• Айтарым бар...
  • 13 Қазан, 2016

КЕЗДЕСУГЕ КЕТІП БАРАМЫН

Біреуді іздеп жүрмін. Әйтеуір бір нәрсені іздеп алабұртып тұрамын.  Алпыс екі тамыр дүрсілдеп, тыншымайды. Бұл не? Бұл – өзіме ең қажетті нәрсе. Өзгелерде бар, өзімде жоқ нәрсе. Сол қасиет өзімде де болса ғой деп, таңғалып, тамсанамын. Басқаларда бар нәрсенің өзімде жоқ екенін айтып таңғалу да мынадай үйлі-жайлы болған заманда жігіт басыма жараспайды.

Айту – парыз. Айдарды да сол үшін ашып отырмыз. Маркес, Достаевский, Айтматов есімін білмейтін адам жоқ. «Үркер» де осындай таланттарды іздейді. «Үркер-үміт» бәйгесі де шарқ ұрып, алабұртып жүргенін біреу білсе, біреу білмейді. Әрине, еңбекте Ыбырай мен Жазылбек керек. Қанша темірге табынғанмен қол күшінен қашып құтыла алмайтынын білген жапондар да бір-біріне жалтақтап қарайтын боп жүр. Күріш – басқаға бағынбайтын дақыл. Онда жүректің  нәзіктігі жатыр. Балалар белуарға дейін су кешіп отайтын «күріш отақтың» өзіндік тәжірибесі бар. Оған ай мүйізді имек орақ керек, ерекше бап керек. Сыр бойы соған қайта көшіп жатыр. Адамзат қара топырақ пен қайың сапты кетпеннен қашып құтыла алмасына көзі жетті. Комбайн емес, имек орақ күріштің алдында иіліп сәлем салған ізетшіл келіндей боп тұр. 
Қазақтың баласы үшін өрісте қозының маңырағанын көру қандай бақыт. Орыстар «баран» деп тегіннен-тегін айтпайды. Бұл – кемсіту емес, бір жағынан біздің ұлттық мәртебемізді биікке көтеру сияқты. Әлгі...ұш қаламгердің не істеп, не қойғанын айтсақ... Маркес азғындау қаупін, Достаевский фашизм құбылысын, Айтматов мәңгүрттікті жазып, жеріне жеткізді. Маркес 100 еркекті бір күнде өзіне тартқан әйелді суреттей берсін («Сто лет одиночество»), Достаевский де қояншығы ұстап («Дворянское гнездо»), анда-санда жұртты жалт қаратып жата берсін, Айтматов ХХ ғасыр ойраны – мәңгүрттіктің құпиясын алақанға сап ашып берсін («Ғасырдан да ұзақ күн»), бірақ бәрібір өзіміздің ұлттық құндылықты айтпай тұра алмаймыз. Оның уақыты келді. 
Ол не? 
Ол – тіліміз. 
Қара қой осының арқасында маңырап, қара кетпен осының арқасында шабылып жатқан жоқ па?! Тіл болмаса сол екеуінің керегі де жоқ. Ұлттық университеттерде, ұлт атын жамылған ардақты орындарда осыны айтайық. Кейде жүрегім шаншиды. Аракідік «Қазақ тілінің сойылын Шаханов соғады, айлығын Айтбаев алады» деген сөзді естігенде жаның түршігеді. Неге бізде өзбектегідей ауызбірлік жоқ. Азғантай қырғыз ағайын да тіл десе жанын суырып береді. Алматыдағы Абайдың алып тұлғасының қасында итпен қыдырып жүрген өзге ұлттың өкіліне ештеңе деуге болмайды екен. Бұл – интернационализмнің жарқын көрінісі. Орыс білгенін істейді, оған қарсы сөз айтқан қазақ сотталады. Осы да тәуелсіздік пе?! Бізде бір нәрсе жетпей жатыр. 
Айтарымды айтамын. 
Сөзіме құлақ түрер біреу болса...
Кездесуге кетіп барамын. 

Қуан АҚОРДАҰЛЫ    

418 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы