• Қоғам
  • 20 Ақпан, 2016

Мысық жайлы не білеміз?

Назгүл Рыспек

Қазіргі таңда Еуразия Гуманитарлық институтының,

Заңтану факультетінің 4-курс студенті.

Болашақта өз мамандығының нағыз білгірі атанып, еліне адал еңбегінің сіңгенін арман етеді.

Әлем баспасөздерінде саяхатшы-мысықтардың таңқаларлық тарихтары жайлы ауық-ауық көлемді хабарлар жарық көріп жүр. Мынадай жағдайды айта кетейік. Бірде мысықты самолетпен 170 шақырым қашықтықта тұратын жаңа иесіне жіберген. Он бір күн өткеннен кейін ол бұрынғы үйіне кір-кір, қанға оралған қалпында оралады.

Бұл тәріздес хабарларды мысыққа үйір адамдар сүйсіне, таңдана қабылдаса, мамандар ұзақ уақыт бойы мұндай жағдайларға күмән туғызып, сенімсіздікпен қарап келді. Әсіресе, ең үлкен сенімсіздік, мысықтың бір күнде 15, 16 шақырым қашықтыққа жүре алатынында емес, оның бұрын өзі болмаған ортадан жол тауып, кері қайта білетін қасиетінің құпиялығында болды. Ол қай бағытқа, қалай бет қойып жүргенде үйді дәл табуды қалай біледі? Басқа үй жануарларына қарағанда, мысықтар жекедара түнгі серуендерге шығуға өте әуес. Олардың осындай «тұрмыс салтын» нақтылы бақылауға алғаннан кейін ғана ғалымдардың шүбәсы азая бастады.

Белгілі зоолог, неміс профессоры Ф.Швангард бір күні мысықты үйден 16 шақырым қашықтықтағы орманға апарып жалғыз қоя берген. Бірақ ол адам сенгісіз жылдамдықпен үйге қайта оралған. Профессор мысықтың ең шапшаң жүрісін ескере отырып есептегенде, оның өзін әкелген жолдан әлдеқайда төте жол тауып қайтқандығы анықталған. Апарып тастаған орын бұрын таныс болмаған.

Тәжірибе қайталанды. Зерттеушілер әр жаққа шығатын бірнеше есігі бар арнаулы қоршау жасайды. Содан соң бұл қоршаудың ішіне осы жерден 5 шақырым қашықтықтағы қаладан әкелінген ондаған мысықты қояды. Сонда қоршаудағы мысықтардың дені төте есіктен шығып, ең қысқа жолмен үйлеріне тайып тұрады.

Бұл жұмбақтың сыры американ зерттеушісі, ми қызметі жөніндегі белгілі еңбектердің авторы Ф.Морель мысықтың нерв жүйесін электрлік әдіспен зерттегенде ғана ашыла бастады. Тәжірибеге қойылған жануарлардың миына доктор Морель жіңішке электродтарды арнайы аппараттармен байланыстыра енгізеді. Оны мидағы көз алмасының тітіркенуін әлсіз электрлік импульстей ғана қабылдайтын бөлігіне орнластырады. Тәжірибе жасаушылардың таң қалғанындай, аспаптар мысықтың миындағы пайда болған импульстерді жануардың көзі тіпті ешқандай жарық сәулесін қабылдамағанның өзінде де тіркеп тұрды. Ал кейбір тәжірибелер мүлдем қараңғыда жүргізілді. Шынында да, бұл уақытта адамға естілместей жоғары жиіліктегі дыбыс беріліп жатқан еді. Көру үдерісіне қатысатын мидағы нерв клеткаларының жартысы осы дыбыстарды сезді.

Морельдің тәжірибелері аяқталмай бүгінге дейін жүргізіліп жатса да, одан мынадай ғажап қорытынды шығаруға болады. Мысық барлық жануарлардың ішіндегі бірден-бір «оптикалық есту» қабілеті бар, яғни қосымша есту мүшесі бар жанды тіршілік иесі болып табылады.

Неміс мамандары да мысықтардың есту мүшелерінің ерекшелігіне баса назар аударды. Бұл әзірше болжам ғана. Бірақ мысықтың таныс емес ортадан жөн тауып кететін құпия қабілеті бұл жануардың әдеттен тыс акустикалық әсерленгіштігімен байланысты болса керек. Адам жат өлкеден өз жұртына қайтқанда таныс жерлерді көру арқылы өз мекенін айырады. Ал мысықтар мұндай жағдайда бұл аумаққа тән «есту моделінде» сақталған барлық дыбыстар арқылы таниды. Мәселен, мысық темір жол өтетін, сарқырап ағып жатқан өзен жағасындағы фабрикаға жақын үйде тұрады делік. Осы детальдардың барлығы оның есінде «акустикалық жердің картасын» жасайды. Мұның өзі бағытқа алған тиісті жер нүктелерін ешбір қатесіз тауып келуіне мүмкіндік береді.

Бұл көзқарасты қабылдау мысықтың болжағыштық тәсілін самолеттің аэродромды табу әдісімен салыстыруға мүмкіндік береді. Жануар «оптикалық есту» көмегімен алыстан акустикалық таныс дыбыстарды қабылдайды. Мұның өзі оған дұрыс бағыт сілтейді. Самолет те кеңістікте радиохабарларының көмегімен солай бағыт түзейді емес пе?! Нысанаға жақындаған сайын жолдың бағытын белгілеуге мүмкіндік беретін кейінгі ескертпелер кел бастайды. Мұндай жағдайда мысықтың құлағы радиолокациялық аспаптың рөлін атқарады. Осы тәріздес самолет те өзінің бағытын анықтап, қонар орнын дәл белгілейді.

Мысықтың өзгеден тыс ғажап қасиеттері мұнымен де бітпейді. Шешілмеген қаншама жұмбақтар бар десеңші онда! Мәселен, көңілі жайланып қанағат тапқан мысық өзінің жағымды қорылдауымен адам көңілін неге елжірететіні күні бүгінге дейін мәлімсіз.

Аяғы ауыратын адамның аяғына неге келіп сүйене беретіні де түсініксіз. Кейбір жұрт мысық адамды емдейді дейді.

Мысықтар жаратылысына тән салтпен өмір сүреді. Жалғыздық пен тәуелсіздікті ұнатады. Олай болса, олар түнде жиналып алып, ұзақ уақыт бойы бір-біріне неге қарап отырады? Бұл қайдан шыққан елжіреушілік? Мүмкін, мұнда бір сыр бар шығар? Келешекте бұл жайлы да білерміз. 

 

614 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы