• Қоғам
  • 10 Тамыз, 2016

ҚАЙДА КЕТІП БАРАМЫЗ?

Жадыра Мырзабай,

Жамбыл облысы Т.Рыс-құлов ауданындағы М.Горький атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы.

Сонау соғыс жылдарында өзінің соғысу тактикасымен ерекшеленіп, көзге түскен  Бауыржан Момышұлы  207-і рет ұрысқа кіріп, 5 рет өлімнің құрсауында қалып, 2 рет өлімші болып жараланған. Бірнеше рет жау қоршауынан жауынгерлерін аман-есен алып шығады. 27 рет қол бастап, ұрысқа кіріп, соғыс тарихында болмаған тактикалық әдіс көрсеткен. Отбасында алған тәрбиесі, ең бастысы тәртіпке мойынсұнуы, сонымен қатар Қиыр шығыстың табиғатына көне білу, қысының ызғырық желіне, жазының ыстығына шыдау, бұлардың барлығы Бауыржан Момышұлы үшін үлкен өмір мектебі болғаны анық. Бауыржан атамыз бұл өлкенің табиғатының ерекшелігіне «Жауын жаздың сілекейі», «Жауыннан қорыққан жауға жем болады» деп өзін-өзі қайрай жүріп, шыдаған, шираған. Қыстың алпыс градус аязына шыдап жүру, әркімнің  қолынан келмес, сірә. 

    Ол соғыста қаншама қиындықты көрді. Соның бәріне төзді, шыдады. Әзілхан Нұршайықовтың роман-диалогы – «Ақиқат пен аңыз» атты кітабы осының дәлелі. Жалпы, батыр атамыздың қаталдығының өзі көп адамға үлкен тәрбие. 
    «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, ешбір дұшпан басынбаған, басымыздан сөз асырмаған елміз» - дейді Қазыбек би. Десе де, ешкімге соқтықпай жатқан халқымыз тағдырдың небір сынын бастан кешірді. «Тамырсыз ағаш, тарихсыз ел болмайды» демекші, Тұмар ханымнан Кенесары ханның дәуіріне дейін, Мұстафа, Әлиханнан кешегі Қайрат пен Ләззат зәбір көрген заманға дейін даламыз қаншама рет қанға бөкті. Еліміз «Елім-ай» деп қайғыдан қан жұтты, зар жылады. 
    Отан деген әр адамға ыстық. Махаббаттың ең ұлысы ғой, шіркін! Отыз жыл бұрынғы Желтоқсан оқиғасы – Қайрат, Ләззат, Сәбира сынды өжет ұл-қыздар бастаған жастардың елге, жерге деген іңкәр сезімінің көрінісі еді. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы Тәуелсіздік қадамы болды. Өр рухты қазақ жастарының ерлігінің арқасында тоталитарлық жүйе босаңсыды. 1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздік Туын тікті. Міне, бүгінде біз Тәуелсіз елміз. 
    Тәуелсіздік оңай келген жоқ. Сондықтан, біз оны көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Бірақ, бір өкініштісі бүгінгі жастар арасында Тәуелсіз қазақ деген атқа кір келтіретіндер бар. 
    «Елді құрту үшін, дінін ал, тілін ал» деген сөз бар. Елдің мықты, Тәуелсіз ел болуы үшін, жастардың тигізер септігі мол. Бүгінде «ел жастарының 50 пайызы Кореяға еліктейді» деп ауыз толтырып, мақтанышпен айтатындар бар. Бұл мақтаныш емес. Қыздардың еліктеушілігін жөнге сала алмай жүргенде, өнерде жүрген жігіттеріміз шықты. Олардың бейнебаяндары жаға ұстатады. Сырға тағып, көз бояп, қазақ жігітіне жат қылық жасайтынды шығарды. 
    Айтқан әндерінде мән болса мейлі дер едік. Мағынасыз айтылған өлең... Кезінде жезтаңдай, қадірлі әншілеріміз шыққан сахнаның қадірін кетіріп жүр. Осыдан кейін «Корея елінің жастары біздің қазақ жастарына еліктей ме екен?» деген сұрақ туындайды. Әрине, жоқ. Ендеше неге бізге қазағымыздың төл өнерін шетелдерге дәріптемеске?..   
    Иә, қазір елімізде батыр Бауыржан, қайсар Қайратымыз болса, мұндай жайттарға жол берілмес пе еді? «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, елімізге кенеттен қауіп төнсе, ел қорғайтын ерлер деп атқа қондырар азаматтарымыздың түрі «Ninety one» сияқты топтардың жігіттері болмақ па?! Кезінде Бауыржан атамыздан шашын өсірген журналист сұхбат алмақ болып, алдына келгенде үйінен қуып шыққан екен. Ал қазір көгілдір экранда ондайлар өріп жүр. 
    Дерекке сүйенсек, бір ғана Алматыда 60-қа жуық қызтекелер клубы бар екен. Ел қорғаған батырларымыздың мұндайды көрмегені бір жағынан дұрыс та шығар. МС Сайлаубек сияқтылар тілді жоғалтса, «Ninety one»  сияқтылар дәстүр мен жігіттікті жоғалтса, қазақ деген атқа кір келгені емес пе?! Біз қайда кетіп барамыз?! Жауабын таппаған ой осы.

397 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы