• Әдебиет әлемі
  • 19 Қаңтар, 2017

САРҚЫЛМАС САБЫР МЕН БАҚЫТ БЕР

Манарбек ҚЫДЫРБАЙ Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің 3-курс студенті. Өлеңдері журналымызда алғаш жарияланып отыр.    Өзіңді ізде Жасыл жаз - марқұм, Сары күз -  алтын. Теңдессіз тарту, Әр минут, әр күн. Көгілдір - аспан, Ақ бұлттар – дастан. Қыс келе жатыр, Адымдап басқан. Қоңыр көз - ару, Қара сөз - қару. Қураған гүлдер, Сезімге зәру. Аппақ қар -  көңіл, Мамықтан жеңіл. Қара жер үсті, Қара дақ  - өмір. Өледі күз де, Өлесіз сіз де. Сол кезде серік, Ақ кебін бізге. Өзіңді өзің, Өмірден ізде... *** Тағы да бір жанып бітті шырпы күн, Түн мен бояп күннің қызыл кірпігін. Мен отырмын иек сүйеп іңірге, Жамай алмай көңілімнің жыртығын. Өзгелерден тұру үшін биік тым, Ақ қағазға аппақ өлең ұйыттым. Сынық айдың сәулесіне шомылып, Қара түннің қабағынан күй ұқтым. Жетелейді биіктерге өр екпін, Кешегіден бүгін сәл-пәл бөлекпін. Мен әлемге болсам-дағы керексіз, Өлең маған, мен өлеңге керекпін... САРЫ ҚЫЗ Сары қыз! Сарғалдақ сезімдей гүл атқан, Күлгені аумайтын бұлақтан. Сары қыз... Не түйдік осынау шақтардан, Ниеттер ақ болсын ақ қардан. Сары қыз... Сөнбесін шаттығың санаңнан, Айналдым ақ жүрек анаңнан. Сары қыз.... Кірлемей жүре бер тұнығың, Сәбиден аумайды қылығың. Сары қыз... Жамалың жұп- жұмсақ мақтадай, Жырламай жүрмекпін, ах, қалай? Сары қыз. .. Бейкүнә сүйкімді балапан , Күлімдеп атса ғой жаңа таң. Сары қыз... Санамда сән болып сақталдың, Сырымды тек саған ақтардым. Сары қыз... Бұл өмір өткінші елес қой, Жұлдызда мәңгілік емес қой. Сары қыз... Біздерде кетерміз келмеске, Ештеңе қалмайды- ау сонда есте. Сары қыз... Тек сонда қалады, бақта мұң, Сарғайған жапырақ хаттарым. Сары қыз… Мұңайып, қайтеміз қамығып, Қауышар күн тусын сағынып. Сары қыз... Өлеңмен кеттім ау кестелеп, Негізі ағаңа ес керек! Сары қыз... Өмірдің мәні не білмедім, Әлемді тербейді күлгенің... Күліп жүрші! Түс көргім келеді... Өзіңе қол созған үмітпен, Періште сезімді жылаттың. Жүрсеңде басқамен күліп сен, Мен сені сонда да ұнаттым. Жүректің түндігін түріп кең, Басқаның бағында гүл аттың. Қайырылмай кетер деп біліп пе ем, Орнатып көңілге бұлақ мұң. Ып-ыстық жалындай сезіммен, Бұрқанып теңіздей тасынам. Құшқым кеп болаттай төзіммен, Мың мәрте оқталып басылам. Сыр ұғып қарақат көзіңнен, Мен саған жетуге асығам. Өңімде тілдеспей өзіңмен, Түсімде мойныңа асылам. Қиялдың көлінде табысып, Аршын төс аққудай мүсінмен. Тәп-тәтті ерніңнен бал ішіп, Тек сені көремін түсімнен. Таң ата тәтті түс ауысып, Кететін құр елес пішінмен. Тағы да мұңыммен қауышып, Оянам сені аңсап ішімнен. Түбі бір мен саған ұнармын, Айым деп, күнім деп еркелеп. Бүгін де көретін шығармын... ...Құрысын жатайын ертерек. ...Түс көргім келеді! *** Сан күдікпен сарғайып сағынышым, Мұң аймалап барады жанып ішім. Қара түнге қауырсын малып алып, Өлең жазып отырам бағым үшін. Көңіл мұңлы, көз ояу сілкінеді, Ұйқымды ұрлап алғандай түн түнегі. Құлын бейнең келеді елес болып, Періште боп келерсің мүмкін енді... *** Ешқандай жігітке қарама, Көз тігіп жүрмесін көркіңе. Мың қыздан өзіңді даралап, Қоймады бір сезім еркіме. Жырлаған жырларым күні-түн, Өзіңмен тым асқақ еңселі. О, менің үлпілдек үмітім, Үркітіп алдым ба мен сені. Мен үшін мәңгілік жұмбақсың, Еш пенде шешімін таппаған. Сезімім сен жайлы үн қатсын, Таңдар да тағатсыз атпаған. Жанарым жасынан гүл еккем, Жадымда жайқалып тұрсын деп. Мен сені сүйемін жүрекпен, Тым жиі соғатын дүрсілдеп. Еліктей елеңдеп тұр едің, Соңғы рет көргенде жүзіңді. Жанарда жайқалған нұр едің, Ал бүгін шық болып үзілдің. Мөп-мөлдір сәуледей шықтағы, Келбетің елес боп жаңғырды. Сол бір кез ойымнан шықпады, Қайдасың періштем таң нұрлы? Көктем түні Көктем түні төбемде ай қарайды, Балғын талды пәк самал аймалайды. Саумал желге желпініп құшақ жайған, Сыңғыр судан ақ сағым тайғанайды. Көктем түні жұлдызбен сырласамын, Түрлі-түрлі қиялмен қырды асамын. Көркем мінез келбетті қызға деген, Сағынышым мәңгілік тынбас әнім. Көктем түні даламды тербетуде, Гүлдер билеп шақ қалған ер жетуге. Жалғызсырап отырмын қона алмаған, Сыңар аққу секілді көл бетіне. Көктем түні сыйлашы маған бақыт, Ауыр ойлар кетпейді санамда түк. Жырлар жазып кетейін аспаныма, Өмірімді кетпе-ші тәмамдатып! **** Қақ жарып қап -қара түнекті, Ақ сәуле сезімім дір етті. Кенеттен кездескен керім қыз, Жүректің дүрсілін үдетті. Қиғаш қас, кер марал қылықтым, Сыйладың жаныма тұнық мұң. Еріксіз еліткен бейнеден, Сұлулық сиқырын шын ұқтым. Қарақат көздері күлімдеп, Жапырақ кеудемді тілімдеп. Елесі келгенде еркелеп, Тып -тыныш түн ұйқым бүлінбек. Ажары ақ мамық, ай маңдай, Көркіне кім шыдар байланбай. Жүрсе екен аман-сау аппағым, Мөп-мөлдір тұнығы лайланбай! *** Арманым ақша бұлттай биік қашқан, Жынды жел көктем қызды сүйіп қашқан. Келер күн бұлдыр-бұлдыр сағым сынды, Қос сызық ақ пен қара иықтасқан. Ақ сызық адалдықты арқалаған, Шер мұңым ақ қағазсыз тарқамаған. Жамылып ақтың атын арамзалар, Сыртынан жазықсыздың балталаған. Түнерді қара түндей бар айналам, Ән салып ақ түс көрсем арайланам. Келемін қара жолмен сайран салып, Ақпын деп АЛЛА алдына қалай барам? Жайнамаз үстіндегі күбір Тып-тыныш меңіреу қара Түн, Аппақ қар.Сап-салқын дала тым. Жайнамаз үстіне жайғастым, Жол іздеп жәннәтқа баратын. Тылсымға сіңемін түнектен, Жүрекке иманнан гүл еккен. Қауырсын қаламның ұшында, Жапырақ жан тәнім дір еткен. Мүбарак дұғаны тыныс қып, Қорғасын көңілді күміс қып. Алладан ақ тілек тіледім, Нұрына бөленіп тым ыстық. Азанмен аластап құлақты, Армандап ақ үміт жұмақты. Қол жайған пендеңе жаратқан, Жеңіл ет бес күндік сынақты. Кәлима басқарсын тілімді, Шуақты ет күнім мен түнімді. Құлшылық етейін шынайы, Құраннан үйреніп ілімді. Салауат айтайын сөзіммен, Ғаламат қызғалдақ сезіммен. Мінәжат үстінде арман жоқ Жас тамса жазықты көзімнен. Нәпсінің құлы боп тойғандар, Түп-түзу жолынан тайғандар, Жүрсін деп сап кеткен сара жол, Ең соңғы Мұхамед пайғамбар. Сол жолмен жүрейін сүрінбей, Сырғуда сынап күн білінбей. Құлшылық үстінде күбірлеп, Әр таңым атса екен күлімдей. Аулақ қыл арамнан ойымды, Онсызда шайтаным тойынды. Сахаба сияқты сабырлы, Пәк мінез билесін бойымды. Сақтағай әкем мен анамды, Інім мен қарындас, ағамды. Бар ғалам бас исін мойындап, Өзіңдей ең ұлы қағанды. Түсуден қорқамын тозаққа, Малшынып шайтани мазаққа. Сарқылмас сабыр мен бақыт бер, Тәңірге табынған қазаққа!? Үстінде жүргенде  жұмыр жер, Өзіңе сиынар ғұмыр бер. Бәрібір адасқан достарым... ...Жемейтін жемісті жұлып жер. Олар да ағайын бауырым, Артпағай азаптың ауырын. ...Дінсіздің салтынан сақтағай, Үдеткен ғаламның дауылын?! Жалғанның сағаты тықылдап, Тұрғанда кім қашып құтылмақ. Жарлығы келгенде тәңірдің, Бәрі де бақиға жұтылмақ... Жүректі жібітіп тоң қатқан, Санамда кәусар үн толғатқан. О, АЛЛАМ кеше көр біздерді, Теңіздей күнаға мол батқан?! *** Көмейіме кептеліп қысылды өлең, Елең етіп ешкім де түсінбеген. Қарашықтан қара өлең тамшылатып, Ақ қағазбен қаламның ұшында өлем. Мұң шерімді жауқазын дала тыңда, Шабыт төккен байтағым сан ақынға. Жыр өлшемі өлмейтін өр мінезді, Қалықтаған қыранның қанатында. Жүрегімнің бір сыр бар дүрсілінде, Көзім күліп көңілім күрсінуде. Толғатады бір өлен әр күн сайын, Ақ қайың мен жас талдың бүршігінде. Бір өлеңім бозторғай шырылында, Бір өлеңім теңіздің тұнығында. Мен үшін мәңгі бақи бітпес өлең, Айдай әсем арудың бұрымында. Көңілімнің көркейтіп делебесін, Елемесе ел мейлі, елемесін. Алла жазса әкелем жасын сынды, Өлкесіне өнердің бөлек есім!  

631 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы