• Білім-ғылым
  • 26 Сәуір, 2016

МЕН БІЛІМ АЛЫП ЖАТҚАН ҚАРА ШАҢЫРАҚ

Нұрила ӘБДІМАНАП,
3 курс студенті

Менің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алып жатқаныма міне, бір жылдай болып қалыпты. Аз уақыт емес. Бірақ мен әлі күнге дейін киелі оқу орнының қадір-қасиетіне, ертеден қалыптасқан рухани-мәдени ортасына тамсанумен келемін. 

Кез келген түлек, шәкірт, оқушы дейміз бе өз оқу орны туралы сөз бастаса бірден жақсы сөздерін арнап, мақтай кететіндігі белгілі. Мұның да себебі бар шығар. Ал мен өзімнің білім алып жатқан оқу ордам туралы мақтау сөз айтып немесе жарнама жасап жатқаным жараспас. Оның қажеті шамалы деп білемін.  Өйткені 80 жылдық тарихы бар киелі қара шаңырақ- әл-Фараби атындағы (бұрын Киров атындағы болатын) Қазақ ұлттық университеті- жоғары буын арасында ертеден-ақ жоғары мәртебеге ие болған оқу орны болып табылады. Десек те, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дүниеге келіп, ештеңенің қыр-сырын түсінбей жатып шет елдік арзан нәрселерге әуес жас буынға еліміздің алдыңғы қатарлы оқу орны туралы аздаған болса да мәлімет бере кеткеннің артықтығы болмас деп ойлаймын. 
Шынын айту керек, бүгінгі жастар, әсіресе қалталы азаматтардың балалары, білімді шет елден алған дұрыс деп есептейді. Сапалы білім алып, шет тілін үйренуге мүмкіндік зор деп санайды. Әрине, айтып отырғандары дұрыс та шығар. Таңдау әркімнің өз еркінде. Бірақ кәмелеттік жасқа енді толған жастың мұхит асып, шет елге барып оқуы ата-анасын біраз әбігерге салып, уайымын ұлғайтатындығы анық. Озық деп танылған инновациялық дүниелерді, технологияларды әрине шет елден үйренген дұрыс. Оған қоса өркениетті, озық деп танылған 30 мемлекеттің қатарына кіруді мақсат еттік. Ал бұл мақсатты білім-ғылымсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Десек те, әлемдік білім стандартына сай білім беретін, дүниежүзіндегі ең үздік деп танылған Топ  300-дің қатарына кірген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті туралы бүгінгі жастар, әсіресе мектеп бітіргелі жатқан түлектер аз-кем болса да білсе екен деймін.  Біріншіден, аталмыш оқу орнының тарихы сексен жылдан асып жығылады. Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Зейнолла Қабдолов сынды ұлы тұлғалар еңбек етіп, қазақтың ұлттық интеллигенциясының қалыптасуына ұйытқы болған бірден-бір іргелі оқу орны. Қазақ интеллигенциясының қара шаңырағы деп  те атайды. Өйткені елге еңбегі сіңген ірі қайраткерлер мен ғалым-жазушылардың басым бөлігі осы оқу орнының түлектері болып табылады. Мәселен, 1965 жылы бітірген түлектерін алайықшы: Қабдеш Жұмаділов, Төлен Әбдіков, Бексұлтан Нұржекеев, Адам Мекебаев, Жарылқасын Нұсқабаев, Ахат Жақсыбаев және тағы басқалары. Бұны жалғастыра беруге болады. Олар кімдер?  Олар елге еңбегі сіңген қоғам қайраткерлері, жазушылар, ғалымдар, баспагерлер. Екіншіден, әл-Фараби атындағы университет Қазақстандағы білім мен ғылымның ірі орталығы. Мына мәселеге назар аударсам деймін. Аталмыш оқу орнының ғалым-оқытушылары жазған кітаптарын еліміздегі бүкіл оқу орны пайдаланады екен. Сонымен қатар Халықаралық деңгейде инновациялық жобалар жүзеге асырылатын, жаңа технологиялар жасалатын, ғылым әлеміне жолдама беретін оқу орны. Әрбір үшінші үздік балл алған мектеп бітіруші ұлттық университеттің шәкірті атанады. Қазақстандағы оқушылар жағынан бірінші орында тұрған жоғары оқу орны. Жыл сайын мыңнан астам шәкірт үлкен өмірге жолдама алып, әр түрлі салада жұмысқа орналасып, тапшы мамандықтың орнын толтыруда.  Аталмыш  оқу орнында шәкірттің сапалы білім мен саналы тәрбие алуы үшін барлық жағдай жасалған. Ұлттық университеттің қалашығында: кітапхана, кинотеатр, әр факультеттің шәкірттеріне арналған жеке-жеке жатақханалар, түрлі шығармашылық кештер өткізуге арналған орындар,  Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы – бәрі-бәрі бар.  Осылардың бәрі оқушы жастардың рухани жетіліп, азамат болып қалыптасуы үшін жасақталған.  Қысқасы, бүгінгі жас үздіктер қатарынан көрінгісі келсе, жақсы дос тауып, рухани ортаны қаласа, болашақта білікті маман болуды көздесе онда біздің университетке қош келіңдер демекпін.

436 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы