• Айтарым бар...
  • 10 Тамыз, 2016

Велосипед күнделікті көлікке айналмай тұр

Нұрлан ҚҰМАР,
журналист. 

Денсаулыққа пайдалы әрі қызықты демалыстың бір түрі – велосипед тебу. Велосипед алыс жолдарға да әлдеқайда тез апарады. Автокөлікте жүргеннен денсаулыққа еш пайда жоқ. Ал, шайтанарба адамның аяқ бұлшық еттерін нығайтып, ағзаның қалыпты жұмыс жасауына мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, қан айналымының дұрыс жүруіне оң әсерін тигізетіні белгілі. Көптеген игі ықпалы болса да, осы көлік түрін біздің елімізде жиі қолдана бермейді. Оның өзіндік себептері де бар. Біріншіден, бізде велосипедке арналған жолдар жоқтың қасы, екіншіден, оның халық арасында насихатталуы кемшін. 

ХІХ ғасырда пайда болған екі дөңгелекті көлік бірқатар елдерде қоғамдық көлік деңгейіне дейін жетті. Бүкіл әлемде миллиардтан астам велосипед бар екен. Олар түрлі мақсаттарға қолданылатыны сөзсіз. 70 пайызы қозғалыс құралы қызметін атқарса, 29 пайызы демалыс үшін, 1 пайызы ғана спорттық жарыстарға пайдаланылады. Велосипедті қолдану үрдісі батыс елдерінде қатты дамыған. Өткен ғасырдың 1920 жылдарынан бастап Германия велосипед жолдарын салуға білек сыбана кірісті. Мұндай жолдар автокөліктерге кедергі келтірмеуі үшін салынды. Ал, Еуропаның велосипеді ең көп Дания елінің бір адамы жыл сайын орта есеппен 893 шақырым жол жүреді екен. Бүкіл ел жұмысына да, дүкенге де велосипедпен барады. Скандинавиалықтар педалды айналдыру ыңғайлы ғана емес, экологиялық жағынан да тиімді әрі денсаулыққа пайдалы деп есептейді. Нидерландтар елінде де велосипедпен жүруге мемлекет аса мән береді. Онда шайтанарбаға арналған 15000 шақырым жол бар.
Арнаулы бағдаршам, велотұрағы бар бұл елдерде велосипедті қаншалықты кеңінен қолданатынын бағамдай беруге болады. Біздің елде веломәдениет дәл осындай деңгейге жетпесе де, велосипед тебетіндер қатары өсе бастаған сыңайлы. Мәселен, Астанада велосипедті жалға беретін орындар көбейген. Саябақтардың өзінен бірнеше жалға берушілерді кездестіресіз. Ондағылардың айтуынша, велосипед тебушілердің қатары күн санап өсіп келеді. Демалыс күндері адам саны, тіпті, көбейе түседі екен. Астанада өткен Голландия апталығы кезінде «Астанаға веломәдениетті енгізу» деген тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған Нидерландтан келген өкілдер қатысып, қала көшелерінде велосипедке арналған жолдар жасау, белгілер қою және оның қатынас көлігі ретінде танылуына қатысты пікір алмасты. Мамандардың айтуынша, Астана – велосипедпен жүруге өте ыңғайлы қала екен.
Қазіргі таңда Шымкенттік әуесқой велоспортшылар қалада велоинфрақұрылымның дамымағанын айтады. Жергілікті билік велотұрақтар мен төрт-бес көшеге веложол салуды енді жоспарлап жатыр.
Еркін Қалдаров – күн сайын көшеге жаттығуға шыққанда басын қатерге байлайтын шымкенттік әуесқой велоспортшылардың бірі.
Велоинфрақұрылым дамымаған қалада Еркін мен оның велосипедші жолдастары қауіпті болса да, көліктің жолымен жүруге мәжбүр. Олар барынша абай болуға тырысатындарын айтады.
-Қалада көліктер жүретін жол мен жолаушылар тротуары ғана бар. Тротуарлармен жүрейік десек, адамдар көп. Абайсызда қағып кетсек, тағы қиын. Қаладағы кейбір фитнес клубтардың алды мен саябақтарда ғана велотұрақтар бар, - дейді Абай.
Әуесқой велоспортшы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шарипов «аптасына үш рет велосипед теуіп, спортпен айналысатынын» айтады. Велоспорттың денсаулық үшін пайдасы зор деп біледі «Шымкент көне қала болғандықтан кезінде велоинфрақұрылым қарастырылмаған». Қалада әуесқой велоспортшылар көп. Бірақ, велоинфрақұрылым дамымаған. Былай қарасақ, қала көшелеріндегі жол жүру жолағының өзі тар. Тек дендросаябақ пен жаңа әкімшілік іскерлік орталығының аймағы ғана велосипед тебуге ыңғайлы болып отыр», – дейді ол. 
Қазір елімізде велосипедтің түрлеріне қарай бағасы 6 мыңнан бастап 500 000 теңгеге дейін сатылымда бар. Әр адам өзінің қаражат-қалтасына байланысты бұл көлікті сатып ала алатыны белгілі. Дегенмен арзанқол велосипедтердің сапасы төмен, кез келген уақытта сынып қалу қаупі де бар екенін айтқан жөн. 
Бұдан басқа Алматыда велосипедтерді жалға беретін орталықтар көбейді. Оның бағасы да әртүрлі. Мәселен, 1 сағатқа 500 тенге,  кешкі сағат 20-ға дейін күніне 2000, күнделікті түнгі уақытқа 1500, демалыс күндердің кешкісіне 1500, тәулігіне 2500 теңгеге дейін барады екен. Қаладағы «EvroSportService» деген велоорталықтың қызметкері Дмитрий Щигулин шаһар тұрғындарының велосипедке жылдан жылға құмары артып келе жатқандығын айтады. «Жасыратыны жоқ, велосипедке сұраныс көктем мезгілінен бастап күздің аяғына дейін жалғасады. Әсіресе, жазда велосипедті жалдап тебетіндердің саны тым көп. Қала тұрғындары да әртүрлі. Біреуі жас болса, енді бірі кәрі дегендей. Сонымен қатар велосипед тебетіндердің барлығы да мәдениетті деп айта алмаймын. Олай дейтінім кейбірі велосипедті сындырып, оны маған білдіртпей өткізіп жіберуге тырысады. Бұл кезде күш маған түседі. Мен бұл көліктерді қайтадан жөндеуіме тура келеді. Бұған қосымша қаржы да, уақыт та кетеді».
Велосипед тебетіндер үшін өзіндік мәселе бар. Мәселен, былтырғы жылдың басында жол жүру ережелері Заңнамасына өзгерістер енгізілген болатын. Осыған сәйкес бұдан былай велосипед жүргізушілеріне жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынады.  Салауатты өмір салтын серік етушілер Заңның асығыс қабылданғандығын тілге тиек етуде. Өйткені, велосипед жүргізушілеріне тиісті инфрақұрылым жасалмаған. Ережедегі өзгерістерге сәйкес, велосипед жүргізушілеріне бұдан былай тротурармен жүруге тыйым салынады. Тек қана велосипед жолақшаларын не көлік жолдарын пайдалануға рұқсат беріледі. Алайда, адамдардың көбі заңдағы бұл өзгерістің шынайы өмірден алшақтығын алға тартуда. Өйткені, велосипед жүргізушілеріне арналған жолдар  Қазақстанның бар-жоғы екі қаласында ғана бар. Полицейлер тротуармен жүрген велосипедшілерге айыппұл салмайды. Әзірше ауызша ескертумен ғана шектелуде.
Қазір еліміздің әр өңірінде  велосипед маусымы ашылды. Алматы қаласының өзінде әрбір 2 апта сайын велосипедтен түрлі жарыстар өткізілуде. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек те велосипед тебушілердің қатарында. Жастардың велосипедке деген қызығушылығы артқан. Түрлі жарыстарға қатысып жүлделі болып жүргендердің де қарасы көбейген. Ең бастысы, велосипед тебушілердің ішінде қазақтардың көбейгенін естідік. Ләйім солай болғай. original21057348

Ой-пікірлер:

Марат БАЛТАБАЕВ, жеңіл атлетикадан 6-дүркін Азия чемпионы:
-Жиі-жиі жүгіремін. Бұдан бөлек велосипед тебемін. Көбіне велосипедті жалға аламын. Аптасына 100 шақырымға жуық қашықтықта тебемін. Әттегені сол, қазір жастар жаппай велосипед теппейді. Көбісі машина алып, темір тұлпарды айдағанды жөн көреді. Велосипед көбейсе еліміздің экологиялық мәселесі шешілер еді. 
Элеонора ШАКИРОВА банк қызметкері:
-Жұмысқа автобуспен барамын. Өйткені елімізде велосипед тұрақтары әлі де болса дұрыс жолға қойылмаған. Велосипедті тек демалыс күндері тебемін. Аптасына 50 шақырымды еңсеремін. Бұдан бөлек жүгірумен де айналысамын. Алматыдағы әуесқой марафоншылар клубының мүшесімін. Тауға да шыққанды ұнатамын. 
Ермек АСҚАРОВ, ұстаз:
-Өзім денешынықтыру пәнінің мұғалімімін. Бұл көлікті тепкеніме 15 жылдың жүзі болды. Талғардан Алматыға қарай 30 шақырымға жуық қашықтықта орналасқан жұмысыма велосипедпен келемін. Аптасына кем дегенде 450 шақырым жол жүремін. Бұдан басқа физикалық жүктемелерім де аз емес. 
Әлия ЖҰБАНЫШЕВА, студент:
-Бұрын велосипедім болған. Бірақ соңғы үлгідегі екі дөңгелекті көлігімді көшеден біреулер ұрлап кетті. Осыған орай велосипедке құмарым азайған еді. Дегенмен соңғы кездері велосипедке әуестігім қайта оянды. Алматыда өтетін жарыстарға қатысып жүрмін. Жүлдеге іліге алмасам да, мен үшін ең бастысы қатысу. Теледидардан «Джирод Италия», «Тур де Франс», «Вуэльта» сияқты велосипедтен өтетін көпкүндік халықаралық жарыстарды тамашалап жанкүйер болып жүрмін. 

Велосипед жайлы не білеміз?

«Велосипед» сөзін 1860 жылы Францияда Пьер Мишо ойлап тапқан. Ал, велосипедтің прототипін 1818 жылы неміс бароны Карл фон Дрез құрастырған. Алайда, бұл механизмнің педалі болмаған. Қозғалу үшін аяқпен итеруді қажет етеді.
1839-1840 жылы шотландиялық ұста Киркпатрик Макмиллан оған педаль жалғайды.
Ағылшын инженері Р.Томпсон велосипедтің үрілмелі шинасын патенттеді.
Томас Стивенс тұңғыш рет әлемді велосипедпен саяхаттаған. 
Қазіргі заманғы тауға шығуға арналған велосипедтердің прототипі 1977 жылы жасалған.
Әлемдегі ең қымбат велосипедтерді «Aurumania» фирмасы шығарады. Олар 24 каратты алтынмен қапталып, 600 кристаллды тас-тармен көмкерілген велосипедттерді сатады. Бағасы – 100 мың АҚШ доллары.

 

 

857 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы