• Білім-ғылым
  • 15 Наурыз, 2016

КҮН СӘУЛЕСІН БӨЛШЕКТЕУГЕ БОЛМАЙДЫ НЕМЕСЕ ЖАҢА ЖЫЛҒЫ ЖАҢАЛЫҚ

Амангелді Кеңшілікұлы 

Сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. «Ақ жадуын», «Қарлығаш дәурен» т.б. әдеби-сын кітаптарының авторы. Президент стипендиясының иегері.  

Шығыс әлемі адамзаттық өркениеттің күрт өрлеуіне зор шарапатын тигізген, талай ұлы ғұламалар мен шайырларды өмірге әкелді. Тамырын сонау ежелгі заманғы аңыздардан тартып, Шығыс даналығымен суарылған сөз өнері уақыт өте келе Батыс елдеріне де сүйіншілеп жетіп, кейінгі орта ғасыр мен Қайта Өрлеу дәуіріндегі әдебиеттің гүлденуіне даңғыл жол салып берді. ХІ-ХІІ ғасырларда грек және латын қайнарларын зерттеп, мөлдір бұлағынан қанып ішкен Еуропа назарының, мәдениеттер алмасуының өліарасындағы бір кезеңдерде біржолата Шығысқа ауғаны да шындық. Ең әуелі Испанияда, содан кейін Франция, Италия, Англияда мұсылман ойшылдарының еңбектері тәржімаланып, ол туындылар, бүгінгі күні аузымыздың суы құрып, аяғын жерге тигізбей, көкке көтере мақтап жүрген көптеген ұлы ақын-жазушылардың қиял бесігін тербеп, шабытын оятып, Еуропа төрінде адамзат баласының ортақ игілігіне айналған таңғажайып туындылар өмірге келіп, кіндігі кесілді. 
Жарты ғасыр бұрын ғана Американың әйгілі ғалымы Филип Хитти «Таяу Шығыстың қысқаша тарихы: үш континенттің алтын көпірі» атты монографиялық еңбегінде ежелгі трубадурлардың махаббат жырларының – орта ғасырлардағы араб лирикасының аудармалары екенін, ал, Орта ғасырлардағы Мария қыз бен «асқан сұлу әйел» культінің крест жорығынан соң шығыс мәдениетінің ықпалымен дүниеге келгенін бұлтартпас деректермен дәлелдеп берген-тұғын. Тіпті, исламға дейінгі VІІ ғасырдағы узра тайпасындағы махаббат культінің Еуропадан бұрын арабтардың мистикалық поэзия-сында көрініс тапқанын бір сәт есімізге түсіріп көрейікші. Кейбір зерттеушілер әйгілі Фрейд пен Юнгтің идеяларын, олардан бұрын айтқан деп жүрген атақты сопы, теоретик, арабтың терең ойшылы және психолог Ибн әль-Арабидің ( Испанияда өмір сүрген) ХІІІ ғасырдың басында өнерде бірінші болып «Әдемі әйелден Құдайды көруді» үйреткенін неге ұмытып қалдық, біз осы? Ғасырдан ғасырға жетіп, жүздеген жылдар бойы әлемдік әдебиеттің алтын қазығына байланған махаббат тақырыбының «Ләйлә мен Мәжнүн» жайлы араб аңызынан бастау алып, Шекспирдің «Ромео мен Джуллетта» шығармасында дамытылып, Блоктың «сұлу әйел туралы» әйгілі жырында кемелдене түскені әдебиет тарихынан білетін мысалдарымыз емес пе еді. Корнельдің «Сид» драмасының жазылуына таза араб сюжетінің немесе Шиллердің «Турандот ханшайымының» тууына шығыс шайыры Низамидің «Жеті сұлу» поэмасының негіз болғанын да ешкім жоққа шығара алмаса керек. Дегенмен, біз осы жерде айтылған сөзімізге көңілі ауған оқырманнан әңгімеміздің төркінін дұрыс түсінуін өтінеміз. Біз Шығыс әдебиетінің артықшылығын көрсету үшін ғана бұл әңгімені бастаған жоқпыз. Әңгіме өнердің тигізген ықпалы немесе, тіпті, «махаббат тақырыбының классикалық үлгісінің» әуелі Шығыста дүниеге келіп, әлемдік мәдениеттің рухани алқабына дән болып шашылғанында да емес. Әлемдік әдебиеттің құнарлы топырағына бір шыбықтай қадалып, бүгінде жалғыз ұлттың ғана емес, барша адамзат баласының ортақ мақтанышы болып, жайқалған бәйтерегіне айналған Шекспирді, Корнель мен Шиллерді жоққа шығарғысы келген ақымақтықтан да аулақпыз. Тек Шығыс пен Батыс мәдениетінің біртұтас екенін және оның бір-бірімен араласып, тығыз қарым-қатынас негізінде дамығанын көрсеткіміз келгендіктен ғана әдебиет тарихындағы мысалдарды еске түсіруге тура келді. Оның үлкен себебі де бар. 
Таяуда Астанадағы кітап дүкендерінің бірінен Ресей баспаларынан жарық көрген «100 ұлы ақын» және «Қара сөздің 100 ұлы шебері» деген танымдық кітаптар көзіме оттай басылып, қызығып сатып алдым. Бір өкініштісі қалыңдығы кірпіштей, безендірілуі көз қызығарлық осы екі томдықта Шығыс түгіл, тұтастай алғандағы Азия елдерінің поэзиясы мен прозасы жайлы келтірілген деректер көңіл көншітпейді. Әдеби мұрасы көл-көсір Қытайдан бар-жоғы Ли Бо мен Ду Фу секілді бірен-саран ақындардың шығармашылығы ғана қамтылған. Сондай-ақ Таң дәуіріндегі әдебиет титандары Ван Вэй, Мын Хао-Жань, Бо-Цзюйлар шығармашылығы жөнінде ештеңе айтылмаған. Жапон ақындарынан тек Басе ғана бар. Бұл кітапқа Oтомо-но Якомоти, Аривара –но Нарихира, Oсикoти-нo Мицунэ, Сайгелер неге кірмеген? Бәрін болмаса да жапон поэзиясының дамуына зор ықпалын тигізген Сайгені елеуге болатын еді ғой. Шығыстың ұлы шайырлары Санаи, Аттар, Шамсаддин, Руми мен Физулилер туралы да сіз бұл жинақтан мәлімет таба алмайсыз. Ал, «Қара сөздің 100 ұлы шебері» деген тағы бір том еңбекті оқып шыққанымда, оны құрастырған Т.В.Грудкина, Н.П.Кубарева, В.П.Мещеряков, М.Н.Сербулдардың танымдарына қарным ашып, кітаптың мазмұндық сапасынан түңіліп кете жаздадым. Проза жанры тек Еуропа елдерінде ғана өмірге келіп, тек, сонда ғана көктеп-көгергендей әсер қалдырады екен бұл қалың кітап. Қазақ пен қырғыздың мақтанышына айналған Әуезов пен Айтматовтарды сөз етпегенде, ең құрығанда Нобель сыйлығын алып, әлемді мойындатқан Нагиб Махфуз, Ясунари Кавабата мен Кэндзабуро Оэларды еске алуды қажет деп те таппапты кітапты жазушылар. 
Малтабарлық мақсатпен жарық көрген мұндай дүниелер өнердің өлшемі болмайды дегенімізбен, кітап дүкендеріміздің сөрелерінде сіресіп тұрған жаңағыдай еңбектердің арқасында бүгінгі оқырман талғамының қалыптасып жатқанын мойындамасқа болмайды. Әсіресе, осындай шикі дүниелер әдебиетті тереңірек білуге жаны құмар жастарымызды адасушылыққа ұрындырады, сөз өнерінің құдіретін жан-жақты танудағы ізденісіне тұсау салады. Сондықтан да бүгінгі күннің ойлы оқырманы Шығыс пен Батысқа, Азия мен Еуропаға, Африка мен Америкаға бөлмей, шығармалары адамзат баласының ортақ қазынасына айналған әдебиет алыптары туралы кітаптың жазылуын сағына күтіп жүр. 
Әдебиет - адамның жаны. Ол Күннің алтын сәулесіндей бөлшектеуге келмейтін және болмайтын Құдайдың рухани дидары. Ұлы Жаратушының пенде баласына тарту еткен ең ұлы сыйын Оңтүстік пен Солтүстікке, Шығыс пен Батысқа бөле берсек күндердің күнінде біз әдебиет арқылы да бір-бірімізге сүйсініп, бір-бірімізді түсіну қабілетінен айырыламыз. Жалынымыз өшіп, «адамзаттың бәрін сүйгісі» келетін бауырмалдық сезімімізді жоғалтып, алға қарай ұмтылмайтын, әдебиеттің лаулаған отынан рухтана алмайтын бейшара хәлге түсеміз. 
Аллаға мың да бір шүкір, біздің мемлекетімізде Ресей мен Батыс әдебиеті классиктерінің туындыларын насихаттау ісі жүйелі жолға қойылған. Алайда, Құдай қосқан көршілерміз өзбек, қырғыз, татар, тәжік, тіпті, жергілікті тұрғындарының саны 2 миллиардқа жетіп қалған қытай халқының әдебиеті жайлы осындай сөздерді мақтанышпен айта алмаймыз. Бір күн уақыт тауып Астана қаласындағы кітап дүкендерін аралап, онда әлемдік әдебиеттің қандай жауһар туындыларының сатылып жатқанын көріп қайтыңызшы, біздің сөзіміздің шындық екеніне көзіңіз анық жетеді. Насихаты кемшін түсіп жатқандықтан, адам саны 7 млрд. жақындап қалған Жер тұрғындарының 4,5 млрд. астамы еншісіне тиесілі Азия елдері, оның ішінде Шығыстың бай мәдениеті мен сөз өнері жайлы қазақ оқырмандарының білетін дерегі де қайыршыға тастаған садақадай ойдан-қырдан жинаған болмашы бірдеңелер ғана. Көзімізге үңірейіп көрініп тұрған осы олқылықтың орнын толтыра алмасақ та, келешекте оның зерттелуіне себеп болсын деген ниетпен елі мен жері, нәсілі мен ұлтына бөлмей, әлем әдебиетінің классиктері жайында Қазақ радиосынан «Шетел әдебиеті» бағдарламасын жүргізіп келе жатқанымызға бірнеше жылдың жүзі болып қалды. Келешекте осы хабарларды дайындау барысында жинаған материалдар негізінде «Жүз жауһар» атты, әр кітаптың көлемі кем дегенде 25 баспа табақ болатын, алты томнан тұратын әлем әдебиетінің жүз ұлы ақыны мен жүз ұлы жазушысының шығармашылығын талдаған үлкен еңбек жазу жоспарымызда бар. Биылғы жылы бір Аллаға сыйынып, радиодан берілген хабарларымның негізінде, Шығыс шайырлары жайлы бір үлкен кітап жазуға тәуекел етіп отырмын. Келешек ұрпақ үшін рухани азық болатын осы үлкен еңбегіміздің тезірек жазылуына ықпал етіп, алаңсыз жұмыс істеуімізге шығармашылық жағдай туғызып, көмек көрсеткісі келетін, әдебиетіміз бен мәдениетімізге шын жаны ашитын ұлтжанды азаматтар табылып жатса қуана-қуана қолын қысуға дайынбыз. Табылмаса өкпелемейміз. Бір діндар адамнан Алланың адамға талантты несиеге беретінін естігенім бар. Жасым жер ортасына таяп қалғанда бойымда Құдай берген таланттың бар екеніне көзім шын жете бастады. Ендеше Жаратушының берген қарызын өзіне қайтаратын уақыт та келген сияқты. Өйткені, елу шығармашылық адамы үшін аз жас емес. Қырыққа да толмай дүниеден өткен Пушкин мен Белинскийлердің әдебиет үшін қыруар еңбек етіп, оны қандай заңғар биіккке көтеріп кеткені есіңе түскенде елуге келіп қалған жасыңнан еріксіз ұялады екенсің. «Ештен де кеш жақсы» деген алдамшы үмітке малданып, күйбең тіршілікпен біраз уақытымызды босқа өткізіп алыппыз. Енді еш нәрсеге қарайламай, шамамыз келгенше ойға алған ісімізді қарға адым болса да алға жылжыта беруге бел будық. Дегенмен, бұл жазған дүниелерімізді ғылыми еңбек ретінде емес, әңгімемізге арқау еткелі отырған ұлы ақындар мен жазушылардың туындыларымен танысқаннан алған әсеріміз бен олардың шығармашылығы жайлы оқыған кітаптар мен жүздеген мақалаларды шолып шыққаннан соң түйген ойларымызды нәзира үлгісінде баяндап берген әңгімеміз ретінде қабыл аларсыз. Біздің оқырманға айтқымыз келген жаңа жыл қарсаңындағы жаңалығымыз осындай.

 

323 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы