• Cұхбаттар
  • 03 Қараша, 2012

Араластан алыстайық

Жұмамұрат   Шәмші

1977 жылы Өзбекстанның Навои облысы, Тамдыбұлақ ауданында дүниеге келген. Бүгінде тарихи Отанында «Оян, Намыс» журналында қызмет атқарады. Тарих ғылымдарының  кандидаты.

1. Аралас неке қазақты құртудың бір жолы

Қазақ елінде 130 ұлт өкілдері өмір сүріп жатқан соң, қоғамда аралас неке болмай тұрмайды. Бірақ аралас неке қазақ ұлтының келешегіне пайдалы ма? Әлде зиянды ма? Біз секілді сан жағынан аз ұлттар азулы ұлттардың кең көмейіне жұтылып кетуі ықтимал. Оған тарих куә.

1940 жылы Кеңес Одағы құрамында өмір сүріп жатқан 130 ұлтқа зерттеу жүргізіпті. Орыстармен үйленген басқа ұлт өкілдері қанша екен деп, санап кеп жібергенде, бірінші орынға Латвия секіріп шыққан да, екінші орында Қазақстан. Ел басқарған сол кездегі жағымпаз азаматтардың қуаныштан бөркі қазандай болып, бірер жылда Латвияны басып озуға уәде беріп, ұмтылыс жасағаны жасырын емес.

1950 жылдары тың игеру деген желеумен қылмыс әлемінің әпербақан ұрдажықтары келген соң, аралас некенің саны күрт өскен. 1940 жылдары 15% шамасында болса, 1950 жылдары 23% құраған. 1980 жылы әрбір бесінші қазақ аралас неке құрыпты.

Оның сыртында орыстан қатын алған қазаққа көрсетілген жеңілдіктер болыпты, тегін пәтерлі болу, қызметін өсіру, жалақысын жоғарылату және демалыс орындарына жіберу сияқты.

Қазіргі таңда елімізде жылына шамамен 100 мың неке қиылады.

Осының 20% немесе 20 мыңы аралас неке екен. Құдай бұйыртса, кешікпей Кеңес кезіндегі межеге жетіп жығылатын түріміз бар. Кейбір қоғамдық ұйымдардың зерттеулеріне қарасақ, 18-20 жастағы қазақ қыздарының үштен бірі шетелдік жігітке күйеуге шыққысы келеді. Тек Астананың өзінде құрылыста жүрген түріктерден туып алған жиендер жүздеп емес, мыңдап саналады. Түріктер мен қытайларға тоқалдыққа тиіп кетіп, басы сыймай, қайтып келген қарындастар қаншама.

2007 жылы Астана қаласында азаматтығы жоқ тұлғалармен 36 неке қиылса, 2009 жылы 48 неке, 2010 жылы 55 неке тіркелген. Бұл сан жыл сайын өсу үстінде. Таяуда Астана қаласының әйгілі Республика даңғылы көшесін бойлап келе жатқанмын, қарсы алдымнан екі негрдің қолтығының астында екі жап-жас қазақ қыздары кетіп бара жатқанын көріп, ары қарай жүре алмай, тұрып қалыппын. Жүрегім аунап, тулап, намыстан өліп кете жаздадым. Біз біткен екенбіз деген ой келді басыма.

Құдай қаласын, қаламасын екі негр де күйеу бала болайын деп тұр. Өзге түгіл, діні бір, тілі бір түркі тектес бауырларға қимайтын қазағымның қызы еш арланбастан шетелдіктің жетегіне кетуге құмар. Жақсы тұрмыс, жайлы төсек Отаннан артық болғаны ма?

Шетелдік азаматтар еліміздің еркесі болған аяулы бойжеткендерді бақытты ете ала ма? Ұлты, тілі, діні бөлек, өмірлік көзқарасы мен жалпы болмысы басқа адамдар қалай тату-тәтті өмір сүрмек? Меніңше, өте қиын.

1970 жылдан бастап Қытайда жүргізілген адам өсімін шектеу туралы саясатқа байланысты ұлты қытай отбасыға бір бала, қытай еместерге екі баладан асырмауды заңдастырды. Осыған байланысты қытай отбасылар бір баланың ер бала болғанын қалады.

Жүктілік кезінде қыз бала болса, ата-анасы өмірге әкелуден бас тартып, түсік жасату кең етек алған. Сөйтіп, соңғы жылдары ұлдардың саны күрт өскен. Қазір 20-30 жас шамасындағы қыз-жігіттер арасында ұлдардың үлес салмағы 30 миллионның үстінде көп. Бұл сан 2015 жылға қарай 90 миллионға жетеді дейді демограф Мақаш Тәтімов. Енді осы 90 миллион қытай еркегі қу тізесін құшақтап қатынсыз жүре бере ме, әрине жоқ. Олар да әйел алып, балалы болуды қалайды. Қатынды қайдан табады дейсіз ғой. Іргесінде Қазақстан дейтін ел бар, ұлан-байтақ жері бар, өзге десе төрін ұсынатын. Онда және қыз көп. Бір жігітке сегіз қыздан келеді...

Өтірік десеңіз, Борат атты кейіпкері бар ағылшын киносын көріңіз. Тіпті, ресейлік баспасөздерде тайгада орыс келіншектерімен отасып үлгерген қытайдың қарасы 80 мыңға жетіпті-мыс деген ақпарат жүр. Бейресми мәліметтер 30 мыңнан астам қытайлық азаматтар Қазақстанда да тастай батып, судай сіңгенін алға тартады. Жуырда көрші елдің интернет сайттарында алдағы 20-30 жылда Қазақстанда 20 миллион қытайлық мекендейтін болады деген қорқынышты  мәлімет жарияланды.

Аралас некенің шектен тыс көбеюінің салдарынан жеке ұлт немесе ұлттық мемлекеттің жойылып кетуі мүмкін бе? Әбден мүмкін. Ондай мысалдар әлемде көптеп саналады. Мысалы, өткен ғасырдың басында Испан отарынан азат болған Перу елінде әртүрлі этникалық-әлеуметтік топтар пайда болды. Біріншісі Перудің титулды халқы –  кечуалар. Бұлар барлық халықтың көп пайызын құрады. Екіншісі отарлаушы испандық креолдар. Барлық билік осылардың қолында болды. Үшіншісі перулік пен испандық аралас некеден туған метистер.

Тәуелсіздік алған соң Перудің байырғы халқы дәстүрлі Инк мемлекеті – Тауантинсуйді қайта қалпына келтіріп, Инк империясын жаңғырту идеясын ұсынды. Қысқасы, биліктегі креолдар мен халықтың денін құрайтын кечуалар арасында тартыс пайда болды. Осы тартыста аралас некеден туғандар (бізше жиендер) отарлаушы креолдардың жағына шығып кетті (біздегі орыс тілді қазақтардың орыстар жағына шығып кеткені сияқты).

Метистер испан тілі диалектісімен сөйлеседі.Олардың тек тұрмысында, киімінде, жүріс-тұрысында ғана аздаған байырғы сипаттар болды. Ақыры, бұл метистер бәрін ығыстырып билікті қолына алды. Бұлардың ықпалының күшейгені соншалық, Қытай мен Үнді елінен, көрші Латын Америкасы елдерінен келіп қоныстаған қауым метистердің жағына шығып кетті. Олар метистің тілінде сөйледі, солардың мәдениетін қабылдады.

Шетелдік алпауыттар аралас некеден туған тасжүрек метистерді Перу халқының болашағы, ұлттың рухы деп көтермеледі. Айналасы жүз жылға жетпей байырғы халық перуандар (кечуалар) жер бетінен құрып кетті. Құрымауға бет алғандары алыс-шалғай тау-тас, орман-тоғайға барып тығылды. Қалалық жердегілер өздерін кечуалықтармыз деп айтуға арланды. Міне, бүтіндей бір мемлекеттің қысқаша тарихы осылай өрбиді. Кеңес кезінде орыстан қатын алған ардагер ағалардың балаларынан туған жиендердің 80% қазір Қазақстанда тұрмайды. Алды Америка, Канада, одан қалды Еуропа елдерінде. Оқыған білімін, өз қабілетін басқалар үшін жұмсап жатыр. Қысқасы, жиендерден қайыр жоқ. Осындайда Бұқар жыраудың  «Жылқыда  өт болмас, жиен ел болмас» деген сөзі еріксіз ойға оралады.

2. Аралас  мектеп орыстандырудың бір түрі

«Ей, Сарыарқа қалмады сенде қызық,

Сандал тау, сары өлкені алды  мұжық.

Қолынан келері жоқ, өнері жоқ,

Баласы байғұс қазақ қалды мыжып», – деп, Нарманбет ақын айтқандай, XVIII ғасырдан бастап қазақтарды орысша оқытуды ұйымдастыру үшін Орынборда профессор Ильминский, Ташкентте Остроумов, Омбыда профессор Алектров, Семейде доцент Кузнецов отырды.

1750-1895 жылдар аралығында қазақтарды орысша сөйлету мақсатындағы жұмыстар  онша  нәтиже бермеген соң, 1896 жылы Сырдария губерниясына генерал-губернатор фон Кауфман Перовскінің өзі келді. Мектептердің дәрісіне кіріп, балалардың орыс тілін жақсы оқып жатқанын көріп, қуанып, қол соқты. Бірақ қоңырау соғылып, балалар далаға шығып ойнап жүргенде, олардың тек қазақ тілінде сөйлегеніне «Неге олар өз тілінде сөйлеседі? Неге орыс тілінде сөйлеп, ойнамайды?» деп қатты ашуланады. Содан қазақтарды ойнаса да тек орыс тілінде сөйлету керек деген тұжырымға келеді.

Ол үшін не амал қолдану керек? Отаршыл генерал әрі ойланып, бері ойланып, ақыры бір байламға келді. Шешім, орыс балалары мен қазақ балаларын араластырып, аралас мектеп жасап, қосып оқыту қажет екен. Сөйтіп, орыс тілінде сөйлейтін орта қалыптастыру...

Араға бір жыл салып, генерал қайта келіп бақыласа, қазақтың шошақ бөрік киген қара домалақ балалары үзілісте де өзара орыс тілінде сөйлесіп жүр. Тәжірибесінің жемісін көрген генерал асқан ризашылықпен осы істі әрі қарай үзбей жалғастыруға кеңес беріп аттаныпты. Патшалық Ресейдің дәл осы істің жалғасы ретінде Кеңес Одағы орнаған соң, 1938 жылы 10 наурызда Бүкілодақтық Коммунистік большевиктер партиясының Орталық комитеті және КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі «Ұлттық республикалар мен облыстарда орыс тілін міндетті түрде оқыту туралы» қаулы қабылдады.

1954 жылы 4 ақпанда Қазақ еліндегі 700 қазақ мектебі бір күнде жабылды. Таза қазақ ауылдарында қалған 100-ге тарта мектеп араласқа айналды. 1968-1969 жылдары елімізде аралас мектептің саны 1690 болса, 2010 жылы 2090 мектепке жетіпті. Әсіресе тәуелсіздік жылдары аралас мектептердің саны қаулап өсті. Көп жыл білім беру саласында қызмет еткен ұстаздар «аралас мектеп дегеніміз –  қазақ балаларын орыстандырудың жымысқы түрі» дейді. Дәл бүгін Қазақстанда 1880 таза орыс мектебі, 2090 аралас мектеп бар екен. Барлығы 3870 мектеп орысша оқытып жатыр деген сөз. Ал, таза қазақ мектебі 3750 шамасында. Тәуелсіз Қазақ елінде таза қазақ мектебі 50 пайызға да жетпейді. Елімізде 80 мектеп – өзбек тілінде, 15 мектеп –  ұйғыр тілінде, 5 мектеп – тәжік тілінде, 3 мектеп – украин тілінде, 2 мектептен кәріс, армян тілдерінде білім алуда, кім көрінгенге мектеп ашып бере беретін қазақтан басқа дүние жүзінде бірде-бір ел жоқ.  Алты Алаштың айбыны Астананы алып қарайық. Мұндағы 65 мектептің 20-сы орыс, 20-сы қазақ, 25-сі аралас мектеп.

Аралас мектепті орыс мектеп деп санай беріңіз, өйткені ол мектептерде директорынан бастап еден жуушыға дейін орысша сайрайды, қазақшасы шала немесе мүлдем мақұрым. Қазақстанның кез келген өңірін алсаңыз, қазақ мектептері жетіспей жатыр. Мәселен, Шымкент қаласының «Самал-3» ықшам ауданының оқушылары қазақ мектебі болмағандықтан 12 шақырым жердегі көрші Тельман бөлімшесіндегі №52, №56 мектептерге қатынап оқуға мәжбүр.

Сынып бөлмелері жетіспегендіктен кішкентай бүлдіршіндер бір партаға үшеуден сығылысып, дәретханада «білім нәрімен» сусындауда... Дәретхананың қабырғалары кафельденген бөлмені жылытудың өзі мұң. Бір сыныпқа 25 оқушы баратын орынға 38 оқушыдан отыр. Соны естігеніңде жүрегің қынжылады. Бұл әңгімелер айтылғалы қай заман. Бірақ, бұл істе ілгерілеушілік еш байқалмайды. Төмендегілердің сұранысына елең етіп жатқан билік жоқ. Алайда, билік түбегейлі реформаны неден бастау керектігін әлі түсінбеген секілді. Реформа былай тұрсын мемлекеттік тілде білім алғысы келетін ұрпақтың сұранысын қанағаттандыруды басты меже тұтқан жөн.

Қазір ЖОО-ларда да дәл осындай жағдай орын алған. Бір ғана Өскемен қаласына 20 қазақ мектебі қажет. Өскемендей 45 мектептің 6-ауы ғана қазақша, 15 мектепте аралас, 24 мектеп орыс тілде білім береді екен. Орыс мектептері жаңа ғимараттарда әрі кең аулада орналасқан, жағдайы қазақ мектептермен салыстырсаң аспан мен жердей парқы бар. Методикалық әдістемелерде әлдеқайда жақсы. Аралас мектептерді таза қазақ мектебіне ауыстырса орыстар өкпелемейтін шығар.

Тек түрі қазақ, тілі орыс ағайындар қарсы шығуы мүмкін. Кезінде Білім және ғылым министрі Жақсылық Құлекеев келіп, 10 жылдық мектепті 11 жылға Ресейден көріп  ұзартып еді, Жансейіт Түймебаев келіп, 12 жылдық етіп ұзартамын дейді. Әр министр осылай ұзарта берсе, қартайғанша мектепте жүре бермеске кім кепіл? Одан қайта білімнің сапасын көтеруге неге атсалыспайды? Қазақстанда өмірбақи тұратын орыстардың қызынан қазақ тілінде «атыңыз кім?» десем, еш түсінбейді, сонда оларға сабақта не үйрететіні түсініксіз?

Көрші Ресейде үш миллион қазақтың екі миллоны ассимиляцияға ұшырап, қазақ болудан қалды, бір миллион қазақты тез арада көшіріп алмаса, олардан да айырыламыз. Бір миллоннан астам қазақ өмір сүруде, емге бір қазақ мектебі жоқ. Демократия жолын таңдаған Ресейге бұлай істеу жарасады! Бізге ше? Атамаңыз... ғалам төңкеріліп кетуі мүмкін.

446 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы