• Айтарым бар...
  • 22 Желтоқсан, 2016

АСЫЛЫ ОСМАННЫҢ АРМАНЫ

Құдай қосып, жапонмен құда болдым. Шүкір, өмірге өкпем жоқ. Разымын. Жапон еліне екі рет бардым, шығыс шырайына тәнті болдым. Токио, Осака, Мацуэ, Киото секілді қалаларды көріп, жақсысына жаным иіді. Менің таңғалғаным – олардың тазалығы. Жан мен тән тазалығы. Ар жағы мөлдір, бер жағы онан да мөлдір, шуағы төгілген бір әлем. Олардың қаруы да, адамдық бет-бейнесі де тіл. Тілің болса, бәріне қол жеткізесің, тілді құрметтеу, жәйдан жай сөз емес, ол сенің бірінші қаруың. Тілі бар ел қашанда алда жүретіндігіне көріп тұрып көзіміз жеткендей. Қазақтың қызыл тілі айналсоқтап қала беретіндігіне де жырақта жүріп жаным ышқынғандай. 

Кітаптары 150 мың таралыммен шығады. Көрнекті жазушыларын ел құрметтеп, қандай қиын жағдай болса да олардың тіршілігі өмірден шет қалмайды. Муракамиді ел-жұрты іздеп жүріп оқиды. Әдебиет олар үшін шетсіз-шексіз бір әлем. 
Мұғалім – олар үшін ең бірінші Адам. Бізде «Ұстазым менің, ұстазым!» дегенмен, құр қолпаш, әшейін әлпештеуі басым әуен. Осы жерде «Үш қадам кейін шегінсең де, мұғалімнің көлеңкесін баспа» деген жапон мәтелі айналсоқтап алға шығып кетеді. 
Дәрігер де олар үшін ең бірінші Адам. Адамды өлімнен құтқаратын да, адам үшін шын күресетін де солар. Біздің газеттерде «Ақ желеңді абзал жан» деген айдар бар. Айлығы аз, мәртебесі төмен осы мамандық иелерінің бүгінгі хал-күйі ақ желеңнің астында бүркеулі жатқандай. Кереғарлық деген қандай жаман. Біреуде бар нәрсе біреуде жоқ. Келінімнен сыр тартсам, тіл үшін жанымды беремін, дейді. Балабақшадан сөз үйренген сәби де селк-селк етіп әдемі күлкіге салады. Құдалар жаққа көз салсам, олар он үш жасқа дейін балаға емін-еркін тіл үйретіп, әбден өзіне-өзі келгесін ғана өмірдің қарапайым тіршілігіне кіріседі екен. Әйел адам еркекті баса-көктеп кетпейді. Әйел еркектің соңынан ерген екінші тұлға. 
«Тіл үшін жанымды беремін», – дейді келінім. Екі мұғалім жалдап, ұлттық тілді ежіктеп, өзі келін боп түскен жердің ұлағатын үйренді. Бұған қалай иланбассың. Мұрагерің өз тілінде сөйлеп, өміріңді жалғастырып жатса, мұнан артық не керек?!
«Құдай жоқ болса, оны адамдардың өзі жасап алар еді» деген Достоевскийдің сөзі де ойға оралады. Бәрін жасауға болады, бірақ қолдан тіл жасай алмайтын сияқтымыз. Оған өзге ұлт өкілдерінің іс-әрекетін көріп, көңіліміз толғандай. Өз тілі өзінде қалған бақытты халық біз емеспіз бе?
Тәуелсіздік – біздің тағдырымыз.  
Көз алдыма Асылы Осман апам көлеңдейді.  
Кейінгі ұрпақ осы бір асыл адамға қарыздармыз. 
Ауылдағылардың болашағы не болар екен? Оны да ойлаймыз. 
Бұл – Асылы апамның арманы.

Қуандық ТҮМЕНБАЙ 

418 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы