• Білім-ғылым
  • 26 Сәуір, 2016

ЭНЦИКЛОПЕДИЯЛЫҚ БАСЫЛЫМДАР ҚАШАН ПАЙДА БОЛА БАСТАДЫ?

Гүлнар ӨЗБЕКОВА
филология ғылымдарының кандидаты,
Баспасөз және электронды
БАҚ кафедрасының  доценті

Әлемдегі алғашқы энциклопедиялық басылымдар Қытайда б.з.д. 12-10 ғасырда пайда болған. Біздің з.д. 2-мың жылдықтың 2-ширегінде Мысырда  – Ежелгі Египетте сөздік жасалғаны белгілі.

 Ежелгі Грецияда Демокрит пен Аристотель, Ежелгі Римде Марк Теренций Варронның (“Ғылымдар”) еңбектерінде сол дәуірдің ғылыми жетістігін жүйелеген энциклопедиялық сипат басым болды. Энциклопедиялық басылымдар шығарудағы жаңа дәуір Отырардан шыққан ұлы ойшыл, энциклопедист-ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің (870-950ж.ж.) араб тілінде жазылған “Ғылымды классификациялау және анықтау туралы кітап” атты энциклопедиялық еңбегімен байланысты. Орта ғасырларда әл-Фараби дәстүрін жалғастырған ұлы ғалым ибн Сина (930-1037 ж.ж.) болды. Ол тұңғыш медициналық энциклопедия – “Әл-Канон” ( “Дәрігерлік ғылым каноны”) және  “Донишнома” ( “Білім кітабы”) трактатын жазды. Махмұт Қашқаридің  “Диуани лұғат ат-Түрк” кітабы алғашқы  энциклопедиялық еңбектердің үлгісі болып табылады. 15-ғасырда Қытайда “Юн-лэ-да дянь”, ал 18 ғасырда  “Сы-ку цюань” атты көп томдық энциклопедиялар басылды. 18-ғасырда энциклопедия шығару ісі Азиядан Еуропаға ауысып, 1751-80 жылдары Францияда Д.Дидро мен Ж.Л.Д.Аламбердің “Энциклопедия немесе ғылым, өнер және кәсіптік түсіндірме сөздігінің” бүкіл әлемдік өркениетке ықпалы зор болды. 1768-71 ж. шотландиялық баспагер У.Смелли күні бүгінге дейін ондаған рет басылып шыққан “Британ” энциклопедиясының алғашқы 3 томдық басылымын шығарды. ХІХ-ХХ ғасырларда Германияда, Францияда, Италияда, Испанияда, АҚШ-та көп томдық әмбебап энциклопедиялар жарық көрді.
 Орта ғасырлық әл-Фараби, Махмұт-Қашқари, Жүсіп Баласағұни сияқты көптеген ойшыл-ғұламаларымыз өмір сүрген тұста нағыз энциклопедиялық шығармалар дүниеге келді.
Энциклопедиялық сипаттағы еңбектерді алғашында жеке адамдар – өз заманындағы сан-саналы ғылым мен білімнің білгірлері жасаса, әлемдік тәжірибелерде күрделі энциклопедиялық басылымдар, әсіресе, ғылымның барлық саласын түгел қамтитын әмбебап энциклопедиялар ұжымдық күш-жігер жұмсау нәтижесінде дүниеге келеді. Өйткені қазіргі ғылым мен білім ауқымының кеңдігі сондай оның бәрін бір адам терең білу мүмкін емес. Бірақ кейбір салалық энциклопедияларды жеке адамдар – белгілі ғалымдар шығаратын дәстүр әлі де кездеседі.
Алуан түрлі мағлұматтарды іздестіру, жинап топтау, сақтау және тарату ісінде анықтамалық әдебиет орасан зор рөл атқарады. Оның қай түрінің болса да арнаулы бағыты, мақсаты болмай қоймайды: ол оқырманның қызмет бабында пайдаланатын немесе өз бетімен білім алатын құралы болып табылады. Анықтамалық әдебиеттердің түр-түрі көп, мазмұны да әрқилы болғанымен, бұларды ірі-ірі екі топқа бөлуге болады. Мұның бірі, ғылыми білімдердің жеке салалары жөніндегі анықтамалық кітаптар да, екіншісі – ғылым мен нақтылы істің (адамзат қызметінің) барлық салалары жөнінде мағлұматтар беретін, сол сияқты кешенді проблемаларды немесе проблемалар циклін (мәселелердің белгілі бір тобын) қамтитын әмебап еңбектер. Анықтамалық кітаптардың басым көпшілігі бір жолғы (белгілі бір уақытқа арналмаған) басылымдар болып табылады; алайда олардың кейбіреулері мерзім сайын шығып тұрады. Бұған ірі энциклопедиялардың жылнамалары, санақ жинақтары мен саяси экономикалық жылнамалар т.б. жатады.

 

706 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы