• Cұхбаттар
  • 29 Маусым, 2016

Сейдахмет Құттықадам қоғам қайраткері, «Мысль» журналының бас редакторы: «Ұлттың тілін білмейтін адамға ұлттық құндылықтардың қадірі жоқ»

– Сейдахмет аға, 70 жасқа толып жатыр екенсіз. «Үркер» журналының ұжымы мен оқырмандар атынан шын жүректен құттықтаймыз. Енді әңгімені өткен шаққа саяхат жасаудан бастасақ қайтеді...
  –Өмірімді жазумен байланыстыру бала күнгі арманым еді. Болашақта қалам ұстаймын деген сеніммен мектеп қабырғасында әдебиетті, тарихты көп оқыдым. Мектеп бітірген соң КазГУ-дың тарих факультетіне түскім келді. Бірақ Алматы екі аттап жете салатын жер емес, Түркістаннан айтарлықтай қашық. Оның үстіне, ол кезде еліміздің үздік оқу орнына түскісі келетін талапкерлер қатаң іріктелетін, КазГУ-дың аудиториясына тек жүзден жүйріктер тап болатын. Алматы арман болып қалған соң Қазақ химия-технология институтына түстім. Одақ көлемінде химияның дамуына ерекше көңіл бөліне бастаған кез болатын. Хрущевтің бастамасымен электрлендіру мен химияландыру өндірістегі басым бағыттардың біріне айналған уақыт. Оқуды бітірген соң өндіріске, зауыт-фабрикаларға барып жұмыс істеуім керек болды. Алайда жолым болып, Атыраудағы ғылыми-зерттеу институтына тап болдым. Сөйтіп уақытымның басым бөлігін ғылымға арнадым.

–Техника ғылымдарының кандидаты-ның журналистикаға келуі қуанарлық жәй, әрине. Жиған-терген біліміңіздің қазақ баспасөзін көркейтуге, ілгерілетуге ықпалы мол екеніне күмәніміз жоқ. 
– «Арай-Заря» журналына мақала тапсыруға келіп жүрген күндердің бірінде басылымның бас редакторы Көпішевті жолықтырдым. Менің жазғандарымды оқып, сырттай сүйсініп жүреді екен. Орынбасары Александр Тараков жұмыстан кетіп, орны босап қалыпты. Бас редактор сол орынды маған ұсынды. Ол кезде бас редактордың орынбасары Орталық комитет бекітуімен ғана тағайындалатын. Әшірбек Көпішев ешкімнен рұқсат сұрамай, өзінің орынбасары етіп жұмысқа қабылдады. Сөйтіп журналистикадағы қызметім басталды да кетті. Баспасөздің қыр-сырына әбден қаныққан журналистер секілді редакцияның ішкі цензурасына, жоғарғы жақтың түрлі тыйым-сыйымдарына қарамай, көңілім қалаған тақырыпты қозғап, жазғым келген мәселелерді жаза бастадым. Журнал еркін ойдың мінберіне айналып, бағыт-бағдары айтарлықтай өзгерді. Оқырманнан келетін хаттар көбейіп, кері байланыс жанданды. «Арай-Зарямен» шектелмей, еліміздің өзге газет-журналдарына да жазып тұрдым. Осылайша журналист болсам деген бала күнгі арман орындалды. Журналистикада жүргеніме биыл ширек ғасыр толып отыр. Сөйтіп баспасөздегі қызметімді 1991 жылы «Арай-Заря» журналынан бастап кейін бірнеше басылымның бас редакторы болдым.
–Бүгінгі таңда қазақ журналистикасына көңіліңіз тола ма? Қазақ тілділер мен орыс тілінде жазатындардың арасында сырт көзге байқала бермейтін алшақтық жатады деген ойға қалай қарайсыз?
–Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері баспасөз бостандығына қол жеткіздік. Журналистер басылым беттерінде төл әдебиетті, ұлттық тарих пен мәдениетті жазуға ерекше құлшыныспен кірісті. Мұным әлдекімге жақпай қалмас па екен деген секемнен арылды. Қазақ тілінде жазатын әріптестерім көбіне ұлттық мәселелерді – тіл мен діл, тарих пен салт-дәстүрдің озық-тозығын қаузаса, орыстілді  журналистердің қаруы – саяси һәм экономикалық сараптама, геосаяси жағдайларға шолу. Қозғайтын тақырыптары, қағатын есіктері, жұмыс істейтін ақпарат көздері екі бөлек болғандықтан екеуінің таным-таразылары да бір-біріне ұқсамайды. Мәселен, бір жиында үндістандық, пәкістандық әріптестермен бас қостық. Сонда білгеніміз Үндістанда үндіс тілінде жазатындар ұлттық мүдде, мәдени мұра тақырыптарында кеңірек жазса, ағылшын тілді журналистер халықаралық қатынастар, ғылым мен технология, өндіріске жақындау екен. Меніңше, орыстілді журналистердің тарих пен мәдениетті мандытып жаза алмауы тілді жетік білмейтіндігінен. Өйткені ұлттың тілін білмейтін адамға ұлттық құндылықтардың қадірі жоқ. Конференциялар, брифингтерге барсаңыз, ол жерге не қазақтілділер жиналады, не бірыңғай орыстілділер жүреді. Екеуінің бір ортадан табылуы сирек жағдай. Жолыға қалған күннің өзінде шүйіркелесіп жатқандарын көрмейсің. Біздің журналистиканы ақсататыны да осы. Екеуінің байланысы жанданса, бір-бірінен үйренері көп деп ойлаймын. Орыстілділер қазақтілділерден тереңдікті, байыптылықты, ұлттық құндылықтарды құрметтеуді үйренсе, қазақша жазатын журналистер олардан сараптауды, талдауды үйрене алады. Қазақша қалам тербейтін тілшілердің ішінде экономиканы, саясатты жіктеп, жіліктеп беретіндер аз екенін мойындауға тиіспіз. Бұл бірі артық, бірі кем деген сөз емес, әрқайсысының әртүрлі салаға бейімділігін айтып тұрмын. Мұндай айырмашылық тек біздің журналистикаға емес, ақпарат айдынында екі тіл қатар қолданылатын кез келген мемлекетке тән құбылыс.
–Алда Баспасөз күні келе жатыр. Соңғы кезде БАҚ өкілдерінің беделі төмендеп бара жатыр ма, қалай? 
–Бұқаралық ақпарат құралдары – мемлекеттік идеологияны ілгерілететін негізгі күш. Журналист қауіптілігі жөнінен шахтердан кейінгі екінші мамандық. Өйткені ол көгілдір экран арқылы айтқан, газет бетіне басылған, радио эфирінде оқыған әрбір сөзіне жауап беруі тиіс. Негізгі міндеті  –  жаңалықты дер кезінде тарату болғандықтан, үнемі құлағы түрік жүруі, өзгелерден көбірек ізденуі керек, қоғам өмірінің бар саласынан хабары болуы шарт. Журналист – билік пен халық арасындағы көпір. Халықтың жағдайын билікке түсіндіреді, билік жүргізіп отырған саясатты, құзыретті органдар қабылдаған қаулы-қарарларды халыққа түсіндіреді. Сондықтан журналистің қоғам алдындағы мәртебесі әрқашан биік болуы үшін билік тарапынан қолдау керек-ақ. Мерекелерде сый-сыяпат көрсетуді журналиске қолдау көрсету деп түсініп жүргендер жетерлік. 90-шы жылдардың соңына дейін БАҚ өкілдерінің беделі әкім-қаралардан артық болмаса, кем болмайтын. Әр сөзі өтімді болды, шенеуніктер шалыс бассақ журналистердің қаламына ілініп қаламыз ба деп алаңдайтын. Жастар журналистика факультетіне түсуді, қарымды қаламымен көптің сөзін сөйлеуді армандайтын. Қазір теледидардан жарқ-жұрқ етіп көрінуді ғана мақсат еткендер болмаса, журналист болғысы келетіндер азайған. Өйткені қаламның қуаты, кәсіптің беделі кеткенін біледі.  Мәртебеміз төмендеген болса, оған ең әуелі өзіміз кінәліміз. Айналысып жүрген ісімізге шығармашылық деп емес, өндіріс деп қарайтын болдық. Жас журналистерге тапсырма берсең, әйтеуір орындап құтылсам болды деген оймен жазады. Тақырыптың тереңіне бойлау, жан-жақты іздену кемшін. Әдетте бір мәселенің төңірегінде бірнеше мәселе сабақтасып жатады емес пе? Соларды көрсе де, басын ауыртпау үшін айналып өткенді жөн көреді. Жазғаны тартымды, айтар ойы ұғынықты болмаған соң оқырманға қайтіп сүйкімді болсын? 
–Баспасөздің ақпарат нарығындағы рөлі кеміп бара жатқаны баршамыздың қабырғамызға батады. Таяуда Елбасының нұсқауымен ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі қайта құрылды ғой. Енді жағдайымыз жақсаратын шығар?
–Иә, өз министрлігіміз қайта құрылғанын естіп, қатты қуандық. Енді ведомствоға өз қазанымызда қайнаған, саламыздың қыр-сырын жетік меңгерген мамандар топтастырылса Қазақстанның ақпарат айдыны жандана түсері кәміл. Жаңа министрлік цензор емес, жол көрсетуші, бағыт-бағдар берер нұсқаушының қызметін атқарса құба-құп. Ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған сайын баспасөздің ақпарат нарығындағы рөлі кеміп бара жатқаны жасырын емес. «Сенбесеңіз мына газетті оқыңыз», «Бұл туралы тіпті газеттер де жазыпты» деп бұрынғыдай мерзімді басылымдардың сөзін басшылыққа алатын оқырман азайған. Газет оқымайтын адамды рухани өлгендердің қатарына қосу керек деп есептеген Остап Бендердің ұстанымы бүгінде естір құлаққа оғаштау тигенімен, өз заманында өзекті болатын. Автобус жолаушылары бұрын жұмысқа немесе оқуға бара жатқанда газет-журналдан бас көтермесе, қазір жас та, кәрі де смартфон мен планшетті компьтерлерге шұқшияды. Сондықтан сандық дәуірде газет-журналдардың баспа нұсқадан онлайн нұсқаға көшуі, өз контенттерін интернет қолданушылары үшін де қолжетімді етуі заңдылық. Газеттерге жарнамадан түсетін кірістің күрт азаюы, кадрлардың қысқартылуы және баспасөздің интернет қолданушылары арасында кең таралған әлеуметтік желілерде белсенділік таныта бастауы мерзімді басылымдардың келешегін күмәнді еткені рас. Дегенмен алдағы күндерден жақсылық күтуден жалықпайтынымыз анық. 
–Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасында танымал публицист, жазушы, философ және қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадамның 70 жылдық мерейтойына орай өмірбаяны, қызметі, шығармашылығы жан-жақты суреттелген «Түркістандық данышпан»  дейтін кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Демек, сіздің бүкіл өмір жолыңызбен оқырман қауым таныса алады деген пікірдеміз.  
–Мен қазақстандық және ресейлік ғалымдармен, саясаткерлермен, қоғам қайраткерлерімен тығыз байланыста жұмыс істеймін. Мен туралы Қазақстанның және Ресейдің танымал ғалымдары мен қайраткерлері: Герольд Бельгер және Лев Аннинский, тарих ғылымдарының докторы Клара Хафизова және Сағымбай Қозыбаев, саяси ғылымдар докторы Константин Сыроежкин, философия ғылымдарының докторы Альмира Наурызбаева, «Литературная  газета» (Мәскеу)  бас редакторының орынбасары Максим Замшев, Томск қаласынан жазушы және ғалым Владимир Костин, ең танымал журналистер Адольф Арцишевский және Елена Брусиловская, т.б. өз ойларын білдіріпті. Кітаптың жауапты редакторы және құрастырушысы – Парсы тілі мен әдебиеті академиясының академигі, профессор Сафар Абдулло.
–Сіз ұлы Жеңіс күні дүниеге келген екенсіз. Ғарыш әлемінің жұмбақ сырларына бойласақ, 9 санының киелі екендігі айтылады. Қол жеткен табыстарыңызды жастарға үлгі еткіміз келеді.  
–1946 жылы Түркістан қаласында дүниеге келдім. Бүгінгі күнге жеткенше талай күрделі кезеңдерден, қиын асулардан өттік. Өмірдің сынағы мен марапаты алма-кезек алмасып отырды. Әркім Алланың өлшеп берген ғұмырын сүруші ғой. 70-ке жеткен де бар, жетпеген де бар. Барыма шүкіршілік етемін. Осы жасқа келгенде түйгенім – адамның мақсаты мен ұстанымы қаншалықты биік болса, бағындырар белесі де соншалық биік болады. Бірқатар республикалық газет-журналдарда бас редактор болып жұмыс атқардым. Жетекші республикалық газет-журналдарда 500-ден астам жарияланымдарым, «Литературная газета», «Советская культура», «Российская газета», «Дружба народов», «Вок-руг света» және тағы басқа да кеңестік және ресейлік басылымдарда бірқатар мақалаларым жарық көрді. Поляктың «Новая восточная политика» журналы редакциялық кеңесінің, сондай-ақ қазақстандық ПЕН-клубтың мүшесімін. Қазақстанның құрметті журналисімін, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері деген атақтарым бар. «Вызов времени», «Служение нации», «Казахская драма»,  «Дао Алтая» сияқты танымал кітаптардың авторымын. «Мысль» журналын басқарып келе жатқаныма биыл 10 жыл толады.
 –Әңгімеңізге рахмет, еңбегіңіз жана берсін!


Сұхбаттасқан 
Салтанат ҚАЖЫКЕН

 

548 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы