• Білім-ғылым
  • 03 Қараша, 2012

Тұманды Альбионда тұғырын тапқан рух

Жарас Сәрсек

Дүниені дүбірлеткен Лондон Ллимпиадасы да елімізді жерден екі елі, туымызды көкке 777 елі көтеріп барып тарих қойнауына енді. Қоржынымызға жеті алтын салған ауыр атлеттер Илья Илин, Светлана Подобедова, Майя Манеза, Зулфия Чиншанло, боксшы Серік Сәпиев, шайтан арбамен жүйіткігіш Александр Винокуров, жеңіл атлет Ольга Рыпаковаларға әлем жұртшылығы қызыға да, қызғана қарады. Жарайсыңдар!

Өз басым алтынға қолсозым жерде тұрып, кеудені күрсіндіріп барып күміске күптелген боксшы Әділбек Ниязымбетовке ерекше разы болдым. Ақтық сында ол жеңілген жоқ. Қарсыласымен тең дәрежеде ойын өрнегін көрсетті. Тек ойын соныңда бір ғана артық соққы жасауға қауқары жетпей қалды. Бәлкім, бұған оның тәжірибесіздігі кедергі келтірген шығар. Төреші оның қарсыласының қолын көтергенде экран алдында отырған барша қазақ жанкүйері жынданып кете жаздаған шығар. Біз отбасымызбен сондай күйді бастан өткердік. Жылап жібере жаздадық. Балконға шығып қайта-қайта темекі тістеп, әзер дегенде жан толқынысын сабырға шақырдым. Қарсы беттегі, қапталдағы балкондардың бәрінде дәл сол сәтте жылт-жылт еткен темекі шоғынан талай жанкүйердің кеуде астында алай-дүлей бір сезімнің тулап жатқанын аңғару қиын емес еді. Өкінішті. Алайда Әділбек қалың жанкүйерге алдағы әлемдік додаларда атой салып талай алтынды арқалап қайтады-ау деген үлкен үміт сыйлай білді. Құдай қаласа ол күндер де алыс емес. Ол біздің қолымызға сондай сенім семсерін ұстатқандай болды.

Жоғарыда айтқанымыздай осы жолғы әлемдік дода дүбіріне елеңдеп, өз толағайларымызға барынша қолдау білдірген жанкүйерлік мінезді қазақ халқы алдыңғы олимпиадаларда, әй қайдам, көрсете алмаған шығар. Түннің бір уағына дейін қалғып-мүлгіп, әр спортшының тілеуін тілеп, экран алдында отырған жұрт қарасы соншалықты көп болғанын шамы сөнбеген терезелерге қарап-ақ аңғаруға болатын еді. Бұл да болса бізде ұлттық мінездің, ұлттық намыс-жігердің қайта бой көтеріп келе жатқанына мысал бола алса керек. Қоржынымызға түскен әр алтын үшін жеті түнде желпініп отырған тамыр-таныстар бір-бірімізге қоңырау шалып, одан қалса SMS-пен құттықтау жолдап, мәре-сәре болдық. Бұрын-соңды мұндай халді басымыздан кешіріп пе едік? Әй, қайдам. Тіпті, Түркістанда тұратын 8-сынып оқитын Аман Еркінбай дейтін қаршадай ғана қазақ баласы Серік Сәпиев алтынды жұлып алғанда үйіндегі көк туды алып, велосипедпен бүкіл ауылды аралап шығыпты. Қалай ғана сүйсінбейсің! Ал Алматының аспанында әр алтынға отшашулар атылып, мерекелік көңіл күйдің нышаны байқалып жатты. Ұйқысы қанбаған қаншама жанкүйер жұмысына кешікті дейсің! Енді біреулері бармай да қалып жатты. Өйткені өзгені де, өзін де алдауға болатындай сылтау бар – қазақтың намысы додаға түсіп жатыр ғой.

Жалпы, Лондон Олимпиадасы бізге қандай қорытынды жасауға жетеледі? Аз-кем оған да тоқтала кетейік.

Біріншіден, спорт – үлкен саясатқа айналып үлгіргендігін көрсетті. Әйтпесе әр алтыны үшін мемлекет басшылары балаша қуанып, лезде батырларына құттықтауларын жолдап, барынша қолдар ма еді?  Тіпті, Лондон төріндегі мықтылар сайысын азулы мемлекет басшыларының өзара бой таластыру Олимпиадасы деуге де түртіншек тіл тіленіп тұрғандай. Оның ашылу салтанатына барған төрелер бақытты, аяғы жетпегендердің жағдайы белгілі. Бірде-бір спортшысы қатыспаған мемлекет басшысы Тұманды Альбионға не деп барсын. Бұл тұрғыда біздің Елбасымыздың абыройы асқақ, мәртебесі биік. Қаһармандарымыз қазақ еліне 7 алтын, 1 күміс, 4 қола медаль сыйлады. Көк байрағымыз басқа тулардың жанында 7 мәрте биікте желбіреді, Әнұранымыз 7 мәрте ағылшын аспанында қалықтап, әлем жұртшылығының құлағына жетті. Тәуба дейік!

Екіншіден, спорт – әр мемлекеттің экономикалық әл-ауқатының барометрі іспетті. Спортшыларымызға жасалған жағдайға яғни ішіп-жемі, киім-кешегі, төленетін жалақысы, түрлі жарыстарға барып-қайту шығыны қанша қаржыны қажет ететіндігін бағамдай беріңіз. Оның үстіне қазір қайсыбір спорт түрлері үшін шетелдерде жаттығу үрдісі тағы қалыптасқан. Оған да қыруар қаржы керек. Оны бізге сырттан біреу әкеп бермесі хақ. Осыдан-ақ бір Олимпиада чемпионын немесе жүлдегерін дайындауға қанша қаражат керек екенін түсінуге болады.

Үшіншіден, спорт – ұлтты жігерлендірудің таптырмас құралы. Бұған жоғарыда Серік Сәпиев алтын алғанда қиырдағы ауылдың қаршадай баласының әрекетін мысал етсек те жетіп жатыр. Оның үстіне осы додада Әнұранымыз теледидардан естілген сайын бүлдіршіндеріміздің қалт тұра қалып, мәтінге қосылуы баршамызды қуантпай тұра алмайды. Бұған тағы Лондонға аяғы жеткен қазақ жанкүйерлерінің 80 мың адамдық стадиондар мен спорт кешендерінде Әнұранымызды жаңғырта шырқағанын қосыңыз. Жарылардай қуандық, көзімізге жас алдық. Қазақ боп туғанымызды мәртебе санадық, Алаштың ұлы екенімізге мақтандық.

Ал енді алыптарымыз алтын алған күнді бір сәт көз алдымызға елестетіп өтейік. Олар қандай, жанкүйер қандай әсерде болғанын баяндайық.

Велошабандоз А.Винокуров Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды салды.  Ол 250 шақырым қашықтықты 5 сағат 45 минут 57 секундта жүріп өтті. 38 жастағы спортшы үшін бұл үлкен ерлік еді. Тұғырға көтерілгенде ол да жылап тұрды, біз де әрең тұрдық.

Ауыр атлет И.Илин спорттың бұл түрінен әлемде теңдессіз екендігін тағы бір дәлелдеді. Илья секілді әзірше екі дүркін олимпиада чемпионы болған ешкім жоқ.

Тамыздың төртінде Қызылорда қаласының 20 мыңға жуық тұрғыны түннің бір уағына дейін 94 келі салмақтағы зілтеміршілер бәсекесін бірге тамашалады. Ешкімнің алдында илікпейтін Илин бұл жолы да бәсекелестерінен бәйгені жұлып алды. Сыр жұртшылығы жеңімпаз құрметіне Әнұран айтылғанда барлығы бірдей қосыла шырқады. Тұғырда ол да жылап тұрды. Біздің де жүрегіміз қуаныштан сыздады.

Айтпақшы, Илья жуырда ғана отбасын құрып, алтынына алтын қосып, Алматы төрінде айқай-шусыз үйлену тойын өткізді. Жанында жары бар Ильяның ендігі міндеті – алдағы олимпиада да топ жару.

Ауыр атлет Майя Манеза 135 келілік зілтемірді жұлып алып, негізгі бәсекелесі ресейлік Светлана Царукаеваны жолда қалдырып кетті. Тіпті одан 10 келі артық көтерді. Тұғырда ол да Әнұранға қосылып жылап тұрды. Біздің жанымыз егілді.

Ауыр атлет З.Шиншанлоның өнерін жастар жиналып, Талдықорған қаласының орталық алаңындағы үлкен экраннан тамашалады. Зулфияның тілеуін тіледі. Әнұран шырқалғанда Зулфия да жылады, олар да жылап тұрды.

Ауыр атлет С.Подобедова 3 тамызда жұлқа көтеруде алғашқы мүмкіндігін мүлт жіберіп алып, 130 келімен жаттығуды аяқтаған еді. Бапкерлердің біліктілігі арқасында серпе көтеруде ол 160 келі салмақты бағындырып, барлық қарсыластарын шаң қаптырып кетті. Алтын тұғырда тұрып ол да ағыл-тегіл жылады. Біздің де жанарымызға жас үйірілді. Айтпақшы, Света Ресей тумасы болғанымен осы дүбірлі додадан кейін Қазақстан азаматына тұрмысқа шықты. Қазақ топырағында мәңгі қалуға бел буды. Ендігі жерде оның өзі сияқты алып перзентті дүниеге әкелуін тілейік.

Жеңіл атлет Ольга Рыпакова ақтық сында өнер көрсеткен күні Өскемендегі Спорт сарайының алдына орналасқан үлкен экраннан оның өнерін тамашалауға қала тұрғындарымен қатар Шығыс Қазақстан облысының әкімі Б.Сапарбаевтың өзі келді. Ертесінде Алматыға арнайы барып, Рыпакованы ұшақтан күтіп алып, табанын жерге тигізбестен Өскеменге алып кетті. Жүйрігінің бағасына жетіп, жүрек лүпіліне бөлей білген әкімге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Алла Бекеңнің абыройын асқақтатсын.

Серік Сәпиев ақтық сында алаңға шыққанда исі қазақ демін ішке алып, алтын күткені белгілі. Бұл алтынның басқа алтыннан жөні бөлек еді. Бізге Ата қазақтың рухы сіңген бір алтын тастың айрықша қажет екенін ол да сезінген шығар. Ринг иесі британдық боксшыны қуалап жүріп сабады. Әкесін танытты. Жанкүйерлердің айызын қандырды. Оның құрметіне Қазақстанның Әнұраны шырқалғанда іштей ол да жылап тұрды, біз де сөйттік. Қолжетімді жерде болса бауырымызға басып, маңдайынан иіскегіміз келді, төбемізге көтергіміз келді. Оның бұл жеңісі келесі Олимпиадада өзге қандастарымызға жұғысты болсын дедік. Оған дейін өзі де қартайып қалмас, қолғабын шегеге іле қоймас. Алдынан жарылқасын.

Төрткүл дүниені өзіне қаратқан осы бір намысты додадан кейін бізге топтық (командалық) спорт түрлеріне айрықша көңіл бөлу керек-ау деген ой келді. Спорттың мұндай түрлерінен Қазақстан құрамасы әлі күнге дейін маңдайы жарқырап, бәйгеден келген емес. Волейбол, баскетбол, судобы, футбол, көгалдағы хоккей сынды спорт түрлерін барынша дамытпайынша келесі жолғы Бразилияда өтетін дүбірлі жарыста Лондон Олимпиадасында тұрақтаған 12-орыннан кейінге сырғып кетуіміз әбден мүмкін. Енді осы мәселеге бас қатыруымыз керек.  Бұл – біздің жанайқайымыз. Бұл айқайға Билік те бар дауыспен қосылуы керек.       

397 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы