• Айтарым бар...
  • 19 Мамыр, 2016

«БІР АДАМ ЖАМАН БОЛСА, ОҒАН ЗАМАНДАСЫНЫҢ БӘРІ «ВИНОВАТ»

Жамандықты жар сала жарнамаламайық

Ұзақ жылдар бойы мектеп директоры, Т. Рысқұлов аудандық білім бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған және бірнеше мәрте аудандық мәслихаттың депутаты болған Сейітжан Өскенбаев (марқұм) бірде: «Жамандықты айтқан сайын көбейеді. Жан түршіктіріп, жаға ұстатар әрекеттерді көпшіліктің көзінше айта бермеуіміз керек» деген еді. Сол сәтте осы сөздің байыбына үңіле қоймаған едім. Орайы келгенде айтыла салған пікір деп қана қарадым. Арада бірнеше жыл өткенде осы сөздің жаны бар екеніне көзім жетіп отыр. Қазіргі қоғамдағы болып жатқан жайттар осыған дәлел болып тұрғандай. 

Жаңа жылдық демалыста ауылға барғанмын. Құланда болған оқиға туралы сонда естідім. Қалаға келгенімде  ауылдан жырақ тұрған жол бойындағы әжетханаға баласын туып тастап кеткен безбүйрек ана туралы әлеуметтік желілерде әңгіме қызып тұр екен. Осы оқиғаның артынша Талас ауданында жан шошырлық оқиға орын алды. Тасбауыр анадан туылып, басы тасқа тиген бейкүнә нәрестенің ғұмыры сол жерде үзілгені талай жанды ауыр мұңға батырғаны анық. Шынымен, бұдан өткен қасірет жоқ болар. Олардың бұл әрекетін Алла алдында да, қоғам алдында да ешкім ақтап ала алмас. Анасы мен қызының мұндай қатігездікке не үшін барғанын кім білсін?! Мүмкін олардың осы әрекетін басқалар қайталамау үшін осылай жеккөру сезімін туғызу керек те шығар. Әйтеуір, олар бұдан кейін көзге шыққан сүйелдей болып қалатындай болды.
Олар неге мұндай жауыздыққа барды? Бұл сауалдың жауабын мен де іздеп көрмек болдым. Ананы мұндай жағдайға не итермелегенін де білгім келді. Алайда іле шала бұл ойымнан айнып қалдым. Оған қос оқиғаны қызу талқылап жатқанда, Ақмола,  Талдықорған,  Атырау облыстарында дәл осындай оқиғалардың қайталануы маған тоқтау салды. 
Қоғам болып, келеңсіз оқиғаларды көзге шұқығандай қайталап, «жарнамалай» берудің қаншалықты қажеті бар. Осы жағдайларды тағы да айта түссек, «жоспарсыз» құрсағына біткен шаранадан «дәл осылай оңай құтылғысы келетіндер» көбейе түспесіне кім кепіл. 

Мектептен – перзентханаға

Бір айдың ішінде орын алған осы екі оқиғадан кейін білім, денсаулық сақтау саласының мамандары келеңсіздіктің алдын алу шараларына қызу кірісіп кетті. Жасөспірімдермен  кездесулер өткізіп  түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қыз балалар қатаң бақылауға алынып, жүріс тұрысы «тәртіпке» салына бастады. Мектепте оқитын жиен сіңілім: «Ауданнан келіп кездесу өткізген мамандар бір ауылда екі қыз баланың босанып отырғанын айтып берді. Бізге сендер де сондай қадамға барып, жаза баспаңдар деп ескерту жасады» деді. Бұндай мысалдар басқа облыстарда да бар шығар.
«Ауру туралы айта берсе, саудың да сабыры кетер» деген сөз бар. Біздің келеңсіз жайттарды күн құрғатпай қайталап айта беруіміздің салдары екінші бір жағымсыз әрекеттің белең алуына себеп болып жүрмесін. Әрі беріден кейін жеткіншек қыздардың жаза басып қателесуіне ата-ана, мұғалім, психолог, дәрігер ғана кінәлі емес, оған бүкіл қоғам кінәлі. Абайша айтсақ, «бір адам жаман болса, оған замандасының бәрі «виноват».


Жағымды жаңалық неге аз жазылады


Жақында ұлттық арнадан бір полиция қызметкерінің жол бойында аяғы ауыр әйелді босандырып, ерлік жасағаны туралы түсірілім көрсетілді. Бұған дейін бала босандыруда жасалатын іс әрекеттен бейхабар азаматтың еш саспай, баланың аман-есен дүниеге келуіне көмектескені сүйсіндіреді. Бірақ, бір қызығы бұл оқиға жоғарыда біз сөз еткен келеңсіздіктер сияқты аса көп жарнамаланған жоқ. Неге екені белгісіз жағымды жаңалықты бір-бірімізге жеткізуге асықпадық. «Жақсылықты бөліссең көбейеді», – деген қазақ осы азаматтың азамат-тығын айтуды «эксклюзив» деп санамаған секілді.      
Түйін:  «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді. Әрбір отбасы қоғамның кішкентай бір бөлігі. Сол қоғамды өркениеттілікке жеткізу ең алдымен, отбасындағы тәрбиеден басталмақ. Иә... бүгінде жігіттеріміз елдің қамын ойламақ түгілі, қыздардың өмірін бір түндік ойынға айналдырып, соңында некесіз туған балалар көбейіп кетті. Безбүйрек аналар балаларын тастап ойланбастан кетіп жатыр. Ол балаға кейін анасының  аялы алақанының жылуын сезбек тұрмақ, бет-бейнесін көргісі келіп, бір иіскеудің өзі оның арманына айналатыны анық. Сәбилер үйіне бас сұға қалсаң көздері жәудіреген жетімдер. Олардың басым бөлігі қазақтар екенін көргеніңде ішің ашиды. Тас-танды балаға әке өзінің тегін бермек түгілі, маңынан да жүрмейді. Ол баланың тәрбиесіне, өсіп-жетілуіне мемлекет қана жауапты болады. Сонда еліміздің болашағы қандай болмақ деген ойға қаласың. Осыдан келіп, бала өзінің кім екенін, қайдан шыққанын білмей өседі.

Камила Борашова,
журналист.
Жамбыл облысы

 

 

445 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы