• Мәдениет
  • 13 Қазан, 2016

Мемлекеттік тілдің көсегесі қашан көгереді?

Нұрлан ҚҰМАР, журналист

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа жолдауында «Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз» дей келе: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға  бабаларымыздың сан буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет...» деген болатын. Алайда ана тіліміздің аясы кеңіп, құлашын кең жаюға кедергілердің бола беретіні әрбір қазақ азаматының жанын ауыртатыны жасырын емес.

1989 жылдың күзінде мемлекеттік тіл ретінде өз мәртебесін алғанда халқымыз бөркін аспанға атып, мәре-сәре болып қуанғаны рас. Содан бері де 27 жыл уақыт зымырап өте шығыпты. 
«Тіл – ақылдың өлшемі, ұлттың жаны» деген қағидалы сөзге сүйенсек, бүгінгі таңда мемлекеттік тіл мәселесінің жағдайы көңіл көншітпейді. Қазіргі жастардың қазақ тілінде сөйлеуден ұялатыны байқалады. Ал, көшеде кетіп бара жатқандардың көпшілігі орыс тілінде шүйіркелесіп бара жатқанын жиі байқаймыз. Жастар – ел ертеңі десек, өзге тілде сөйлеп жүрген қандастарымыз болашақта еліміздің дамуына қандай үлес қосады деп осындайда ойға қаласың. Себебі, адам қай тілде сөйлесе сол ұлттың менталитетін, салт-дәстүрін, танымын өзінің бойына сіңіріп алатыны анық.
Бұдан басқа елімізде жоғары дәрежелі лауазымды қызметте жүрген қазақ азаматтарының басым көпшілігі – орыс мектептерінің түлектері. Бұрынғы Кеңес Одағы заманында орыс тілі қандай маңызды тіл  болғанын  бәріміз білеміз. Орысша білмеген адам ол кезде жұмысқа орналаса алмайтын. Тіпті кез келген қоғамдық орында жұрттың күлкісіне қалмау үшін қандастарымыз қазақша сөйлеуге қысылатын. Егер орысша дұрыс сөйлемесең «говори на человеческом языке» деген өктем дауысты айналадан еститінің анық. 
Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің терезесі басқа елдерге де ашылды, түрлі шетелдік компаниялар көбейді. Олар өздерімен бірге мәдениетін де, салт-дәстүрін де ала келді. Ағылшын тілі дүниежүзіне ортақ тіл екенін айғақтаудың нәтижесінде қазақ тілі артқа шегініп, қазан ошақтың төңірегінде ғана қалып қоя жаздады. Әрине, үкіметіміз қазақ тілін дамыту мақсатында көптеген шаралар жүргізуде. Өзге ұлт өкілдерімен қатар өзіміздің қаракөздеріміз де тіл сындырды. Бірақ, өкінішке орай күткен нәтиже жоқ. Ұлт зиялылары, билік басындағылар, шен-шекпенділер қазақ тілін біліп қана қоймай, сол тілде ойлайтын, сол тілде мұң кешіп, сол тілде қуанатын болып, осы тілде адами болмысы сомдалғанда ғана қазақ тілінің көсегесі көгеріп, өсіп-өркендейтіні анық. Ал қазіргі жағдайда қазақ тілін білуді міндеттеген нақты талап болғанымен, тіліміздің қолданылу аясы кеңеймей тұр. Мәселе осында. 
Сондықтан болар қазіргі жастар өз ана тілін бұрынғыдан да менсінбейтін дәрежеге жетті. Жас буын өкілдеріне ең керегі тек ағылшын тілі. 
Таяуда автобуспен вокзал жаққа баруға тура келді. Көлікке мінген бойда әр тұстан телефон үні естіле бастады. Бір байқағаным, өз мәселесін егжей-тегжейлі баяндаған бір келіншек бес минуттың ішінде он екі рет «конечно» сөзін қолданды. Кейбіреулерге «давай-давай», «ладно», «пока» сөздерін айту дағды болып кеткендей. Бір көлікте келе жатқан соң олардың әңгімесі естіліп жатады. – «Кассада күт, келеатырым…»,-дейді шұрайлы тілімізді бұрмалап сөйлеген келіншек еш қысылмастан. 
Расында да ұялы телефонмен сөйлесетін кейбір жастар «келеатырм», «бараатырм», «отыратырм», «көратырм» деген секілді сөйлемдермен ойларын жеткізіп жатады. Сондай-ақ, сұраулы сөйлемдерге «бе», «ба», «па», «пе» демеулік жалғау жалғамастан «Келесін, кездесеміз, барасың?» деп шұрайлы тіліміздің шырқын бұзып, орашолақ сөйлей салады. Бірде таныс бір інішектің ұялы телефонына үңілгенімде жазғандары емле қателерге тұнып тұрғанын байқадым. Мәнісін сұрағанымда,  – Телефонымда қазақша әріптер жоқ, бәрі «орысша немесе ағылшыншаға негізделген ғой,-деген жауап алдым.
Қазақ тілі көркем, бай, күрделі тіл екеніне күмәніміз жоқ. Алайда бір әріптен қате кетсе сөздің мағынасы өзгеріп шыға келетінін ескергеніміз жөн екенін түсіндірдім. 
 Бұдан басқа қазақ тілінде сөйлейтіндердің өзі орыс тіліндегі жалғауларды жиі қолданады. Мәселен, көптеген қандастарымыздың: «Бұл Абая ма, Розыбакиева көшесі қайда, Джандосова алыс па, Сатпаеваға қалай барамын?» деген сөздерін жиі естуге болады. Ал осы көшелерді неге Абай, Розыбакиев, Жандосов, Сәтпаев демеске?! Бұдан басқа көше аттарын бұрынғы атаумен сұрайтындар да аз емес. 
Осы кезге дейін қала көліктеріндегі кондукторлар дұрыс сөйлеу дағдыларын бұзып келді. «Байтұрсыновадан түсеміз», «Абаяға келдік», «Сатпаевадан шығамыз?», «Келесі аялдама – Жарокова, т.б. осылай дейтіндер зиялы қауымның, ақын-жазушылардың толық аты-жөнін білмейтінге ұқсайды.   
Бір аңғарғанымыз, неге екенін қайдам, мемлекеттік тілді бір кісідей білетіндердің өзі ана тілінде сөйлеуге арланатын секілді. Сұрақ қойсаң, орысша сайрай жөнеледі.
Осыған байланысты елімізде мемлекеттік тілге қатысты көптеген ұсыныс енгізуге болар еді. Біріншіден, таза қазақша оқытатын мұғалім кадрларды дайындау керек болып отыр. Балабақшадан, мектеп қабырғасынан бастап сөйлеу қабілетіне көп көңіл бөлуі қажет. Қазіргі кезде қанша жерден «Қазақша білемін» деп тұрса да емін-еркін көсіліп сөйлеуге келгенде тілі күрмеліп қиналатын адамдардың саны аз емес. Ол мынадай формада көрініс береді: ой тиянақсыздығы, тұтығу, ыңқылдау, кібіртектеу, орфоэпиялық қателер жіберу, орысша акцентпен сөйлеу, қыстырма сөздерді орысша қолдану, қазақша-орысша араластырып қойыртпақтап сөйлеу. Мемлекеттік тілде сөйлеп жатқан кезде ресми тілді де қатар қолданатындар да баршылық. Сондықтан мектепте тек қазақша оқытумен қатар, үзіліс уақытында оқушылардың ана тілімізде ғана сөйлеуін де қадағалау артықтық етпейді. Екіншіден, елімізде өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілде байқауларды ұйымдастырудың түк те қажеті жоқ. Бұл байқаулар көп жағдайда көзбояушылыққа айналып бара жатқаны жасырын емес. Осындайда өзге ұлт өкілдері 5-6 қазақ сөзін немесе 1 өлең, тақпақ жаттап алып өзін көрсетуге бейім. Ал аз ғана сөздік қоры бар өзге ұлт өкілдерін төрге шығаратынымызға не дерсіз?! Ал осының орнына қазақша оқытатын курстардың жұмысын неге жолға қоймасқа?! Бір ғана мысалға келсек, қазақ тіліне ұқсас деп аталатын түрік тіліндегі оқу курстары жолға қойылған. Мысалы, Түркияда жер-жерден тегін не арзан курстар ашып, түрік тілінің әлемдік тілдер қатарынан орын алуына жұмыс істеп жатыр. Бәрі де мемлекеттік жүйеге байланысты болып келетіні жасырын емес. Мәселен, жұмысқа тек мемлекеттік тілді еркін меңгергендер алынады делінсе, жағдай жақсарар ма еді?! 
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде түрлі  тілде  оқытатын  курстар ашылды. Бұрынғы Кеңес одағы кезінде бізге таңсық болып келген испан, қытай тілінде оқытатан орталықтар көбейіп кеткенін көргенде таңғалмасқа шара қалмады. Сонымен тіл оқытатын курстар көбейген соң, жастардың шетел тілін оқуға деген құмарлығы да артуда. Әсіресе, бірінші кезекте мектеп қабырғасында оқып жүрген жасөспірімдердің ағылшын тіліне деген ынтасы күннен-күнге артып келеді. Бұған сай кез келген жерде халықаралық тілде оқытатын мекемелер алдыңыздан шығады. Оқу курсының бағасы да әртүрлі. Тіпті қымбат болғанына қарамастан оқып жүрген қандастарымыздың көп екенін байқауға болады. Ал жаппай ағылшын тілін игеруге құлшынып жүрген жастардың көксегені белгілі. Тіл оқыту орталықтарында азаматтардың ағылшын тілі курсына сұранысы өте жоғары. Қазіргі таңда мемлекеттік тіл оқыту орталықтарының өзінде кем дегенде 30 мыңға жуық адам ағылшын курсынан өтуде. 
603 миллион 163 мың адамның күнделікті тіліне, ал бүкіл әлемде 1 миллиард 500 миллионнан астам адамның аздап хабары бар тіліне айналған ағылшын тілі күннен-күнге қанат жаюда.  Тек ағылшынша сайрасам болды, болашақта шетелдік жоғары оқу орындарында немесе фирмада жұмыс істеп, нанымды тауып жесем болды деген ой берік қалыптастырған жастардың мемлекеттік органдарда жұмыс істеуге, еліміздің көркеюіне деген ынтасы төмен. «Ағылшын тілінде кез келген ұлт өкілі сөйлейді», «егер бұл тілді білсем жалақысы көп жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары болады» деген пікір үстемдік етуде. 
Қашан ғана туған тіліміз ұлтаралық қатынас және ресми түрде іскерлік тілге айналар екен? 
Қашан ғана кез келген мәдени, қоғамдық орындарда өз-өзімізді құрметтеуді үйренер екенбіз?
Қашан ғана ата-әжелер ойын алаңдарында немере-жиендеріне жаппай қазақша сөйлер екен? 
Мәселен, Ұлыбританияда мемлекеттік қызметкерлерге ағылшын тілінде ғана сөйлеуді міндеттейтін талап қойылады. Бұндай күн менің халқымның басына қашан келер екен? Ия, көкейде сұрақ көп. 
Әлемде кең таралған тілдердің бірі болып саналатын, Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тілінің біріне жататын, аудиториясы 300 миллион адамға жуықтайтын орыс тіліне деген сұраныс әлі де аз емес. Бір қызығы, аудиториясы 300 миллионнан да аз, француз, кәріс, жапон, түрік, португал тілдеріне деген қызығушылық артуда. Әлемде кең таралған тілдердің бірі болып саналатын, Еуропа, Латын Америкасында өте кең таралған, БҰҰ-на кіретін, аудиториясы кем дегенде 427 миллионды құрайтын испан тілін оқытатын арнайы курстар бір кезде өте аз болатын. Ал қазір елімізде бұл тілді білсем дегендердің саны көбеюде. Тіпті, статистикалық мәліметке сүйенсек, елімізде 20 мың адам испан тілін еркін меңгерген екен. 
Статистикалық мәліметке сүйенсек, дүниежүзіндегі 12 миллион 753 мың адамның ана тіліне айналған қазақ тілінің жағдайы мәз емес. Түркі халықтарының ішінде түрікше 71 миллион, әзірбайжанша 33 миллион, өзбекше 28 миллион адам еркін сөйлейді. Бұдан басқа бұл ұлттарда біздегідей тіл мәселесі жоқ. Бәрі де рет-ретімен шешіліп қойған. Ал халқы 1 миллиард 300 миллионнан асып жығылатын Үндістан халқының негізгісі болып саналатын хинди тілінде небәрі 290 миллион адам сөйлейді. Бұл елдің құрамында болып өз ана тілін сақтаған ұлттарды көруге болады. Статистикаға сүйенсек, Үндістандағы телугуше 74 миллион 200 мың, маратхише 71 миллион 800 мың, тамильше 67 миллион 800мың, урдуша 60 миллион 290 мың, панджабише 57 миллион, гуджаратша 46 миллион, каннадаша 35 миллион, орияша 33 миллион адам еркін сөйлейді екен. Әлі де тәуелсіздігін алмаған бұл халықтардың тілдік аудиториясы біздің мемлекеттік тілімізден бірнеше есе көп екенін байқауға болады. 
Елімізде ересек тұрғындардың 70 пайыздан сәл астамы мемлекеттік тілді біледі деген мәлімет шындыққа жанаспайтын сияқты. Қазақ тілін білетін жастардың саны статистикалық мәліметтерге қарағанда анағұрлым аз болуы мүмкін. 
Ал, іргелі ел боламыз, елдігімізді сақтаймыз  десек, мемлекеттік тілді меңгеріп, қолдану аясын кеңейтіп, өркен жаюына әрбір ұлтжанды азамат өз үлесін қосқаны абзал. 

 

 

728 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы