• Шежіре
  • 26 Сәуір, 2016

ТАСҚА БӘДІЗДЕЛГЕН ТАРИХ

Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ,
филология ғылымдарының кандидаты,
Баспасөз және электронды
БАҚ кафедрасының  доценті

Елбасы ұлттың ұстанымы ретінде «Мәңгілік ел» идеясын ұсынғаны белгілі. Осыған орай, жалпы «мәңгі ел» тақырыбы бүгін ғана туындамағанын айта кеткенді жөн көріп отырмын. Тас бітікке бәдізделген «...бың йыллық түмен күнлік бітігімін бергүмін анта йасы ташқа йаратытдым... ...мың жылдық түмен күндік [мәңгілік] жазу таңбаларын сонда жазық тасқа жараттырдым... (Мойын Чор ескерткіші, 745 жыл). Демек, мәңгілік елдің мәңгі жазу таңбалары тарихын тас бітікке мәңгілендіргені бүгінгі ұрпағына жеткеніне куәміз. 

Қазақ қоғамы әр рудың, тайпаның жеке таңбалары болғанын жақсы біледі. Солардың барлығын бір жүйеге келтіріп қарайтын болсақ, қазақтың ұлыттық жазуы шығады. Руникалық таңбалар, руникалық белгілердің ар жағы румен, тереңдеп қазатын болсақ – ұрықпен, тұқыммен байланысы келіп шығады. Бұл жазу үлгісі қазақ халқына Тәңірдің жіберген сыйы деп қабылдаған жөн.
Мәселенің байыбына барып қарайтын болсақ, «таңба» деген сөз таңылған ақпарат деген мағынаны білдіреді. Сосын, «тамға» деген сөз бар. Жазу тарихын зерттеген неміс ғалымы Иоганнс Фридрих «тамға» дегеніміз өркениеті жоқ елдің өзінің жеке мүлкі мен затына, дүниесіне басатын белгі» деп пайымдаған. Ол бұл таңбалардың астарында терең философия бар екенін, үлкен өркениеттің үрдісі жатқанын түсінбеген. Біздің көпшілігіміз ұлыттық құндылықтарымызды төмендетіп көрсетуге тырысатын өзге жұрттың ғалымдары қалдырған жазбаларға мойынсұнып, солардың көзқарас тұжырымымен қараймыз. Ал, шынтуайтына келгенде біздің мәңгі жазуымыз осыдан басталмайды ма? Бұл жазба ескерткіштер Орқұн, Енесай, Талас, Маңғыстау өңірлерінде, Қара теңіз жағалауындағы жартастарда бүгінгі күнге дейін сақталған. Қаншама өркениеттер жойылып, әлемге әйгілі кітапханалар өртеніп кетіп жатқанда, біздің төлтума мұраларымыздың бүгінгі күнге бүлінбей жетуінің қасиеті де, сыры да осында.
«Жазу» деген сөздің төркініне келейікші. Ертедегі адамдар алғашқы жазуларын қатты нәрсенің бетіне таңбалағаны белгілі. Ол кезде ондай табиғи нәрсе – тас болатын. Тастың өзін жынысына қарай төзімділігі мен көркемдігін, сапалығы мен сұлулығын ажыратып, таңдай білген. Оны өңдеп, бетін тегістеп, кедір-бұдырын жазып болғаннан кейін ғана таңбаны түсірген ғой. Міне, «жазу» әрекетінің түп-төркіні тілімізде осыдан қалыптасқан. Мәңгілікке қалдырмақ болған ақпаратта артық ой болмауы тиіс, қатеге жол берілмеуі мұқият тексерілген. Өйткені ақпаратты бәдіздейтін затын тастың мүмкіндігі ескеріліп, оған қысқа да, нұсқа, нақты мәселені іріктеп алу шарт болды. Сондықтан алдымен тиісті ақпарат мәтінін құрайтын таңбаларды пішіп, тасқа салуды – «пішік» немесе «бішік» деп атаған. Ал, бұл үдерістің толық аяқталып, жұмыстың дайын болуын «бітік» деген. Осыдан келіп кітап ұғымын білдіретін біздің төлтума сөзіміз «бітік» екені айқындалады. Ол таңбаны пішіп салудан орыстың «пишу», одан әрі «печать»  деген сөздері шыққанын аңғару тіпті де қиын емес. Міне, біздің өркениетіміздің қаншалықты биікке көтерілгенін осыдан-ақ байқауға болады.
Зерттеушілер бүгінгі таңда осындай 300-ден аса бітік тастар, яғни тасқа бәдізделген кітаптар сақталып қалған дегенді айтып жүр. Алайда, мұндай таңбалардың әлі де толық зерттеліп болмағанын ескерер болсақ, ескерткіштердің әлдеқайда көп екенін мойындар едік. Тіпті, кешегі кеңестік дәуірде біздің ғалымдар Монғолиядағы Орқұн-Енесай жазба ескерткіштерін зерттеу мүмкіндігінен айрылған еді ғой. Сондықтан тастардың суретіне, басқа зерттеушілердің еңбегіне қарап пайымдауға мәжбүр болған. Сөйте жүріп кейінгіге баға жетпес дүниелер қалдырған. Мысалы, төрүктану ғылымын биік деңгейге көтерген мамандығы суретші-дизайнер Тайжан Досанов қазақ сөзінде кездесетін барлық дыбыстарды білдіретін «Пішін» деген таблицаны анықтады. Мұнда бүгінгі компьютердің, ғаламтор жүйесінің негіздері, белгілері бар. Ал, «ой» деген сөзден келіп туындайтын қазақтың ою-өрнегінде кейде бір кітапқа жүк болатын информацияны кездестіруге болады. Сондықтан біздің қазіргі «ғылым» деп жүргеніміздің бастау көзі осыдан тарайтынын ешқашан есімізден шығармауымыз абзал.
Адамзат қоғамында сөйлеу тілі шықпай тұрып – графикалық, суретпен, бейнелеп жеткізу әдістері қолданылған. Қазақта: «Ымды білмеген дымды білмейді» – дейді. Адамдар бір-бірімен ымдау арқылы түсініскен. Содан кейін жазу әдістері, сөйлеу пайда бола бастаған. Жазудың төрт сатысын басымыздан кешіргеніміз де белгілі. Алғашқысы – суретпен жазу екенін әлгінде айттық. Содан кейін – идеографикалық жазу, яғни белгілі бір идеяны жеткізетін таңбалар арқылы хабар тарату болған. Содан кейін – буын, ең соңғысы – дыбыстық-әріптік жазу пайда болған. Осы төрт сатының ішінде идеографиялық жазу, яғни таңба арқылы жазу ерекше құнды болып саналады.  Ақпарат таңылған таңбаны тану – ойлау, қисындау қабілетін дамытып, құпияны сақтау, консперациялық, криптографиялық танымды шыңдайды, даналыққа баулиды. Оны айқындап, тани білу үшін әлбетте, зерделілікті талап етеді. Ол адамнан вертуалды ойлау қабілетін қажет етеді. Егер бейнелеп айтар болсақ, біздің бағзы таңбаларымыз – даналарды тәрбиелейтін жазу дегенге саяды. Себебі, әрбір таңба құлыпқа салынған мағынаны білдіреді, орысша айтқанда (кодовый письмо). Кәзіргі әліпбиіміз шартты белгілерге таңылған. Бірінші сыныпта оларды жаттап алғаннан кейін әрі қарай бас қатырмаймыз. Ал, ежелгі руникалық төлтума жазу үлгісінде таңба мен жазу адамнан мыйды жұмысқа қосуды талап етеді. Өкінішке орай, түрлі шапқыншылықтар мен өркениеттер қайшылығы кезінде біз солардың көпшілігінен көз жазып қалдық. Әсіресе арабтың әл-Мүслім Кутейба дейтін әскербасы жаулаушысы біздің тасқа жазылған тарихымызды, өзіндік өркениетімізді жоюға жер қайысқан қолмен ондаған жыл вандалистік әрекет етті. Тастағы белгілер біз үшін тек қана жазулар емес, әрі тарихи далалық бітікжай (кітапхана), мұрағат, мұражай, галереямыз еді ғой. Бұл жер бетінде салыстыратын аналогі жоқ ғажайып ескерткіштер. Демек, біздің еліміздің, мемлекетіміздің мәңгіден мәңгілікке салтанатты шеруін білдіретін бірден-бір заттық, материалдық, рухани айғағы еді.
...Тынымсыз жүргізілген соғыстар кезінде мәдениетіміз мешеулегенін мойындауымыз керек. Бірақ, осы кезеңде біздің ауыз әдебиетіміз ерекше дамыды. Құранмен бірге кітап атауы тілімізге енді, жазу таңбамыз өзгерді. Ата-бабаларымыз оны бірден қабылдамағанын да тарихтан білеміз. Осылайша, 19-шы ғасырдан бастап Ресей империясы бізде рухани-этникалық отарлау саясатын жүргізе бастаған. Мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан мәдениетімізден көз жаздырып, ұлыт ретінде өзіне сіңіріп жіберу жаулаушы елдердің ежелгі тактикасы. Міне, осы кезде оқудың керек екенін ұққан азаматтар ағартушылық қызметін бастаған болатын. Абай, Ыбырай, Шоқандардың басты міндеті осы идеяға бағындырылған. Осыдан кейін Алаштың ардақтылары бас көтергені белгілі. Олар империяда білім алып, оның әдіс-тәсілдерін меңгеріп, білімпаздығы, өре деңгейінің биіктігімен дұшпанының мысын басып, ұлыт мүддесіне өлшеусіз үлес қосты. Бұлар шын мәнінде пәрменді жұмыстар жүргізді. Егер әркетсіз отыра берсе ұлыт ретінде жойылып кету қаупі туындағанын сезген олар тәуелсіздік жолында, саяси тізгінді қолға алу, автономия үшін күрес жүргізген. Мемлекеттің жұрнағы да қалмаған тарихи тұйыққа тіреліп, ұлыт басына түскен дағдарысты шешуге белсенділік танытуы жүрекжұтқан ерлік деуге болады. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы бар-жоғы семинария ғана бітірген. Алайда, Ахметті біз «ұлыттың ұстазы» дейміз. Мұхтар Әуезовтің өзі оны «рухани көсем» деп атаған. Сол заманда ұлыты үшін шыбын жанын шүберекке түйген Алаш арыстары – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел және Жанша Досмұхаметұлы, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Мұстафа Шоқайұлын мен ұлыттың көсемдері деп атаймын. Оның себебі, олар «көсем» деген сөзге лайық қызмет етті және өлшеусіз мұра қалдырды. Олар көп қырлы еді. Мысалы, Әлихан орман шаруашылығы институтын бітіргенімен заң саласын, әдебиеттануда, фольклорды, жертануды, қазақтың рулық-этникалық табиғатын зерттеуде үлкен жұмыстар атқарған. Ресейдегі ірі-ірі интеллектуалдармен терезе теңестіре отырып, энциклопедиялық білімпаздық танытты. Ахмет бүтіндей тіл білімі ғылымын, әдебиеттану мәселесін жолға қойды. Терминалогия саласын, ғылымның тілін қалыптастырды. Міржақып Дулатұлы жазуға келгенде алдына жан салмаған әрі көп қырлы, өзі ақын, жазушы әрі драматург те еді. Халел Досмұхаметұлының мамандығы дәрігер болған. Ол қазақ арасында тараған оба індетін тоқтату үшін өзі арасына барып, кешегі күнге дейін пайдаланып келген емді ойлап тапқанын біреу білсе, біреу білмейді. Ал, Мұстафа Шоқайұлы ұлыт азаттығы мен бостандығы жолында бүкіл Еуропаны аралап, бірнеше шетел тілінде мақалалар, зерттеу еңбектерін жазған. Кеңес үкіметінің халыққа жасап отырған опасыздығын әшкерелеген еңбектер жазған. Өкінішке орай, кешегі күнге дейін біз сол еңбектермен танысу мүмкіндігінен айрылып келдік.
Олар мұншама рухты қайдан алды деген ой туындауы мүмкін. Байыптар болсақ, бәрі ұлыттық салт-дәстүр мен тәрбиеде жатқанын аңғарар едік. Ал онда татулық, бірлік, еркіндік мәселелері жасырулы жатқан жоқ па?! Алаш идеясы да осыдан келіп  туындайды. Жалпы біз мәңгі ел болған ұлыт екеніміз рас. Үлкен биікке көтерілген, өркениетке жеткен елміз. Өзге әлем ұйқыда жатқанда біздің ата-бабаларымыз Еуропаны оятқан. Ағылшын мемлекеті құлауға шақ қалғанда Сақтарды көмекке шақырғаны белгілі. Франктардан қорғап қалған Сақтар сол жерде тұрақтап қалған ғой. Англо-сак деген осыдан келіп туындайды. Орыс тілінің 60–70 пайызы түркі әлемінен алынғанын ғылым дәлелдеп бергелі қашан. Ал, қазіргі ғылым деп жүргеніміз негізінен супердержавалардың мүддесі тұрғысынан құрылған. Бұл өзге үлкен әңгіменің тақырыбы.
Қазір біздің көшелерімізден орысты былай қойғанда, ағылшынның, француздың, немістің, арап пен қытайдың, тіпті грузин мен армян сияқты өзге де халықтардың жазу графикасын келдестіре аласыз. Ендеше, неге ежелгі өз қарпімізде жазылған маңдайшаларды ілмеске. «Оны ешкім түсінбейді» – деп дау айтатындар табылуы мүмкін. Алайда, руна таңбасымен әліптелген маңдайшаларды көрсе, шеттен келген адамдар: «Мына ел өзінің жазу мәдениеті бар, жасампаз ел екен» – дері шүбәсіз. 

458 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы