• Қоғам
  • 27 Қазан, 2015

«Балапан» қанат қақты

Еліміздегі бірінші отандық балалар арнасы болып саналатын «Балапан» телеарнасы өзінің 5 жылдығын атап өтті. Телеарнаны құру Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың идеясы. Телеарна хабарлары қазақ тілінде таратылады. Телеарна «Қазақстан» (РТРК) телерадиокорпорациясының құрамына кіреді. 
«Балапан» балалар танымдық ойын-сауық телеарнасының мақсаты - өсіп келе жатқан жас буынның ұлттық тұлғасын қалыптастыру, олардың бойларына отанға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастырып, үлкенді сыйлауға, көзі ашық, көкірегі ояу азамат болып өсуіне жол салу болып табылады.  «Балапан» телеарнасы алғашында 12 сағат хабар таратса, бүгінде 14 сағат бойы эфирде. Оның бағдарламалары үш жастан он жасқа дейінгі жасөспірімдерге арналғанымен, ересек аудиторияның да ықыласына бөленіп үлгерді. Бүгінде шетелдік контент санын азайт арқылы меншікті құрамды ұлғайту мүмкіндігі туып отыр.  Бүгінгі таңда меншікті өндіріс саны 30 пайыздан 80-ге дейін көбейген.Естеріңізге сала кетейік, «Балапан» балалар телеарнасы 6 шілдеден бастап 70 мың халқы бар Байқоңыр қаласында да хабар тарата бастады. «Балапан» көрермендерге «Отау ТВ» Ұлттық спутниктік телевизия желісі, 78 кабельдік операторлар мен 2 эфирлік хабар таратушылар арқылы жеткізіледі. Осы орайда біз «Балапан» телеарнасының директоры, тележүргізуші Ләйла СҰЛТАНҚЫЗЫМЕН сұхбаттасуды жөн көрдік.

Лого 5 жылдық–    «Балапан» – бала тілінде сөйлейтін отандық жалғыз арна. Жаһандануға жалтақтап өсіп келе жатқан балаларды жалғыз арна ана тілінің уызына қандырып ұлттық болмыстың бесігінде тербете алады ма?  
–    Әрине! Бүлдіршіндердің бойына ана тілінің қадір-қасиетін сіңіріп, ұлттық құндылықтарды насихаттауды міндеті санаған тұңғыш отандық «Балапан балалар телеарнасы биыл 5 жылдығын атап өтпек. 
–    Осы 5 жылдыққа байланыс-ты қандай жақсы іс жасадыңыздар? 
 – Биыл балақайларға тосын сый жасағымыз келді. Яғни біз маусым айының 9-нан бастап тамыз айының 24-не дейін кішкентай көрермендердің ата-аналары арасында Ертегі жазудан байқау жарияладық. Еліміздің түкпір-түкпірінен 150-ге жуық ертегі келіп тісті. Үздік деген 30 ертегі таңдап алынды. Таңдалған үздік ертегілерді кітап етіп шығармақпыз. Кітап 120 беттен (бет салмағы 115 гр.) көркем суреттерден және 30 ертегіден тұрады. Ата-аналардың қиял-ғажайыпқа толы ертегілерінің балаларға берері мол болғандықтан «Менің ғажайып ертегім» кітабын басып шығаруды жөн санадық. 
– «Бала тілі бал» дейтін бүлдіршіндеріміздің тілін «Балапанымыз» қалай сындырып келеді? 
– Біз – қазақ боламыз, отанымызды сүйеміз дейтін  жанұялардың бүлдіршіндеріне арналған арнамыз. Сондықтан әр отбасы үшін біздің  орнымыз ерекше болар. Технологияның дамып жатқан уақытында балалардың сұранысын орындай алмай жатқан жақтарымыз бар шығар. Бірақ  қолдан келгенше аянбай еңбек ету үстіндеміз.  Өзіміз жайында жаман сын ести бермейміз. Бұл өз алдына  еңбегіміздің еш кетпей жатқанын аңғартса керек.
-Алда атқарылар қандай жоспарларыңыз бар? 
– Жоспарымыз көп. Жас буынның «интеллект» иесі, білімді, мәдениетті, саналы, еңбексүйгіш болып өсуіне жұмыстар жасау. «Балапан» арнасы достарына ең жақсы деген мультитоптамалар мен жобалар ұсынып келеді. Алдағы  уақытта   да балаларға арналған қызықты жобалар ұсынады. Қазір бізде жаңа маусым басталды, барлығы да жаңа бағдарламалар, әрі олар әр түрлі бағытта. 
– Ғалымдар пікірінше мультсериалдар бала психологиясына кері әсер етеді. Сіздің ойыңызш қалай?
– Мультсериалдар баланың көріп шыққан оқиғасын ой таразысынан өткізіп, қиялдауына көмектесіп, ойлау қабілетін жақсартады деп ойлаймын. «Балапанда» жасалып барып эфирге шығарылады.
–    Балалар мультфильмдерінде кітап оқу идеясы қозғала ма?
–– Өте сирек қозғалады. Бұл бірден-бір үлкен кемшіліктің бірі деп есептеймін. Англия-да, ескі лордтың заманында оқу сағаты болатын, әрбір бала кешкілік бір сағатты кітапқа арнайтын. Бізде бұл мәдениет жоқ емес, бар, бірақ та әлі де дамымай келе жатыр. Ақырын, оған бәріміз үлес қосуымыз қажет. Ол бір ғана «Балапанның» шаруасы емес. Оларды қызықтырумен жүйелі түрде айналысқан жөн. Кітаптың аздығы, ондағы мазмұн – ол мүлдем басқа әңгіме. Оның өзі үлкен бір проблема. 
– Қазір әрбір үйде «Балапан» арнасы қосулы тұрады. Енді бір өкініштісі – шалғайдағы алыс ауылдарда техникалық мәселелер бойынша арна өз кезегінде қолжетімді болмауы мүмкін. Алайда бұл мәселе қазір қалай шешілуде?  
–  Әрине, ауылды жерлерде кабельді желіге қосылған үйдің балаларына ғана «Балапанды» тамашалауға мүмкіндік бар. Дәл осы мәселе менің де жаныма батады. Болашақта  сандық телеарналар жүйесіне көшеміз деп жатыр ғой. Сонда толықтай болмаса да, тоқсан пайыз ауыл-аймаққа тараламыз деген ойдамыз.
–Елде балалар түгілі, үлкендерге арналған әдебиеттің өзі жұтаң тартып тұрған шақта, шығармашылықты дамытудың қандай жолдары бар деп ойлайсыз? 
–  Бүгінгі күні  балалар тақырыбына жазатын сценарийстер өте аз. Осыған орай қаламгерлер арасында арнайы анимациялы сценарийге  байқау да өткіздік. Баланы оқып үйренуге ұйыту оңайға түспейді. Алайда бағдарламалар барысында  әртүрлі тәсілдерді пайдалануға тырысамыз. Негізінде баланы үйренуге жетелейтін жауапкершілік алдымен ата-ананың міндеті. Қазақ «тәрбие – тал бесіктен» деп содан айтса керек. 
–Бала теледидарды күніне қанша уақыт көруі керек? Теледидарға блок қойған дұрыс па?  
– Теледидарды көрсетудің өз мәдениеті бар. Ол үшін анаға шыдамдылық керек. Екіншіден, қымбатты аналар, баламен бірге көре алу мүмкіндігіне ие болуыңыз керек. Сіз балаңызбен көре отырып, оқиғаны кез-келген мезетінде тоқтатып, ары қарай оқиға желісі қалай болатынын талқылап көріңізші! Алдымен қиын. Бірақ, кейін бала сіздің фантазияңызға ілесе бастайды. Ал сіз фантазияны қалай бұрмалаймыз десеңіз өз еркіңіз! Теледидардың алдына жабысып отырған баланы бірден алып тастау мүмкін емес. Және де, ол көрмеу керек дегенге мен қарсымын. Бала көру керек. Бірақ белгілі бір уақытта, соны қадағаласаңыз болды!
–Бүгінгі балаларымызды батыстық «Tiji» мен «Nickelodeon» арналарынан арашалап алудың қандай жолдары бар?
–  Айтып отырған телеарналарды балаларға мүлде көрсетпеу керек дегенге қарсымын.  Мысалы, «Nickelodeon»-нің Диегосы бүлдіршіндер үшін қажет.  Сол сияқты «Tiji» арнасындағы «супер Том және Грамотей» анимациялық туындысы сапасы жағынан болсын, қай жағынан алсақ та балаларды бірден елітіп әкетеді.  Сондықтан ақпарат айдынын жайлап алған батыстық арналардан балаларымызды арашалаймыз десек отандық өнімдердің сапасын арттыру керек. Осы мақсатта жұмыс жасап жатқан жайымыз бар.
-Сіздің үйіңізде екі бүлдіршін бар екенін білуші едік... Балаларыңыз қай тілде сөйлеп, қайсы телеарнаны көріп жүр? 
–  Менің балаларым «Балапан» арнасын көреді. Ана тілінде  сөйлейді.  Орыс тіліне де жүйрік екендерін аңғардым. Үйде аракідік өзге тілде шүлдірлеп кетсе, соңынан қазақша  аудармасын сұраймын. Сол себепті Ләйлә  үнемі баламен жұмыс жасап жүреді.

-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Нұрлан ҚҰМАР

 

608 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы