• Айтарым бар...
  • 13 Тамыз, 2016

Рухымыз уланып барады

Арайлым Тастемір 
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті журналистика бөлімінің  студенті.

Егемендік  алып  еңсесін тіктеген байрақты елдің бір ұланымын. Арманыма қанат байлаған болашақ журналистпін. Биыл тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық тойын тойлаймыз. «Қазақстан» деген  елді, «қазақ»  деген  халықты әлем танитын жағдайға жеттік. Көк байрағымыз көкте желбірейді. Шыққан асуларымыз, жеткен жетістіктеріміз, бағындырған белестеріміз қаншама!


 Дегенмен де, өмір атты өзен зулаған сайын, қоғам өмірінде даңғойлық  пен  атаққұмарлық,  жасандылық  пен жағымпаздық, әділетсіздік пен надандық кең етек жая бастады. Қазіргі қазақ  қоғамында  көк  қағаздың  құны артып, жемқорлықтың жалыны өршіген. Қалтаң қалың болса болғаны, биліктің мінберінен бір-ақ шығуға мүмкіндігің бар. Бұл бүгінгі қоғамның ащы да болса айқын көрінісі. Саясаттың сарынын ұқпайтындар билік тізгінін тартып, ғылым-білімнен бейхабарлар көл-көсір атақ-даңққа бөленеді.   Жаратушы – Алланың құдіретінен гөрі, қайдағы көк қағаздың құдіретін жоғары санайтын-               дар саны жылдан-жылға  еселене түсуде. Білім, өнер, ғылым, спорт ,саясат сынды сан салаларда   қаражаттың көлеңкесі қылаң береді. Қу ақшаның                                                                                                                                         дәурені осылайша ойнақтап тұр.  Ойнақтаған сайын, адамның ой-санасын  ойрандап жатқан жайы бар. Рухани болмысқа орасан зор сызат түсіріп, адами қалыптан  арылтып  жатқандығы да баршамызға  аян.  Қоғамдағы  ащы  көрініске алаңдаушылық танытып,  қалам  тербеп жүрген тұлғалар да аз емес.  Солардың бірі - білімнің көкжиегін кеңейтіп, ғылымның  түбін түсірген -Төрегелді  Шарманов  атамыз,  «Егемен Қазақстан» газетінің  өткен жылғы сандарының біріндегі  «Құндылықтар құлдырауы»  атты мақаласында  бүгінгі күннің бет-пердесін анық ашып берген еді. Ол өз мақаласында, кезінде қажырлы еңбегі мен талмай  ізденісінің нәтижесінде қол жеткізген                                   « академик » атағының қазіргі қоғам алдында абыройы қалмағандығын баса айтып көрсеткен.  «Ғылыми атақ-дәреже атаулы қадірінен айырылып, жарнама бизнесінің жалауына айналғандай », -деп ой түйген академик атамыз,  атаққұмарлықтың кең өркен жайып кеткеніне қатты қынжылады.  Расында да, арам ақшамен   білімді де сатып алуға болады екен-ау?!  Мен осы мақаланы оқып отырып, расында құндылықтардың құлдырап кеткеніне көзім жетті. Кім көрінген ғылым-білімнің  жетегінде жүре алмасы хақ. Алайда, жылдан-жылға  профессор,  академик,  ғылым докторы,  ғылым кандидаты  сынды  жоғары  атақ иелерінің еселене түсуі көңілге күдік ұялатары сөзсіз. Келешектің тұтқасын ұстайтын, еліміздің тізгінін тартатын –  жас-ұрпақтың келешек тағдыры қалай болмақ? Осы өзекті сұрақ  мені көп толғандырады. Хакім Абайдың  кезінде өз дәуірінің  бай-шекпенін өткір сынға алған «Болыс  болдым мінекей, Бар малымды шығындап » деген теңдессіз өлең жолдары бүгінгінің бет-бейнесін айқын танытып тұрғандай. Биліктің төрін аңсағандар  төрт-түлігін  беріп шығынданбаса да,  қаражат  көзін  тықпалаумен  әуре.  Атаққұмарлықты былай қойғанда,  қазақ қоғамында  қараңғы кәсіп түрі -жемқорлықтың жалыны өршіп тұр.  «EXPO 2017» көрмесіне  бөлінген қыруар қаржының есепсіз ел шенеуніктерінің қалтасына түсуі, бұл сыбайлас жемқорлықтың анық айғағы болып отыр.  Ел мінберіне кеше көтерілгендердің ,көп ұзамай былығы дүйім жұртқа әшкере болып жатқандығы да жасырын емес. Бұл көрініс бүгіндері халыққа таңсық құбылыс болудан қалған.  «Халықтың қамын ойлаймыз деп келіп, нанын ұрлап жеп кететіндер»  осы күнге дейін ел билігінде жиі кездеседі. Ауылдағы ата-әжеміз: «Әй, мынау Пәленшиев Пәленше  емес пе? Келгені кеше, пәлен миллион жымқырыпты»,- деп  жағасын ұстап жатады.  Бұл жемқорлық – ел тағдырын  талқандайтын жүзі өткір қылыш іспетті. Тыныштық  тұрағыңды  әп сәтте-ақ   қақ бөле салуға даяр.  Қиналатын қарапайым халық қана. Аттаған қадамыңа арам ақшаны тықпалап, қанжығаңды харам  қаражатқа толтыра берсең, елдігіңнің дымы қалмас. Сан ғасырдан бері  жаулардан  қызғыштай  қорып  келген  ұлан-ғайыр  жерімізбен қазына-байлығымызға  кім көрінген қол сұға берсе, сіңірі шыққан кедейдің күйін кешеріміз анық.                                                                                                                                   
Билік  тағы  кім-көрінгеннің  тақымына тие бермейтін киелі орын дейміз. Соңғы кездері киелі сахна жұлдыздары мен шаршы алаңның  чемпиондары депутаттыққа  кандидаттардың  легінде жүрді. Сайлау қарсаңында, ең алдымен өнер жұлдыздарының аты-жөндері ауызға  алынды.  Экономика, әлеумет, саясат салалары сахнаның сылқымдары мен спорт саңлақтарының мұрнына иісі бармайтын  кәсіп түрі емес пе?!  Микрофонды басқару мен ел тізгінін басқару екі бөлек құбылыс екенін ескерсек, осы бір арзан  атақ-дәреже аңсаушылардың бүгінгі әрекетіне тосқауыл қою керек секілді. Алайда, биліктің  жоғары эталонындағылар  бұл жайтқа үнсіздік  танытып келеді.                                                                                                                      Елбасының  көреген саясатының нәтижесінде, Қазақстан қарыштап даму үстінде.  Небір ірі ғимараттар  бой көтеріп, қалалардың кескіні мен келбетіне көрік  беріп жатыр.  Айбынды  Астанамыз  әлемге  әйгілі  болып  отыр.                                                            
Жаңа инновациялық-индустриялық  жобалар  іске асып, жүздеген фабрика-зауыттар ел экономикасының қарыштап дамуына сүбелі үлестерін қосып келеді. Дегенмен,  еліміздың сырт келбеті келісті болғанмен ішкі руханиятымыз  ақсап тұр.  Ұлттық сана, ұлттық құндылық тасада тентіреп, рухани болмыс иманын жоғалтып барады. Ұлтымыздың ана сүтімен дарыған -туған тіліміздің бүгінгі жайы мәз емес. Бұл туралы талай қалам тербелді, талай жиындарда сөз болды. Алайда, шығып жатқан оң өзгеріс жоқ. Қазақ қазақпен орысша сөйлессе, ұлттық мүддеміздің тірідей көмілгендігі емес пе?! Солай бола тұра , сылдыр сұйық сөзге келгенде тілдің нағыз жанашыры бола қаламыз да, іс-әрекетке келгенде сол сезімсіздердің  қатарын толықтырып тұрамыз.                Ірі  қалаларда  өріп жүрген  шала қазақты жиі кездестіреміз. Дүкенге бара қалсақ, бар орысшамызды  аузымызға салып, « акцент » деген ақаулықты білдіртпеуге жанталасып жатамыз.Өз жерімізде жүріп, өзгенің тілін тұтынсақ  қазақ болып не үшін жүрміз десеңізші...
Сөйлеу былай тұрсын, орыс тілінде  қатесіз жазудың да хас  шебері болып алғанбыз. Әлеуметтік желіде орыс тілін ала-құла етіп жаза салсаңыз болды, аяқ астынан «не грамотныйдың» нағыз өзі болып шыға келесіз. Ал, қазақ тілін қалай қолдансаңыз да өз еркіңіз. Сөзіңізді сүзгіден өткізетін сыншысымақтар да кездеспейді. Қазақ тіліне келгенде, кем-кетік түзелмейтіндігі де жасырын емес. Қазақтың қанына біткен намысшылдығының қайда қалғанына кейде тіпті таң қаласың. Осы аталған ащы мысалдар, қазақ қоғамының келбеті көріксіз реңге боялып бара жатқандығынан хабар беріп тұрғандай. Осыған налимыз, құндылықтарымыздың  құлдырауы  терең  ойларға  жетелейді. Рухымыздың уланып бара жатқанына жүрегіміз қан жылайды. Адалдықты бойтұмар етіп, құндылықтарымызды қастерлей білейік, Қазақ елі! 

 

437 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы