айтылуға тиіс» деген қағиданың ықпалында кетеді. Бұл бекер нәрсе, ешбір мемлекет өзінде болып жатқан оқиғалардың бәрін емін-еркін жариялай бермейді. Алдымен қоғамға кері немесе тиімді әсерлерін екшеп алып, содан кейін өз мүддесіне ыңғайлап береді. Демократияның отаны саналатын АҚШ-та журналистер Президенттің жеке басын емін-еркін сынай алады, бірақ АҚШ Президенті ретінде сынамайды. Билл Клинтонның, кіші Дж.Буштың кемшіліктері туралы әлемге жар салғанын көрдік, бірақ, ешбір журналист олардың мемлекет басшысы ретіндегі рөлін төмендеткен жоқ. Яғни, америкалық БАҚ-тар мемлекеттің мүддесі мен жеке бастың мәселесін шатастырмайды. Біздің журналистердің бір сүрінетін жері осы, себебі БАҚ туралы заңды жетік біле бермейді, тәжірибелері де кемшін болуы мүмкін. «Көшірмеден абырой таппаймыз»

Есіңде болсын: Көшірмеден біз абырой таппаймыз. Көшірме түпнұсқадан асып кете алмайды. Қазір қай телеарнаны қоса қалсаң қаптаған көшірмеден көз сүрінеді. Шығармашылықта еліктеу керек, алайда, ол қайталау керек дегенді айтпайды. Телехабар немесе радиобағдарлама болсын, бәрі ұлттық психологияға сай болуға тиіс. Түпнұсқаны көріп отырған көрермен көшірмені керек етпейтінін түсінетін күн әлдеқайда жеткен. Керісінше, ұлттық ерекшелігімізді дәріптейтін өзіміздің төл бағдарламаларымызды көбейту керек. Мысал үшін «Сегіз қырлы» бағдарламасын алайық. Міне – түпнұсқа! Біздің ұлттық мәдениетімізді паш етерлік мұндай бағдарлама дүние жүзінде жоқ. Қазақтың өзге ел алдында жүзі жарқын, оның ерекшелігі ән-күйінде ғана тұрған жоқ, тасқа жазылған тарихымыз бар, салт-дәстүріміз қаншама? Ұлттық құндылығымызды танытуымыз керек. Абыройлы атақ сонда ғана болады.

«Журналистика – шығармашылыққа негізделген мамандық»

Есіңде болсын: Журналистика – шығармашылыққа негізделген мамандық. Сен оны емес, ол сені таңдайды. Журналистика – қазір бағы жанып тұрған мамандық, бұл салаға сіңірген еңбек бірнеше есе боп қайтады. Біздің ерекшелігіміз де, құдіреттілігіміз де, қиыншылығымыз да сонда. Өйткені, журналистің жетістігін де, кемшілігін де халық біледі. Біздің ортада: «Журналистика факультеті ештеңені үйретпейді, сен одан үйренуің керек», – деген афоризмге айналып кеткен сөз бар. Әрине, бұл айтылғанды бір жақты қабылдауға болмаса да, осы жолдардың астарында шындық бары анық. Себебі, журналистика – шығармашылыққа негізделген мамандық: сен оны емес, ол сені таңдайды. Бұрынғы студент пен қазіргі студент бірдей емес. Қазіргі шәкірттеріміздің бойында қажетсіну психологиясы басым сияқты. Бұрынғылар өз бетінше көбірек ізденетін. Олар көп уақыттарын оқуға арнайтын. Ал қазіргі буынның айырмашылығы – мүмкін, ақпараттық арналардың көптігінен болар, әйтеуір, білетіндері көп, бірақ, бұрынғылардай сарылып отырып оқу, жіті ізденіп, тереңірек зерделеу жағы жетіспейтін сияқты. Технологияның дамыған заманында жастарды кітап көп оқымадың деп кінәлауға болмайтын шығар, дегенмен мүмкіншілік болса, оны да ескерген дұрыс. Тілді тек кітап оқумен байытуға болады. Ал үнемі интернетке, компьютерге сүйеніп кетсек, өңшең «қаражүрек» журналистер саны көбейеді. Сөз еркіндігі, демократия деп ұлтымыздың журналистикасына тән ерекшелікті жойып алуымыз мүмкін. Бұл әрбір шәкіртке берілер баға емес, әрине. Небір дарынды, алғыр жастар баршылық. Мүмкін, жасымыз ұлғайып келе жатқаннан соң болар, қазіргі жастардың психологиясы кішкене өзгешелеу көрінеді. Оны жасырмай айтуымыз керек. Әр заманның талап-тілегіне байланысты ғой дегенімізбен, менің көзімнің анық жеткені – қазақ жастарының өнер-білімге деген қабілетінің биік екендігіне тәнті болдым. Мәскеуде жүргенімде де, Америкада болғанымда да қазақ жастарын өзге ұлт өкілдерімен салыстырып көрдім. Басқа Орталық Азиядан келген өзбек, қырғыз, түрікмен секілді ағайындардың ұл-қыздарына қарағанда тілді үйрену, ғылымды игеру, білімді меңгеруде алдарына жан салмайды. Көзім анық жеткендіктен, мен қазақ жастарына толық сенемін. Бұл – бүгінгі шәкірттерге, бүгінгі ұрпаққа бағытталған сөз. Біздің журналистикаға бұрындары терең талдау жетіспейтін, соңғы кезде ол олқылықтың орны толып келеді. «Тісі жоқ, өткір сыни материалдар аз» деген сыни пікірлерден де сабақ шығардық. Ұлттық мәселелерді орыс тілділерден гөрі қазақ тілді БАҚ-тар жиі көтеріп жүр. Меніңше, біздің журналистерге енді кәсіби тұрғыда өсу, өз ісін жетік білу жағы жетіспейді. Бұл, бірінші кезекте, кадр даярлау ісінің кемшіндігінен. Қазақ журналистерінің өзгелерден артықшылығы – көркем жазатындар, көркем сөйлейтіндер көп. Бұл бұрыннан қалыптасқан дәстүр. АҚШ-та өзім анық көз жеткізген бір нәрсе, қандайда бір ақпаратты жазып беру түк те қиындық туғызбайды. Себебі, ағылшын тілінде ақ та, сары да, қара да сөйлейді. Тіл бәріне әрқайсының ықпалына икемделіп, ақыр соңында бастапқы сұлулығынан, сәулесінен ажырап қалған. Табиғи сипаты ғана сақталып, шығармашылық сипаты жоғалған. Басқа елдерде де осылай. Ал қазақ журналистикасында көркемдікке көп мән беріледі. Бұл ерекшелік жойылмау керек. Ол жойылса, қазақ журналистикасы аса құнды бір артықшылығынан айырылады. Отандық журналистиканың болашағынан өте зор үміт күтемін. Қазақта «Кәрі орыс мұсылман болмас» деген сөз бар. Кеңестік қызыл насихат етінен өтіп, сүйегіне жеткен аға буынның бір жаман қасиеті – сөзі мен ісі қабыспайтындығы. Ал қазір журналистикаға жаңадан келген жастар, университет қабырғасында білім алып жатқан болашақ журналистер мұндай қасиеттен ада. Қазіргі жастар өте білімді, «көрсем, білсем, үйренсем» қызығушылықтары күшті. Әлемдік журналистиканың үздік үлгілерінен үйренуге мүмкіндіктері мол. Осы жастар журналистикамыздың деңгейін көтереді, өзіне тән артықшылықтарын одан әрі байыта түседі деп сенемін. Нұрсұлтан! Жазу – дертпен тең. Ләззаты да болады. Сондай ләззатқа бөленуіңе тілектес ұстазың – Намазалы. Бұл – әлі басы. Келе-келе етің үйреніп, ойың ұшқырланып, мақаланың басын оқысаң, аяғын шамалап отыратын боласың.. Іләйім солай болғай!

647 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы