• Білім-ғылым
  • 30 Қараша, 2016

"Ана тілі аруы" мен "Жігіт сұлтаны" байқауы ел тәуелcіздігінің 25 жылдығына арналды

Өнер – қасиетті дүние. Ал ата-бабаларымыздан бастау алған өнегелі өнерімізді, қазақ халқының терең ойлы шығармашылығын Тәуелсіз еліміздің төрінде паш ету Елбасының көздеген мақсаттарының бірі. Осы тұрғыда жақында өткен «Ана тілі аруы және Жігіт сұлтаны – 2016» байқауы студент жастардың өнерге деген ықыласын, ұлт мәдениетіне деген ілтипатын байқатты. Кешке келген көрермен қауым нақышына келтірілген, шуақты және шырайлы мәдени мерекенің куәсі болды.

Қазақтың әні мен биін, салты мен дәстүрін бір шаңырақ астына тоғыстырып, кең көлемде өткізу Студенттер Сенаты жастарының игі істеріне баланды.Бұл кеште Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы қазақ өнерінің жанкүйер жұртшылығына лық толы болды. Кешке «Қазақ газеттері» серіктестігінің Бас директоры, Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы Самат Ибраим, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Әлеуметтік даму ісі жөніндегі проректоры Шолпан Жаманбалаева қатысты. 

_MG_6255

Сайысқа «Ана тілі» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары Нұрперзент Домбай (төраға), актриса, «Қазақ Аруы-2014» байқауының жеңімпазы Гүлнәз Жоланова, «Жігіттер» тобының әншісі Бағлан Әбдірайымов, тележүргізуші, артист Серік Шәріп, ҚазҰУ Студенттер сенатының төрағасы Назарбек Батыр, Ұлттық университеттің тәрбие ісі жөніндегі департаментінің директоры Жұлдыз Дәпенқызы қазылық жасады.

Байқау басталар тұста «Қазақ газеттері» ЖШС-на қарасты басылымдарға, атап айтқанда «Ана тілі», «Ақиқат», «Мысль», «Үркер», «Экономика» басылымдарына жазылу шарасы ұйымдастырылды. Мұндағы бірден-бір мақсат оқырмандармен, сондай-ақ студент жастармен шығармашылық байланыс орнату. «Ана тілі» аруынан бөлек, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің төл жобаларының қатарында «Үркер-Үміт» бәйгесі, «Ақиқат» журналының жүлдесі үшін журналистер арасында шахмат байқауы жылма-жыл өткізіліп келеді.

Аталған жобаның басты мақсаты – қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, жастардың шығармашылық, зияткерлік қабілетін арттыру, тұлғалық дамуына жол ашу және  ұлттық болмыс пен ұлттық рухты асқақтату.

Сайысқа 500-ге жуық қатысушы өтініш білдіріп, олардың 50-і екінші кезеңге жолдама алды. Екі айға созылған байқауда қыздардың қолымен жасалған қазақ ұлттық тағамдары жәрмеңкесі өткізіліп, одан жиналған ақша  жетім балалар үйіне, қайырымдылық іс-шараларына жұмсалды. Жігіттер түрлі спорт сайыстарына қатысып, өздерінің күш-жігерлерін байқатты.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген «Ана тілі аруы және Жігіт сұлтаны  2015» байқауының жеңімпаздары- география және табиғаттану факультетінің студенті Дәулет Тоқтар, филология факультетінің студенті Әсел Жутаева барлық қатысушыларға сәттілік тілеп, арнау өлеңдерін оқыды.

Ана тілінің мәртебесін асқақтатқан жарыста 15 факультеттен 10 бойжеткен мен 10 жігіт бақтарын сынады. Студенттер сенатының ұйымдастыруымен бұл жоба осымен 9-шы рет өткізіліп отыр. «Сәлемдесу», «Сұрақ-жауап», «Өнер», «Сән үлгісін көрсету» кезеңдерінен құралған сайыста қатысушылар шеберліктерін ортаға салды. Аталған өнер додасы көрермендерге тамаша әсер сыйлағаны анық. Сахна төрінде бірі ән шырқап, мың бұрала би билесе, ал бірі актерлік өнерімен көрермендерін тәнті етті.

Кеш барысында Орта Азияның ең үздік студенттерінің қатарына кірген филология факультетінің студенті Ақбота Садық «Сүгірдің термесін» нақышына келтіріп орындады. Сондай-ақ, Нұрболат Абдуллин, Қуандық Рахым, Дана Кентай, Ерман Бердалы және т.б өнер иелері ән шырқап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Салтанатты шара соңында жобаның алғашқы қадамдарына қолдау көрсетіп, атсалысып жүрген «Қазақ газеттері»  серіктестігінің Бас директоры, Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин сөз сөйлеп, бұл жобаның басты мақсаты – Қазақ Ұлттық университетіндей қара шаңырақтағы талантты студенттерді дүйім жұрт алдына алып шығу екенін тілге тиек етті.

- Халық өнерінің қайнар көзі, кәусар бұлағы – дүйім жұртқа жалынды жастар арқылы насихатталатындықтан, аталмыш байқаудың маңызы жыл өткен сайын артып, қанаты қатая бермек. Өнер мен рухани мұраны бүгінге жеткізіп, дәріптеп жүрген тума талант иелері ары қарай да қолдауға ие бола береді, – деген ақжарма ақ тілегін жеткізді.

Шара барысында Жұлдыз Дәпенқызы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры  Ғалымқайыр Мұтановтың құттықтау хатын оқыды. Сонымен қатар, Білім мен ғылымның қасиетті қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жас ұрпақты ұлттық рухтағы таным мен тағылымына, тәлім мен дәстүріне тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған жаңашыл студенттік жоба «Ана тілі аруы және Жігіт сұлтаны – 2016» байқауына қолдау білдірген барша демеушілерге алғысын білдірді.

Бірнеше сағатқа созылған байқау қорытындысына сай, үздіктер анықталып, өзге қатысушылар да арнайы дипломмен марапатталды.

Әділқазылар шешімімен үшінші орынды филология факультетінің студенті Әбен Айдана мен механика-математика факультетінің студенті Әлібек Қайратұлы, ал екінші орынды химия және химиялық технология факультетінің студенті Даяна Амирина мен журналистика факультетінің студенті Есентемір Қуанышбек иеленді. Ал халықаралық қатынастар факультетінің студенті Ақсәуле Қалиахмет пен физика-техникалық факультетінің студенті Шалқар Құдайберген жүлделі бірінші орын иегерлері атанды. Сондай-ақ, Шалқар «Dostyk Travel» компаниясы ұсынған Дубайға тегін жолдаманы жеңіп алды. Жиналған жұртшылық ең басты жүлдегерлерді тағатсыздана күткен еді. Сонымен «Ана тілі аруы» атағына журналистика факультетінің студенті Алтынай Алмабаева ие болса, филология және әлем тілдері факультетінің студенті Қадір Аманбай «Жігіт сұлтаны» атанды. Байқаудың жеңімпаздарына  «Қазақ газеттері» серіктестігінің арнайы жүлдесі- қазақтың қара домбырасы сыйға тартылды.

Айта кету керек, жастардың шығармашылық ізденісіне, қоғамдық дамуына орасан зор үлес қосқан серіктестер «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы, «Жанат Бақыт» сән үйі, «Әсем Нұрсейіт» аксесуарлар галересы, «Жазира Байырбекова» сән үйі, «Марина» сән студиясы, Роза Әлқожаның «Мен сыйға тартқан орамал» дүкендер желісі, «Абырой» ұлттық сағаттар бренді, «INMODE» сән үйі және өзге де демеушілер қолдау көрсетті. Жобаның бас ақпараттық демеушісі «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, сондай-ақ, «Dostyk Travel» компаниясы.

Осылайша екі айға созылған үміт пен толқуға толы бәсекелі бәйге де өз мәресіне жетіп, барша көрермендер қауымы  кештен көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

_MG_6398

_MG_6385

_MG_6335

_MG_6313

_MG_6325
_MG_6235

_MG_5953_MG_6237
_MG_6259

_MG_6269

_MG_6286

_MG_6298

_MG_6087 _MG_5974
_MG_6140 _MG_6091  
_MG_6034 _MG_6048 _MG_6069 

 Абылайхан ЖҰМАШЕВ

364 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы