• Шежіре
  • 21 Желтоқсан, 2015

Ел Тәуелсіздігін баянды етсем деп...

(Хасен Қожа-Ахмет  Желтоқсан көтерілісінде)

«Адам есімі оның тағдырына әсер етеді» дейді ғой фаталистер. Ауруханаға жетпей, таң салқынында теміржол бойындағы құмға іңгалап түскендіктен көрші-қолаң ұйғарымымен атын Жолдыбай қойған көрінеді. Бес қыздан кейін зарығып көрген ұлына іссапардан оралған Кәрімжан ақсақал түсінде өзіне берілген аян бойынша «Хасен» деп қайта ат қойғанда, оны қоғам қамы үшін қайғырып күресер сүргінді тағдыр күтіп тұрғанын білді ме екен?! Әзірет Әлінің Кербала шөлінде опат болған екі ұлының үлкенінің аты Хасен екенін, сондай-ақ, қазаққа Жерұйық іздеген Асан қайғы бабамыздың да шын есімі Хасен екенін (Б.Адамбаев. «Шешендік сөздер») еске алсақ, фаталистер сөзінде шындық бар ма деп те қаласың!..

Жоғалғандай мына бізге дейінгі із,

Құдайды да танымауға бейімбіз. 
Ширек ғасыр Хасен айтқан шындықты,
Мойындаппыз ширек ғасыр кейін біз. 

Тірісінде дана демей данасын,
Кемеңгерді халқым қайдан табасың?
Екіталай болады екен тағдыры
Ерлерінің ел білмесе бағасын, - 
деп халық ақыны Әселхан Қалыбекова жырлағандай, неліктен қазақ ел болу жолын нұсқаған  қайраткер  ұлдарының сөзін дер кезінде қабылдамай, тек ширек я жарты ғасыр өткеннен соң ғана түсінуге бейім? «Көрмес – түйені де көрмес» дегендей, Барын бағалап, қолдауға жарамаған қазақтың кінәні өзінен іздеу орнына: «Елім деген  Едігелер  қайда жүр?» (С.Арынұлы, «Жұма-Таймс» газеті 30.12.2004 ж.), «Қазақта ұл бар ма?   (А.Сәрсенбай,  («Азат» газеті 09.02.2005 ж.). «Бізде ұлттық мүддені ойлайтын, сол үшін тәуекелге баратын лидерлер жоқ» («Айқап» газеті 02.09.2005 ж.Т.Медетбек) – деп, Хасен Қожа-Ахметтің және өзге де азаматтарымыздың қайраткерлік еңбектерін біле тұра, аузын қу шөппен сүртудегі мақсаттары қандай? Өзі де істемей, өзгенің істеген еңбегін де бағалауға жарамайтын пиғылымызбен қалай ел болмақпыз? «Қазақта мемлекет басқаратын адам жоқ» - деп 1986 жылы Мәскеуден Колбинді сұрап алғызып, қаншама азаматтарымыздың жапа шеккені аздай: «Қазақта зиялы жоқ, ұлтшыл қайраткер жоқ, жоқ!» - деген пиғылымыздан тартып отыр емеспіз бе?! Сондықтан, халқы үшін басын тігіп еңбек еткен ерлерін қоғамдағы түрлі пиғылдардың алып-қашпа, жел сөзіне ұшыратпай, олардың патриоттық істерін тиісінше бағалау және халыққа үлгі етіп, мемлекет қалыптастыру идеологиясында пайдалана білу – үкіметтің міндеті болуға тиіс. 
Хасен Қожа-Ахмет өмірі туралы жазғанда мен тарихшыларымыздың «егініне түсейін» деген ойдан аулақпын. Хасеннің қазақтың ұлт-азаттығы үшін күресте неше мәрте отаршыл үкімет тарапынан қуғын-сүргінге ұшыратылып, жылдап бас бостандығынан айрылған жанкешті ерліктері біреулердің мойындауын немесе мойындамауын қажет етпейтін, іс жүзінде болып өткен тарихи факт. Ал істелінген істі мойындамай, тарихты кері айналдырамын деу – ақымаққа ғана тән қылық. 
Бойда қаны, ойда әні толқыған,
Хасен – Хасен ар-намысы барларға, - 
деп Әселхан ақын айтқандай, кеше отаршылдық заман әлжуаз етіп, ал бүгінде жабайы нарық күйбеңімен жүрген біздердей емес, келер ұрпаққа «ар-намысы барлардың» қатары көбірек болса, әлі-ақ халық шынайы батырларын іздері анық. Сондықтан, өз тарапымнан Хасен Қожа-Ахмет туралы жинаған осынау мәліметтерімді тарихшыларға халқымыздың тәуелсіздік жолындағы шынайы тарихын жазуларына себі тиер деген оймен айтып отырмын. Бүгін, Қазақстан тәуелсіздігін алған кезде өз халқымыздың тарихын «ақтаңдақсыз» жазу, осындай мәліметтерді мемлекет игілігіне жарата білу – үкімет біліктілігінің, тарихшы ғалымдарымыздың кәсіби парызына адалдығы деңгейінің өлшемі болуға тиіс. 
                 

        
Қуан АҚОРДАҰЛЫ   

 

357 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы