• Айтарым бар...
  • 21 Желтоқсан, 2015

Қазақ эстрадасының «сөзі» қашан түзеледі?

Бүгінгі әңгіме сандық жағынан өскенмен, сапалық биікке көтеріле алмай отырған қазақ эстрадасы туралы болмақ. Қазіргі қазақ эстрадасы елдің сұранысын қанағаттандырып отыр ма? Әншілердің ән таңдаудағы талғамы қандай деңгейде? Шама-шарқымызша осы сұрақтарға жауап беріп көрсек…


Эстрадада жүргендердің бәрінің дауысы бар, таланты таудай, тыңдарманы көп десек, өтірік болар еді. Осы орайда Қадыр атамыздың:
«Талантың тасып тұрса да,
Көкесі керек еңбектің», – деген өлең жолдары еріксіз еске түседі. Әншілеріміздің тыңдармандары аз болатыны – олардың дені бір ғана тақырыпта ән салады. Ән таңдауға келгенде бәрінің осал тұсы талғамның төмендігіне тіреледі. Әніне мән берсе – сөзіне, сөзіне мән берсе әніне мән бермейді. Соңғы жылдары жаңадан шыққан әндердің тоқсан пайызы махаббат тақырыбында десек, қателеспейміз. Сазгерлеріміз ақындарды «әуреге салмай», өздері сөз жаза салатын болған. Бұл сөзіміздің дәлелі Бауыржан Есебаев,  Арман Дүйсенов сынды «бесаспап» композиторлар. Оларды да қойыңызшы, қазір кейбір әншілер сөзді өздері-ақ жазып алатын болған. Әрі әнші, әрі ақын! Оған композиторлық қыры мен тележүргізушілік қасиетін қосыңыз. Кейбіреулері продюсердің міндетін де атқара береді. Той басқарып жатса, тіптен таң қалмаңыз! Әрине, талаптанған дұрыс. Бірақ қолдан келмес-ке ұмтылып, тыраштанудың керегі қанша?!
***
 Қазіргі кезде әнге сөз жазатын ақындардың ішінде Қалқаман Сариннің бәсі өзге ақындардан биіктеу. Әнге жазған сөздерінің мәні бар. Ұйқастары мығым, айтуға оңай. Абай атамыз айтқандай: «Тілге жеңіл, жүрекке жеңіл». 
Қалқаман Сарин «МузАРТ» тобының жекеменшік ақыны десек те болады. Қ.Сариннің сөзіне жазылған біраз әндерді осы топ орындайды. Жастар арасында кеңінен танымал «Меломен» тобының жігіттері де әнге сөз жаздыруға Қалқаман ағамызға барады екен. Айтыскер ақын Ринат Зайытов та әнге сөз жазып жүр. «Өмір-өзен», «Есте сақта» деген әндері сәтті шыққан. Қалғандарын кемшіліксіз дей алмаймыз.
Әншілеріміз жылаңқы әуенге әуес болып алды. Мәселен, «Жігіттер» квартеті орындайтын «Кешір жаным», Асқар Жүнісбеков айтатын «Кешір мені» әндері қыздың алдында ақталатын әндер секілді. Бір тыңдағанда әуені ұнауы мүмкін. Екі-үш немесе одан көп рет тыңдасаң, жалықтырып жіберері сөзсіз. Жастар жақсы білетін «Кеш you» тобы орындайтын «Асықпа» деген ән бар.
«Тереземнен таңға дейін көз алмай тұрдың 
үмітіңді үзбей,
Алғаш көрген күннен кейін соңымнан жүрсің 
көлеңкемдей.
Сенің маған махаббатың бара-бара, жана-жана 
жалған болмай ма,
Сенің маған берген сертің соңында жауапсыз қалмай ма?! – деп келетін әннің қайырмасы мынадай:
Асықпа, асықпа, жаным, асықпа,
Ғашық па, жүрегің шын ғашық па?
Сенімің бекерге қиял боп солмайды ма? 
Асықпа!
Алғашқы екі жолын ептеп түсінуге болады. Ал, «Сенің маған махаббатың бара-бара, жана-жана жалған болмай ма; Сенің маған берген сертің соңында жауапсыз қалмай ма?!» деген не сөз? Әрі «асықпа» деп неге айтылып тұрғаны түсініксіз. Әсем әуен болса, бәлкім, бұл олқылық білінбей де қалар ма еді. Алайда, әуенінің де оңып тұрғаны шамалы.
Бастапқы кезде жақсы жағынан көрінген Нұржан Керменбаевтың соңғы айтып жүрген әндері қойыртпақтанып кетті. Соның бірі – «Самға әуенім». Сөзі былай:
«Музыканың әлемі ғажайып құшағын жайып,
Бізді күтеді шаттық отын жағайық.
Би билейміз, билейміз, билейміз бірге.
Би билейміз, билейміз, билейміз күнде,
Біз үйдеміз, түздеміз, жүреміз, күлеміз, 
Күнде-күнде біз әнменен біргеміз». 
Өздеріңіз де көріп отырғандай, бұл әннің ішінде іліп алар жақсы сөз, мағыналы ой жоқ.
Әншінің танылуына жарнаманың да белгілі бір үлесі бар десек, жарнамасы мықты әншілеріміздің бірі – Қайрат Нұртас. Қазақстанның түкпір-түкпіріне барып жеке концерттерін беріп, алыс-жақын шетелдегі қазақтарды да әнімен қуантып келетін де осы Қайрат Нұртас. Автобустың ішінде, таксиде, тойларда, қалта телефондарда да Қайраттың әндері жүреді.
Сөз жоқ Қайрат мықты әнші. Кәсіби шеберлігі де, киім киюі де адам қызығарлықтай. Өзіне тән таланты да жоқ емес. Тек Қайрат ағамыз әнге сөз таңдауда көп қателеседі. Көп әндерді музыкасы үшін айтып шығады. Ал сөзіне пысқырып та қарамайды. Ол кісіге әуені ұнаса болды. Әуені жақсы ән болса хит әнге айналады деп ойлайтын сияқты. Бірақ Қайрат ағаның бұнысы дұрыс емес. Әннің хитке айналуы үшін музыкасы мен сөзі ерекше үйлесім тауып, басы бүтін нәрсе болуы керек. Сонда ғана халық сол әнді тыңдайды.  Ал
Қайрат ағамызда сөзінің сапасы сын көтермейтін мүгедек әндер толып жатыр. Солардың бірі «Сұранамын» деп аталатын ән.
«Өзгеріп дүние бір сеніменен,
Өзімнен өзім қызғанып келем.
Сүйемін шексіз сұрана берем,
Бұл уақыт өзгерілмесе де», – деп бас-талатын әннің бірінші шумағынан еш нәрсе түсінбедім. «Сүйемін шексіз сұрана берем» деген ой таразысына салып қарасаңыз, қызық сөздер. Сүйетін болса не деп сұранады, кімнен сұранады деген сұрақтар басыңызға сап ете қалады.
«Өрт болып күйіп жалындап денем,
Өшірме, жаным, сұранам сенен.
Өзгеше саған сезімім терең,
Мәңгілікке жаным сен».
Бұл шумақтан да бір-бірімен байланысқан дүние көрсек, көз шықсын.
«Сұранамын, Жаратқанымнан,
Сүйгенім сақта, сақта әрдайым. 
Қайталап айтам, сұранамын мен,
Сүйгенім сақта, сақта әрдайым». 
Қайырмасынан да түк түсінбедік. Жаратқаннан не сұрап тұрғаны да күңгірт. Сүйгеніне не үшін «сақта» деп айтқанын ұғу қиын. Мұнымен қоймай: «Қайталап айтам, сұранамын мен, Сүйгенім сақта, сақта әрдайым» деген жолдар арқылы не жеткізгісі келді, не айтқысы келді? Ол өлеңді жазған адамға ғана белгілі сияқты. Қайрат Нұртас орындайтын «Телефон» деп аталатын әннің де сөзі келісіп тұрған жоқ.
«Ей, қарындас, ерке мінез балдай,
Үнің сенің сыңғыр күлкі жандай.
Жұлдыздардын сәуле тағып сөйле,
Жүрегіңді телефонға жалғай.
Жұлдыздардын сәуле тағып сөйле,
Жүрегіңді телефонға жалғай.» Талдап көрейік. Бірінші жолына ештеңе демей-ақ қояйық. Ал екінші жолын қалай түсінуге болады? «Үнің сенің сыңғыр күлкі жандай» деп не айтқысы келіп тұр. Үн дегенің нәзік болмаушы ма еді? Осы жолдағы «жандай» деген сөзді ұйқас үшін алған сияқты. Әйтпесе түк те байланысып тұрған жоқ. Қайрат Нұртастың сөзі нашар әні тек бұл емес.
 «Бара алмадым қасыңа», «Сағыныш моншақтары» деген әндерден де ойлы сөз, мағыналы тіркес көре алмайсың. Жастар оның әндерін музыкасы үшін тыңдайтын сияқты. Ал әнші өзі орындап жүрген әндерінің сөзіне онша қатты көңіл бөлмейтін секілді.
***
Дегенмен, ауызды қу шөппен сүрткен жарамас. Дәстүрлі әндерді нақышына келтіре орындайтын, өзіндік стилі қалыптасқан топтың бірі әрі бірегейі – «Қоңыр» тобы. Орындайтын әндері де көңілге қонымды, ең бастысы ол топты тыңдайтын халық бар. «Туған жер», «Угәй арман», «Нақ-нақ» әндері тыңдармандарының жүрегінен орын тапқан әндер десем, артық айтқандығым емес.
«Заман» тобы да тыңдарманның сұранысына ие. Ескі әндерді жаңа заманға сай етіп өңдеп, тыңдарманның игілігі үшін жұмыс істеуде. «Заман» тобындағы екі жігіттің кәсіби шеберлігі, дауыс ерекшеліктері бірден байқалады. Бірақ «Заманның» да кей әндерінің сөзі анау айтқандай керім емес. Мысалы «Өмір мәні» деген әндеріндегі сөздер ұнамады.
«Өмір мәні сүю екен,
От боп жанды күю екен.
Сен сүйгенмен ол сүймесе,
Қиын екен. Қиын екен.
Өмір заңы сүю екен,
Сүймесе де сүю екен.
Сүйе алмаған сүйгеніңді,
Айтшы қалай қиып өтем», – деген әннің қайырмасында түбірі сүй деп басталатын сөздер жетіп артылады. Бір сөздің өңін өзгертіп қайталай бергеннен не ұтады екен?
«Таусылмас төзім қайда, сарқылмас сезім қайда
Өртеген жүрегімді менің, аңсағанда мені ойла», – деген жолдардан да бірдеңе ұға қою қиын. Жүрегін не өртеді, қашан аңсау керек, нені аңсағанда ойлау керек? Түсініксіз. Алайда, жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлік пен сазды әуеннің арқасында, ән мәтініне бәлендей мән берілмей қалады.
«Әннің де естісі бар, есері бар» деп ұлы Абай айтқандай, көңіліңнен шығатын, тыңдаған сайын керемет сезімге бөлейтін әндер де болады. Айтыскер ақын Төрағали Төрәлінің орындауындағы «Мен кінәлі емеспін» деген әнді сол «есті әннің» қатарына жатқызған дұрыс. Сөзі мен әуені әдемі үйлесім тапқан. Сөзінде түсініксіз ешнәрсе жоқ. Орындауы да керемет. Төреғали орындайтын тағы бір ән «Іздеме» де жап-жақсы. Осындай әндер көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді. «МузАРТ» пен «Меломен» тобы бірге айтатын «Келеді кездескім» әні де көптің көңілінен шықты. «Музарт» ансамблі орындайтын «Күзгі бақ», «Ол көктем оралмайды», «Аппақ сенің тамағың», «Қайран менің жүрегім», «Қазақтай ел қайда?» әндерін қайта-қайта тыңдай бергің келеді.
Ән мәтіндері туралы әңгіме болғанда тағы бір айтпай қалуға болмайтын жай бар. Ол – қазіргі кездегі жылауық сарын. Концертке бара қалсақ, «Өмірің өтіп барады, қысқа ғұмыр, өтеміз, кетеміз, несіне жетісеміз» деген мағынадағы әндерді тыңдап, демалудың орнына шаршап қайтасың. Бұл бір қыры. Енді бір әндер «Агентке неге кірмей жатырсың? Телефоның неге сөндірулі» деген сияқты тым жеңіл сөздермен не тыңдап отырғаныңды ұмыттыратын да әндер бар.
Кейде сол әншілер «Тыңдарманда талғам жоқ» дегенді де айтып қалып жатады. Алдымен сөзді түзейік. Содан кейін айтайық, «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» – деп.

Жанайдар Болатбекұлы

Орал қаласы.

944 рет

көрсетілді

9

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы