• Қоғам
  • 22 Желтоқсан, 2016

«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ҚАЗАҚСТАН – ОРТА АЗИЯНЫҢ ЖӘННАТЫ

Динар НӨКЕТАЕВА,

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық  университетінің ректоры

Қадірлі оқырман! Сіздерді Қазақстан Респуб-ликасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық  мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын.  Еліміз қуатты, келешегіміз шуақты болсын!

Жарық көргеніне сегіз жыл толған «Үркер» бұл күнде әдебиет сүйер  буын өкілдерінің  ыстық ықыласына бөленіп, жас таланттардың әрбір санды асыға күтетін сүйікті басылымына айналды. Журнал егемендігі тың жетістіктермен еселенген еліміздің еркін ойлайтын, азат пікір айта алатын өрендерінің қалыптасуына тынбай қызмет етіп келеді. Жылдан жылға журналдың тақырып аясы кеңейіп келе жатқаны қуантады.
Қазіргі уақытта Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті мен «Үркер» жастардың әдеби-мәдени, қоғамдық-саяси журналы арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Шығармашыл студенттер басылымның әрбір санын қалт жібермей оқып, түрлі деңгейдегі көркем дүниелерін жариялап тұрады. Бұл жерде жастардың ішкі рухани кеңістігіне қанат бітіріп, олардың іңкәрлігін арттыру, ойлау жүйелері мен ой-өрістерін дамыту басты мақсатымыз екені мәлім. Сондықтан, жылт еткен жақсы жаңалықты құптап, оған қуана қол соғатын «Үркердің» талай талантты жастың тұсауын кесіп, үлкен шығармашылық өмірге жол ашып беретіні ақиқат. Қолдарыңыздағы осы саны да осы ойымызды айғақтай түседі.
Өз студенттеріне 72 жыл есігін айқара ашқан Қыздар университеті үшін биылғы 1 қыркүйек – Білім күні ерекше сезіммен өтті. Сол күні ешқандай студентке ескертілместен алғашқы сабақ ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты эссе жазумен басталды. Бұл жердегі мақсат – туған Отанын кімнің қалай сүйетінін бағамдау, оның тарихы мен мәдениетін, егемендік құндылықтарын қалай білетінін саралау. 
«ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы: Мәңгілік Ел биігі» атты тұңғыш өткен эссе-байқау күткенімізден асып түсті десек болады. Өйткені, байқауға өз еріктерімен қатысқан 1500 студент өз Қазақстанын қалай бағалайтынын, оның болашағын қалай елестетінін көз алдымызда суреттеген кезде, біз ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Бәріміздің киелі атамекеніміз бар, ол –қазақтың Ұлы Даласы. Сол далада бабалардың ізгі аманатын орындау жолында біз құрған қасиетті Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіздік – біздің маңдайға басқан бағымыз, мәңгі сақтауға тиіс аманатымыз. Қасиетті Отанымызда қандай қиындықты да қайыспай қарсы алуға лайық өршіл рухты, азат ойлы, жасампаз халық бар. Ол – ержүрек қазақ халқы. Сол қаһарман халықтың алға қойған ізгі мұраты бар. Ол – Ұлы Дала төсінде өзі құрған мемлекетті  Мәңгілік Ел жасау»деген сенімге толы толғанысын тереңнен түсінгендейміз. Құлдық психологиядан ада ұрпақтың өскеніне анық көзіміз жетті.
Шара бүгінгі жастарды отансүйгіш-тікке  тәрбиелеу,  өз елі  мен туған  жерін қастерлеуге шақыру және студенттердің тіл байлығы мен жазу шеберлігін шыңдай түсу, білімін молайту мақсатына жетті деп ойлаймын. Алдарыңызға сол байқаудың үздік шығармаларын ұсынып отырмыз. Болашақта әрбір үйдің шырақшысы болып қана қоймай, еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан білім ошақтарында болашақ ұлт тәрбиешілеріне айналатын жастардың шығармашылығын оқырманның өзі саралай жатар деген ойдамыз.
Алда келе жатқан Тәуелсіздіктің мерейлі мерекесі құтты болып, егемендігіміз елмен бірге жасай берсін! Орта Азияның Жәннаты – «Мәңгілік Ел» Қазақстан гүлдене берсін демекпін!..

 

444 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы