• Шежіре
  • 17 Қараша, 2016

Ерлік пен қасіретке толы өмір

Алты алаштың ардағы Әбдірахман Әйтиевтің туғанына – 130 

Әбдірахман Әйтиев 1886 жылы 20 нау-рызда Орал облысының Қараоба болысы, Сүгірбай ауылында (казіргі Теректі ауданы) туған. Әбдірахманның әкесі Әйті өте кішіпейіл, ауылға сыйлы адам болған.Тұрмыс жағдайының ауыртпалығынан күні-түні шаруашылықпен айналысып, еңбегімен күнелтіп отырған. Әбдірахман Қараоба болыстық бір кластық орыс-қазақ мектебін бітірді. Орал қаласының судьясының жанында алдымен аудармашы, кейін аға іс жүргізушісі болып істейді. Ол еңбек адамдарының қандай қиын жағдайда өмір сүргенін көріп, түсіне бастайды. 

1916 жылғы көтеріліс Әбдірахманның ауылдың кедейлері арасынан шыққан  нағыз революционер (төңкерісші) болып қалыптасуына негізгі себеп болды. Езушіліктен әбден шаршаған көпшілік қауым жаңа өмір үшін, өзінің құқығын қорғау үшін күресуге оянып, дайын болғанына Әйтиевтің көзі жеткендей болды. 1917 жылы қаңтарда болыс Бекше Қисықовпен бірге сайлауға түсіп, Қараоба болысының басқарушысы болып сайланды. Сол жылғы наурызда Б.Қаратаев,Д.Күсепқалиев, Ы.Тоқберлинов,Ғ.Әлібековпен бірге Жайық сыртқы бөлігі азаматтық комитетіне төралқа мүшесі және хатшы болып сайланды. Ал 1918 жылы Орал ревкомының тағайындауымен Жайық сыртқы бөлігінде Кеңестер ұйымдастыру ісімен айналысты. Орал қаласындағы төңкерістен кейін Орал әскери үкіметінің әскери-дала соты тарапынан ату жазасына кесілді, осыған байланысты Қараоба болысындағы Федоровка, Богдановка селоларында, Жымпиты ауылының түбіндегі Хакім Бекебасовтың үйінде жасырынып жүрді. 1918 жылы шілдеде Жымпитыдан Темір уезіне өтті. Осында Ташкенттен келе жатқан Мұстафа Шоқаймен кездесті. 
1918 жылдың тамыз-желтоқсан аралығында Орал ревкомы мен Қызыл Армия командованиесі құрған Богдановка астыртын ұйымының төралқа мүшесі, 25-Чапаев дивизиясының 3-бригадасының саяси бөлімінде жұмыс істеді. 1919 жылдың қаңтарынан Орал ревкомы ұлттар коллегиясының мүшесі және Қазақ атты әскер бригадасын ұйымдастырушылардың бірі болды.
Ә.Әйтиев 1919 жылдың басында Орал губерниясы төтенше  комиссиясының құпия-оперативті бөлімінің меңгерушісі, Жайық сыртқы бөлігінде Кеңестер ұйымдастыру бюросының мүшесі. 1919 жылдың тамыз айында Чапаев дивизиясы құрамындағы Ілбішін ревкомының төрағасы, Ілбішін селосында ақтар жойып жіберген Чапаев дивизиясынан тірі қалған үш адамның бірі. 
Қазақ Революциялық  комитеті құрамына 7 адам кіргізіліп, бекітілді. Қазревком төрағасы болып Кеңес үкіметі «Наркомнац» И.В.Сталиннің орынбасары С.С.Пестковскийді тағайындады. Мүшелері болып Ә.Т.Жангелдин, С.Меңдешев және басқалары бекітілді. Кейін бұлардың қатарына Ә.Әйтиев, А.Авдеев, Б.Қаратаев,А.Арғыншиевтер кірді.
Қазревкомның алғашқы және кейінгі құрамына Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлері де кіргізілді. Оның ішінде А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, Б.Қаралдин, тағы басқалары болды.
Азамат соғысының аяқталуын тездетуге, Алашорда қозғалысына қатысушыларды амнистияға дайындап, жариялау жұмысына Қазревкомның көп еңбегі сіңді. Бірақ, ең басты жеңісі - Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайшы съезін шақыруы болатын. Оның мақсаты - патшалықтың бөлшектеп тастаған ежелгі қазақ жерін қайта біріктіру негізінде Қазақ Кеңестік Социалистік Республика орнату.
Қазревком жанында Бүкілқазақ съезін шақыруға дайындық  жүргізу үшін Ерекше Комиссия құрылды. Оның құрамына Ә.Әйтиев, С.Меңдешев, В.Лукашов, Б.Қаралдин кірді. Комиссияға съезді шақыру    жайында нұсқаулар жасауы жүктелді:    қазақ халқына арнап үндеу дайындау     Ә.Әйтиевке, А.Байтұр-сыновқа, Б.Қаралдинге, ал орысша мәтінін дайындау - В.Лукашевке, С.Меңдешевке және А.Петровқа тапсырылды.
1920 жылы 5 мамыр күні Қазревком нұсқауды бекітті. Оны Қазақстан Кеңестері съезіне делегаттардың сайлануымен қоса Ә.Әйтиевтің басшылығымен дайындаған. Нұсқаудың негізіне РСФСР Конституция-сының қағидалары енгізілген. Кеңестердің Құрылтайшы съезінің дайындық кезінде Қазақ АССР-нің аумағын (территория) анықтау маңызды мәселеге айналды. 1919 жылдың 10 шілдедегі РСФСР Совнаркомының  декреті бойынша Қазақ ревкомының қарамағына Торғай, Ақмола, Семей, Орал облыстары және қазақтар мекендеген Астрахан губерниясының бөлігі жататын. Ол кезде Торғай облысының Қостанай уезі Челябі облысына енгізілген, ал Қазақстанның оңтүстік бөлігі – Сырдария және Жетісу облыстары - Түркістан АСР-нің құрамында болатын.
Кеңестердің Құрылтайшы съезіне дайындық кезеңінде өлкеде қазақ халқын біріктіру үшін қозғалыс өрши бастады. Мысалы, Қостанай уезін Дала өлкесінің құрамында қалдыруды сұрап, сонымен бірге Түркістан Республикасына Маңғышлақ  уезі мен Красноводск уезінің екі болысын қосуын талап етілді. Сол сияқты, 1920 жылы тамыз айында қабылданған қаулыда былай деп жазылған: «Дала өлкесімен этнографиялық, тарихи және экономикалық жағынан байланысқан Петропавл уезін Қырғыз (Қазақ) өлкесінің құрамына кіргізілетініне сенім білдіреміз».
1920 жылы Қазақстан облыстарының өкілдері қатысуымен, Әбдірахман Әйтиевтің басшылығымен өткен Ақтөбе конференциясы Кеңес  билігін  құптай  отырып, бүкіл  өлкенің  облыстарын автономиялық  кеңестік республикаға біріктіру туралы қаулы қабылдады.
Алайда Челябі губерниясы жергіліктілік тенденция көрсетіп, Қостанай уезінҚазақстанға қосуға қарсы болды. Сондай-ақ,1920 жылы 25 сәуір күні Орал губерниясы Қазақстанға қосылуға қарсылық танытты. Екінші жағынан, кейбір қазақ қызметкерлері Қазақстанға Омбы облысын, Орта Азияны, Алтай өлкесінің Барнауыл уезін қосуын талап етті. Түркілер республикасы туралы жоспарлар да болған. Оған қазақтар, өзбектер, татарлар, башқұрттар және басқа түркітілдес халықтар тұратын аумақтарды (территориялар) кіргізуді көздеген.
Қазақ АССР-ның келешегі үшін Қазақстан құрамына Орынбор қаласын қосудың үлкен маңызы болды. Бұл мәселе 1919 жылы 19 қыркүйек күні губком партиясының, губерниялық атқару комитетінің және Қазревкомның біріккен мәжілісінде көтерілді. Онда ВЦИК төрағасы М.И.Калининнің қолдауымен  Орынборды  Қазақстанға  қосуының ұтымдылығы  туралы шешім қабылданған.
1920  жылы  7 шілде  күні Орынбор Қазақстан аймағының құрамына енгізілді, ал Кеңестердің Құрылтайшы съезінен кейін ол Қазақ АССР-ның астанасы болды.
Екі апта бойы (1920 жылы тамыз айының 13-інен 24-іне дейін) тікелей B.И.Лениннің төрағалығымен Кремльде Қазақ Кеңестік автономиясы туралы жауапты қызметкерлердің арнайы мәжілісі өтті. Ал, Халық комиссариаты Кеңесі (Совнарком) Қазақ өлкесін басқару мәселесімен екі рет (17 және 24 тамыз күндері) мәжілістерін өткізді. Осы қазақ мемлекеттілігінің тағдырының келешегі шешіліп жатқан мәжілістердің барлығында да Қазақ соғыс ревком төрағасының орынбасары Әбдірахман Әйтиевтің мерейі әр уақытта үстем болып тұрды.
1920     жылы 26 тамыз күні М.И.Калинин мен В.И.Лениннің қолдары қойылған Ресей Кеңестік Федерациясының (РСФСР құрамының бөлігі ретінде) Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Социалистік Кеңестік Республикасын құру туралы Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті (ВЦИК) және РСФСР Халық комиссарлар Кеңесінің декреті шығарылды.
Бірінші Бүкілқазақтық Құрылтайшы съезі салтанатты түрде Қазақ өлкесін Кеңестер республикасы деп жариялады.
Кеңестердің Құрылтайшы съезінің 1920 жылы 12 қазан күні өткен соңғы мәжілісінде құрамында 76 мүшесі және 25 кандидаты бар Қазақ АССР-нің Орталык Комитетін сайлады. Қазақ Орталық Атқару Комитеті (Каз ЦИК) Төралқасының құрамына C.Меңдешев (төрағасы), В.А.Радус-Зенькович, Ә.Жангелдин, И.А.Акулов, С.Сейфуллин, И.Ф.Киселев, Б.Алманов, Ә.Әйтиев, Ә.Досов, Г.А.Корестелев, П.И.Струпе енгізілді. 
КазЦИК Республика үкіметінің құрамы- Халық Комиссарлар Кеңесін (14 адам) бекітіп, оған толық атқару билігін берді.Қазақ АССР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болып Виктор Алексеевич Радус-Зенькович тағайындалды. Өзінің іс-әрекетінде ЦИК-нің алғашқы кездескен қиыншылығы - өлкеде кең өріс алған ашаршылықпен күресу еді.
1921     жылы тамыз айында ҚазЦИК-нің Төралқасының мәжілісінде Қазақ АССР-сы губернияларындағы балалар мен жастардың жағдайлары туралы мәселе қаралды. Ә.Әйтиев жасаған баяндамасында республиканың ашаршылыққа ұшыраған губернияларында есепке 132 балалар үйлері алынған, оларда 44698 бала бар деп көрсетілген.
Баяндамасында Ә.Әйтиев мысалдарын нақты деректермен жалғастырады: «Күннің суытуына байланысты және тамақ жетіспеуінен өлім көбеюде. Уездерде жағдай өте ауыр.Киім, азық, ыдыстар мүлдем жетіспейді. Балалар арасындағы аурулар саны өршіп барады: қантышқақ, сүзек...».   
«Ақтөбе губерниясында жетім балалардың саны 5830-ға жетті. Ақтөбе стансасы жанында қараусыз қалған 500 балаға арналған жатақхана мен тамақтанатын пункт ашу қажет» деп Ә.Әйтиевтің қолы қойылған жеделхатында Төтенше комиссиядан ашаршылыққа ұрынғандарға көмек ретінде 50 миллион сом сұрайды. (ҚРОММ, 509-қор, 1-тізбе, 15-іс, 8-бет).
Ашаршылықты жою жұмысы осы кезеңде Ә.Әйтиевтің өмірінде және іс-әрекетінде басты орын алады. Мұрағатта Ә.Әйтиевтің баяндамалары, жеделхаттары, үндеулері осы күнге дейін сақталған.
1922 жылы 4ақпан күні Қазақ облыстық комитетінің төралқасының мәжілісінде екінші Өлкелік партия конференциясына ашаршылықпен күресу туралы дайындалған тезистер бекітілді. Олардың бәрін Ә.Әйтиев дайындап, баяндап берді.
Әбдірахман Әйтиевтің ұсынысы бойынша, Қазақ Орталық  Атқару Комитеті 18-ші жаяу әскерлер мектебінің командирлік құрамын, 3-ші атты әскерлер мектебін, 63-ші кавалерия полкін, 11-ші кавалерия дивизиясын, екі балалар үйін және тәжірибе көрсеткіш мектебін қамқорлыққа алды.
Ә.Әйтиевтің іс-әрекетінде, мемлекеттік пікірі бойынша, партиялық, кеңестік және мемлекеттік жұмыстарға тұрақты халықтың тілін, тұрмысын және    рухын білетін жергілікті ұлттардың еңбекші өкілдері кеңінен тартылу керек екендігі дәлелденді. Осыған байланысты    жиырмасыншы жылдары партия, кеңес және мемлекеттік аппараттарға жергілікті    кадрлар    тарту мәселесі ел бойынша кең өріс алды.
Ә.Әйтиев ауыл еңбеккерлерінің өмірін жақсартуға, әлеуметтік-экономика-лық  жағдайды қалыптастыруға, ұлтаралық жікшілдікті, отаршылдықты жоюға бағытталған заңнамалық шешімдерді дайындап және қабылдау жұмыстарына тікелей қатысумен болды. Сондай актілердің қатарына қазақ халқына патшалық кезінде Көшу басқармасының қарамағында қалу көзделген, бірақ орыс крестьяндары 1917 жылға дейін басып алған жерлерді қайтару туралы 1921 жылы 2 ақпан күні қабылданған Қазақ  АССР Орталық Атқару Комитетінің декретін жатқызуға болады. Екі жарым айдан кейін қазақ еңбеккерлеріне Жайық,  Есіл және Ертіс жағалауларының аудандарынан, кезінде патшалықтан қазақ әскерлерінің қарамағындағы жерлерді  қайтарып беру туралы жаңа декрет жарияланды.
Әбдірахман Әйтиевтің дайындаған декреттерінің арасында үшеуі өте маңызды болып шығады:
- қалың мал беруге тыйым салыну;
- көп әйелге үйлену;
- билердің феодалдық сотын жою және халық сотын енгізу туралы.
Ол өзінің «Қазақ әйелдерін қалыңмалға сатудан азаттануы» мақаласында Кеңес билігі өмірдің барлық саласына толық теңдігін жариялап отырғанын ерекше атап өтеді. Қазақ әйелдерін өздерінің мәдениетін көтеруіне белсенділік танытуға шақырады.
Көп әйелге үйленуге тыйым салу декреті, тек қана әйелдердің намысын қорғап, оның қоғамдық орнын биіктетуімен бірге феодалдық сарқыншаққа қатты соққы береді.
Үшінші декрет арқылы феодал-байлардың жазалау аппаратын жойып, оларды еңбекшілердің әлеуметтік наразылықтарын басып тастайтын мүмкіншіліктерінен айырады. Сонымен бірге кеңестік сот арқылы жергілікті тұрғындар өздерінің құқығын  нағыз қорғаушыларын анық сезетін болады.
КазЦИК төралқасының мүшесі Ә.Әйтиевтің қатысуымен өткізілген және ресми қаулысымен қабылданған мұсылмандар мерекелері мен демалыс күндерін бекіту шешімдері өте маңызды болды. Мысалы, бұл қаулыда мынадай жолдар жазылған: «... На территории Кирреспублики в местах, населенных в большинстве киргизами и инородцами с магометанским религиозным мировоззрением, обьявляется днем обязательного еженедельного отдыха пятница вместо воскресенья» (ҚРОММ, 5-қор,
5-тізбе, 7-іс, 5 бет). 
Қазақ АССР-де міндетті түрде мынадаймерекелер қазақ  халқының мерекелері болсын деп жарияланған:
1.Ораза айт- үш күн;
2.Құрбан айт-үш күн;
3.Наурыз - бір күн - 22 наурыз күні.
Осы мысалдан КазЦИК-нің халық дәстүрлерін сыйлайтынын, оның миллиондаған адамдарға өте маңызды екенін білгенін іс-әрекеттерді дәлелдейтінін байқауға болады. 
Ә.Әйтиев Қазақ АССР-ның Конституциялық дамуының бастауында да тұрды. Оның тікелей қатысуымен, Конституциялық  актілер қабылданды.
Қазақ  АССР-ның аяқ басуы кезеңінде Орынбор қаласы едәуір рөл атқарды.Бірақ жаңа тарихи жағдайларда оның географиялық жағынан орналасқан жері Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуының талаптарына сәйкес болмай қалды. Онымен бірге Орынбор территориялық жағынан да қазақ халқының көпшілігі мекендеген жерінен алыстау болды, ал экономика жағынан Орынбор губерниясы оңтүстік Оралға икемделіп тұрғаны белгілі. Тағы бір атап өтетін жайт - Орынбор қаласының және аттас губернияның тұрғындарының басым бөлігі орыстар болды.
Республиканы әкімшілік-аумақтық аудандастыру жөніндегі арнайы комиссия Ә.Әйтиевтің төрағалығымен бірнеше нұсқалар дайындады. Республиканың келешек астанасы ретінде Ақтөбе, Ақмола, Шымкент, Әулиеата, Ақмешіт қалалары алынды (аталынды).
1925 жылы 26 қаңтар күні РК(б)П Орталық комитеті жобаны қарап, оны толығырақ зерттеуге Бүкілресейлік ОАК-нің орталық әкімшілік комиссиясына тапсырды. Қазақ АССР-ның астанасын Ақмешіт (қазіргі
Қызылорда) қаласына көшіру туралы шешімқабылданды.
Алматы және Орал қаласында Әбдірахман Әйтиев атындағы көшелер бар.Оралда ескерткіш мүсіні де қойылған. Қала тұрғындары сол жерге әркез гүл шоқтарын қойып, оны құрметпен еске алады. 
...1920 жылы қазан айында Орынбор қаласында Қазақстан Кеңестерінің Бірінші Құрылтайшы съезі республиканың жоғарғы билігін сайлады. Қазақ АССР-ның бірінші Ішкі істер Халық комиссары болып Әбдірахман Әйтиев сайланды. 
Ол кезде Ішкі істер халық комиссариаты төтенше функцияларын кең пайдаланған еді. Оның міндеттеріне контрреволюцияны жою, жендеттермен, алыпсатарлықпен күресу, кеңес құрылысына қатысу, жергілікті Кеңестерге сайлау науқанын жүргізу, Кеңес мемлекетінің негізгі заңдары мен күнделікті тәжірибелік іс-әрекеттерін жүзеге асыру жатқызылады. 
Ә.Әйтиев ішкі істер органдарының ұлттық құрамына баса көңіл аударды. Бұл Қазақстан үшін (1925 жылы республика халқының 59,5 пайзы қазақтар болды) өте маңызды еді. Әйтиевтің басшылығымен милиция қатарын арнайы дайындығы бар қазақ қызметкерлерімен көбейту барысында бірнеше шаралар жүзеге асырылды. 
Аралас ұлттар тұратын мекендерге еуропалық  адамды жібергенде, ол емтихандарды тапсырумен бірге, оның ұлттық тұрмыс жағдайын білуі мен қазақша сөйлеуі талап етілді. Қазақтардың губерниялық  резерв-мектептерге қабылдау саны көбейтілді.
Губерния орталықтарында және Қызылорда қаласында арнайы курстар ашылды.
Оған көп жағдайда жұмысшы мен шаруалар арасынан шыққан қазақтар және қазақ тілін меңгерген адамдар алынатын болды. 1925 жылы осындай курстар Алматыда, Семейде, Оралда, Ақмолада және Шымкентте ұйымдастырылды. Онда оқыған 646 қазақтың бір бөлігі бітіргеннен кейін милиция және сот органдарына қызметке жіберілді. (ҚР ОММ, 1392-қор,81-іс,59б.). Осы жылдары милиция кадрларын дайындауға бүкіл ел республикаға көмегін көрсетіп жатты. Қазақстандықтар Мәскеу, Ленинград, Ташкент оқу орындарында сынақтан өтіп тұрды. Қазақстанға өздерінің түлектерін Мәскеудің орталық  жоғарғы мектебі жіберді, сонымен бірге Новочеркасск, Омбы, Свердловск, Новосибирск мектептерімен тәжірибе алмасып тұрды.
Голощекин патша отаршылдығын  кеңестік тәсілмен пәрменді түрде жүргізген Қазақстандағы кіші Сталин еді. Патшалы Ресейдің екі ғасыр бойы іске асыра алмағанын коммунистік жүйе он-ақ жыл ішінде асырды.
Сталиндік қуғын-сүргінге алдымен халық комиссарлары ұшырады. 1920-1938 жылдар арасында тағайындалған 126 халық комиссарларының 74-і қуғын-сүргінге түсті. Бұлардың 51-і ату жазасына кесілді, екеуі үкім шыққанша өзін-өзі өлтірді, 21-і әртүрлі мерзімге лагерьлерге айдалды.
Қандықол Голощекин Қазақстанда «Кіші Қазан»  жасаймын дегенде халық арасында толқу, наразылық болатынын алдын ала білген. Сондықтан да ол ұйымдастырудың зардаптары боларын, халықтың аштыққа ұрынатынын сезіп, республика үкіметіне қарсы болар байырғы мемлекет қайраткерлерін жауапты жерлерден шеттетіп, орнына сол салада тәжірибесі аз, тек жоғарыдан айтқанды бұлжытпай  орындайтын адамды қояды. Голощекиннің  «қара тізіміне» Қазақстанда партия, кеңес, кәсіподақ және жастар ұйымдарын құрып, толықтырып және күшейтуге белсенділік көрсеткен көрнекті қазақ коммунистері - Т.Рысқұлов, С.Меңдешев, О.Жандосов,С.Сейфуллин, Б.Серікбаев, А.Розыбакиев, Ә.Әйтиев, тағы да сансыз кісілер кіргізілді.
Сенімсіздік пен күмәндік атмосферасы  адамдардың қарым-қатынасы, жұмыстары арасында кең өріс жая бастайды. Осындай жағдай қызметкерлердің белсенділігі мен қайраттылығын тежейді. Осының бәрі, Ә.Әйтиевтің пікірі бойынша, халықтың өмірін қиындата түседі.
1925 жылы Кеңестердің V съезінде Голощекиннің төтенше тапсырысы бойынша революция және азамат соғысына белсенді қатысқан,  Қазақстан  мемлекеттілігінің іргетасын қалауға жан аямай еңбек еткен, республикада тұңғыш ішкі істер органдарын өз қолымен   құрып,  жасақтаған  Әбдірахман  Әйтиев Ішкі істер Халық комиссары қызметінен босатылады. Біраздан кейін оны «Ұлтшылдар тобына қолдау көрсетті» деп айыптап, мәселе өлкелік партия комитетінің бюросында қаралып, Ә.Әйтиев Президиум мүшелігінен шығарылды. Бюро мүшелері  Голощекиннің  ұсынысына қарсы шығуға қауқарсыз еді. Міне, осылайша қазақ  халқының адал ұлы Әбдірахман Әйтиев мемлекеттік, партиялық  лауазымдарынан айырылып, басқарушы қызметтерден үзілді-кесілді аластатылды.Сөйтіп, Сталиннің қолшоқпары Голощекин өзіне қасқайып қарсы шыға алатын тағы да бір қазақ азаматын өзінің алдынан ысырып тастады.
Кейінірек оны Жамбыл қаласына қоныс  аудартты. Сол жерде денсаулығы нашарлап, хал үстінде жатқан оны бірнеше рет тұтқындатпақшы болды. Алып кетуге жарамайтынын көрген  ОГПУ қызметкерлері үйдің астан-кестенін шығарып, қайта-қайта тінтуден жалықпады. Голощекин солай өз жолында кесе-көлденең тұрған тағы бір ұлтжанды азаматтың тағдырын тәлкекке салды.
Осы бір әділетсіз партия мәжілісінде бюро мүшелері болып отырған қазақ азаматтарына кезінде партияға жолдама беріп, қызмет басында өсулеріне жан-жақты қамқорлық  жасаған байырғы большевик Әбдірахман Әйтиев болғаны тарихи шындық еді.
«Мен әр уақытта өзімнің Отанымның ары таза большевигі және азаматы болдым, - деді сөзінде Әйтиев. - Мен қазақ халқы үшін айбынды, қуатты, жеңімпаз Кеңес халқы үшін өзімнің күш-қайратымды, өзімнің өмірімді аямай әлі де жұмсай беретініме сіздердің алдарыңа уәде беремін».
Бұл абзал адамның көпшілік алдында сөйлеген соңғы сөздерінің бірі еді.
Бірте-бірте Ә.Әйтиевтің айналасы адам өмір сүре алмайтын қаңыраған бос жерге ұқсап, оның жарқын аты басылымдар беттерінен сиреп, жойыла бастады. Тоталитарлық жүйе өзінің ісіне алдамшы түрде аяусыз кірісті...
Ә.Әйтиевтің қызмет жолы құлдырай бастады. Ол кейінгі жылдары Қазақ мемлекеттік сауда жүйесінде, Алматы малдәрігерлік институтының директоры қызметтерін атқарған. 1934 жылы Алматы қорығының директоры болып қызмет атқарған кезде жалған жаламен партия қатарынан шығарылып, кейін қалпына келтірілген.
Онан соң курорт директоры, фабрикалық-зауыттық  оқыту мектебінің оқытушысы болып еңбек етті.
1934 жылы ОГПУ-дің шешімімен Ә.Әйтиевтің қонысы Алматыдан Жамбылға аударылды. Жалынды қайраткердің денсаулығы осындай қорлықтарға шыдамай, ауыр сырқатқа шалдығады.
1935     жылдың аяғында оны тұтқынға алуға келгенде, ол хал үстінде жатқан еді. 
Ә.Әйтиев 1936 жылы 16 қараша күні ұзақ ауыр науқастан қайтыс болды. Қалалық және республикалық басылымдар бұл оқиғаны үнсіз басып тастады...
Елім, жерім, туған халқым деп еңіреп өткен Әбдірахман Әйтиевтің әулеті XXІ ғасырда қасиетті де қадірлі ата жолын дәстүрлі түрдежалғастырып келеді. Әбекеңнің үлкен қызы Қалиманың жан жолдасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Ахмет Исаевтан тараған Феликс, Светлана, Татьяна, Ақмарал, Эрнест,Марат; ортаншы қызы Роза мен оның жұбайы, Ұлы Отан соғысының қаһарманы, полковник Әлібеков Ботзақтан өрбіген Бақыт, Қанат, Сәуле; сондай-ақ, жалғыз ұлы Тельман мен Раушаннан тараған Гүлшат, Гүлмира сынды немере-шөберелері аталарының сол бір қиын-қыстау күрес жолында орнатып кеткен бүгінгі егеменді еліміздің одан әрі гүлдене, көркейе беруіне жан аямай қызмет етіп жүрген аяулы адамдар. Құдіреті күшті тарихи жалғастық, ұрпақтар жалғастығы дегеніміз, сірә, осы болар.

Тілеу КӨЛБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор, ҚР ГҒА академигі,
ҚР Журналистер одағы
сыйлығының иегері

1125 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы